Мәселенің мәнісі
Арыс қаласында екі-үш жыл бедерінде басталған бұл дауға нүкте қояр ешкім табылмай тұр. Ірі қалаларда басқа сауда-саттық орындарымен бірге, мал базарының болатындығы белгілі. Арыстағы дау өзегі осы мал базарына қатысты.
Әу баста “бүгіндері сыртқа көшірілсін” деп жүрген мал базары 1970-жылдары салынғанда қаланың шетінде-ақ болған. Алайда, қала халқы көбейгеннен кейін базарды орағытып, тұрғын үйлер салынып кетті де, ол бүгінде тұтқында қалғандай күй кешіп отыр. Аптасына бір рет мал сатылады десе де, қала ішінде болғаннан кейін, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылатындығы заңды. Құдай бетін аулақ қылсын, конго-қырым қанды безгегі сияқты кенеден жұғатын сырқаттар орын алса, бүгінгі дау әшейін гәп болып қалады.
Осының бәрін ескерген қаланың бұрынғы әкімі С.Тәукебаев бас жоспарға сәйкес, мал базарын қаланың сыртына шығаруға шешім қабылдайды. Қала сыртынан жер бөліп, аукцион өткізеді. Аукционда кәсіпкер Ә.Ерімбетов деген азамат жеңімпаз атанып, 2008 жылы 3 маусымда №358 қаулы арқылы мемлекеттік акт алып, мал базары үшін құрылыс нысандарын салады. Мемлекеттік қабылдау комиссиясына құжаттарын өткізіп, әділет басқармасына тіркетеді.
Енді не әңгіме? Барлығы шешіліпті. Мал базары жұмыс істей бермей ме дерсіз. Даудың оты тұтанған жері нақ осы. Қазақ “мал ашуы —жан ашуы” дейді. Қаншама дүниесін, қаржысын шығындағаннан кейін кәсіпкер Әбіш Ерімбетов қаладағы мал базарының жабылып, өзінің базары жұмыс жасап кеткенін қалайды. Сотқа арызданады. Алайда, жан бермек оңай ма, “Базар” ЖШС директоры Ұ.Сатыбалдиева сотта өз құқығын қорғап шығады. Арыс қаласы әкімінің 1997 жылғы 13 тамыздағы №347 шешімімен мал базары құрылысы үшін 0,9 га жер телімін жеке меншік құқымен берілгенін айтады. Бас жоспарда “сауда қатары” деп көрсетілгендіктен, ол жерде қандай тауарлар сатса да кәсіпкерлік құқы бар екенін айтып, талапты қанағаттандырмауды сұрайды.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабы 1-бөліміне сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы болып танылады. Сондықтан Ұ.Сатыбалдиеваға құқық қорғау органдары талап қоя алмаса керек. Алайда, бас жоспарға сәйкес мал базарын сыртқа шығару туралы мәселе көтергенімен Арыс қаласының сол кездегі әкімі С.Тәукебаев “Базар” ЖШС-нің мал базарын Арыс қаласының қай жағына шығару керектігі туралы мәселені анықтамағанға ұқсайды. Бас жоспар бойынша мал базары №524 санды нысан Арыс-Шардара тас жолының солтүстік бағытында орналасқан деп көрсетілгенімен, бұл учаскені аукционда кәсіпкер Ә.Ерімбетов сатып алған. Қала әкімі қала ішіндегі мал базарын сыртқа шығару мәселесін қолға алғанда “Базар” ЖШС-іне де аукционға қатысу туралы хабарламағаны түсініксіздеу, 2010 жылы мал базарын сыртқа көшіру туралы шешім қабылдағанымен нақты жер учаскесін ұсынбағандығы екі жақты да ыңғайсыз жағдайда қалдырып отыр.
“Егемен” бір жақты, біреудің ыңғайымен кететін саржағал басылым емес. Біз үш жақты да тыңдап, уәждерін мақалада келтіруді көздедік.
Үшінші жақ – Арыс қаласы әкімдігі. Себебі, кәсіпкер Әбіш Ерімбетов “Базар” ЖШС-ін қала сыртына көшіруге қала әкімі Қанат Сыдықов мүдделі емес, құлықсыздық танытуда деп есептейді. Біз өз тарапымыздан кәсіпкер Ә.Ерімбетовпен бірге қала әкімі және әкімдіктің заңгер маманымен жолығып, біраз сауалдарымызға жауап алғанбыз. Біздің осы мәселенің ақ-қарасын айыруға байланысты өтінішімізге қала әкімі төмендегідей жауап берді.
ОҚО мәслихатының 2007 жылғы 13 желтоқсандағы №3/35-ІV шешімімен Арыс қаласының бас жоспары бекітілген, дейді қала әкімі. Бектілген бас жоспарға сәйкес Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің 2008 жылғы 3 қаңтардағы №1, 2008 жылғы 21 сәуірдегі №57 және 2008 жылғы 2 маусымдағы №84 шығыс нөмірлерімен “Базар” ЖШС директоры Ұ.Сатыбалдиеваға Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан мал базары орнында “базар кешені” орны қарастырылған. Мал базар орны қаладан шығаберіс Арыс-Шардара тас жолы бағытының оң жақ бетінде жоспарланғанын хабарлай келе, Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан мал базарын қала сыртына көшіру жөнінде хабарламалар берілген.
Осы хабарламалардың негізінде кәсіпкер Ә.Ерімбетов Б.Онтаев көшесінде мал сатылып келген орынды “базар кешені” деп өзгертіп, мал сатылатын жерді қала сыртындағы жаңадан салынған мал базарына көшіруге шешім шығарып беруді сұрап Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Т.Баратбековке талап арыз жазған.
