16 және 17 қарашада Алматыда Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығы мен Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы бірлесіп Орталық Азия мемлекеттері үшін “Үкіметтік емес ұйымдар мен биліктің өзара қарым-қатынасы саласындағы тиімді тәжірибемен алмасу” тақырыбындағы аймақтық дөңгелек үстел ұйымдастырады, деді дәстүрлі апталық брифингте СІМ-нің ресми өкілі Асқар Абдрахманов.
Дөңгелек үстел шеңберінде азаматтық қоғам және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, заң қабылдау үдерісіне үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы, азаматтық қоғамның сөз бостандығына, жиналуға және бірігуге, ақпаратқа қол жеткізуге, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың қызметін мемлекеттік қаржыландыруға құқықтары мәселелерін талқылау жоспарлануда екен.
16 және 17 қарашада Варшавада ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Төзімсіздік негізіндегі қылмыстармен күрес саласындағы ұлттық байланыс тұлғаларының үшінші жыл сайынғы кездесуін ұйымдастырады, оған Қазақстан тарапынан Бас прокуратураның өкілдері қатысады, деп жалғады сөзін ресми өкіл. ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер үшін ұсыныстарды қалыптастыру арқылы Ұлттық байланыс пункттерінің рөлін күшейту кездесудің мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, ол тәжірибемен алмасуға және жалпы тұрғыдан өшпенділік негізіндегі қылмыстар саласы, ал атап айтқанда, Интернет арқылы зорлыққа шақырулар жөніндегі мүмкіндіктерді жоғарылату жөніндегі бастамаларды зерттеуге мүмкіндік береді.
А.Абдрахманов, сондай-ақ 18 қарашада Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан және Ресей президенттері Бакуде өтетін Каспий маңы елдерінің Үшінші саммитіне қатысатынын айтты. Кездесу барысында Каспийдің құқықтық ахуалы жайындағы мәселелер және теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайында пікір алмасу өтеді деп күтілуде, деді ол.
18 қарашада Астанада Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) төрағалығы шеңберінде ұйымға мүше мемлекеттер Денсаулық сақтау министрлері бірінші кеңесінің отырысы өтеді, деді қорытындысында ресми өкіл. Аталған отырыс барысында денсаулық сақтау саласындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығының дамуымен байланысты ауқымды мәселелер бойынша пікір алмасу жоспарлануда.
“Егемен-ақпарат”.