18 Қараша, 2010

Тіл үйретуде айғайдан алыс нақты іс керек

461 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақ тілінің мемлекеттік мәр­те­беге ие болғанына да 20 жылдан асты. Содан бергі уақыт ішінде сөз зергері Ғабит Мүсірепов айтқандай, ана тілін тек өгей ұлдары болмаса, өзге ұрпағы адымын ашып, ауқы­мын кеңейтуге, бұрынғы тар шең­­берден әлемдік кеңістікке шығаруға күш-жігерлерін жұмсап келеді. Бұл арада ілгері басқан ілкімдермен, әлі де болса аяққа тұсау, қолға байлау болып, титыққа тиіп отырған ол­қы­лықтарды тізбелемей, қолға ал­ын­ған бір жақсы іске жанашырлық танытсақ дейміз. Бұған дейін де игі жақсылар қатысқан талай алқалы жиындар, халықаралық дәрежедегі конференциялар, өзге де басқо­су­лар өтіп, қиын түйін мәселелер алға тартылған. Сол жақсы іске ұйытқы болып, ұй­ымдастырған Мәдениет ми­нистр­лігі Тіл комитетіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді да­мытудың республикалық үйлес­ті­ру-әдістемелік орталығы еді. “Мем­ле­кеттік тілді оқытудың медиа-са­бақ­тары” атты фестиваль аясында мем­лекеттік тілді үйретуде жер­гі­лік­ті жердегі азаматтардың тындырған жұмыстарын алдын ала алдырып, қазылар алқасына таныстырып, одан кейін авторларын Астанаға ша­қырып, өздерін тыңдаған еді. Фес­тивальға Отанымыздың барлық өң­ірлеріндегі тіл үйрету ісіне құл­шына кірісіп келе жатқан орта­лықтар мен ұйымдар қатысты. Тіл үйретуді айғайдан алыс, тікелей нақты іс үстінде атқарып жүрген мамандардың талқыға ұсынған жұ­мыстары көптің көңілінен шықты. Себебі, жұрттың ортасында, ха­лық­тың арасында жүрген қарапайым жандардың өмірімізге дендеп енген жаңа техникалық құралдардың кө­мегімен қолданысқа енгізген әдіс-тәсілдері сауатты, әрі ойыңнан шы­ға­ды. Олар үш номинация бой­ын­ша өздері дайындаған жұмыс­та­ры­мен таныстырды. Мысалы, теле-ра­дио сабақтарына арналған бірінші номинацияға 4 еңбек түскен еді. Со­ның алғашқысы Қостанай об­лыс­тық тілдерді оқыту орталығы әзір­леген “Тілашар” бағдарламасы бо­латын. Бұл бағдарламаның авто­ры Тоты Айтмағамбетова тіл үй­ре­нушілерге өзінің әдіс-тәсілін “Алау” телеарнасы арқылы көрсе­тіп жүр екен. Құптарлық қадамға әсіресе, басқа этнос өкілдері ерекше қызы­ғу­шылық танытып, өздері келіп қа­тысуға тілек білдіре бастапты. Ал Сол­түстік Қазақстан облысынан кел­ген Айнұр Қалиева 90 сабақтан тұратын бағдарламасы тек қана тіл үйретіп қоймай, азаматтарды жи­на­қылыққа, жауапкершілікке ұм­тыл­дырып, тіл білуге ынта-ықыласын оятқанына нақты дәлелдер келтірді. Айталық, теледидарға шыққан әр адамды көрермендер, оның ішінде жора-жолдасы, туған-туысқаны, өзінің балалары да көреді. Мұндай жағдайда кез келген тіл үйренуші өзін теледидардан сауатты сөйлеуге, жинақы тұруға тәрбиелері анық. Оның үстіне мұндай бағдарламалар тікелей эфирде жүретіні және бар. Электрондық оқу құралдары