Ел тәуелсіздігі – ерен құндылық
Ерболат ӘПСӘЛЯМОВ, Мәжіліс депутаты, “Нұр Отан” ХДП фракцясының мүшесі. Алдағы 2011 жылы еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырын тіктегеніне 20 жыл толады. Бұл – тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы осы күнге дейінгі ең атаулы оқиға. Ата-бабаларымыздың аманаты – азаттығымызға қол жеткізіп, егеменді ел болғанымызға, етек-жеңімізді жинап, әлемнің азулы елдерімен терезесі тең мемлекет құрғанымызға да, міне, жиырма жыл уақыт толғалы тұр. Жиырма жыл – тарих тезінен қарағанда, көп уақыт емес. Алайда, осы бір жиырма жылдың біздер үшін – тәуелсіз Қазақстанның азаматтары үшін қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Осы жиырма жыл ішінде еліміз еңселі мемлекет болып қалыптаса алды. Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен иық теңестіретін, тіпті, кей тұстарда олардан озық тұратын дәрежеге жеттік. Біз қолда тұрған ядролық қарудан бас тарттық, сол арқылы әлем елдеріне, әсіресе, азулы алпауыт державаларға үлгі-өнеге көрсеттік. Биыл, міне, ТМД мен Азия елдері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына жетекшілік етудеміз. Таяуда елімізде осы Ұйымға мүше Мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеміз. Бұл да еліміздің әлемдік аренадағы абыройын, мәртебе беделін танытса керек. Және осының барлығы Елбасымыз – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқасы екенін де естен шығармауымыз тиіс. Тағдыр бізге қос бақытты бірге сыйлады: оның бірі – тәуелсіздік алып, егеменді ел болу бақыты болса, енді бірі – сол елді өркениет көшіне бастаған біртуар басшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болуы. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздің экономикасы да аяғынан нық тұрып, ілгері басты. Бір емес, бірнеше дағдарысты басынан кешірсе де, экономикамыз қарыштап даму қарқынынан танған емес. Қазір еліміз дағдарыстан кейінгі даму кезеңіне қадам басты. Бұл тұста ел болашағына бағытталған бірқатар маңызды бағдарламалардың қабылдануы – келешекке деген сенімімізді нығайта түсті. Атап айтсақ, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламалары ел экономикасын бұдан да ілгері дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміз жеткен осындай жетістіктерді жіліктеп жаза беруге бір мақала түгілі, бір кітаптің көлемі де жетпейтіні анық. Бұл жерде айтқым келгені – біздер жеткен жетістіктерімізге мақтанып қана қоймай, сол нәтижелерімізді бағалай білуіміз керек, тәуелсіздіктің біздерге тарту еткен мүмкіндіктерін уысымыздан шығарып алмау үшін барлығымыз бір кісідей жұмыла білуіміз керек. Елбасы Парламент палаталарының биылғы бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде баршамызды келесі жылды “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұранымен өткізуге үндеді. Бұл үндеуде үлкен мән бар. Ол нені білдіреді? Ол – тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойын тек салтанатты шара ретінде атап өтуді білдірмейді, ол ел азаматтарының барлығын “тәуелсіздік” құндылығының төңірегінде бір ниет, бір тілекке бірігуін білдіреді. Яғни, Елбасы біздерді тәуелсіздіктің мерейтойын ардақтау арқылы елімізді одан әрі дамыту жолына жұмылуға шақырады. Бұл жерде Елбасы үндеуінің үлкен тәрбиелік, өнегелік мәнін де көруге болады. Елбасы бізге: “Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелеу тек қана ресми шаралар емес. Оны лайықты қарсы алу – әрбір қазақстандықтың патриоттық парызы! Миллиондаған азаматтарымыз ел мерейтойын тиісті деңгейде атап өтуге белсенділік танытуы тиіс, әрбір азамат іспен айналысып, ел дамуында өз орнын тапқаны маңызды. Біздің Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына лайықты қадам басуы үшін бізге әлі көп нәрсе істеу қажет”, – деді. Президент әр азамат өз ісін жауапкершілікпен атқарып, өзіне, өз отбасына ғана емес, еліме де пайда тигіземін