20 Қараша, 2010

Парламент

614 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

“Егемен Қазақстанның” арнаулы беті

Сізді не толғандырады? Сауалдар тұрғындардың мұң-мұқтажын жеткізетін, қоғамымыздағы келеңсіздіктерге назар аудартып қана қоймай, олардың шешілуін талап ететін тетіктердің бірі болып табылады. Сол тетікті соңғы жылдары Сенат депутаттары да ұтымды пайдаланып жүр. Депутаттық сауалдар көбінесе Үкімет басшысының атына, басқа да атқарушы билік басшыларының атына бағытталып жатады. Егер мәселелер дер кезінде және жан-жақты көтерілсе, онда олардың жолдары болғаны. Олай болса, депутаттарды не толғандырады екен? Нашар жол қатынасқа кедергі Өмірбек БАЙГЕЛДИ, Сенат депутаты. Жамбыл облысының Жамбыл, Талас, Са­рысу және Мойынқұм аудандарының тұрғын­дарымен болған кездесулерде, аталған аудандар сайлаушылары осы облыстан сайланған депутат ретінде маған көптеген өтініштерін айтып еді. Бүгінгі күнде ең өзекті мәселе болып отыр­ғаны ауданаралық жолдардың жағдайы. Қазіргі уақытта ең болмаса Тараз – Аса – Ақкөл – Саудакент бағытындағы тас жолдың 76-92, 97-107, 153-176 шақырымдары аралықтарына, барлығы – 49 шақырым, жалпы құны 120 млн. 154 мың теңге және Ақкөл – Ойық – Ұланбел бағытындағы тас жолдың 20-40 шақырымдары аралығына, барлығы – 20 шақырым, жалпы құны 202 млн. 806 мың теңге, сонда барлығы – 69 шақырым және жалпы құны 322 млн. 960 мың теңге жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін өте қажет болып отыр. Бұл бағыт­тағы тас жолдардың облыс экономикасында алатын орны ерекше. Өйткені, бір жағы Оңтүс­тік Қазақстан, екінші жағы Қарағанды об­лыс­тарымен шектеседі. Сондай-ақ, осы жолдардың нашарлығы қала, ауданаралық бағыттарда қатынайтын қоғамдық көліктерге және жеке азаматтар мен кәсіпкерлерге күнделікті тіршілікте көп қиындықтар келтіруде. Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген тиісті (322 млн. 960 мың) соманы 2011 жылғы республикалық бюджет есебінен Жамбыл об­лы­сының инвестициялық жобаларына сәйкес бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын. Жөндеуге де қомақты қаржы керек Қуаныш СҰЛТАНОВ, Парламент Сенатының  Халықаралық істер,  қорғаныс және қауіпсіздік  комитетінің төрағасы. Алматы облысындағы автомобиль жолдары­ның бүгінгі жағдайы алаңдатарлықтай. Облыс­тың Қытаймен шекаралас Көксу, Кербұлақ аудандарының аумағынан Сарыөзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұлақ – Қайнарлы ба­ғытындағы халықаралық маңызға ие авто­мо­биль жолдары таулы аймақтар арқылы өтетін­дік­тен, қыс айларында қар көп түсіп, көктем-жаз айларында күннің шұғыл жылынып, нө­серлетіп жауатын жаңбырдың, су тасқынының сал­дарынан көп зардап шегеді. 1990 жылдан бері күрделі не орташа жөндеу жұмыстарын көрмеген мұндай жолдар қашанда апатты жағдайлар туғызып, кейде қайғылы оқиғаға себеп болып жатады. Жол төсеніштері ескіріп, үстіне жабайы ағаштар өсіп, асфальт әбден жіңішкеріп біткен. Негізгі кәсібі ауыл шаруашылығымен, сауда-саттықпен тікелей байланысты облыс тұрғындарының шығарған өнімдерін жарату үшін тозығы жеткен автомобиль жолдарымен қатынауы тіптен қиындап кеткен. Екі-үш жылда бір жүргізілетін ағымдағы жөндеу жұмыстары бұл мәселені толық шешпейді. Жолдың сапалы болуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да, жалпы мемлекеттің экономикасына да тигізетін пайдасы зор деп есептейміз. Сонымен қатар, бірнеше жылдың бюджетіне жоспарла­нып, бөлінетін қаражат