“Біздің бұл сессияны ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыздың “Сенім, Дәстүр, Ашықтық және Төзімділік” дейтін ортақ ұранымен өткізуіміз кездейсоқтық емес. Өткен 15 жылда орасан зор жұмыс жүргізілді. Біз күн өткен сайын адамдар арасындағы СЕНІМДІ нығайта бердік. Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершіліктің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық. Біз этносаралық және конфессияаралық қатынастарда АШЫҚТЫҚТЫ қамтамасыз еттік. ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды табысты да сенімді дамытудың маңызды факторына айналды. Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді”, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 20 қазанында Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІ сессиясында сөйлеген сөзінде.
Біз Елбасының сөзін жайдан-жай келтірген жоқпыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы 2010 жылдың айтулы оқиғаларының бірі болды. Мінберден сөз сөйлеген көптеген делегаттар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының барысында көтерілген мәселелерге баса назар аударды. Мәселен, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық қатынас мәселелеріне арналған ғылыми-зерттеулер жүйесін дамыту идеясын алайық. Шынында да біздің төзімділік моделіміз ЕҚЫҰ сияқты азулы құрылымға ауадай қажет. Өйткен себебі, қазіргі кезде ескі және жаңа Еуропада байқалып отырған мультикультурализм дағдарысы өршіп келе жатқанда этносаралық келісімнің моделіне кім-кім болса да қызығып қарайды. Сондықтан да, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммитінде талқыланатын тақырыптардың бірі – осы төзімділік қағидаттары болмақ.
Қазіргі кезде біздің еліміздің этносаралық қарым-қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын жаһандық мәселелерді шешуде пайдалануға болатынын көптеген сарапшы-мамандар айтып жүр. М.Ломоносов атындағы ММУ-дің посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси үдерістерді зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының бас директоры Алексей Власовтың айтуынша, Қазақстан этносаралық келісімнің даму бағытын құрып, тізбесін жасап, соны жүзеге асырудың механизмдерін құрастыруда. Ресейлік сарапшының пікірінше, кез келген интеллектуалдық өнімнің авторы болады. “Сондықтан бұл модельді жаңа мемлекетті дамытудың ішкі факторларын саяси тәжірибесін дамытуға негіз етіп алған Ұлт Көшбасшысы “Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі” деп атаудың еш артықтығы жоқ”, – дейді Алексей Власов.
Ассамблеяның сессиясында Елбасы Н.Назарбаев былай деді: “Әлемде діни төзбеушіліктің артуы байқалып отыр. Бұл діни қасиетті заттарды өзара жария түрде келеке етуден, атап айтқанда, қасиетті кітаптарды өртеуден, храмдар мен молаларды қорлаудан, қандай дін дұрысырақ деген даулардан көрініс беруде. Осының бәрі, өкінішке қарай, жоғалмапты, керісінше, әлемді бүгін де дүрліктіруде. Кейбір елдерде ұлттық бірізділікті сақтаудың радикалды әдістері барған сайын жиі пайдаланылуда. Жаһандануға деген мұндай көзқарас тіпті ең дамыған еуропалық елдерде көптеген этностық мигранттар мен азшылықтың мүдделерін қозғап отыр. Өзара реніштер көбейіп, этносаралық алыстаушылық пен адамдардың бір-біріне сенбеушілігі өсе түсуде. Азия мен Африка елдерінен мономәдениетті және моноконфессиялы Еуропаға тартқан көші-қон арнасы мұндағы мұсылман тұрғындардың санын жетіден қырық миллион адамға дейін өсірді. Осы азшылықпен өзара қарым-қатынас проблемасы батысеуропалық елдер күн тәртібінің аса маңызды мәселесіне айналуда. Ал америкалықтар үшін бұған дейін беймәлім болып келген флоридалық пастордың Құранның екі жүз данасын өртеймін деген мәлімдемесі күтпеген оқиға болды. Мұндай мәлімдемелер мұсылман әлемінде әсіретеріс, жауап көзқарастар туындатуда. Мұндай өркениетті жіктеліс үлкен шиеленіске соқтыруы мүмкін. Батыста және мұсылман Шығысында барлық ізгілікті ойдың күштерін екі тараптағы да экстремистік көріністерді бейтараптандыру үшін біріктіру міндеті өзекті бола түсуде”.
Сонымен қатар, Елбасының жиі-жиі қайталайтыны – жер бетіндегі тұтас мемлекеттердің құлауына ұлттық мүдделердің қақтығысы себеп болуда. Сондықтан да, күллі әлем Қазақстанның басты жетістіктері – этносаралық татулық, бейбітшілік пен тұрақтылық екенін мойындап отыр. Президенттің өзі атап айтқандай, бұл – біздің тұрақсыз әлемдегі үлкен жеңісіміз. Бүгінгідей жер-жаһан үлкен өзгерістердің табалдырығында тұрғанда “Астана рухының” ЕҚЫҰ кеңістігін дүр сілкіндіруі кездейсоқтық емес. Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның сессиясында сөйлеген сөзінде: “Мен қазірдің өзінде әлем тарихына еніп келе жатқан Астана Рухы ұғымы саналуандықтағы сенім, келісім, төзімділік және бірлік қағидаттарына негізделген әлем орнықтырудағы жалпыға ортақ ұмтылыстың символы болатынына сенімдімін”, деп мәлімдеді. Яғни, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті қарсаңында жиі айтылып жүрген “Астана рухы” дегеніміз – өзара сенімнің жаңа кеңістігі ғана емес, бұл тұтас халықтар мен әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы татулық, сыйластық қатынастардың қажеттілігін жете түсіну.
Ал Астана Саммитінен қандай нәтиже күтеміз? Ең алдымен, ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізу – Қазақстанның үлкен жетістігі. Жаһандық деңгейдегі мұндай саммитті өткізу – еліміздегі ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің нәтижесі. Олай болса, мұндай рухани құндылықты алдағы уақытта көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет. “Бірлік бар жерде – тірлік бар”. Қазақстандықтар бүгінгі бірлігінен ажырамайтын болса, кез келген айтулы мақсатына қол жеткізеді. Бұл тұрғыдан алғанда, саммит өткізу – барлық қазақстандықтардың, яғни Қазақстан халқының ортақ жеңісі екені даусыз.
Екіншіден, бұл дайын шешімдердің саммиті болмауы тиіс. Керісінше, бұл жаңа механизмдерді іске қосатын пәтуалы жиын болуы керек. Ең маңыздысы, бейбітшілік белдеуі болып табылатын Қазақстан – өркениеттер үнқатысуын, төзімділікті дамытуға, этносаралық және дінаралық үнқатысуды нығайтуға белсенді үлес қосып жүрген ел. Соның дәлелі – қазақ топырағында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш құрылтайы өтті. Екінші құрылтайды өткізу үшін достық пен түсіністіктің белгісіндей болған Бейбітшілік және келісім сарайын салдық. Қазіргі таңда Батыс үшін де, Шығыс үшін де өркениеттердің үнқатысуы аса маңызды. Олай болса, Астана Саммиті ЕҚЫҰ-дағы төзімділіктің қазақстандық тәжірибесін өзгелерге үлгі етсе артық болмас.
Төлен СҰЛТАНБЕКОВ.