Мәселенің мәнісі
“Жамбыл облысының прокуроры” деген жоғары лауазымды қызметке тағайындалған кадрлардың қызмет ауыстыруы кейінгі кездері тым жиілеп кетті. Атап айтсақ, соңғы төрт жылда облыс прокуроры кеңсесінің төріндегі былғары орынтақтан Қ.Төлегенов, А.Кәрім, Е.Досановты көрсек, жақында бұл қызметке Б.Тайымбетовтің тағайындалғанына куә болдық. Әлбетте, ауыс-түйісте тұрған ештеңе жоқ. Бірде бар, бірде жоқ байлық сияқты қызмет те қолдың кірі. Дегенмен, аты-жөні аталған кадрлардың арасынан Қ.Төлегеновтің облыстағы еңбек өтілінің едәуір ұзақ болғанын айту қажет. Арасында, тіпті, Қызылорда облысына да бірер жыл прокурор болып келген.
Жамбыл облысы прокуратурасын бұрын да басқарған Әбдіқадір Кәрім өңір үшін “бөтен” адам емес болатын. Тіпті, ол кезінде арақ-шарап “магнаты” атанған атышулы Махмадовтың “мәмілесіне” де бас имей, тік мінез танытқан. Сондықтан болар, жұрт оның прокурор болып облысқа қайта оралуын жақсылыққа жорып, жемқор шенеуніктер шоғыры арасынан бұрынғыдай тек қана “шабақтар” емес, енді тістері сойдиған “шортандар” да қармаққа түсетін шығар деп үміттенген. Бірақ, ол бұл жолы облыс әкімдігі дене тәрбиесі және спорт басқармасына қарасты олимпиадалық мектеп директорларының “жемқорлығына” қатысты істерден басқа елеулі ештеңемен таныла алмады. Прокурордың өзі “жемқорлар” деп жар салған директорлар, “қасқыр да тоқ, қой да аман” дегендей, жұмыстарын әлі күнге дейін беймарал жалғастырып жатыр. Сонда прокурор мәлімдемесі жалған болғаны ма? Жемқорлар ештеңе болмағандай жұмыстарын жалғастыра беретін болса, құқық қорғау саласы оқалы қызметкерлерінің “табандылық”, “мундир абыройы” деген қасиетті ұғымдары өз мән-мағынасынан айырылмай ма?
Ә.Кәрімнен кейін “облыс прокуроры” деген лауазымды қызметке оның бірінші орынбасары Е.Досан тағайындалып еді, оның да келуінен кетуі тез болды. Бірақ, ол сол аз ғана уақыттың өзінде халықтың көзі мен құлағы саналатын өңір депутаттары алдына сыбайлас жемқорлыққа қатысты бір үлкен істі жайып салды. Яғни, ол: “Қазіргі таңда облыстық көші-қон департаментінің бастығы Тоқтағұловпен құрылған ұйымдасқан топ құрықталып, мемлекет қаржысын ысырап еткені үшін қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданғалы отыр. Тоқтағұлов департамент басшысы бола тұрып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі мөлшердегі қаражатты иелену және ысырап етуге бағытталған қылмыстық топ құрып, жасанды құжаттарды пайдаланып, оралмандарға бөлінген бюджеттік қаражаттан 58 млн. теңгені ысырап еткен”, деді. Прокурордың көктемде жасаған мәлімдемесінен бері, міне, жаз өтті. Күз де аяқталып келеді. Бірақ облыста бейнебір Тоқтағұлов деген шенеунік болмағандай, “оның жемқорлығына қатысты қылмыстық іс қозғалды” деген мәлімдеме жасалмағандай самарқау тыныштық бар. Прокуратурасы бар, соты бар, қарапайым халықтың көзі мен құлағы саналатын депутаттар бар және ІІД бар, бәрі жабылып “бірдеңе” шығаратын шығар деп ойлаған пенделер бүгінде “қарға қарғаның көзін шұқымайды, аяғы сиырқұйымшақтанып кеткеніне қарағанда, құқық қорғаушылардың да сыры белгілі болды”, деген ренішпен, қолын бір сілтегендей.
Сөйтіп, жамбылдықтар көкейіндегі “Тоқтағұлов ісі немен аяқталды?”, “Бәлкім, ысырап болған 58 млн. теңгеге оның қатысы болмаған шығар?” деген сауалдар жұмбақ күйінде жұтылып қала берді. Басымызға “мүмкін көші-қон департаменті бастығы түк болмағандай орынтағында әлі отырған шығар” деген ой келіп, жақында кішігірім “журналистік тексеру” жүргізу ниетімен аталмыш департаментке телефон шалдық. Сөйтсек, Тоқтағұловтың қызметтен кеткеніне бес-алты ай болып қалыпты. Қайда кетті? Не үшін кетті? Ақ па, қара ма? Жеген ақшасын мемлекетке қайтарды ма, жоқ па? Жоғарыда айтқанымыздай, ол жағын құқық қорғау органдары әлеуметтен әлі жасырып отыр. Құқық қорғау органдарын қорғаным деп ойлайтын ел-жұрттың сенімі мен құрметіне бұдан кейін қалай селкеу түспесін енді?
Сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жауапкершілікке өткен жылы облыста 219 қызметкер тартылыпты. Оның 40-ы мемлекеттік органдардың, ал 8-і облыстық деңгейдегі басшылар екен. Кейбіреулерінің атын атап, түсін түстеп беруге болады. Мысалы, 8 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын 11 мемлекеттік сатып алудың заңсыз шешімдері жойылып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген облыс әкімдігі құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Н.Махашов, білім басқармасы бастығының орынбасары Б.Оразәлиева, кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары Б.Балтабаев, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары М.Төлеулиев пен Б.Қырықбаевтар тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Жемқорлық сипатындағы қылмыс “қаһармандарының” жалпы “контингентіне” көз салсақ, олардың ішінде әкімдерден бастап, денсаулық, білім, салық, әділет, кеден, ІІД сияқты сала қызметкерлері де құмырсқадай қаптап жүр.
Жебірлердің жемсау толтыру үшін жем таңдамайтыны да таңқалдырады. Мысалы, “отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын” М. Ноқрабеков деген бір шенеуніктің аты-жөні облысқа жақсы белгілі. Бірақ оның жемқорлыққа қатысты қитұрқы әрекеттерге бір иығын беріп жүретінін білетін басшылар “әй, сен тағы бірдеңені бүлдіріп, ұятқа қалдырып жүрерсің” деместен, қолына “май шелпегі” болмаса да “шай ішерлігі” бар кезекті қызметтің мөрін ұстата салады. Мысалы, ҚР Президентінің 2001 жылдың 7 ақпанындағы Жарлығымен бекітілген “Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының” орындалуына, оның ішінде бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына байланысты облыс прокуратурасы тексеру жүргізіп, 2 млн. 898 мың теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған. Бұл заңсыздыққа “байқамай қалып” жол берген баяғы Ноқрабеков болып шықты. Неге “баяғы”? Өйткені, “Мемлекеттік тілді оқыту орталығы” деген мекеменің директоры деген кішігірім лауазымға қол жеткізген ол бұдан бір жыл бұрын дәл осы сипаттағы заң бұзушылыққа жол беріп, бюджет қаржысын “Я – вор в законе” деген сияқты мемлекеттік тілді дамытуға мүлде қатысы жоқ тағы басқа да қилы-қилы қажетсіз кітаптарды “сатып алумен” мәшһүр болып, тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.
Өңірлердің экономикалық және қаржы дағдарысынан шығуы үшін облысқа республикадан бөлінген қаражаттарды заңсыз жұмсау да тыйылмай отыр деуге болады. Әсіресе, “Жол картасын” жүзеге асыру барысында лауазымды тұлғалар қызметтерін теріс пайдаланып, бюджеттен бөлінген қаражатты ысырап етуде. Ол үшін неше түрлі айла-шарғыларды ойлап табады. Мысалы, Мойынқұм ауданындағы Биназар ауылдық округінің әкімі О.Үйсімбаев біреуді жалған түрде жұмысқа орналастыру жолымен “Жол картасын” жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражатына ауыз салған.
Облыс прокурорлығына Б.Тайымбетовтің тағайындалуы өңірдегі лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың түп тамырына балта шабылатынына сендіреді. Жақында облыстық прокуратура үстіміздегі жылдың 9 айында ұйымдасқан қылмыстық топ құру мен оған жетекшілік ету жөніндегі фактісі бойынша 2 іс қозғалғанын, оның біреуі сөз басында айтылған Тоқтағұлов ісіне байланысты екенін хабарлады. Ол іс қазір сотта қаралып жатыр екен. Екіншісі – арақ-шарап “магнаты” атанған С.Махмадовтың қылмыстық тобына байланысты іс. Оған жақында айыптау үкімі шығарылыпты.
Полиция бөлімдерінің жедел із кесу қызметкерлері өз жұмыстарының көрсеткіштерін жақсарту, яғни қылмыстың ашылуын көбейту мақсатында болған қылмысты “болмады” деп жазуды әдетке айналдырып алғаны да ашық айтылды. Мысалы, прокуратураның қарсы тексеруі барысында облыстық ІІД жедел із кесу орталығы қызметкерлерінің 14 қылмыстық істі жасырғаны әшкере болды. Облыс тәртіп сақшылары арасында азаматтардың конституциялық құқығын аяққа басу фактілері де орын алған. Мысалы, үстіміздегі жылдың 27 маусымы күні Т.Рысқұлов атындағы ауданның прокуратура қызметкерлері Б.Иманқұлов деген азаматты уақытша оқшаулау камерасынан босатқан. Полиция қызметкерлері оны 5 сағат бойы ешқандай негізсіз қамауда ұстаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық қауіпсіздікті сақтаудағы басты міндеттердің бірі ретінде еліміздің 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында және Елбасының өткен жылғы 22 сәуірдегі Жарлығында ерекше көрсетілген. Сондықтан облыс прокуратура органдары сыбайлас жемқорлық пен басқа да қылмыстық әрекеттерге қарсы күресін белсенді атқарады, сөйтіп, орын алған құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, оларды болдырмау мен жою үшін тәжірибелі қызметкерлерден тұратын жедел жұмыс топтарын құру тәсілін кеңінен қолданады деп сенеміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.