но­минациясы бойынша елордадағы “Руханият” орталығынан қатысқан Жұмагүл Тұрлыбекова тілді өз бе­тін­ше үйренемін дегендерге арнап жа­саған электрондық оқу құра­лын­да қазақ тілінің қыр-сырын бір­тін­деп ашып, одан кейін оның мем­ле­кет шеңберінен шығып, халық­ара­лық дәрежеге көтеріле баста­ға­нына мысалдар келтіреді. Бұл ана тіліміздің мәртебесін өсіріп қана қоймай, үйренушіге тіл болаша­ғы­ның зор екенін аңғартады. Орал қаласындағы “Ағартушы” мем­лекеттік тілді оқыту орталы­ғы­ның қызметкері Райхан Тілеу­бер­генованың елтаным саласы бой­ын­ша құрастырған “Ақжайық” элек­трон­дық оқулығында үміткерге тіл­ді үйрете отырып, өзі тұрып жатқан өңірдің тарихымен, айтулы тұлға­ларымен таныстыруды да назардан шығармапты. Мұндай әдемі тәсіл тілмен қатар, сол аймақтың құн­дылықтарын құрметтеуге де сеп­тігін тигізері сөзсіз. Сол секілді осы облыстан келген, М.Өтемісов ат­ын­дағы Батыс Қазақстан мем­ле­кет­тік университетінде қазақ тілінен са­бақ беретін Наталия Алмағам­бе­това қазақтың ұлттық мерекелерін аудио сабағына желі етіп алыпты. Мен әр тақырыпты өткен сайын тың­даушының есінде қалатын ұлт­тық құндылықтарды мысалға кел­ті­ріп отырамын. Оның үстіне мен қазақ жұртының келінімін. Келін кел­ген жерінің қызметшісі. Сон­дық­тан да тек сабақ беріп қана қой­май, тіл үйренсем дегендерге кө­мегім тисін деген ниетпен осы аудио сабақты әзірлеп шықтым, дейді ол. Біздің бұл фестивальды ұйым­дастырудағы мақсатымыз облыс, аудан көлемінде жоғарыдан түсетін нұсқау мен тапсырмаларға иек артып отыра бермей, тіл үйретудің өзіндік жолдарын тауып, соны жү­зеге асырып жүрген нағыз іздену­ші­лердің еңбегін бағалау, кең оты­рып, пікір алысуына, қарым-қа­тынаста болып, ортақ мақсатқа жұмылуына жағдай жасау ниетінен туған еді, дейді орталық директоры Біржан Белғара. Фестиваль қорытындысында элек­тронды оқу құралдары бойын­ша бірінші орынды Ж.Тұрлы­бе­кова, екінші орынды М.Сыздықов бастаған бес адам, үшінші орынды “Ақжайық” электрондық құралы үшін Р.Тілеубергенова алды. Ал теле-радио номинациясы бойынша Т.Айтмағанбетова (Қостанай) бі­рін­ші, А.Қалиева (Солтүстік Қа­зақ­стан) екінші, Н.Алмағамбетова (Орал) үшінші орынды, сол секілді бейне-аудио сабақтарынан бірінші орынды А.Қалиева (Орал), екінші орынды А.Ниетова (Орал), үшінші орынды Қ.Сансызбаев (Атырау) қанжығаларына байлады. Мемлекеттік тілді үйретуде ос­ын­дай тың ізденістерге барып жүр­ген ондаған азаматтарға бағалы сый­лықтар тапсырып тұрып, алда­ғы уақытта мұндай елдік іске жер­гі­лікті жердегі жұртшылықты жұ­мыл­дыру жалғасын таба береді. Сал­мақты да сауатты жасалған бағ­дар­ламаларды тіл үйретушілерге жет­кізу жұмысы жаңаша үйлес­ті­ріліп, көрнекі құрал ретінде пай­да­ла­нуға мүмкіндік жасалатын бо­лады, деді Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров. Сүлеймен МӘМЕТ.