мәселені толық шешуге қауқарсыз. Себебі, алғашқы жөндеу көрген жолдар, соңғы жолдар жөнделгенше қайта жа­рам­сыздануына және жобаның қымбаттауына әкеліп соқтыратыны сөзсіз. Осыған байланысты жоғарыда аталып өткен Кербұлақ ауданының аумағынан өтетін Сары­өзек – Қорғас – Қоғалы – Көксу – Қарабұ­лақ бағытындағы жолдарға жаңғырту жұмыс­та­рын жүргізу үшін 2010-2014 жылдардың бюд­жеттеріне жоспарланған 2 833,5 млн. теңгені және Көксу ауданының аумағынан өтетін Көксу – Балпық би – Қарабұлақ – Қайнарлы ба­ғытындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 1 740.5 млн. теңгені 2011-2012 жыл­дардың бюджетіне жоспарлауды сұраймын. Басталған шаруа аяқсыз қалмаса Ақан БИЖАНОВ, Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. Қазіргі таңда Алматы қаласында Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан №3 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана­ның төртінші корпусы күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың аяқталу мерзімі 2010 жылдың қараша айы болатын, барлық жо­балары 2009 жылы жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Алайда, аталған нысандарды сейсмикалық нығайтудан кейінгі күрделі жөндеу жұмыс­та­рын қаржыландыру мәселесі әлі шешілмей отыр. Бәрімізге мәлім, 1,5 млн.-нан астам халқы бар Алматы қаласы әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігінен үлкен қиындықтарды бастан ке­шуде. Сондықтан жоғарыда аталған нысан­дарды уақытында пайдалануға берудің үлкен әлеуметтік маңызы бар екендігін қаперге салғым келеді. Білім ошақтары жетіспейді Қуаныш АЙТАХАНОВ, Сенат депутаты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев­тың тапсырмасымен білім беру саласына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Дегенмен, халық санының тез өсуіне бай­ланысты Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы көбірек көңіл бөлуді керек етеді. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жал­пы білім беретін 1021 мектепте 518 770 оқушы білім алады. Оның ішінде, 531 мектеп ыңғай­ластырылған жайда орналасса, 324-і саман кірпіштен салынған, 62 мектеп ғимараттары апат­тық жағдайда тұр. Биылғы оқу жылында 50 053 оқушы бірінші сыныпқа барса, 2011 жылы – 56 743, 2012 жылы – 56 595, 2013 жылы – 61 710 және 2014 жылы – 66 723, ал 12 жылдық білім беруге көшу кезеңінде, 2015 жылы мектепке (6 және 7 жасар балаларды есептегенде) 148 152 оқушы барады деп жос­парлануда. Демек, жыл сайын Оңтүстік Қазақстан облысына 40 мектеп салуды керек етеді. Тиісті құжаттары толығымен Білім және ғылым ми­нистрлігіне тапсырылған, жалпы құны 18,3 млрд. теңгені құрайтын 31 білім беру ны­са­нының құрылыстарын 2011 жылы республи­калық бюджет қаржысы есебінен жүргізу қажет. Жоғарыда аталғандар негізінде және республикадағы әрбір төртінші оқушы Оңтүстік Қазақстан облысының еншісіне тиетінін ескере келе, 2011 жылға арналған республикалық бюд­жетті қалыптастыру кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 31 білім беру нысандарының құ­ры­лысын жүргізуге 18 335 613 мың теңге қаржы бөлу мәселесі шешілуі тиіс деп білеміз. Ашынғаннан шығады ащы дауыс Неге еліміздің бас туы желбіремеді? Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты. Елбасымыз Алматының Ор­талық мешітінде бүкіл қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады. 2002 жылы Меккеде қасиетті Қағ­баға кіріп (Қағбаға кіру әр­кімнің маңдайына жазыл­маған), Алладан Қазақстанның өркендеп өсуін, елдің аман­дығын тілеп, сұрағанын айтты. Сол қасиетті Құрбан айтымыз мемлекеттік мерекелердің тізіміне енгізілді. Ал осы ұлық мерекенің қарсаңында Құрбан айтымызбен барша халықты құттықтауға көшедегі қаптаған жарнама бильбордтардың ара­сы­нан неге орын тимеді? Аң­сап, армандап, қолымыз әрең жеткен Тәуелсіздік күніне ар­налған, халықты жігерленді­ретін құттықтауға да көшедегі бил­ьбордтардың арасынан, әзірге, орын бұйырмай тұр. Керісінше, Жаңа жылға әлі бір жарым ай уақыт болса да, жан-жақты құттықтаулар ба­рынша жарнамалануда. Шыр­шаларымызды орната баста­дық. Құрбан айт пен аңсаған  Тәуелсіздік күніміз күнтізбе бойынша Жаңа жыл мере­кесінен  бұрын тұр ғой, неге құт­тықтау жарнамалары реті­мен жарияланбайды?! Екіншіден, тура Құрбан айт күні еліміздің Бас Туы  ор­нында желбіреген жоқ. Елба­сымыз салтанатпен көтерген, бүкіл ел болып қуанған, басы­мызды иіп, ант беретін көк­байрағымыз алаулап, мәңгілік  желбіреп тұратын орнында табанасты жоқ болғанын кеше көзімізбен көріп, жағамызды ұстадық. Тудың тіреуі тұр да, өзі жоқ. Неге осындай нем­құрайдылық бізде кеңінен қанат жайып барады? Елбасы Жарлығының орындалуы әділ әрі таза жүргізілсін Елбасының 2010 жылдың 27 қыркүйегіндегі №1072 Жарлығына сәйкес, республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер санын 15 пайызға қысқарту жүргізілуде. Жарлықта қай мемлекеттік органнан қанша адамның қысқартылатыны нақты көрсетілген және орталық атқарушы органдардың аймақтық өкілдіктерін қосқанда қысқарту саны 15 пайыздан аспауы қажет. Сөйтіп, барлық қысқартылатын қызметкерлер саны 26213 адамды құрауы керек. Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Мәжіліс депутаты. Алайда, кейбір мемлекеттік органдарда адамдар саны тым көп қысқартуға ұшырайтын түрі бар. Мәселен, Статистика агент­тігінің облыстық және аудандық бөлімдерін қосқанда, барлығы 3676 адамды құраса, агенттіктің жауапты хатшысының 2010 жыл­дың 30 қыркүйегіндегі бұй­рығына сәйкес, штат лимиті 2165 адам болып белгіленген. Нәтижесінде, 1511 адам қыс­қартылуы қажет болып отыр. Бұл, әрине, 15 пайыздан айтар­лықтай көп. Тіпті кейбір облыстарда 70 пайызға дейін қысқартулар жүр­гізілуде. Мәселен, Шығыс Қа­зақстан облысы, Бесқарағай ауданында бір басқарма 70 пайыз­ға қысқарған. Бұрын ол басқармада 9 адам істесе, жаңа лимит бойынша 3 адам қалған. Біздің алаңдаушылығымызды тудырып отырған тағы бір мәсе­ле, жергілікті басшылар бұл қыс­қартуды өзіне ұнамаған адам­дардан құтылудың және жеке бас пайдасына асырудың құралына айналдыратын түрі бар. Қысқартуға ұшырауы мүмкін қызметкерлер арасында сол мекемеде 25-30 жыл еңбек ет­кен, зейнет жасына 1-2 жыл қал­ған адамдар да кездеседі. Тіп­ті жалғызілікті аналар, жал­ғыз асыраушы болып отырған аза­маттар да қысқартылуы мүм­кін. Тағы бір айта кететін мәселе, қысқартуға тек бас мамандар, жетекші мамандар ұшырауда. Атын айтпай-ақ қояйын, бір ми­нистрліктің кеңсесінде бұрын 5 адам жұмыс істеген екен. Қа­зір 3 адам қысқартылып, екеуі ғана қалған. Ал құжат айна­лы­мы үлкен болғандықтан, 2 маман үлгермейді. Оның есесіне ол жерде 1 басқарма бастығы, оның орынбасары, 1 бөлім бастығы, оның орынбасары отыр. Сөйтіп, біз нағыз жұмыс жасайтын мамандарды қыс­қартып, бастықтарды көбейтіп отырған сияқтымыз. Сондықтан, Елбасының Жар­лығының орындалуы әділ әрі таза болуын талап етеміз. Бұл қысқартулар мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіретін, адамдардың