20 Қараша, 2010

Бір оқу жылында 74 алтын белгі алған білім ұясы

572 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Ұлттық мектептің ұлы мұраты Қарап отырсақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу тақырыбын БАҚ та, ата-ана да оның тықыры таянғанда қозғайды. Ал оны күн сайын ойлайтын, осы мақсат жолында спорт­шылар секілді жаттығатын мектеп болса, бұл О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандан­дырылған физика-математика білім ұясы дер едік. 2009-2010 оқу жылында 74 Алтын белгі алған мек­тептің табысы – бір өңірлердің көрсеткішіне пара-пар, кей­бір облыс­тардың көрсеткішінен басым. Аталмыш мек­теп-интернаттың директоры, тәуелсіз “Тарлан” сыйлығы­ның иегері Қайрош МАҚЫШОВ осы жетістік жайында әңгімелейді. – Қайрош Бексейітұлы, мек­теп жыл сайын рекорд жаңартуда. Өткен жылы мұндағы 39 оқушы­ның Алтын белгі алғанын үлкен жаңалық көріп елге жар салсақ, биыл үздік бітіргендер бірден екі есеге көбейіпті. Бұл табыстың құпиясы неде? – Соңғы 2 жыл емес, 7 жыл қатарынан біздің мектептің түлек­тері осындай жетістіктен жетістік­ке жетуде. Академиялық көр­сеткіштер бойынша Қазақ­станда қазір бізге тең келетін мектеп жоқ. Оның бірнеше себебі бар. Бірін­шіден, біз республикалық дәре­жедегі білім ордасымыз. Қазақ­стан­ның барлық түкпірінен ең да­рынды балаларды таңдап, тауып, оқытуға мүмкіндігіміз бар. Алайда, оқушылар өз беттерінше мектепке қабылдана салмайды. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы­мен төрт жыл қатарынан физика және математика кон­курсын өткі­зіп келеміз. Бұл бар­лық тестілеу орталықтарында бір мезгілде, сәуір айында өтеді. Оған жыл са­йын 12-15 мыңға тарта оқушы қаты­­сады. Осылардың ішінен ең үздіктерін 20-26 маусым аралы­ғында іріктеп аламыз. Мек­теп әкімшілігі еліміздегі дарынды ба­ла­ларды өздеріне тарту үшін басқа да ірі жобалар жасаған. Оған қоса БАҚ арқылы да осындай мек­теп-интернаттың бар екенін насихат­тап, ауылдағы балаларды шақыру­ға тырысамыз. Бұл нәти­жесіз де емес. Жеткіншектер қала­ға кел­ген­де біреуге кіріптар бол­майды. 350 оқушыға арналған жа­тын орнымыз бар. Сырттан келе­тін балалар тегін жатақханамен және тамақпен қамтамасыз еті­леді. Екіншіден, біздің мектепте соң­ғы жылдары жоғары білікті ұстаз­д­ар ұжымы құрылды. Жалпы, жақ­сы мұғалім мен дарынды бала­лар жи­налған жерде үлкен көрсет­кіш­тердің болуы соншама қиын емес. – Ұстаздар жағына өзіңіз ойы­сып қалдыңыз. Сіздің: “Егер оқу­шы дарынды болса, мұғалімі екі есе талантты болуы керек” деген қағи­даңыз бар. Заманауи ақпарат­тық технологиялар оқушыларды мұға­лімнен де оздырып тұрған жоқ па? – Әрине, қазір ақпарат та, ақ­параттық технологиялар да жеткі­лікті. Бірақ, айналып келгенде негізгі білім беру, білім алу про­цесі – тікелей мұғалім мен оқу­шыға байланысты. Қалай айтсам екен?.. Математика пәнін бәрібір мұғалімнен артық ешкім біле ал­май­ды. Дегенмен, біздің оқушы­лар өте мықты, дарынды екенін ұмытпау керек, тосын сұрақ қоюы мүмкін. Соған сәйкес мұғалімдер де ізденгіш. Жақсы оқытушылар­ды өзімізге тартамыз деген мақ­сатпен “Егемен Қазақстан”, “Ка­зах­станская правда” газеттеріне ашық конкурс жарияладық. Екін­ші жағынан, біздің мұғалім­дер де әртүрлі конкурстарға қатысады. Демеушілердің көмегімен ағыл­шын тілін терең оқып жатыр. Ұс­таздар заман талабына сай болу үшін ізденеді, әрекеттенеді. Бұл – өмір талабы. – Математика мен физикаға бейім балалар барлық пәндерді алып жүру үшін арнайы бір оқытудың әдістемелері бар ма? – Біз мемлекеттік стандартты сақтаймыз. Соншама құпия әдіс­тер жоқ. Әрине, негізгі пәндерді тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Және балалар өте еңбек­қор. Алтын белгі алу үшін бес пәннен де сәйкес бес алу ке­рек. Ол бес пәннің үшеуі гуманитар­лық пән. Соған қарамай қаншама еңбектің арқасында біздің бала­ларымыз үлкен жетістіктерге жетіп жатыр десеңізші. Мектебі­мізде “физматтық рух” қалыптасқан. – Оқушыларыңыз таңертең­нен қара кешке дейін есеп шыға­рып, “милары ашып” кетпей ме? Олар қай кезде бала болып ойнай­ды, күледі?? ­– Шәкірттер таңертеңнен кешке дейін сабақ оқи бермейді. Интернаттың балалары кешкі уа­қытта спортпен