Бақтияр ТАЙЖАН – Гуанчжоудан (Қытай).
Азия ойындарының шымылдығын суға жүзушілер мен оқ атушылар ашты. Ашығын айтсақ, тұлыпқа мөңірегеннің кері болды. 100 метрге кешенді жүзуде Дмитрий Гордиенко ә дегенде суырылып алға шыққанымен ұшқыр аттай әсер қалдырды. Сегізінші орында тұрақтады. Сұр мергендерімізден үміт күткен едік. Олимпия ойындарында жүлде алмаса да үздік бестіктің ішінде жүретін Ольга Довгун мылтықпен атуда қарсыластарынан қозы көш қалып кетті. 50 метр жерден тапаншамен нысана көздеуде халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Рашид Юнусметов те іріктеуден өте алмаған. Владимир Исаченко финалға бесінші болып өткенімен жүйкесі сыр берді. Қалыпты ату жоқ. Бірде 10,3 ұпай алса, екіншісінде 8 ұпай олжалайды. Ондайды қытай, жапон, корей сұрмергендері кешіре ме, зу етіп алға шығып алады. Исаченко үздік сегіздіктің сегізіншісі болып жарысты аяқтады. 10 метрге пневматикалық мылтықпен атуда Игорь Пирикеев 18-ші орын, Юрий Юрков 21-ші орын, ал Виталий Довкун 41-ші орынмен жарысты қорытындылады. Осыдан табаны күректей төрт жыл бұрын Дохада өткен Азия ойындарында медальдарды белгіленген мөлшерден көп берген мергендеріміз бүгін ұйқыдан жаман түс көріп оянды ма, атқан оқтары айдалаға лақты. Өзбек қыздары ерледі. Олар командалық үшінші орынға табан тіреді. Біз жатқан журналистер қонақ үйі баспасөз орталығымен қонсы. Олимпияшылар қалашығына да жақын. Бірақ, жарыс өтіп жатқан спорт сарайлары бір-бірінен алыс. Мылтық орнына таяқ ұстағандай әсер қалдырған спортшыларымызға өкпеміз қара қазандай болып, дзюдошыларымызға тарттық. Таксимен. Қаланың жартысын көктей өтіп. Раков. Найдан. Иппон! Бұл күні Гүлжан Исанова (78 кг-ден жоғары), Ержан Шынкеев (100 кг-ден жоғары), Ғалия Елментаева (78 кг) және Максим Раков (100 кг) татамиге шыққан. Төртеуі де жұп жазбастан жартылай финалдық асуға аман-есен жетті. Бір қадам алға жылжыса кемінде күміс медаль қалтасында. Ал бұл кезеңде осалдар қалмайды. Бәрінен мықты болуың керек. Өз мүмкіндігінен асып кету қиын. Байрақты бәсекелерде үлкен олжа салмаған балуандарымыз осыны анық байқатты. Әуелі Гүлжан Исанова қытай қызы Хунның бөктерінде кетті. Төбесімен көк тіреген қытайдың алып қызы сұрапыл айқас салды. Ержан Шынкеевтің сорына жартылай финалда өзбектің бас балуаны Абдолла Тәңіреев тап келді. Көкөрім шағында Сидней Олимпиадасына қатысып, ширек финалға дейін жеткен Абдолланы жақсы білеміз. Абдолла нық тұрады. Асығып, аптықпайды. Қолайлы кезеңін жібермейді. Басқа атақтарын айтпағанда Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы. Тәңіреев те қан шығармай-ақ жеңіске жетті. Ендігі үмітіміз әлем чемпионы Максим Раковта еді. Корей Хуанг сөз жоқ, мықты. Дохада өткен Азия ойындарында Раковты екінші орынға тастап кетті. 