Облыс әкімдігінде бірқатар кадрлық өзгерістер жасалды. Мәселен, облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев өткізген облыс активінің жиылысында облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Төлеген Закарияновтің өз өтініші бойынша қызметінен босатылғаны айтылды. Дәл қазіргідей уақытта ауыл шаруашылығына бас-көз бола алатын, өңірдің осы салаға қатысты барлық жағдайын жақсы білетін басшының келгені де қажет-ақ еді. Сөйтіп, “өз өтінішімен” қызметтен кеткен Закарияновтің орнына облыстағы Железин, Ақтоғай сияқты астықты аудандарды басқарған, ауыл шаруашылығы жағдайын маман ретінде жақсы білетін Манап Көбенов тағайындалды.
Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Оспанов облыс әкімінің орынбасары, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және байланыс басқармасының бастығы болып бекісе, Арслан Әбдіхалықов облыс әкімі аппаратын басқаратын болды. Сондай-ақ 2001 жылдан бастап облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Александр Вербняктің орнына Роман Скляр тағайындалды. Сөйтіп, өндірісті Екібастұзды енді Вербняк басқаратын болды.
Бұған дейін Екібастұзды басқарып келген Нұрлан Нәбиев біздің газетіміздің тұрақты оқырманы, жалпы қазақ тілді газеттердің жанашыры еді. Өткен жылы Екібастұздың орталық көшесі ғұлама Мәшһүр Жүсіп есімімен аталды, Сұлтанмахмұтқа, Мұхтар Әуезовке, Қаныш Сәтбаевқа ескерткіштер орнатылды, қазақ тілінде білім беретін мектептер қатары артты, бұдан ары қарай да ауылдар толы қалың қазақ отырған аумақ қарайтын Екібастұз қаласы қазақылығын жоғалтпайды деп сенеміз.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы