Адамның жігерлі де жинақы, шымыр да шыдамды болуы дене тәрбиесі мен спортқа байланысты. Ал спорт туралы кеңірек айтсақ, ол алдымен халықтың денсаулығы, саламатты өмір салтын ұстануы, жарыста жоғары жетістікке жетуі үшін адамның білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруы, сонымен бірге спорт – адамның бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыратын, қазақ ұлтының атын әлемге танытатын сала.
Жақында еліміздегі білікті спорт маманы әрі жанашыры, ФИЛА Бюросының мүшесі, “Самұрық-Қазына-Астана” корпоративтік қорының бас директоры Дәулет ТҰРЛЫХАНОВПЕН кездескенімізде, ол бізге бұқаралық спортты дамыту, елімізде дене тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатқаны туралы өз ойларымен бөліскен еді.
– Дәулет Болатұлы, сіздің есіміңіз елімізге ғана емес, бүкіл әлемге белгілі. Сондықтан өзіңіздің ойларыңыз, пікірлеріңізге әрқашан құлақ түріп жүреміз. Айтыңызшы, қазір бізде бұқаралық спортты дамыту мәселесі қалай шешіліп жатыр? Әрине, бұл бір күндік мәселе емес, сонда да халық арасында спортты насихаттауда қандай іс-шаралар істелінуі керек деп ойлайсыз?
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, бұл бүгін ғана көтеріліп отырған мәселе емес. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында қадап айтып келеді. Бұқаралық спортты дамыту дегеніміз – ол халықтың денсаулығын нығайту, сақтау, еліміздің саламатты өмір салтын ұстануы арқылы қай салада болсын бәсекелестігін арттыру деген мәселе. Дене тәрбиесі мен спорт қазіргі кезде өз деңгейінен асып, саяси сипатқа айналып отырғанын атап өту жөн. Мысалы, бұқаралық спорт халықтың денсаулығы болса, жоғары жетістіктегі спорт – еліміздің халықаралық сахнадағы абыройы, беделі. Сондықтан біздің халқымыз спортты күнделікті кәсібіне айналдыруы керек. Президентіміз биылғы Жолдауында да осы мәселеге баса назар аударғанын білесіздер. Онда Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін халықтың 30 пайызы бұқаралық спортпен айналысу керек деген міндет қойды. Елбасының бұл талабын өз басым толығымен қолдаймын. Осы сұраққа жауап ретінде тағы мынаны айтқым келеді. Қазір, әрине, бұқаралық спортты дамытуда істелініп жатқан жұмыстар баршылық. Дегенмен, кешенді, жүйелі жұмыстар көбірек атқарылса деген тілегім бар.
– Кеңес Одағы кезінде бұқаралық спорттың насихатталуы жақсы болғанын білеміз. Ауыл-ауыл арасында спартакиадалар, ал қалалық жерде аула командалары, мемлекеттік қызметкерлердің еріктілер қоғамы болып, өзара жарыстар өткізіп тұратын еді. Қазір осылардың бәрі жоқ деп айта алмаймыз. Дегенмен, бұрынғыдай қыс кезінде шайбалы хоккей, допты хоккей ойнап жатқан балаларды жиі кездестіре бермейміз. Осындай дәстүрді қайта жалғастыруға бола ма?
– Бұл мәселені шешу үшін аула балаларының спортқа деген қызығушылығын арттыру керек, содан кейін жарыс алаңдарын көбейтіп салу қажет. Және олар халыққа қолжетімді болғаны дұрыс. Спорт алаңдары көп болса, бұқаралық спорт дами береді. Жалпы, оған көп ақша да кетпейді. Ең бастысы, сапалы, қолжетімді алаңдар болса, халық өздігімен спортпен айналысады. Осыған қатысты тағы айтайын дегенім, бізге қалалық жерде ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт кешендерін салу керек. Әрине, қазір облыс әкімдері, шетел инвесторлары спорт кешендерін салуға көмектесуде. Бірақ, елді мекендерде біркелкі, әмбебап спорт орталықтары мен залдары өте аз. Мұндай кешендер салынатын болса ол жерлерде футбол, волейбол, күрес, бокспен айналысып, суға жүзуге болады. Айтқандай, бассейн салу қазір өте маңызды мәселеге айналып отыр. Суға жүзумен айналысқан адам әрқашан жинақы да жігерлі, шымыр болып жүреді. Дені саудың – тәні сау деген халқымыз. Сондықтан әрбір аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде 25 метрлік бассейндер болса дейміз. Бүгінде елімізде 20 жылдан бері табысты жұмыс істеп жатқан шетел компаниялары бар. Соларды спорт кешендері, алаңдары мен бассейндерді салуға ынталандырсақ дұрыс болар еді. КСРО кезінде Теміртау мен Степногор қалаларында 50 метрлік бассейн, спорт сарайлары, стадиондары болатын.
– Осы мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасына ұқсас “100 спорт кешені” жобасын жасау керек сияқты...
