Жапонияның Иокогама қаласында Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) ұйымының жиыны өтті. Оған қатысқан ел басшылары “Иокогама декларациясына” қол қойып, осынау ұйымның бағдарламалық бағытына адалдықтарын білдірді.
Соңғы екі аптадай мерзімде Шығыс Азия өңірі әлемдік саяси өмірдің орталығына айналғандай көрінді. Алдымен Вьетнам астанасы – Ханойда АСЕАН саммиті өтіп, тек бұл өңір үшін ғана емес, әлемдік маңызы бар мәселелерді талқылап, бұл ұйымға мүше елдердің алдағы уақытта бұрынғыдан да кіріге түсетінін дәлелдеді. Сонан соң “Жиырманың тобы” Сеулде бас қосты. Ендігі кезек АТЭЫ-ның саммитіне тиді.
Бұл саммиттің маңызын оның құрамынан да аңғаруға болғандай. Тынық мұхит бассейні аумағындағы елдердің интеграциясын дамытуды мақсат етіп құрылған АТЭЫ-ға 21 ел мүше. Оларды атап кеткеніміз жөн болар: Аустралия, АҚШ, Бруней, Вьетнам, Гонконг (Қытайдың арнаулы әкімшілік ауданы), Жапония, Жаңа Зеландия, Канада, Қытай, Индонезия, Малайзия, Мексика, Оңтүстік Корея, Папуа-Жаңа Гвинея, Перу, Ресей, Сингапур, Таиланд, Тайвань, Чили, Филиппиндер. Олар жалпы әлемдік ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 57 пайызын өндіреді, әлемдік сауданың 48 пайызы солардың үлесінде, әлемдік инвестицияның 40 пайызын солар салады.
Мұндай ұйымға мүше болу айрықша маңызды екенін дәлелдеп жату, әрине, артық. Оның жиынына қатысуды мүше елдер әсте де қапы жібермейді. Иокогамадағы басқосуға да мықтылардың бәрі қатысты. АҚШ, Қытай, Канада, Ресей, Оңтүстік Корея сияқты елдердің басшылары басқа шаруаларын ысырып қойып, жиынға келіп, өз елдері үшін қажетті деген мәселелердің басын қайырды. Айта кететін бір жай: әр елдің өкілдері саммитке дейінгі кездесулерде мәселелердің бүге-шігесін мықтап айқындап қояды. Басшылар майда-шүйдеге бас ауыртып жатпайды, олар негізінен рәсімдік шараларға қатысады.
Көп нәрсе сол рәсімдік шараларға, ел басшыларының өзара кездесулеріне, сондағы түсінісу жағдайларына байланысты. Содан да қабылдаушы ел бұл басқосуларға айрықша дайындалады. Ең алдымен басшылардың жалпы жиынына, жеке кездесулеріне барлық жағдай жасалуы өз алдына, олардың осынау күнделікті күйбең өмірден бір сәт босаған кезін барынша еркін де қызықты, мазмұнды өткізуі жан-жақты ойластырылады. Бір жағынан сол қабылдаушы ел өзінің қонақжайлылығын, мүмкіндігін көрсетіп қалуға тырысады. Кейбір елдер сол үшін жаңа арнаулы ғимараттар салып, таңдандырғысы келеді. Бір сөзбен айтқанда, қонақтардың көңілі көтеріңкі, ашық-жарқын жарасымды әңгімеге бейім болуы ойластырылады.
Мұның айтарлықтай мәні бар. Мынау күрделі өмірде бір-бірімен шекісіп қалған елдер, осындай жағдайды пайдаланып, өкпелерін жазып жатады. Азғантай ғана түсіністікті күтіп тұрған келісімге қол жетеді. Бір сәтін күткен құшақ осындай кезде ашылатыны бар.
Осындай ниетпен келгеннің бірі Ресей президенті Дмитрий Медведев еді. Жақында ол Оңтүстік Курил аралдарына барып, жапондарды мықтап-ақ ренжіткен. Жапония бұл аралдарды өз жері санайды. Ол кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Ресейге өткен. Келіссөз жолымен соны қайтарғысы келеді. Соны біле тұрып, Медведев сол аралдарға барып, қыр көрсетті, жараны тырнады. Оған жапондар ренжіді. Сол реніш тереңдеп кетсе, екі жақ та мықтап ұтылады. Медведев сол реніштің тігісін жатқызғысы келіп, Жапония премьер-министрі Наото Канмен кездесті. Екі ел арасында түсіністік болғанын қалайтынын айтты. Жапон үкіметінің басшысы да соны қалайтынын білдіріп, Медведевтің Кунашир аралына барғанына өкінішін қайталады. Жапондардың өкпесі жазылған жоқ.
Оның есесіне Медведевтің АҚШ президенті Барак Обамамен кездесуі барынша сәтті өтті десе болады. Ең бастысы – осы кездесуден кейін Ресейдің Бүкіләлемдік сауда ұйымына жолы ашылғандай. Бұл аз жеңіс емес.
АТЭЫ – бүгінгіден болашағы жарқындау ұйым. Экономикалық ынтымақтастықтан үлкен пресс-релиз-шос.doc саясат туындап жатады. Оның болашағы да сонда.
2012 жылы бұл ұйымның басы Ресейдің жерінде, Русский аралында қосылмақ. Өз жерінде орыстар басқаларды дау-дамайсыз қарсы алуға тиіс.
Мамадияр ЖАҚЫП.