20 Қараша, 2010

Адамгершілік болмаған жерде халықтық мүдде ұмытылады

645 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметшілердің бойында моральдық жауапкершіліктің, кәсіби білімділік пен біліктіліктің, адалдық пен белсенді өмірлік ұстанымының болуына жоғары маңыз берді. Әр қызметкер өз жұмысының маңыздылығын түсінгенде, халыққа адал қызмет еткенде мемлекеттің басқару тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметтің имиджін көтеруге елдің патриоты ретінде үлес қосады. Ендеше бүгінгі халық қызметшісінің адамгершілік, моральдық тұлғасы қалай болу керек деген мәселенің өзектілігі осалдамауы тиіс. Біздің тілшіміз Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қостанай облыстық басқармасының бастығы – Тәртіптік кеңес төрағасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген кызметкері Әбдімәш МӘМЕШОВКЕ жолығып, осы төңіректегі ойларымен бөлісуін сұраған еді. – Әбдімәш Мәмешұлы, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметші имид­жінің арасындағы байланыс туралы айтсақ. – Бұл екі ұғымды бір бірінен айы­руға болмайды. Мемлекеттік қызмет имиджін, беделін көтерудің маңыз­ды­лығы қандай, ол не үшін керек? Жалпы мемлекетке қатысты айтылатын ұғым да, жүзеге асырылатын іс те қасиетті. Се­бебі мемлекет сөзінің артында халық, ел, кең байтақ жер түсінігі тұр. Мұны бір дейік. Дамудың демократиялық жо­лына түскен Қазақстан қазірде беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып отыр. Ал олар біздегі халыққа көр­се­тілетін қызмет дәрежесіне өздерінің та­лабы тұрғысынан сын көзбен қарайды. Жас Қазақстан дамудың жаңа жолына түс­кен алғашқы жылдары 133 мемле­кеттік қызмет түрі бар еді. Қазір оның саны 441-ге жетті. Мемлекеттік қызмет имиджін көтеру еліміздің халықаралық аренадағы беделін көтеруге баспалдақ болары сөзсіз. Сонымен бірге оның са­пасы жақсарғанда мемлекеттік бас­қа­ру­дың тиімділігі артады. Мысалы, соңғы жыл­дары енгізілген “бір терезе” қызметі осы­ның тамаша дәлелі емес пе? Еліміз эко­номикасының артқандығы да осын­дай мүмкіндіктерге қол жеткізіп отыр. Қазір адамдар бұрынғыдай уақытын сарп етіп, құжаттарын әр жерден бір терг­іштемейді. Халыққа қызмет көрсету ор­талықтарына барады да бір ғи­марат­тың ішінен керек құжатын түгендеп шығады. Ал адамдармен жұмыс істеген іскер, ішкі мәдениеті бай, білімді, кәсіби білігі жоғары мемлекеттік қызметшінің еңбегі мемлекеттік қызметтің беделін де, имиджін де жандандырады. – “Мәселенің барлығын кадр ше­ше­ді” деген бұрыннан келе жатқан қанатты сөздің тәуелсіз Қазақстандағы мем­лекеттік қызметшілерге қатысы қандай? – Әбден қатысы бар. Мемлекеттік қызметтің қандайын болсын және лауа­зым­ның шырайын шығаратын да, оның беделін, қасиетін кетіретін де кадрлар, мамандар. Жоғарыда айтқандай, олар­дың ішкі мәдениеті мен білім қары­мына, біліктілігіне байланысты бәрі де. Мұның барлығы Қазақстан Респуб­ли­касы Мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексімен (Мемлекеттік қызмет­ші­лерінің қызмет этикасы ережелері) рет­теледі. Бұған ұсақ-түйек деп қара­ма­уы­мыз керек. Бұл салада жүрген маман­дар­дың мәдениет­сіз­дігі мен біліксіздігі, білімсіздігі Президент жүргізіп отырған саясаттың дұрыс жүзеге асуына нұқсан келтіреді, адамдардың сенімін жоғал­тады. Сондықтан кадр мәселесі қашанда өткір тұрады. – Мемлекеттік қызметшінің сапа­сын көтеру үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр? – Бұрын қызметке алынатын үм­іткерлер “көз өлшеммен” ғана өткі­зі­летін. Соңғы жылдары мемлекеттік қыз­метке адамдарды іріктеу мен қа­былдаудың формуласын өзгерту туралы мәселе көтерілген болатын. Бұл жауапты жұмысқа