90 кило мен 100 кило салмақта алмаған жүлдесі жоқ. Атақтарынан ат үркеді. Бірақ, біздің Максимге мұның бәрі шыбындай әсер етпейді. Екеуі 5 минөт бойы сынасты. Нәтиже жоқ. Қосымша 3 минөт белгіленді. Екі мықты бір-бірін тағы да ала алмайды. Дәтке қуат ететініміз, белсенділік біздің жақта. Бірақ, әдісі таза шықпай жатыр. Хантей. Ендігі сөзді төрешілер айтады. Үш төрешінің екеуі корейге, біреуі Максимге берді. Осындайда ғой ішіңнің өртеніп кететіні. Елде жүргенде аузымен орақ оратын дзюдоның мықтылары мәртебелі қонақтарға арналған орындарда отыр. Селт етпейді. Дзюдоны төл күресіндей көретін корейлердей бедел жоқ. Әйтпесе, жол Раковтікі еді. Айтқандай, Максим қола медаль үшін тартыста Бейжің Олимпиадасында біздің Асхат Жіткеевтің алдын орап, чемпион болып, Моңғолия мемлекет басшысының қолынан 1млн. доллар сыйақы алып, ресми түрде Моңғолияның батыры атанған Найдан Тушибаардың екі аяғын бір етікке тықты. Иыққа қондырып алды да сырттан шалды. Моңғолдың екі аяғы аспаннан келіп, қос жауырынымен құлады. Иппон! Ал, финалда Хуанг жапон Анай Гакамасаның шаруасын екі минөтке жеткізбей бітірді. Таза жеңіс. Сөйтіп, біздің Раковтан бір ұпай олжалай алмаған корей Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Шерағаң айтатын бір кем дүниеңіз осы екен. Қола медаль үшін айқаста Исанова мен Ғалия Үлментаева өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ. Зульфия қарымтасын Лондонда қайтармақ Жарыстың екінші күні Қазақстан 1 күміс, 6 қола медалімен 10-шы орынға орнықты. Елден шыққанда межелеп келгеніміз төртінші орын. Бұл – алға ұмтылу емес. Азия ойындарындағы тұрақты нәтиже емес. Бірақ, алтын алады деп есептеп келген спортшыларымыздың алды сыр беріп жатыр. Атқыштар Ольга Довгун, Владимир Исаченко, Игорь Пирикеев, Рашид Юнусметов, Юрий Юрков, Юрий Мельситовтердің атқан оқтары нысанаға дарымайды. Дохада медальдарды қимай сыпырған сабаздардың қоржындары бос. Бүрісіп тұр. Дохада алтыннан олжа салған триатлоншы Дмитрий Гаагтың бұл жолғы олжасы қола медаль болды. 50 метрге жүзуде басты үмітіміз Владислав Поляков алдына қытай, иран, жапон саңлақтарын салып мәреге төртінші болып келді. Евгений Рыжков 12-ші орынға тұрақтады. Поляковтың нәтижесі 28,23. Ал, Рыжковтікі 28,99 секөнд. Бас бәйге алған қытай Ли Хуа уақыты 27,85 секөнд. Дзюдоға ойыстық. Бұл күні татамиге Мариям Ордабаева (70кг), Тимур Болат (90 кг), Жанар Жанұзынова (63 кг) және Ислам Бозбаев (81 кг) шықты. Жанар алғашқы кездесуін жапон Веномен өткізіп, таза жеңілді. Айтқандай, жапон қызы бас жүлде үшін жолындағылардың бәрін қоғадай жапырды. Екінші орынды Тайпей, үшінші орынды Корея балуаны алды. Екі кездесуін тамаша өткізген Мариям Ордабаева Солтүстік Кореядан келген Золды жеңсе, финалға шығар еді. Солай армандағанбыз. Ордабаева финалға корей балуанын жіберіп, үшінші орын үшін болған таласта моңғол қызы Тзендке де есе жіберді. Мінез, жауынгерлік рухын көрсете алмады қызымыз. Тимур Болат та жақсы бастаған. Жапон Оноға жолыққанға дейін. Жеңілді. Үшінші орын үшін белдесуде корей Ли Хонға да жол беріп, бесінші орында қалды. Бұл салмақта бас бәйге жапон Оно Такашиге бұйырып тұр екен. Екінші орында өзбек Ділшад Шориев. Ислам Бозбаев жапон Токаматауды таза жыққанда