Жастар проблемасы төңірегіндегі ойлар
Бір замандарда “жастар – біздің болашағымыз” деген сөз жиі айтылушы еді. Сол тұрғыда, яғни ел болашағының дұрыс өсіп-жетілуі үшін белгілі бір жұмыстар да жүргізілетін. Әсіресе, сол кезде қоғамда билік құрған коммунистік партия жастар бөгде бір ағымдардың ықпалында кетіп қала ма деген қауіппен өскелең ұрпақ арасында өз идеологиясының үстем болуына үлкен күш салды. Осындай қатаң қадағалаудың әсерінен де ол уақыттарда жастардың қандай да бір теріс жолға түсіп кетуі сияқты көріністер жоққа тән еді.
Енді компартия үстемдігінен құтылдық, сонымен бірге оның идеологиясы да келмеске кетті. Мұндай еркіндік өзгелерден гөрі жастар үшін өте-мөте қолайлы болған сыңайлы. Қызарғанға құмар, жылт еткенге еліктегіш жас буын қазіргі күні не істеймін десе соны істеуге құқылы болып отыр. “Жығылғанға – жұдырық” дегендей, бүгінде тым көбейіп кеткен түнгі клубтар мен голливудтық сапасыз коммерциялық фильмдер де жеткіншектердің теріс тәрбие алуына айтарлықтай үлестерін қосуда. Сол сияқты, кәсіпкерлеріміздің демалыс орындарын немесе спорттық-сауықтыру кешендерін емес, кафе-ресторандар мен дүкендер қатарын көбейтумен әуестенуі де жастар үшін жайлы жағдай жасайтындай жаңалықтар емес. Бұрынғы жастар кітап оқыса, қазіргі жастар компьютерлік ойындарға көбірек көңіл бөледі. Оның үстіне ендігі жерде қай жолдың дұрыс, қай жолдың бұрыс екенін айтып, ақ пен қараның ара жігін ажыратып беріп жатқан да ешкім жоқ. Өмірге деген бүгінгі көзқарас тұрғысынан келгенде ненің жақсы, ненің жаман екенін дәл басып айту да мүмкін емес. Айта бастасаң, демократияны алдыға тосып, сен неге менің құқыма қол сұғасың, не істеп, не қоятынымды мен өзім білемін дейді. Жеткіншектердің нашақорлыққа, жезөкшелікке салынып, түрлі діни секталарға кіруі, жастар арасындағы қылмыстардың өршуі осындай етек жайған еркіндіктің салдары. Неге екені белгісіз, бүгінгі ата-аналардың да өз балаларына жасайтын жақсылықтары, шабылып-шашылып үйлену тойларын өткізуді былай қойғанда, зауыттан шыққанына 10-15 жыл болған ескі-құсқы шетелдік автомәшинелерді сатып әперуден әрі аса алмай қалды.
Жастардың жағдайы туралы 2005 жылғы бүкіләлемдік баяндамада келтірілген мәліметтер бойынша, 1995 жылға қарағанда 2005 жылы жас адамдар (15 пен 24 жас арасы) саны 1,02 миллиардтан 1,15 миллиард адамға дейін өскен. Қазіргі кезде жастар дүние жүзі халқының 18 пайызын құрайды екен.
Жастарға қатысты мәселелерді зерттеуші ғалымдардың пікірлеріне сүйенер болсақ, олардың алдында шешуді қажет ететін көптеген проблемалар бар. Осылардың ішінен бесеуі ерекше бөліп аталған. Сөз ретінде Қазақстанда жастар проблемасына арналған зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты көп жағдайда ресейлік мамандардың мәліметтеріне сүйенуге тура келетінін ескерте кетпекпіз.
Олардың біріншісі “Қайда тұрамын?” деген проблема. Мұның, яғни пәтер мәселесінің бірнеше қырлары бар. Біріншіден, жастар барлық уақытта және барлық жерде бірдей қоғамның қамтамасыз етілген бөлігі бола бермейді. Өйткені, олар өмір сүруді енді ғана бастаған, негізінен ата-аналарының табыстары есебінен күн көріп жүрген қоғамдағы жеке тап болып табылады. Ал ата-ана өмірге деген көзқарастарына немесе материалдық жағдайларына байланысты балаға, үйленгеннен кейін жас отбасына жеке пәтер керек пе деген мәселені үнемі оңтайлы шешіп беріп отыра алмайды. Көптеген жағдайда ата-ананың өз балаларының талаптарын қанағаттандыруға қауқарлары да жетпей жатады. Жастардың өзінде боса-болмаса ақша жоқ. Ал несие алайын десе, бір жағынан тұрақты жұмысы, қомақты табысы болмағандықтан оларға банктер несие бере қоймайды, екінші жағынан, амалын тауып несие алған күннің өзінде жастардың аса жоғары ставкамен берілетін кредиттерді төлеуді қалталары көтермейді.