маманның адамгершілігі мен біліктілігін кешенді, жан-жақты қарау керектігі пісіп-жетілгені байқалды. Осы мақсатпен үстіміздегі жылдың қыркүйегі мен алдымыздағы 2011 жылдың нау­ры­зына дейін елімізде мемлекеттік қызметке қабыл­даудың формуласын өзгерту жобасы жүзеге асырылуда. Бұл қанатқақты жоба Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыс­та­рында сынақ ретінде жүргізіліп жатыр. Конкурс екі сатыдан тұрады. Біріншісінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңа тестілеу негізінде кадр резервіне іріктеу жүргізеді. Тесттегі үміткер жауап беретін 515 сұрақ оның білігін де, білімін де, адамгершілік, рухани тұлғасын да жан-жақты ашуға мүмкіндік береді. Ал екінші сатыда босаған жұмыс орны бар мемлекеттік орган тесттен өткен азаматтардың арасынан өзіне керекті маманды конкурстық негізде таңдайды. Сонымен қатар жыл сайын өткізіліп тұратын “Үздік мемлекеттік қызметші-2010” байқауының да темірқазығы сапа болып табылады. Осы байқау хабарланған соң оған қырық кісі қатысуға тілек білдірген екен. Содан он алты қызметшіні іріктеп алдық. Бұл байқауда бірнеше ата­лым бойынша қызметшілер өздерін жан-жақты көрсете білді. Онда биыл бірінші орынды Таран аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Гауһар Шіңгірбаева жеңіп ал­ды. Әңгіме орын алуда ғана емес, бәйгеге қатысу екенін қазір мемлекеттік қыз­мет­шілер жақсы біледі. Бұрын осындай жа­рыс­тарға қатысуға көпшілігі тартын­шақ­тайтын. Өйткені оларға қойылатын талап дәл қазіргідей емес еді. Бүгін бәрінің де талап деңгейінен шыққысы келеді. Мемлекеттік қызметшілердің білік­тілігін көтеру және қайта даярлау аймақ­тық орталығы атқарып отырған жұмыстар да жауапты саланы ширата түседі. Үстіміздегі жылдың тоғыз айы ішінде барлығы 860 мемлекеттік қызметші оқып біліктілігін көтерді. Нақты осы орталықта 689 қызметші оқыды, оның ішінде 584-і біліктілігін көтерсе, қалған 105 қызметкер қайта даярланды. Ал Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанындағы Мемле­кеттік басқару академиясында 37 қызмет­шіміз білімін жалғастырды. Бұл үлкен толқын, күш деп айтар едім. Осы орталық құрылған 2001 жыл­дан бері облыста он мыңның сыр­тында қызметкер білімі мен біліктілігін көтерді. – Мемлекеттік қызметшілердің этикасы туралы әңгіме болғанда оның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін аттап өте алмайсың. – Бұл Қазақстанның тілдік ортасы әлі де жұтаңдау солтүстік облыстары үшін көкейкестілігі басым мәселе болған соң да сұрап отырсыз ғой. Соңғы кездері мекемелер мен органдарда қазақ тілінде еркін сөйлейтін өзге ұлттың өкілдері жиі ұшырай бастады. Соның бірі Василий Смирнов деген орыс жігіті қазір Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бас маман болып қызмет істейді. Жап-жас жігіттің білімділігі мен мәдениеттілігі кімді де болса тәнті етеді. Василий мемлекеттік тілді өзінің алдына мақсат қоюы арқа­сында еркін меңгеріп алды. Талапты жас алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясында білімін терең­детуді ойлап жүр. Сонымен қатар Арқалық қалалық әкімдігінің бас маманы Денис Скороходов та қазақша сөйлегенде өзіңді жаңылдырады. Бұл жігіттердің тал­пы­нысына қарап, қазақ тілін үйрену мем­лекеттік қызметшінің өз еңбегіне, шарқ ұрған ізденісіне байланысты екеніне куә болдық. Талапты дұрыс түсіну, заңды сыйлау деп осыны айт. Иә, мемлекеттік тілді білу үшін ұлтына қарамай кімге болса да қамшы басу керек. Соңғы жылдары жыл сайын өткізіліп келе жатқан “Мемлекеттік тіл – мем­лекеттік қызметте” атты байқау мем­лекеттік қызметтегі жандардың ынтасын оятуға ықпал етіп келеді. Бұрнағы жылдармен салыстырғанда қазақ тілі аяңдап қолданысқа еніп келеді. – Әбдімәш Мәмешұлы, мемлекеттік қызметшілердің сыбайластыққа мүмкіндік беру әрекетіне баруы олардың еліміздің заңын, ережелерін нашар білуінен бе, әлде оларды белден басуға ішкі мәдениет, этика кемшіндігі себеп бе? – Асылы, екеуі де бар шығар. Себебі аттестаттау қызметкерлер білімі мен білігі деңгейін көрсетеді. Мысалы, үсті­міздегі жылдың тоғыз айы ішінде 1497 қызметкер мемлекеттік аттестат­талуы керек еді, соның 1013-і осы шараға қатысты. 