алып сарайды мойынымызға іліп кете жаздағанбыз. Оң қолымен жапонның киманосының өңірін мықтап ұстаған Ислам оны бір-екі ырғап теңсіздігінен айырдыда, қабыланша қарғып, сол қолымен белбеуден ілді. Сырттан шалды. Жапон түк түсінбей қалды. Иппон! Басты қарсыласын алды, енді жолы жеңіл болар деп ойлаған едік. Біз солай ойлайды екенбіз. Бауырымыз, отандасымыз болғаннан кейін. Ислам жартылай финалда өзбек Шокир Момыновпен беттесті. Екеуі бес минөт күресті. Нәтиже жоқ. Қосымша үш минөт белдесті. Нәтиже жоқ. Хантей. Тағы да белдесу тағдырын төрешілер шешеді. Ашығын айтсақ, өзбек балуаны белсенділеу, алымдылау болатын. Төрешілер финалға Момыновты жіберді. Үшінші орын үшін күресте Ислам қытай балуанынан белдесу бітуге 21 секөнд қалғанға дейін ұтылып жатты. Бұл – 10 ұпайға бағаланады. Юко алсаң көмектеспейді. Тек, иппон – таза жеңіс керек. Осындай ерлік біздің 19 жасар балуанымыздың қолынан келді! Ауыр атлетшілер жарысы қаланың оңтүстік жағында, теңізге жақын белдеуде. Қашықтығы Алматы мен Талдықорғанның арасындай болар. Таксилетіп жүріп зорға үлгердік. Өйткені, мұнда автобус күніге бір рет қана қатынайды. Зульфия Чиншанло 53 кило салмақта сынға түсті. Әлем чемпионатының алтынын, Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиялық ойында күміс медаль олжалаған, 18-ге енді толған қызымыздың алтын үшін таласатындығы белгілі. Бірақ, қарсыласы оңай емес. Қытай қызы Ли Пинг Олимпиада чемпионы. Зульфия мен Мая Манезаның да Отаны – осы Қытай мемлекеті. Біздің бапкерлер жасөспірімдер арасындағы бір жарыста көріп, аттай қалап әкелген. Халқы миллиардтан мол асып жатқан Қытайда мұндай қыздар өте көп. Ли Пинг соны байқатты. Жұлқа көтеруде Зульфияны алға салып, 6 кило артық көтеріп кетті. Серпе көтеруде тағы да қулыққа барды. Зульфия 110 килоға тапсырыс бергенде тай мен қытай атлеті 120 килоны сұрады. Бұл анық бопса еді. Бас бапкер Алексей Ни мен Энвер Түркелери Зульфияға 122 кило сұрады. Енді тай қызы қорықты. 120 килоға шығып, көтеріп кетті. Зульфия 122 килоны көтерді. Ли Пинг 123 килоны ышқынып жүріп көтеріп кетті. Енді оның ұпайы түгел. Зульфия қуып жете алмайтын еді. Солай болды. Күміс медаль – ол да үлкен олжа. Жарыстың екінші күні спорттық биден бір қола медаль қоржынға түсті. Бұл күні латын американ және еуропалық би бәйгеге тігілген еді. Біздің Тимур Намазбаев пен Аманда Баткалова жұбы кілең ығай мен сығайдың шаңына жұтылып кетпей, жартылай финалға өтті. Жарыс ережесі бойынша Еуропаның бес биін билеп, үшінші орынға шықты. Қазылардың қабағына қарайтын сында жүлде алу – бұл да тамаша жеңіс! *** Бет қатталып жатқанда: 50 метрден нысана көздеуде Ольга Довгун мен 100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түскен Владислав Поляков күміс жүлдеге ие болды.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Кеше
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Кеше
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Кеше
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Кеше