Екінші проблема “Қайда және қалай оқимын?” деген сауалға келіп тіреледі. Жоғары білімсіз, кәсіби даярлықсыз табысы жақсы жұмыс табу мүмкін емес. Сондықтан жастардың дені, дәлірек айтқанда, өз ертеңі туралы ойланғандары білім алуды мектептен кейін де жалғастыруға тырысады. Бірақ бұл ретте де ақша мәселесі алдан шығады. Өйткені, жоғары оқу орнына тегін түсу үшін тума талант болу керек. Ал ондай ерекшелік екінің бірінің маңдайына жазыла бермеген. Жұрттың бәрі дарынды болып кеткен жағдайдың өзінде гранттардың шектеулілігіне байланысты олардың белгілі бір бөлігіне ақылы түрде оқуға тура келер еді. Өмір жолын енді ғана бастағалы отырған жас ондай қаржыны қайдан табады? Осы орайда емтиханнан немесе тестілеуден сүрінбей өткендер ғана оқуды одан әрі жалғастыруға лайық деген пікірдің де сыңаржақ көзқарас екенін мойындау қажет. Болашақта жақсы маман, іскер ұйымдастырушы болып шығу үшін сынақтарды 4 пен 5-ке тапсырып көзге түсу тіптен де міндетті емес. Өйткені, қандай да болмасын тест сұрақтарының адамның бойындағы бүкіл қабілет-мүмкіндіктерін ашып бере алмайтыны екінің біріне белгілі жәйт. Керек десеңіз, сынақтардан сүрінбей өтіп, оқуды ойдағыдай аяқтап шыққан кейбіреулердің кейін практикалық жұмысқа келгенде мүлде қабілетсіз болып шығып жатуы да әбден мүмкін. Бұл жерде біз емтихан, тест сияқты сынақтардан өте алмаудың салдарынан жоғары білімге, дәлірек айтқанда, дипломға қолдары жетпей қалған жастардың арасында талай-талай іскерлер мен дарындардың болуы мүмкін-ау дегенді айтпақпыз.
Үшінші проблема “Қайда демаламын?” деген мәселе төңірегінде қылаң береді. Жастардың көңіл көтеретін, уақыт өткізетін орындар іздеуі табиғи жәйт. Бұл қай дәуірде де өскелең ұрпақ үшін өте маңызды мәселе болып саналған. Себебі, бос уақыттарын пайдалы өткізудің амалын таба алмай зеріккен жастардың теріс жолға түсіп кетуі оп-оңай. Нашақорлық, маскүнемдік, ұрлық, төбелес сияқты қылмыстар да дәл осындай себептерден, әсершіл, қызба мінез жастардың “екі қолдарын алдарына сыйғыза алмауларынан” туындап жатады.
Төртінші проблема “Қалай өмір сүремін?” деп аталады. Бұл жерде әңгіме табыс туралы болып отыр. Тіпті дипломы болғанның өзінде еңбек стажы жоқ жас маманның жоғары жалақы алатын жұмысқа орналаса қоюы екіталай. (Мәселен, жақсы жұмысқа шақырғандар кемінде 5 жыл еңбек стажының болғанын талап етеді). Ал жастардың өмірдің барлық қызықтарын көре жүріп емін-еркін өмір сүргілері келетіндігі аян. Оның сыртында қызмет бабында жоғарылау жағын да ойлауы керек. Ал оның бәрі оңайлықпен іске аса қоятын шаруалар емес. Әсіресе, әркім өз күнін өзі көруі тиіс деген қағида белең алып тұрған нарық заманында бұл проблемалардың шешуі мейлінше қиын түйіндерге айналып отыр.