950 қызметкер өзінің лауазы­мы­на лайық деп бағаланды, 42 қыз­мет­кер аттестаттаудан екінші қайтара өтетін болды. Бір қызметшіге өзінің лауа­зымына лайық емес деген баға қойылды. Ал облыс бойынша Қазақстан Республи­касы Мемлекеттік қызмет­ші­ле­рінің Ар-намыс кодексін бұзған 27 мем­лекеттік қызметкерге Тәртіптік кеңестің ке­пілдемесімен іс қозғамай-ақ, оның 23 ес­керту алса, төртеуіне сөгіс жария­лан­ды. Бірақ есесіне Ар-ождан кодексінің бар екенін ұмытқан 43 қызметкер Тәр­тіптік кеңес талқысына түсті, олардың 22-не ескерту, 12-не сөгіс, 2-не қатаң сөгіс жарияланса, жеті қызметші өз лауазымына лайықсыз деп табылды. Мысалы, Сарыкөл аудандық әділет басқармасының бастығы Х.Әлиевтің және Денисов ауданы әкімінің орынбасары М.Мұратбековтің Тәртіптік кеңесте қаралған ісі біразды шулатты. Бұл екі жігіт те көлік жүргізіп келе жатып, жол ережесінің бұзылуына жол берген. Мұратбеков жол полициясына берген жазбаша түсініктемесінде өзін жұмыссыз деп көрсеткен. Ол кейін сотта “еңбек демалысында болғаннан кейін өзімді уақытша жұмыссызбын деп көрсеттім” деген уәж айтты. Бұл енді мемлекеттік қызметшіге, бір ауданды басқаруға қатысып отырған лауазым иесіне, азаматтың адамгершілік тұл­ға­сына лайық іс емес еді. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет­шілерінің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін Тәртіптік кеңес кепіл­демесі бойынша ескерту берілді. Ал сыбайлас жемқорлыққа барып, пара алатын лауазым иелерін елдің патриоты деп айтуға болмайды. Ондай жұлынқұрттардың ісі міндетті түрде сотта қаралып, тиісті жазасын алады. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында сыбай­ластық қылмысқа барған 16 қыз­метші анықталды. Мемлекеттік қыз­метте, лауазымдық орынтақта отыр­ған­мен, ішкі мәдениетінің таяздығынан өзінің мойнында халықтық үлкен іс тапсырылған жауапкершіліктің барын сезіне бермейді. Әсіресе, лауазымды қыз­меттегі жандар кейде өзінің қо­лындағы аз ғана билікті малданып, бюд­жеттің қаржысын оңды-солды шашады немесе халықтық мүддені жинап қойып, өз құлқыны мен қалтасын ғана ойлайды. Мысалы, Қостанай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары М.Демесінов осы ауданның Ульянов елді мекеніндегі кәріз құбырын бұзып алуға рұқсат бер­гені үшін азамат Е.Сарыбаевтан 350 000 теңге пара алған кезінде ұсталды. Әрине, әркімнің қолмен істеген қылмысы мой­нымен өтеледі. Ол бес жыл бас бостан­дығынан айырылды. – Жақында мемлекеттік қызметшілер санын қысқарту болды. Сіздерде бұл үдеріс қалай жүрді? – Биыл облыс бойынша жергілікті атқару органдарынан 554 қызметші қысқартылды. Облыстағы мекемелер мен органдарда негізінен зейнет жасына таяғандар мен зейнеткерлер және жас­тар жұмыстан кетті. Себебі, зейнет жа­сын­дағылар түсінікті. Ал жастардың ма­мандығын өзгертуіне, басқа жұмыс тауып алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қа­тар мемлекеттік қызметшілердің айна­ла­сындағылармен, келген азаматтармен тіл табысу жағы да ескерілді. Айналып келгенде мұнда да мемлекеттік қызмет­шілердің этикасы мен ішкі мәдениеті ескерілмей қалмады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.