18 Қараша, 2010

Оралдық самбошылар ерледі

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Оралдық самбошылар әлемдік сайыстарда қазақ спортының табыстарын тасытып, республика намысын лайықты түрде қорғап жүр. Қорғап жүр деу аз. Ел спортының қоржынына ылғи да күміс және алтын медальдар салып жүр. Бұған басты бір мысал ретінде батыс­қазақ­стандық спортшы Ерболат Байбатыровтың сам­бо­дан екі дүркін әлем чемпионы атанғанын айтсақ та жеткілікті. Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында самбо күресі бойынша өткізілген әлем чемпионатында Ерболат тағы да ерледі. Осы әлемдік сайыста ол үшінші мәрте әлем чемпионы тұғырына көтерілді. Сондай-ақ 62 кило салмақ дәрежесінде бақ сынаған тағы бір батысқазақстандық жас спортшы Азамат Мұқанов та қарсыластардың бәрін тізе бүктіріп алтын медальға ие болды. Сонымен бірге Ташкентте өткен әлем чем­пио­наты жүлдегер­лерінің қа­тарын­да тағы да орал­дық екі самбошы Саят Шәм­шиев пен Альмира Исатаевалар бар. Соңғы сайыстан алған әсерін үш дүркін әлем чемпионы Ерболат Бай­батыров былайша жеткізді. – Әлем чемпионатын­дағы әр бір ұтыстың са­лыс­тыруға тіпті келмейтін, тек өзіне ғана тән әсері бар. Екінші-үшінші рет жеңіске жеткен кезде алын­ған әсердің де, жауап­кершіліктің де салмағы арта түскендей болады. Мұндайда өз еліңнің мерейі үшін елеулі іс тыңдырып жүргеніңді тереңірек түйсінгендей күй кешесін. Әлемдік деңгейдегі чемпион атану - әр спорт­шының арманы. Мұндай ұмтылыс мені бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерді. Біз Ташкентке жинал­ған кезде ойымда бір ғана мақсат тұрды. Маған тек алтын керек деген ойда болдым. Осы тілегім орындалды. Сол үшін де қуаныштымын. Темір ҚҰСАЙЫН, Орал. Суретті түсірген Рафхат Халелов.