Соңғы проблема “Қандай мақсаттарға ұмтылу керек?” деген сауал төңірегінде тұйыққа тіреледі. Ресейлік мамандардың пайымдауынша, бүгінгі жастардың бойында, олардың ата-аналарында болғандай, нақты өмірлік бағыт-бағдарлар жоқ. Өйткені, қазір мемлекеттік деңгейде қалыптастырылатын ортақ мақсаттар да, жұртшылықты соған жұмылдыратын қуатты насихаттық мәшине де жоқ. Біздің әкелеріміз бен аналарымызда қоғам заңдылықтары туралы білімдер болды, олар қандай мақсаттарға қол жеткізудің мүмкін екенін және қайсыларының мүмкін емес екенін алдын-ала білді, деп есептейді ресейлік сарапшылар. Сірә, мұны да бүкіл ел халқын тек өзінің айналасына ғана топтастыруды мақсат еткен коммунистік партия жүзеге асырды деп түсінген орынды шығар. Қазіргі заманғы жастарда ондай мүмкіндіктер жоқ. Өйткені, қазір елде партиялар да, бірлестіктер де, түрлі ағымдар да көп. Оның сыртында қазіргі жастар бүгінгі партиялардың бұрынғыдай “коммунизм орнату” үшін емес, билікке таласу үшін құрылатынын да шетелдік партиялар тәжірибесінен көріп, біліп алған. Сондықтан өмірден әлі өз орындарын тауып үлгермеген жас буынды қаптап кеткен саяси партиялар онша қызықтыра да қоймайды. Дүние жүзі бойынша жүргізілген көптеген зерттеулер жастардың саясатпен айналысуға онша құлықты емес екендерін анықтаған. Оның есесіне олар бәрін бір өздері ғана шешетін дәулетті де әмірлі ағаларды көре жүріп, олардың алдындағы өздерінің дәрменсіздіктері мен шарасыздықтарын сезінуге мәжбүр. Мұндай көрініс жастарды ашындырып, небір кездейсоқ әрекеттерге итермелейді.
Жастар арасында етек жайған зорлық-зомбылық салдарынан Еуропада жыл сайын 15 мың адам өмірлерімен қоштасып, 300 мыңдай адам ауруханаларға түсіп жатады екен. Дегенмен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропадағы жастар арасындағы зорлық-зомбылық жөніндегі баяндамасында жастар арасындағы мұндай бейәлеуметтік мінез-құлықтардың алдын алуға болады деп есептейтінін мәлімдеген. Осы баяндамада атап көрсетілгендей, аталған проблеманың түп-тамыры қоғамның денсаулығында жатқан көрінеді. Мәселен, зорлық-зомбылықпен жасалған әрбір 10 кісі өлтірулердің 9-ы тұрғындары төмен немесе орташа табыс табатын елдерде орын алады екен. Жастар арасындағы зорлық-зомбылық тұрмыстары қолайсыз саналатын елдерде тұрмыс деңгейі жоғары елдерге қарағанда 7 есе көп болып шыққан. Соған қарағанда қылмыстардың дені тек ақша үшін ғана жасалады деген қағида да шындықтан алыс болмаса керек.
Еуропадағы жастар арасындағы өлім деңгейі бойынша рекордтық көрсеткіш Ресейге тиесілі екенін айта кеткен жөн. Одан кейінгі орындарда Албания, Қазақстан, Белоруссия, Украина, Қырғызстан, Грузия, Өзбекстан сияқты елдер тұр. Бұл тұрғыда Еуропадағы жағдайы неғұрлым жақсырақ ел Германия болып табылады екен. Осы келтірілген мысалдан соңғы жиырма жыл көлемінде қоғамымызда орын алған өзгерістердің, яғни нарық қатынастарына көшудің посткеңестік мемлекеттерде тұратын жастар өміріне қаншалықты әсер еткенін айқын аңғаруға болады. Сарапшылардың бағалауынша, қылмыстық ортаның “жасаруы”, жасөспірімдердің аса ауыр қылмыстарға баруы қоғамдағы жүйелі рухани дағдарыстың айғағы болып табылады.
Өкінішке қарай, жоғарыдағы мысал көрсеткендей, Қазақстанда да жастар арасындағы жағдай көңіл көншітерліктей емес. Құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша өткен 2009 жылдың 11 айында кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған 5 мың қылмыс тіркелген. Олардың 1,2 мыңы ауыр және аса ауыр қылмыстар. Бұл ретте жүргізілетін есептіліктің өмір шындығымен үнемі сәйкесе бермейтінін, оның сыртында алыс-алыс ауылдарда болып жататын үлкенді-кішілі құқық бұзушылықтардың мүлде тіркелмейтінін де ескерген жөн.