деген ниетпен еңбектенетін болса, тәуелсіздік тұғыры үнемі бекем болатындығына сенеді. Біздегі міндет – Елбасының осы бір сенімін ақтау. Бұл өзіміз үшін керек. Еліміздің келешектегі өркендеуі – барлығымыздың да бақуатты өмір сүруіміздің кепілі. Бұдан басқа кепіл жоқ. Мұны тарихтың өзі дәлелдеді. Сол себепті әрқайсымыз бүгінгі тәуелсіздігімізді, бүгінгі бейбіт өмірімізді баянды ету үшін еңбектенуіміз керек. Жоғарыда айтқанымыздай, келесі жыл “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұранымен өтуі тиіс. Және бұл үндеу құр ұран күйінде қалып қоймауы үшін нақты істер бүгіннен басталуы керек деп есептеймін. Әрбір азамат өз-өзіне: “Мен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне не істей аламын?” – деген сауал қоюы қажет. Бұл – әркім бір керемет іс жасасын деген сөз емес. Мәселен, кез келген адам өз ісін адал, тиянақтылықпен, жауапкершілікпен жүзеге асыра алады. Немесе кез келген адам өзінің үйінің маңайын тазалықта ұстап, көшені, ауланы абаттандыруға өз үлесін қоса алады. Міне, патриоттық сезім, елге құрмет осындай күнделікті, әрқайсымыз атқара алатын істерден де құралады. Бұл – Қазақстанның әрбір азаматына қатысты жәйт. Ал енді халық қалаулылары, Үкімет мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, мемлекеттік қызметкерлер – бұларға қойылатын талап, әрине, жоғары. Бүгінде Парламент депутаттарының алдында тұрған міндет – еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық дамуын құқықтық қамтамасыз ету, ел дамуына қажетті тиісті заңдар шығару, жүзеге асырылып жатқан істер жөнінде халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте төртінші сайланымдағы Парламент Мәжілісінің депутаттары – “Нұр Отан” партиясы фракциясының мүшелері алдағы уақытта өңірлерде өтетін сайлаушылармен кездесулер барысында кешенді ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізетін болады. Келер жылды тәуелсіздігіміздің мерейтойлы жылы ретінде атап өтуде ел Үкіметіне де зор міндет жүктеліп отыр. Үкімет қабылданған бағдарламаларды тиімді жүзеге асырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды одан әрі жалғастыруы тиіс. Бұл ретте мемлекет деңгейіндегі ірі әлеуметтік жобалармен қатар, әрбір қала мен ауылдың, әрбір көше мен ауланың абаттандырылуы сияқты шағын істер де назардан тыс қалмауы керек. Яғни, әрбір азамат мерейтойдың мәртебесін сезінетіндей, соған қуанып мерейленетіндей болуы тиіс. Сонда ғана шын мәнісіндегі Ұлттық мерейтойымыз өз деңгейінде атап өтіледі. Бірақ бұл бір ғана Үкімет пен атқарушы органдардың арқасында жүзеге асатын іс емес. Оны іске асыруға қоғамның барлық мүшелері атсалысуы керек. Әсіресе, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері осы бағыттағы насихат жұмыстарын жүргізуге осы бастан кірісулері керек. Осы орайда қоғамымыздың барлық мүшелерін – мемлекеттік қызметкерлерді, халық қалаулыларын, жергілікті билік органдарының басшыларын, қоғамдық ұйымдардың белсенділерін, зиялы қауым мен БАҚ өкілдерін, қарапайым жұмысшыларды, ардагерлер мен жастарды, үлкен мен кішіні – барлығыңызды келер жылды Елбасымыз айтқандай “Тәуелсіздіктің 20 жылы” ұранымен өткізуге осы бастан еңбектенуге шақырамын! Үздік оқушылармен кездесті Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары М.Көпеев Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жалтыр орта мектебінің бір топ үздік оқушыларын қабылдады. Аталған шараны ұйымдастыруға мұрындық болған осы өңірден шыққан сенатор Т.Симамбаев болса, кездесуге Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Б.Жылқышиев та арнайы келіп қатысты. Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға арнайы келген балалармен болған кездесуде Мұхамбет Жұманазарұлы елордаға қатысты сөзінде Елбасының еңбегін тұщымды әңгімелеп жеткізді. Соңғы он жыл ішінде Қазақстанның елордасы жылдан жылға көркейіп келеді, тіпті келіп жатқан қонақтардың өздері таңырқай қарап, әлемдегі әсем қалалардың қатарында екендігін тілге тиек етіп жатады. 