Жақында Моңғолияның Қазақстандағы мәдениет күндеріне арналған көптеген іс-шаралар өткізілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен, “Қазақ әуендері” акционерлік қоғамы барлық іс-шараларға бас-көз болды.
Қазақстан мен Моңғолияның ұзақ жылдардан бері қалыптасқан дипломатиялық қарым-қатынастары екі елдің ынтымақтастық бағытындағы көптеген жұмыстарға ұйытқы болып келеді. Екі елдің тұрақты саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық байланыстарының негізгі бастауында екі ел президенттерінің жасасқан ресми сапарлары мен үкіметаралық келіссөздердің тұрғаны мәлім. Үкіметаралық сауда-экономика, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақ жөніндегі ықпалды шешімдер екі мемлекет арасын бұрынғысынан да жақындастыра түсуде. Кез келген елмен оңтайлы дипломатиялық алыс-беріс орнату еліміздің басты стратегиялық мақсаты болып табылатындығы Қазақ елінің ақ таңы атқаннан бері өзімізге ғана емес, күллі әлемге де аян ақиқат. Сол себепті де өзге жұрттардың Қазақстанмен арадағы ықпалдастықты неғұрлым күшейтуге деген ынтасы зор.
Моңғол делегациясын бастап келген Моңғолияның Білім, ғылым және мәдениет министрлігінің вице-министрі Куланда Чоной бұл жолғы Қазақстанға жасаған сапары барысында еліміздің құзырлы орын басшыларымен ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластыққа қол жеткенін атап өтті.
Моңғолияның мәдениет күндері аясында осы елдің өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасы, сурет көрмелері мен кинотуындыларының көрсетілімі өткізілді. Моңғол мәдениеті моңғолдардың көшпенді өмір салтымен байланысты. Сонымен қатар, тибеттік, буддалық, қытай және орыс мәдениеттерімен ұштасып жатқан ұлттық құндылықтар моңғолдар салт-дәстүріндегі алатын орны да ерекше. Өзінің шығу тегі мен отбасына деген құрметін моңғолдар әр мәдени туындыда ашып көрсетеді. Мұны сурет көрмелерінен, кинокартиналарынан аңғару қиын емес. Моңғол музыкасының биік шыңы – аспапты ансамбльдердің орындауындағы әуендер. Халық аспаптары: аманхур, моринхур (моңғолдың виолончелі) мен лимб (бамбук сыбызғысы) аспаптары олардың ұлттық музыкасындағы алатын орны бөлек екеніне концерт барысында куә болдық.
Мәдениет күндері барысында екі ел арасына алтын көпір болып жүрген белгілі ғалым, академик Ислам Қабышұлының “Тұран әлемі” атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Осыған дейін “Ұрпағың үзілмесін” тарихи роман-трилогиясы, “Құланды қумайды”, “Келбет кесірі”, “Ақсұңқар құстың ителгісі” деген талай сүбелі еңбектердің авторы Ислам Қабышұлының бұл жолғы кітабының таныстырылымына ҚР Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркітбай Аяған, жазушы Әнес Сарай, ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын Серік Тұрғынбеков, тағы басқалар қатысты. Ислам Қабышұлы – моңғолдың әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына бір кісідей үлес қосқан қазақ зиялысы. Сондықтан да ол кісіге көрсетілген құрметтер ешқашан да көптік етпейді.
Моңғолияның мәдениет күндерінің соңы Конгресс-Холл сарайында болған концерттік бағдарламамен салтанатты түрде аяқталды.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.