Жастар проблемасы туралы сөз қозғай отырып, олар тарапынан жасалатын қылмыстармен қатар, олардың түрлі діни секталарға қосылып, күмәнділеу қадамдарға барып жүрулерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Бір қарағанда ешкімге зияны жоқтай көрінетін осынау діни ағымдардың түпкі ой-ниеттерінде нендей пиғылдардың жатқанын ешкім де дөп басып айтып бере алмайды. Өмірлік мақсаттар тұрғысынан алғанда кез келген қоғамның ертеңі болып табылатын жастардың қандай да бір діни ағымдарға ілесіп, уақыттарын босқа өткізгендерінен гөрі, өздері үшін де, ел үшін де пайдалы іс қылғандары әлдеқайда тиімдірек болар еді. Бұл мәселенің әсіресе, егемендігінің іргетасын енді ғана бекітіп жатқан Қазақстан сияқты мемлекет үшін маңызы орасан зор. Егер мәселенің ақиқатына келер болсақ, діни ағымдар мен секталардың өзі қандай да бір ел халқының арасына іріткі салып, оларды уақыт талабына сай алға қарай даму жолынан тайдыру мақсаттарын көздейді. Кез келген діни ағым мен сектаның артында бүлдіргіш күштер тұр. Және олар нақа осал да емес, белгілі бір қаржылық топтарға арқа сүйеген, өздерінің өрмекшінің торындай шырмауықтарын дүние жүзінің бірқатар елдеріне таратқан күштер. Оларды, керек болған кезде ақшаны да оңды-солды шаша отырып, батыл қимылдататын да сол күштер. Өркениетті дамудың жолына жаңадан түскен, заңдары мен қоғамдық институттары жеткілікті дәрежеде жұмыс істей алмай тұрған елдердің адамдары ондай күштердің ықпалына тез түседі. Ағымдар мен секталар өз қатарына тарту үшін әдетте өмірлік көзқарастары әлі қалыптасып үлгермеген, өзінің дербес ұстанымдары жоқ, ерік-жігерлері мықты емес, білім-түсініктері таяз, айтқанға көнгіш адамдарды іздейді. Ал буыны бекіп үлгермеген жастар дәл сондай адамдар тобына жатады.
Әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығына көздері жеткендіктен бе, олар өздерінің пиғылдарын да жасырып жүрген жоқ. Халық арасында елдің туын, гербін, гимнін мойындамаңдар, әскерге бармаңдар, ата-аналарыңды тыңдамаңдар деп ашықтан-ашық уағыз таратуы осы сөзімізге дәлел. Ең қатерлісі, осындай бүлдіргіш күштерге қарсы жүргізіліп жатқан принципті де тиянақты жұмыстар жоқ.
Осы орайда бұрыннан өзімізге жақсы таныс, өкінішке қарай, соңғы жылдары ұмыт бола бастаған “бос уақытты ұйымдастыру” мәселесінің “іштерінде арыстан ойнап жатқан” жастар үшін атқаратын рөлі ерекше. Бірақ нарық заманы бұл орайда да өз кедергілерін алға тосып отыр. Ол – бос уақытты өткізетін орындардың бәрінің ақылы болуы. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, өмір жолын енді ғана бастаған, әлі жеткілікті жалақы табуға қол жеткізе қоймаған жастар үшін ақылы демалыс орындарына барудың өзі бір мұң. Мәселен, елордадағы спорт сарайларына бір кіріп шығу үшін ғана 300-500 теңге ақы төлеуің керек екен. Спортпен ойлағандай дәрежеде айналысу үшін ондай орындарға тұрақты түрде барып тұру қажет екенін ескерсек, жинала келгенде 500 теңгенің өзі едәуір ақша болып шыға келеді. Оның үстіне жастардың спорттың сыртында, өзге де көңіл көтеретін жерлерге барып тұрғылары келетіні айтпаса да түсінікті. Бір қарағанда жоғарыда айтылған сома онша көп те ақша емес тәрізді. Бірақ, табыстары аз, оның үстіне көңіл көтеруді бір-екі түрлі ғана шара деп түсінбейтін, яғни азғантай қызықты қанағат тұтпайтын жастардың “әй, қойшы, соны” деп қолдарын бір сілтеулері үшін соның өзі де жетіп жатыр.