1997 жылдың желтоқсанында Парламент Ақмолаға көшіп келген кездегі сол жағалауды көз алдына елестеткен Сенат Төрағасының орынбасары мұнда картоп егетін жерлер болатын деп еске алды. Бүгінде көптеген зәулім ғимараттар бой көтеріп, әсем гүлзарлар мен субұрқақтар салынды. Бір кездері қазақ даласы қуғын-сүргін, тың игеру сияқты қиындықтарды басынан өткергенімен, қазақ халқы өзінің ұлттық дәстүрін, салт-санасын, ділі мен тілін сақтап қана қоймай, дамыта түсті. Осы ретте Мұхамбет Жұманазарұлы былай деді: “Оны ары қарай дамыту сіздердің үлестеріңізде. Үлес жәй берілмейді немесе аспаннан түспейді, ол еңбекпен келеді. Еңбек дегеніміз терең білім алуда жатыр. Білімді азамат қай уақытта болмасын қоғамнан өзінің лайықты орнын табады”. Ол өз сөзінде балаларды үздік оқуларын жалғастыруға тілегін жеткізе отырып, елордадағы бірқатар ескерткіштер туралы, тарихи орындар жайында әңгімеледі. Жалтыр деген киелі жер екендігі, сол елден көптеген текті азаматтардың шыққандығы да көлденең тартылды. Елімізде жиырмаға тарта интеллектуалдық мектеп ашу көзделсе, қазір соның біразы жұмыс істеуде. Дарынды шәкірттерді өзімізде оқыту мақсатында Назарбаев университеті ашылып отыр. Аталған білім ордасы балаларға білім беріп қана қоймай, жергілікті жердің менталитетін де қалыптастыратын болады. “Болашақ” бағдарламасы бойынша білімді жастар шет ел жоғары оқу орындарында өз білімдерін тереңдетуде. Осының барлығын тәптіштеп жеткізген сенатор Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта орнын жоғарылатуына жастардың үлес қосуы тиіс екендігін атап көрсетті. Осылайша еліміздің бас қаласы Астананы тамашалауға келген Жалтыр орта мектебінің үздік оқушылары сенатор ағаларына көптеген сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған жәйттар туралы мәліметтер ала алды. Кездесуде, сонымен қатар, орта мектеп өмірі туралы қысқаша бейнефильм көрсетіліп, балалар Астана жөніндегі өлеңдерін оқып берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Мақсат – әлемдік мәдени кеңістікке кірігу Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде “Еуропа мәдени конвенциясын ратификациялау туралы” заң жобасы қаралды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Конвенцияға қосылу Қазақстанның Еуропа мемлекеттерінің тілдерін, тарихы мен мәдениетін зерделеу үшін жағдайлар жасай отырып, дүниежүзілік мәдени кеңістікке кірігуіне мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ Конвенция жалпыеуропалық мәдени құндылығы бар заттарды қорғаудың құқықтық қағидаларын белгілейді және оларға дұрыс қол жеткізілуін қамтамасыз етеді. Заң жобасы палатаның қарауына ұсынылды. Талас астарында талай нәрсе бар-ау Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының ең маңызды міндеті. Осы мәселеге байланысты ішкі істер органдары қызметін жетілдіру бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасын Мәжіліс өзінің соңғы отырысында ұзақ талқылады. Заң жобасы туралы баяндаған Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Александр Кулинич оның құқық бұзудың алдын алу мақсатында аса қажетті өзгертулер болатынын тілі жеткенше айтып берді. Бұл заң жобасы, деді ол, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында ішкі істер қызметін жетілдіруге үлкен көмек болады. Соның ішінде заң жобасы азаматтардың қолында бар оқ ататын қарудың түрлерінің саны ең көп дегенде бұрынғыдай бесеу емес, екеу-ақ болатынын, жекеменшік күзеттерге де бақылаудың күшейтілетінін, оларға оқ ататын қару ұстауға болмайтынын және күзететін субъектілерінің саны да бұрынғыдай бесеу емес, екеу-ақ болатынын қарастырады екен. Міне, нақ осы өзгерістер депутаттар тарапынан үлкен сынға ұшырады. Мәселен, депутат Қабиболла Жақыпов және оны қолдаған Алтай Тілеубердин: Әрбір азаматта екі мылтықтан артық болмасын дегенді қандай нормативке сүйеніп шығардыңыздар? Аңшы адамдардың құс, үлкен аңдар мен тағыларды және қауіпті жыртқыштарды ататын арнаулы, бірнеше мылтықтары болуы керек, оларсыз дұрыс аңшылық құру мүмкін емес, деді. Біз әлемдік тәжірибе бойынша адамдардың қолында көп қару болмау керек дегенді негізге алдық. Ал кәсіби аңшыларға қанша мылтық ұстаса да шектеу болмайды деген министрдің міндетін атқарушының сөзіне А.