13 қарашада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет жанындағы Экономикалық консультанттар кеңесінің кезекті отырысын өткізді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Онда экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшановтың “Жаһандану жағдайындағы Қазақстанның агроөнеркәсіп саясаты” деген тақырыптағы баяндамасы тыңдалып, талқыланды. Баяндамада еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің ағымдағы жағдайына баға берілді, сондай-ақ ауыл шаруашылығының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтуға қажетті шаралар бойынша ұсыныстар жасалды.
Баяндаманы талқылауға Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау, экономика ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Есентүгелов, Білім және ғылым министрлігі Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден және басқалар қатысты.
Сондай-ақ, Кеңес мүшелері индустрияландыру басымдықтары есебімен Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сауда балансы ұстанымының ағымдағы жағдайларының бағамы және оның келешегін күшейту жөніндегі Экономикалық және қаржылық күйзелістерді ерте анықтау орталығының директоры Сара Алпысбаеваның баяндамасын тыңдап, талқылады.
Пікірталасқа Экономикалық даму және сауда вице-министрі Қуандық Бишімбаев, “Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы” ЗТБ төрағасы Серік Аханов, Салық төлеушілер ассоциациясының төрайымы Жаннат Ертілесова, “Атамекен” одағы” ұлттық экономикалық палатасы төрағасының бірінші орынбасары Екатерина Никитинская және басқалар қатысты.