Нарықтық қатынастарға құрылған қоғамның өзіне тән көптеген проблемалары бар екендігі белгілі. Олардың негізгісі – адамдар үшін ақшаның ең басты құндылыққа айналуы. Мұның өзі мінез-құлықтардың, өмірге деген көзқарастардың түбірінен өзгеруіне әкеліп соқтырды. Сонымен бірге, бір жағынан, арамыздан шыққан азды-көпті байшікештердің “шайқап ішіп жүрген” тоқ тіршілігі сондай дәулетке қол жеткізе алмай қалғандардың көзқұртына айналса, екінші жағынан, “біз неге солардай болмаймыз?” деген сауалды күн тәртібіне қояды. Міне, осы проблемаларды шешу үшін, адал еңбекақымен байлыққа қол жеткізе алмайтынын түсінген жас адам қандай да бір оқыс әрекеттерге баруға мәжбүр болады. Ал оның соңы әдетте секталардың соңынан еру сияқты қателіктерге, қылмыстық қадамдарға ұрындырып жатады. Ең өкініштісі сол, бұрындары жиі айтылатын “бақыт байлықта емес”, “алтын алма, алғыс ал” деген сияқты сөздерді бүгінде айта алмайсың. Олай айта бастасаң, “сен қай заманда өмір сүріп жатырсың” деп жастар өзіңді күлкіге айналдырады. Еліміздің заңдарын бұзбай-ақ, теріс қадамдарға бармай-ақ дәулетті өмір сүрудің жолдарын табуға болады ғой дейін десең, жастар “ол ақылыңды бізге емес, анау жағалай жайпап ішіп-жеп жатқандарға барып айт” деп тағы да бетіңнен қағады. Жоғарыда өзіміз айтып өткен сан-алуан діни ағымдар мен секталар да қалталары жұқа жұртты бірінші кезекте іздейді. Сөйтіп, оларды ақшамен қызықтырады. Болмаса біздің жолымыз ең әділетті жол деген сияқты жалаң сөзбен, құрғақ идеямен жастарды соңына ерте қою мүмкін емес екенін олар жақсы түсінеді.
Осы айтылғандардан шығаратын қорытынды, бүгінде “айналайын, ақылды бол, теріс жолға түспе”, деген жалпылама сөзбен жастарды өнегелілікке шақыру тіптен де мүмкін емес. Қазіргі уақыттың сұранысы нақты істі талап етеді. Ол іс, біріншіден, заңның әр бабының сақталуын қатаң қадағалаудан, екіншіден, жастардың жағдайына тиянақты көңіл бөлуден көрініс табуға тиіс. Мемлекет заңдарының орындалуын қамтамасыз ету арқылы елде тәртіп орнатып, теріс пиғылды түрлі ағымдар мен ұйымдардың талтаңдай басуына тыйым салынатын болса, жастардың бос уақыттарын өткізулеріне қолайлы мүмкіндіктер туғызып, жұмыспен қамту арқылы олардың әлдебіреулердің айтқандарына еріп кетулерінің алдын алуға болады. Егер адамның тұрақты жұмысы, тұрмысына жеткілікті жалақысы бар болса, ондай адамдарды бәзбіреулердің өз қатарына шақырған үгіт-насихаттары онша қызықтыра да қоймайды.
Қандай да болмасын бір мәселе төңірегінде өзімізше ойланып, өзімізше зерделеп-зерттеп үйренбеген біз қоғамда болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарға да біреулердің айтулары бойынша баға беруді әдетке айналдырып алдық. Кеңес өкіметі жаман болғандықтан құлап қалды деген сөзді, содан бір талай заман өтіп, талай жағдайлардың ұшырасқанына қарамастан, әлі күнге дейін бәріміздің жамырай қайталай беруіміз соның дәлелі. Егер біз өз беттерімізше топшылай алатын болсақ, ешқандай мемлекеттің, тіпті оның экономикалық жағдайы өте нашар болған күннің өзінде де, сыртқы бір күштер әсер етпесе, өздігінен жалп етіп құлап қалмайтынын әлдеқашан түсінген болар едік. Әлемде кедейшілікте, тіпті жоқшылықта өмір сүріп жатқан, даму жағынан мешеу қалған елдер аз емес. Солардың ешқайсысы құлаған жоқ, тіпті құлайтын да түрлері көрінбейді. Оларды құлату үшін соған мүдделі күштер пайда болып, олар ел ішінде іріткі салуы керек. Сонда ғана мемлекеттің, тіпті ол белгілі бір дәрежеде қауқарлы болғанның өзінде, іргетасының ыдырай бастары күмәнсіз. Олай болса, ел ішіне кіріп алып өздерінің жымысқы әрекеттерін дүниетанымдары солқылдақтау саналатын жастар арасында іске асырып жүрген діни секталар мен ағымдардың, өзге де мақсат-мүдделері күмәнді ұйымдардың сондай арам ниеттерінің жоқтығына кім кепіл бола алады?
Өскелең ұрпақ жаңа ғана бүршік жарып өсіп келе жатқан жас шыбық тәрізді. Егер сол өскіннің өзегіне құрт түсіп кетпей, еліне пана болатындай жапырағын жайған мәуелі бәйтерекке айналсын десек оған ерте бастан дұрыс күтім керек екендігін де естен шығармаған жөн. Сонда ертеңгі күнде есеміздің кетпейтініне деген сенім де беки түспек.
Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.