Тілеубердин мүлде қанағаттанбайтынын, мұндай аргументтің әлсіз екенін білдірді. Әр түрлі аңшылықтың өз қаруы бар, ол Қазақстанда ғана емес, басқа жерлерде де солай. Қолындағы қаруларын полициядағы тізілімге қойдырған аңшы адамға қылмыс жасауы мүмкін деп күдік келтірудің өзі қате. Керісінше, тізілімге қойылмаған қарулар тәркіленеді деп жазу керек еді. Енді мына заңды қабылдасақ, аңшы адамдардың қолындағы артық мылтықтарды тартып аласыздар ма, олай болса, заңдардың өзі шыққанға дейінгі әрекетке күші жүрмейді деген қағида бұзылмай ма? Жалпы, мен бұл заң жобасына түпкілікті қарсымын, деді ол. Оған А.Кулинич бұрыннан көп түрлі мылтығы барлардың қаруы алынбайды, бұл заң жобасының талабы өзі шыққан уақыттан кейінгі мезгілге ғана жүреді деген еді, депутат заң жобасында ондай норма көрсетілмеген деп бұл жауапқа да қанағаттанбады. Басқа да кейбір депутаттар жобаның осы талаптарына қатты шүйлікті. Депутаттар, сондай-ақ заң жобасының жекеменшік күзет қызметін ұйымдастыру тоқтатылады, олардың ататын қару ұстауына тыйым салынады деген нормаларына да өре түрегеліп, қарсылық білдірді. Мәселен, белгілі кәсіпкер, қазіргі депутат Бауыржан Смайылов: “Жекеменшік күзеттің қоғамдық тәртіптің бұзылуына қандай қатысы бар, кәсіпкердің ондай қызмет ұстау құқын неге бұзамыз?” деген сұрақ қойды. Оған А.Кулинич: “Жекеменшік күзеті бар фирмаларда қылмыстар көп жасалады, оларды ашуға күзет қызметкерлері көп кедергі келтіріп, қылмыстың ізін жасыруға тырысады, мұндай тәжірибеден бас тартамыз, күзетті арнаулы фирмалар ғана атқарулары керек”, деп жауап қайтарды. Депутат бұл күзетпен айналысатын фирмалардың осы қызмет түрін монополияландыруға деген ұмтылысы, заң жобасы солардың мүддесіне лобби жасап тұр. Сайып келгенде, бұл кәсіпкердің құқығын бұзу болып табылады. Әркім өз меншігін өзі күзетуге хақылы, сондықтан заң жобасындағы осы өзгеріс мүлде дұрыс емес деп салды. Оның ойын басқа да депутаттар қатты жақтады. Аталған ұстанымдарға қатысты лобби, мүдде халық қалаулыларының дәл өздерінде жатқан жоқ па екен деген ойға қалдық. Осы заң жобасында миграциялық саясатты жүргізу және халықты құжаттандыру ісі Ішкі істер министрлігінің құзырына беріледі деген де норма бар еді. Осыған байланысты депутат Амангелді Момышев елдік мүддені көздейтін сұрақ берді. Ол бұл іспен ертеңгі күні отставкаға шыққан полиция қызметкерлері, соның ішінде үлкен шенді офицерлер айналысса, олар ескі әдетпен әкіреңдеп, бұл саясатты дипломатиялы түрде жүргізеді дегенге сену қиын. Өзі де келулері саябырсып кеткен қандастарымыз мұндайды көрген соң елге қарай аяғын баспайды ғой, деді. Бұл сұраққа генерал бұл жұмысты Еңбек және халықты әлеметтік қорғау министрлігінен ауысқандар атқаратын болады деген сырғытпа жауап берді. Бірақ шын мәнінде депутаттың алаңдаушылығы өте орынды екені көрініп тұрды. Елге оралған бауырларды жылы жүзбен, бауыры езіле қарсы алу жағын Ішкі істер министрлігі ескере алса жарайды ғой... Жақсыбай САМРАТ. Маңызды мәселеге арналды Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасарлары Мұхамбет Көпеев және Александр Судьиннің қатысуымен “Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасында соттық тергеу институтын дамыту” тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды. Шараға Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы Берік Имашев төрағалық етті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Талқылауды аша келіп Б.Имашев қылмыстық-іс жүргізу заңнамасына соттық тергеуді енгізуге әзірлік, жекелеген кезеңдердегі қылмыстық сот өндірісі міндеттерін нақтылау тұрғысынан бұл шараның маңыздылығын атап өтті. Соттық тергеуді соттау ісіндегі маңызды кезең ретінде атай келіп, сенатор қылмыстық істерді шешуде соттық тергеудің осы кезеңі тергеу нәтижелерінің ең шынайы болуына кепілдендіретін қылмыстық процестердің барлық қағидалары барынша толық ашылатынын атап өтті. “Сөйтіп, қылмыстық іздестіру органдардың қорытындылары мен шешімдерінің заңдылығы мен негіздемесін тексеру қамтамасыз етіледі”, деді депутат. Соттық тергеудің ерекшелігіне тоқтала келіп, Б.Имашев соттық тергеу институтын одан әрі дамыту және оны қылмыстық үдерістерде қолдану аясын кеңейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл шаралар сот тергеу институттарын нығайтады, қылмыстық сот өндірісі аясына түскен адамның құқығы мен бостандығын қорғауды қамтамасыз етеді. Отырыс барысында сот жүйесін дамыту және сотқа дейінгі өндірісте сот бақылауы аясын кезең-кезеңмен кеңейту, қылмыстық-іс жүргізу заңнамасындағы соттық тергеу эволюциясының келешегі, соттық тергеудегі соттың рөлі, алдын ала және соттық тергеудің өзара байланысы мәселелері талқыланды. Пікір алмасу барысында соттық тергеуді мемлекеттік айыптаушы тұрғысынан қарастыруға, соттық тергеудегі қылмыстық істі дәлелдеу мәселелеріне, соттық тергеуге сәйкес алдын ала тергеу мен оның мекемеге қатысына, соттық тергеудің қылмыстық процестегі тиімді институт екеніне назар аударылды. Дөңгелек үстел отырысына Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесінің, Адвокаттар одағының басшылары, Президент Әкімшілігінің, құқық қорғау және сот жүйесінің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, ғалыми орталардың өкілдері қатысты. Талқылауды қорытындылай келіп Б.Имашев соттық тергеудің өзекті мәселелері және оны одан әрі жетілдіру бағыттары бойынша пікірсайыстың табысты болғанын атап өтті. Сенатор атап өткендей, айтылған ескертпелер мен ұсыныстардың бәрі егжей-тегжейлі зерделеніп, пысықталады және заң шығару үдерістерінде пайдаланылатын болады. Алкогольсіз сыраны емес, қымыз бен шұбатты жарнамалайық “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген Мұхтар атамыздың аталы сөзі бар. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының былтырғы мәліметіне көңіл аударсақ, біздің еліміз ішімдік ішуден әлем бойынша 8-орынға шығыпты. Ал наркологтар соңғы үш жылда маскүнемдікке бой ұрған балалардың саны 10 есеге артқанын айтады. Мамандардың айтуынша, елімізде балалардың спиртті ішімдікке әуестігі орта есеппен 10-15 жаста басталады екен. Олардың арасында маскүнемдік жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл – ащы шындық. Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты. Осы жаман әдетке итермелейтін, олардың азғындауына жол ашатын бірден-бір нәрсенің бастысы, бәрімізге белгілі бәле – қитұрқы жарнама. Алкогольсіз сыра деп көбігін көпіртіп, әсерлеп, адам қызығатындай етіп көрсеткен үлкен қалалардағы билбордтардан, телеарналардағы шағын жарнамалардан көзің сүрінеді. Ал осыдан балалардың ішімдікке деген құмарлығы, алғашқы қадамы бастау аларына шүбә келтіре алмаймыз. Сол көзді арбаған “алкогольсіз” сырасының дәмі нағыз сырамен бірдей, ал алкоголь мөлшері 0,5%-ды құрайды екен. Дәміне дәндеген бала, ары қарай нағыз сыраны да жиіркенбей ішуге кіріседі де, санасында ішімдіктің ізі өшпестей орын алады. “Тез сергіңіз келсе, дәмін тат” деп айқайлап тұрған жарнамаға көзіңіз түссе, еріксіз көңіл аударасыз... Қазір ұлтының келешегін ойлаған мемлекеттер жайсыз жарнамалардан қашып, тыйым салып жатыр. Мысалы кедендік бір одақта жүрген Беларусьте қоғамдық орындарда сыра ішуге тыйым салатын кодекс күшіне енді. Осыған сәйкес көшелерде, стадиондарда, саябақтар мен гүлзарларда, қоғамдық көлікте сыра және алкогольсіз сыра ішкендерге жаза қолданылады. Заң