19 Қараша, 2010

Жөні жарасқан “Жол картасы”

476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен жылы елімізде “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде бірнеше маңызды істер қолға алынып, күрмеулі түйіннің тіні тарқатылды. Керісінше, қаржы дағдарысына киліккен кейбір елдер сол тұста баянды баста­ма­ларды жүзеге асырмақ түгілі, шарасыздық күйін кешкен еді. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының бұл тапсырмасы дер мезгілінде жүзеге асырылған өміршең істің санатына жатады. Бірнеше бағытты қамтыған аталмыш жоба аясында жолдарды салу, оларды күрделі және орташа жөндеуден өткізу қажеттігі де туындады. Сөйтіп, кеңес дәуірінен жөндеу көрмеген жолдардың өн бойына қан жүгіріп, көлік инфрақұрылымы қатынасының жақсаруына негіз қаланды. Былтыр Қызылорда облысының солтүсті­гінде орналасқан Арал ауданындағы әлеуметтік маңызы бар 28 шақырым жол орташа жөн­деуден өткізіліп, бөлінген қаржы толығымен игерілген. Ал Қазалы ауданына қажетті 135,0 млн. теңге қарастырылып, 11 шақырымды қамтитын “Қазалы – Көларық – Бекарыстан би – Жаңақұрылыс” бағытындағы жолдарға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Осындай игілікті істерді жергілікті жердегі жол салушы мердігерлер “Дорстрой”, “Қыран” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында жүзеге асырды. Нәтижесінде елді мекендердегі жалпы аумағы 41,2 шақырым жолдар күрделі жөндеуден өтті. Біздің әңгімемізге арқау болған “Дорс­трой” ЖШС жол салу ісінде тәжірибе жинақтаған аймағымызға белгілі ұжым. Осы серіктестік иелігіндегі “Техмаман” оқу орталығында бүгінде бірнеше азаматтар кәсіби біліктілігін шыңдау мақсатымен білім алуда. Соның ішінде мұнда жолды сапалы салу жөніндегі ережелерге айрықша мән беріледі. Заман ағымына сай ішкі құрылымын озық технологиямен жабдықтаған “УАД” ЖШС-нің де өзге әріптестерінен көшілгері тұрғанын атап өткен жөн. Осындағы бір ғана индус­трияландыру картасына енгізілген асфальт-битум зауыты қазір жол салу ісіне тиісті өнімдер өндіріп, жергілікті жердің қажетін өтеуде. Бір ұтқан жері жолға төсеніш ретінде пайдаланатын гудронды олар алдын-ала тапсырыс негізінде алдырған. Сондықтан биыл жұмыс жүргізуге ешқандай кедергі келген жоқ. Ал кейбір серіктестіктерде бұл мәселе оң тұрғысынан шешілмеген. Себебі, гудронды шалғайдағы Ресейден сатып алу кім-кімге болса да қаржылық жөнінен тиімсіз болар еді. Аталған серіктестік баға көтерілмей тұрған тұста өздеріне тиісті көлемдегі өнімді сол елден сатып алған. Қазір бұл баға бірнеше есе өсіп, кез келгеннің қолы жетпейтін жағдайға жетті. “УАД” ЖШС директоры Мұрат Үдербаев “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орын­басары Нұрлан Нығматулин облысқа арнайы іссапармен келген сәтінде гудронды өз еліміз­ден тасымалдау жолын қарастыру қажеттігін айтқан болатын. Міне, жұмысқа шын берілген азаматтың ұстамды пікірі осылайша көрініс тапты. Мамандар пікіріне сүйенсек, жолға төселінетін Ресейдің гудроны сапалы көрінеді. Сондықтан алыстан әкелу қарекеті едәуір жол шығынын құрағанымен, жолды өз деңгейінде салуға мүмкіндік туғызып тұр. Осындай қиындықты бастан өткеріп келе жатқан “УАД” ЖШС халық игілігіне пайдаланатын жолдың сапалы болуын басты парыз санайды. Аталған серіктестік өткен жылдың өзінде “Шиелі жолшы”, “Қыран” ЖШС бірлесіп Шиелі, Жаңақорған ауданы көлеміндегі “Шиелі – Қарғалы – Байкенже – Жаңақорған”, “Самара – Шымкент – Шиелі – Жеміс-жидек” бағытын қамтамасыз ететін барлығы 28,9 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізеді. – “Жол картасы” бағдарламасы негізінде үстіміздегі жылы аймақтағы жолдарды жөн­деуге байланысты республикалық бюджеттен 1643950 мың теңге бөлінген. Осыған орай қазір алты шақырым жолға күрделі, жүз шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіліп, қаржының 85 пайызы игерілді. Мәселен, “Самара – Шымкент – Қодаманов”, “Шиелі – Қарғалы – Байкенже – Жаңақорған” бағытындағы және Әйтеке би кенті мен Қамыстыбас елді мекеніндегі кіреберіс жолдар жөндеуден өткізілді. Сайып келгенде, ауыл-аймақты бір-біріне жалғастыратын “Жол картасының” берері өте мол, – деді бізбен әңгімесінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Оспанов. Расында жол қатынасының нашарлығы салдарынан шеткі аймақтағы елді мекенге қатынау тіпті мүмкін болмаған еді. Бүгін біздің мақаламызда келтірген деректе сол жерлердің жолдарына жөндеу жұмысы жүргізілген. Демек, мемлекет тарапынан жасалған қолдаудың нәтижесінде жолдарға қатысты күрмеулі түйін рет-ретімен шешіліп, діттеген мақсатымыз орындалу үстінде. Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ, журналист. Қызылорда облысы.