айналысады. Өнер­лі оқушылар да бар. Екі спортзал жасақталған. Серуен­дейді. Концерт қояды. – Сізге халықаралық Астроно­мия одағы арнаулы бір сертификат тапсырған екен. Жалпы, өзіңіздің осы одаққа қандай қатысыңыз бар? Бұл мәртебе сізге не үшін берілді? – Қазақстанда үш адамды ма­ра­паттаған. Өткен жыл ЮНЕСКО бойынша Астрономия жылы деп аталды. Астрономия төңірегінде көптеген халықаралық олимпиада өткізілді. Осыдан үш жыл бұрын біздің оқушылар Қазақстаннан тұңғыш рет сол олимпиадада же­ңім­паз бола бастады. Бүкіл Қазақ­станның астрономиядан алған медальдардың жартысынан көбін біздің балалар алып келді. Шә­кірт­тердің осы пәнге деген құш­тарлығын қолдап, олимпиада­лардан қалмауын қарастырып келеміз. Меніңше, мені сол үшін марапаттаған шығар. – Жыл сайын ҰБТ тапсырмай тұрып-ақ бірқатар балалар әртүрлі олимпиадалардың нәтижесі бойын­ша жоғары оқу орындарына қабыл­данып қояды. Шетелдік беделді оқу орындарында бағы жанған түлектер бар ма? – О.Жәутіков атындағы да­рын­ды балаларға арналған рес­публикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-ин­тернатының ауыз толтырып ай­тар­лық табыстылығы да осында. Алыстағы Гарвард, Оксфорд, Ка­ли­форния, Кембридж, іргедегі Ресей жоғары оқу орындарын айтпай-ақ қоялық. Биыл АҚШ-тың Иель университетіне Назерке Бақытжан деген қызымыз оқуға қабылданды. Ол осы универ­ситеттен білім алатын тұңғыш қазақстандық. Бұл Американың экс-президенттері Билл Клинтон мен Дж.Бушты оқытқан білім ордасы ғой. Астанада жаңадан ашылған Назарбаев универси­те­тіне 33 оқушымыз қабылдан­ды. АҚШ-тағы тағы бір беделді Массачусетс универс­итетінде екі түлегіміз мамандық алуда. Тізе берсең – тіпті көп. Бүгінге дейін Қазақ-британ техникалық және басқа да ұлттық университеттердің көптеген грант­тарын біздің балалар жеңіп алды. Сіз дұрыс айттыңыз, түлек­теріміз еліміздің барлық аймағынан жи­налған ең дарынды балалар бол­ғандықтан, қалаған оқу орнына ешқандай қиындық­сыз түсіп жатады. Сол бағытта ағылшын ті­лін меңгеріп, олимпиадаларға қа­тысуға тырысады. Тікелей өз беттерінше гранттар жеңіп алғандар бар. Жыл сайын біздің мектепке дүние жүзіне белгілі оншақты университеттің өкілдері келіп, балаларды оқуға шақырады. Грант ұсынып жатады. Мысалы Шан­хай­дың Фудан университеті, Син­гапур Ұлттық университеті, Хар­бин политехникалық универси­теті тікелей грант береді. Дұрыс про­цесс қой. Өйткені, дарынды бала­лар сол университеттің атын шығарады емес пе. Қазіргі таңда біз өзімізді ТМД және алыс елдердегі ең үздік мектеп деп нық сеніммен айтуға болады. Жыл сайын М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі Колмогоров оқу­ларында жеңіп жатамыз. Қыз­дарымыз математикадан олардың өзінен озып кетуде. Ресейде өтетін Сахаров оқулары бар ғой. Физика пәнінен өтетін жарыс. Міне, сон­да да жеңді. Қазылар алқасының төр­­ағасы Нобель сыйлығының лау­реаты Жорес Алферов Қазақ­стан балаларына қатты риза болыпты. – Бір отбасында бірнеше бала болса, әрқайсысында әртүрлі мінез болады ғой. Оның бәрі 100 пайыз жақсы оқиды делік. Әлде сіздің мектептеріңізде балалар 100 пайыз тәртіпті ме? Қабілетті, дарынды оқушылардың амбициясы да бөлек сияқты? – Біздің мектепте 750-дей оқушы бар. 750 бала болғаннан кейін анда-санда бір оқиғалар болатыны рас. Бала бойында “өтпелі кезең” деген бар емес пе? Түсіну керек. Жалпы біздегі оқушылар негізінен тәртіпті. Бәрі оқу үшін келеді. Жыл сайын 50-60 бала оқу барысында үлгере ал­май, оқудан шығып қалып жата­ды. Өйткені, бізде талап жоғары. – Халықаралық Жәутіков олимпиадасы қазір кәдімгідей брендке айналды. Басқа мемлекет­тердің балалары Қазақстанда осындай олимпиада өтетінін біледі, қатысқылары келеді емес пе... – Халықаралық Жәутіков олимпиадасы – мектептің үлкен жобасы. Өйткені мектеп академик Орынбек Жәутіков атында. Биыл ол олимпиаданы алтыншы рет өткіздік. Жыл сайын география­лық ауқымы да, деңгейі де өсіп келеді. Алғашқыда ұйымдастыру өте қиынға соққаны рас. Уақыт өте келе тәжірибе де жинақталды. Қазір брендке айналды. Балалар осы олимпиаданың жеңімпазы атануды абырой санайды, үлкен белесті еңсергендей болады. Әңгімелескен  Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.