Ашғабадта министрдің орынбасарлары деңгейінде Қазақстан-Түркіменстан сыртқы істер министрліктері арасында кеңес өтті. Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай өкілдік етті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Осыған дейін Ашғабад пен Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедов арасында болған келіссөздер барысында қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқыға салды.
Әңгімелесуші тараптар 1-2 желтоқсан күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне дайындық барысын және оны мазмұндық толықтыру жағын қарастырды. Тараптар ЕҚЫҰ жоғарғы кездесулерінің аясында талқыланатын қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікке, экстремизмге және есірткі тасымалына қарсы күрес мәселелерінде Қазақстан мен Түркіменстанның ұстанымдары бір екендігін жеткізді. Аталған консультациялар жоғарғы кездесулер алдындағы Астана мен Ашғабадтың келісілген ұстанымдарын ойластыруда, сондай-ақ Ұйым шеңберінде ортақ аймақтық мүдделерді ескере отырып консенсусты кеңістікті нығайтуда ерекше маңызға ие.
Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар Қазақстан мен Түркіменстан халықтары арасындағы қарқынды дамып келе жатқан ағайындық қатынастар бұдан кейін де бүкіл Орталық Азия аумағының тұрақты әрі ширақ дамуына негіз болатынына сенім білдірді.