құқы­ғын бұзатын, көп балалы ана­лардың, зейнетке шығуға аз қал­­ған мамандардың көз жа­сына қалдыратын құралға ай­налмауы қажет. Осы мәселе туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау, Экономикалық даму және сауда министрліктеріне, Мем­лекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке хат жазып, мардым­ды жауап ала алмадық. Сон­дықтан, Үкімет осы жағдайдың анық-қанығына жетіп, қандай мемлекеттік органнан нақты қанша адамның қысқарты­латыны, олардың алдағы жұ­мыспен қамтылуы, құқықтары­ның қорғалуы қалай жүзеге асырылатыны туралы мәсе­ле­лерді қарастыруы тиіс деп білеміз. Құқық саласын түбегейлі өзгертетін уақыт жетті Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы Орталығы, Құқықтық саясатты зерттеу орталықтарының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Оның тақырыбы: “Қазақстан Республикасы Президенті Жарлы­ғының аясында Қазақстан Респуб­ли­касында “құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар” жө­нінде Қазақстан Республикасының заңнамасын дамыту туралы”, деп аталды. Дөңгелек үстелді Мәжіліс де­путаты, Заңнама және сот-құқық­тық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова жүргізіп, ко­ми­тет төрағасы Рахмет Мұқашев пен ЕҚЫҰ Астанадағы Орталығының басшысы, Төтенше және өкілетті ел­ші Александр Кельчевски бет­ашар сөз сөйледі. 1994 жылы елімізде Мемлекет­тік құқықтық реформа бағдарла­ма­сы, 2002 жылы Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Соны­мен қатар, құқықтық салада түбегейлі өзгерістер жасайтын уа­қыт жеткенін сезініп, 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжы­рым­дамасы қабылданды. Мемлекет бас­шысы “Қазақстан Республика­сын­да құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар” деп аталатын өте маңызды құжатқа қол қойып, күшіне енгелі үш ай болды. Үкімет­ке жыл соңына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына сол Жарлық талаптарына орай, заң жобаларын жасап, енгізу тапсырылған болатын. Содан 17 заң жобасы Мәжіліс қоржынына келіп түсті. Оларды қарайтын бас комитет болып Заң­нама және сот-құқықтық реформа комитеті нақтыланды. Дөңгелек үстелде Бас Проку­рордың бірінші орынбасары Иоган Меркель “Одан әрі ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылық­тың кепілдіктерін күшейту мәсе­лелері туралы”, Әділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов “Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Жарлығын орындау бары­сында Қазақстан Республикасында “құқық қорғау қызметі және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бой­ынша іс-шаралар туралы”, Ішкі істер министрінің орынбасары Амантай Күреңбеков “ҚР ішкі істер қызметін модернизациялау туралы” деген тақырыптарда баяндама жасады. Жоғары экономика мектебінің профессоры, Ресей Федерация­сы­ның еңбегі сіңген профессоры, құ­қықтық саясатты зерттеу бойынша орталықтың маманы Сергей Па­шин заманауи кезеңдегі Ресей Федерациясының құқық қорғау қызметін реформалау туралы негізгі мәселелер, Украина Жоғарғы соты аппараты жетекшісінің орын­ба­сары, құқықтық басқарма бастығы, құ­қықтық саясатты зерттеу бой­ынша орталықтың маманы Ми­кола Хавро­нюк ортаға әкімшілік прею­дициясы және рецидив институты туралы еуропалық елдердің қыл­мыстық құқығы саласына көзқа­расы жайында ой тастады. Өзге де қатысушылар өз пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар баяндамалар мен сөйленген сөздер бойынша өз ойларын ортаға салды.