бұзушы 280 мың Беларусь рубліне тең (100 доллар шамасы) айыппұл төлейді, ал аталған әрекет қайталанса, айыппұл екі еселенеді. Осындай елінің келешегін ойлаған елге біз неге еліктемейміз? Нағыз саламатты өмірге шақырудың ең жақсы жолының біреуі болып саналар бұл шараны неге қолға алмаймыз? Нағыз сусынға арналған жарнаманы көрсеткіміз келсе, біз неге өзіміздің ата-бабаларымыздан қалған, мыңдаған жылдық тарихы бар қымыз бен шұбатты емдік қасиеті жоғары, бойыңа қуат беретін, ішсең таптырмас сусын деп, ғасырлар бойы қалыптасқан күбіні, сабаны тобылғымен, қайыңмен ыстап жатқан мезгілін, құйрық май, қазы, мейіз қосылған тіл үйірер дәмін көрсетіп, нағыз бұрқыраған иісі мен ақ көбігін шапшытып, адамның ағзасына берер пайдасы, құндылықтары мол деп, жарнаманы келістіріп неге жасамаймыз? Неге министрлер мен әкімдер осындай игі істерге ат салыспайды? Осы жерде Үкімет тарапынан нақты қолдау керек сияқты, ынталандыратын жолдарын көрсетіп, бақылауға алынса, шалғынға бие байлап, орнықты қара сабадан жас та, кәрі де, жалпы ел болып қымыз бен шұбатты құмардан шыға ішіп, көңіл толар мезгілге қолымыз жетер еді. Көліктерді техникалық байқаудан жол полициясы ұйымы өткізетін болады Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ұйымдастыруымен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасы заңы жобасының таныстырылымы өтті. Отырысты комитет төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов жүргізіп, Көлік және коммуникация министрінің орынбасары Еркін Дүйсембаев баяндама жасады. Аталған заң жобасы “ҚР құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 тамыздағы №1039 Жарлығын іске асыруға бағытталған. Осы заң жобасын қабылдаудың мақсаты – құқықтық кемшіліктерді жою, механикалық көлік құралдарына міндетті техникалық байқау ұйымдастыру мен жүргізу үдерістерін жетілдіру, ұлттық көлік заңнамасын халықаралық құқыққа сәйкес келтіру. Сол бағытта енді екі кодекс пен төрт заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Осы заң жобасы бойынша келешекте техникалық байқаумен Көлік және коммуникация министрлігінің реестріне сәйкестендірген өкілетті органның техникалық орталықтары айналысатын болады. Техникалық сынақтан өткізудің жаңа тәртібі 2011 жылдың 1 шілдесінен енгізіледі делініп отыр. Техникалық байқаудан жол полициясы ұйымы өткізеді. Таныстырылымда Мәжіліс депутаттары В.Нехорошев, И.Чиркалин, А.Тілеубердин, Т.Бердіоңғаров, т.б. баяндамашыға сұрақтар қойды. Таныстырылымға Мәжіліс депутаттары мен Қаржы, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы, Сауда және экономикалық даму министрліктерінің, Монополияға қарсы агенттіктің өкілдері де қатысты. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Шавхат Өтемісов болды. Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист. Көнені көксегені несі? Мәжілістің соңғы отырысында ішкі істер органдары қызметін жетілдіруге байланысты заң жобасы қаралған еді. Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Александр Кулиничті депутат Рауан Шаекин сол күннің 10 қараша екенін пайдаланып, өзіне сөз берілгенде бұрынғы КСРО милиция қызметкерлерінің мерекесімен шын жүректен құттықтады. Анау да рахметін айтып, қутыңдап қалды... Онда не тұр дейміз ғой баяғы... Иә, онда бәлендей ештеңе тұрған жоқ... егер бұл құттықтау ресми орында, ресми түрде емес, көшеде, далада айтылса... Ал Қазақстан Парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліс депутатының жалпы отырыстағы құттықтауын ресми емес деп ешкім де айта алмаса керек. Сонда депутат Қазақстан Президентінің арнайы Жарлығымен Ішкі істер қызметкерлерінің күні 23 маусым болып белгіленгенін білмей ме, әлде, біліп тұрып ескіні көксей ме? Әрине, көбіміз, жоғарыда да айтқанымыздай, онда тұрған не бар дер-ақпыз. Бірақ... жұрт депутатқа қарап түзеледі, ал олар көнені көксеп жатса, өзгелерге не жорық? Жақсыбай САМРАТ.Фотокүнделік