– Мен мұндай ойды 2004 жылы Туризм және спорт агенттігін басқарып отырған шақта Үкімет басшысына айтып, құжаттарын ұсынған болатынмын. Бірақ қолдау таппадым. Сол кезде мемлекетке спорт сарайларын салу үшін 3,5 млн. доллар керек болды. Қазір еліміз бойынша бірыңғай спорт кешендері салынбаса да жергілікті бюджетте оның құрылысына қаржы бөлініп отыр. Енді спорт кешендері салынса, олар жай тұрмай, оқу-жаттығу, жарыстар өткізуге айналуы керек. Бізде жаттығу жүргізуде кемшіліктер бар. Осы жерде айта кететін нәрсе, Астана мен Алматыда Қысқы Азия ойындарына арналған спорт нысандары салынып жатқаны қуантады. Бұл үшін Елбасына көп рахмет. Енді осы кешендер жарыстар өткеннен кейін өзімізде қалады. Бірақ олар болашақта коммерциялық құрылымдарға айналып кетпесе екен дейміз. Өйткені, қазір елімізде коммерцияға кетіп қалған спорт кешендері өте көп. Сондықтан да, спорт кешендерінің жергілікті бюджеттің балансында болғаны жөн.
– Жаңа Қысқы Азиада туралы айтып қалдыңыз. Осыған кеңірек тоқталсаңыз.
– Қысқы Азиаданың елімізде өтетіні біз үшін үлкен абырой, бедел. Азия олимпиялық кеңесі мұндай шешімді Қазақстанның саяси тұрақтылығына, экономикалық өсу деңгейіне, әлеуетті мүмкіндігіне қарап қабылдады. 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиададан кейін посткеңестік кеңістіктегі елдер ішінен Қазақстан алғаш рет осындай кешенді жарыстарды өткізу құқына ие болып отыр. Енді Азия ойындарынан кейін елімізде Қысқы Олимпиада өткізуге болады. Бір рет еліміз Олимпиадаға өтініш бергенде бес елдің қатарына кіргенін білесіздер. Бірақ Ресейдің Сочи қаласының жолы болып кетті. Олар 2014 жылы аталмыш бәсекені өткізіп алған соң, 2018 жылы Қазақстан Олимпиаданы өз жерінде қабылдауға мүмкіндігі болады деп санаймын. Айтпақшы, 2017 жылы елімізде Қысқы Универсиада өтеді. Осыны да ескерген жөн. Ал келесі жылы өтетін Азия ойындары бұл еліміздің жоғарыда аталған жарыстарды өткізу үшін сынақ алаңы болатыны сөзсіз. Бізге болашақта Олимпиада сияқты ірі бәсекелерді өткізу үшін алдымен осындай жолдан өтіп алуымыз керек.
– Спорт маманы ретінде Қысқы Азиадада неше медаль аламыз деп ойлайсыз?
– Шаңғыдан 12 медаль алуымыз керек деп ойлаймын. Сол сияқты допты хоккей, ерлер және әйелдер арасындағы шайбалы хоккей сияқты жарыстарда есе жібермеуге тырысамыз. “Самұрық-Қазына” қоры Қысқы Азиаданы ұйымдастыру және өткізу іс-шараларын жіті қадағалап отыр. Биыл бұл бәсекеге қор қомақты қаржы бөлді.
– Қордың бас демеуші ретінде қаржы бөлгені жақсы ғой. Бірақ елімізде жұмыс істеп жатқан мұнай, газ компаниялары мен басқа да ірі кәсіпорындардың Азиадаға қаржы бөлуге тартқыншақтанып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мәселен, Митталл Стил компаниясы Лондон Олимпиадасына 16 млн. еуро бөлген. Ал бізге...
– Мұндай мәселелер үкіметтік деңгейде шешілуі керек. Азиаданы Ұйымдастыру комитеті Қазақстандағы шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізген болар, оның қорытындысы бізге белгісіз. Сондықтан да ондай ірі шетелдік компаниялардан демеу сұрауымызға болады, бірақ оның да жөні бар. Жоғарыда айттым ғой, үкіметтік деңгейде шешіледі.
– Жазғы Азия ойындарына келсек, ұлттық құрамалар қандай дайындықпен жарысқа аттанып бара жатыр? Соның ішінде грек-рим күресі балуандары жөнінде айтсаңыз.
– Осы жарыста біз намысты қолдан бермей, соңғы жылдары спортты дамытуда қандай жұмыстардың істелінгенін көрсетуіміз керек. Ал ұлттық құраманың дайындығын жарыстың өзі анықтап береді. Грек-рим күресіне келсек, мұнда біз кем дегенде 5-6 алтын медаль алуымыз керек. Балуандардың алдына осындай мақсат қойылып отыр. Қазір құрамада Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов, осы жылғы әлем чемпонатының қола жүлдегері Нұрмұхан Тінәлиев, Азия ойындарының жеңімпазы Роман Мелешин, Дархан Баяхметов сияқты балуандар бар. Бұл тұста айта кететін бір жәйт – Нұрмахан мен Әсет Мәскеуде жаттығады. Себебі, елімізде ауыр салмақта белдесетін балуан тапшы. Ал оларға әр уақытта шеберлігін шыңдайтын спарринг – қарсылас керек. Көршілес Ресейде алып спортшылар жетерлік. Осындай себеппен қос балуанды өз қаражатына Ресейде дайындап жатқан інім Марат Тұрлыхановқа үлкен алғысымды білдірмекпін. Міне, осы жігіттерге үміт артып отырмыз. Жалпы, біздің алға қойып отырған мақсатымыз – грек-рим күресінде жалпыкомандалық бірінші орын алу. Грек-рим күресінен бізге ауыр салмақта Иран, жеңіл салмақта Жапония, Оңтүстік Корея мен Қытай өкілдері қарсылық көрсете алады. Оны да біліп отырмыз.
– Ол үшін не істеу керек?
– Ол үшін спортшылар әрқашан дайындықта жүруі керек. Спортта жүйелі жұмыс болмаса, қиын болады. Жүйелілік спортшылар үшін де, бапкер үшін де үлкен рөл атқарады. Біздің спорттағы басты проблемамыз осы жүйелі жұмыстың болмауы. Бәрі орталықтан басқарылуы керек. Ол үшін облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармалары әкімдікке емес, тікелей министрлікке бағынуы керек. Ал бізде өкінішке орай, қазір әкімдер өз өңірлерінде облыстық басқармалардың басшыларын өздері тағайындайды, министрлікпен келіспейді. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер бас істеп, қол-аяқ қозғалмай тұрса онда қандай жүйелі жұмыс туралы айтуға болады? Немесе бас басқа жақта, аяқ-қолдарымыз басқа жаққа жұмыс істесе стратегиялық жұмыс бола ма? Осы жерде айтайын дегенім, бізге спортты дамыту үшін стратегиялық маңызды мақсаттар қойып, бас пен аяқ-қолдарымызды бір ортақ іске жұмылдыруымыз керек. Егер жұмыстың бәрі орталықтан басқарылса, онда жұмыстан талап етушілік те болады. Орыста вертикальная система власти деген ұғым бар. Міне, дәл осы жүйе спортта да болуы керек.
Қазір бірталай облыстарда спорт кенже қалып бара жатыр. Керек десеңіз, Олимпиадаға бірде-бір спортшысын апармаған өңірлер де бар. Ал Қызылорда, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана қаласы осы бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр деп айта аламын.
– Командалық спорт түрлерін қалай дамытсақ болады?
– Ол ауданнан, облыстан басталуы керек. Бұл бағытта жергілікті атқарушы билік команданың құрамын жасақтап, ізбасарлар дайындау үшін жұмыс істегені жөн. Егер жергілікті жерде командалық спорт түрлеріне жастар алынып, олардың арасынан көзге түскендері облыстық құрамаға іліксе, ұлттық құрамамыз мықты болады. Бұл енді Спорт комитетінің, облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысы. Облыстар командалық спорт түрлерін бюджеттің қаржысына ғана емес, шеттен демеушілер тауып дамытса ұтымды болар еді. Содан кейін командалық спортқа ізбасарлар дайындайтын балалар мектептері көбірек ашылса деген арман бар. Егер осындай мектептерге 10-15 бапкер алынып, олар 50 шақты баланы тәрбиелесе, солдардың арасынан міндетті түрде екі-үш бала кәсіпқой спортшы болады. Сонымен бірге біз спорттық фармокология, медицина, психологияны жақсы жолға қоюуымыз керек. Жалпы, командалық жарысты дамыту мәселесі қаржыға тіреледі. Команданың жолға кететін шығыны, киім-кешегі, құрал-жабдықтары, жаттығатын жерлері сапалы болса, бапкерлер спортшымен тез тіл табысып, оларды жарысқа жақсы дайындаса, командалық спорттың дамитыны сөзсіз.
– Қазір “Самұрық-Қазына-Астана” корпоративтік қоры осы бағытта қандай жұмыстар істеп жатыр?
– Биыл қор отандық спортты дамытуға 500 млн. теңге бөлді. Соның ішінде күрес федерациясына демеуші ретінде 100 млн. теңге, ауыр атлетикаға – 147 млн. теңге, су добына – 50 млн. теңге, волейболға – 200 млн. теңге, ескек есуге 22 млн. теңге бөлінді. Сонымен бірге “Барыс” хоккей клубы, велоспорт федерациясы да қомақты сомамен қаржыланып отыр. Ал дзюдо, әйелдер гандболы, ерлер баскетболы, биатлон мен шаңғы жарыстарына қаржы қарастырылуда. Келесі жылы бокс, су добы, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне де айтарлықтай қаржы қарастырылып отыр.
– ФИЛА президенттігінің сайлауына түсесіз бе?
– Бір рет түскенмін. Жолым болмады. Бас аман болса, болашақ көрсете жатар.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН, Астана.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.