Алайда 2008 жылы 17 қыркүйекте Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Л.Орынбаева ұсынылып отырған жаңа мал базарының құрылыс жұмыстары толығымен біткенімен, нақты осы кезеңде ол базардың жұмыс атқарып жатқаны туралы дәлелдемелер ұсынбаған. Арыс қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің ережесінде сотқа қойып отырған, яғни мал базарының Арыс қаласының орталығындағы мал сатылып келген орынды жауып, жұмыс жасау мақсатында “базар кешені” өзгертіліп, мал сатылатын жерді қала сыртындағы жаңадан салынған мал базарына көшіру туралы мәселенің құзырына жатпайтындығы және іс бойынша талапкер ретінде жер қатынастарын реттеу саласында аудандық атқару органы немесе қалалық әкімдіктің өкілеттігіне жататындығын айта келе талапкердің талап арызын қанағаттандырусыз қалдырған.
Сонымен қатар, Арыс қаласы әкімдігі тарапынан 2009 жылдың 9 қарашасында “Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойындағы “Базар” ЖШС-не қарасты мал сатылып келген орынды қала сыртына көшіру туралы” талап арыз беріліп, 2009 жылдың 9 желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А.Дербісованың төрағалығымен сот мәжілісі өтеді. Судья онда Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан “Базар” ЖШС-ге тиесілі мал базары ешкімнің құқығын бұзбағанын, санитарлық-эпидемиологиялық ұйғарымдармен мал базары санитарлық-гигиеналық, ветеринариялық ережелер мен нормативтерге сай екені анықталғандығын айтады. Нысанның жер үсті және жер асты суларына, жануарлар әлеміне зиянды әсері жоқ екені ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің қорытындысында көрсетілуіне байланысты талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бүгінгі таңда қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы Арыс қаласы Б.Онтаев көшесі бойында орналасқан “Базар” ЖШС-іне тиесілі мал базарының санитарлық-гигиеналық талаптар бойынша тұрғын үйден 50 метр қашықтықта орналасқандығын және қалалық аумақтық инспекция тарапынан қала орталығындағы мал базарының ветеринарлық-санитарлық жағдайы “Ветеринария туралы” заңның талаптарына сәйкес келетіндігін хабарлап отыр.
“Базар” ЖШС-ге тиесілі мал базары шындығында бүгінгі таңда қаланың ортасында қалып отыр. Базардың санитарлық қорғау аймағы тұрғын үйлерден 50 метрден кем емес қашықтықта орналасуы қажет болса бұл норма сақталған. Ол санитарлық-эпидемиологиялық ереже мен нормаларға сәйкес 5-класс нысанды мал ұстайтын шаруашылық деп көрсетілген.
Қала аумағындағы мал базары аптасына 1 күн әр жексенбі сайын 5-6 сағат жұмыс істейді. Әр жексенбі күні қалалық ветеринарлық зертхана мамандары, сол мал базарына бекітілген ветеринарлық инспектор базар аузында тұрып мал түрлерінің қозғалысын бақылайды. Ауру мал анықталған жағдайда оқшаулайтын орынға жайғастырады. Ветеринарлық зертхана мамандары осы қызметі үшін алым жинайды. Мал базары аумағы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық орталығымен арадағы дезинсекция, дезинфекциялау келісім-шарты негізінде апта сайын залалсыздандырылып отырады. Мал базарында кедергілік белдеуімен дезомат жүмыс істейді.
Жалпы, апта сайын бір күн жұмыс істейтін мал базары ветеринарлық бақылауда тұр. Мал базарына келетін мал түрлеріне жергілікті әкім аппараттарының ветеринар мамандарының анықтамасы мен жергілікті ветеринар маманның малдың кенеге қарсы тоғытылғаны жөніндегі анықтамасының болуы қадағалануда.
Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жәйт, 2007 жылдың 24 қыркүйегінде Арыс қаласының жер қатынастары бөлімінің ұйымдастыруымен жер учаскелерін жеке меншік құқығына сату бойынша аукцион өткізілген. Осы өткізілген аукцион нәтижесінде жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетов “Отырар” тұрғын ауданында орналасқан аумағы 5000 ш.м жер учаскесін мал базары үшін 3163000 (үш миллион бір жүз алпыс үш мың) теңгеге сатып алған. Ол бойынша хаттама түзіліп келісім-шарт жасалған.
Алайда, 2008 жылдың 4 сәуірінде ОҚОМАЭ сотына ОҚО прокуратурасы тарапынан “Жерді меншік құқығымен сатқан аукцион нәтижесі туралы 2007 жылғы 24 қыркүйектегі №12 хаттаманы және жер учаскесін сатып алу-сату туралы 2007 жылғы 25 қыркүйектегі шартын жарамсыз деп тану туралы және мал базары құрылысының аяқталуына байланысты мемлекеттік қабылдау актісін бекіту туралы өкімін заңсыз деп тауып күшін жою туралы” талап арыз келтіріліп, ОҚО прокуратурасының талап арызы 2008 жылғы 3 маусымда қаралып қанағаттандырылды. Алайда, Арыс қаласы әкімі тарапынан апелляциялық шағым келтіріліп, ол қанағаттандырылусыз қалдырылды. Және қадағалау алқасына берілген қадағалау шағымы бойынша қадағалау өңдірісін қозғаудан бас тартылған.
Нәтижесінде аукцион қорытындысы заңсыз деп табылып, келісім-шарт мемлекеттік акт және оның Арыс қаласының әділет басқармасында тіркелуі жарамсыз деп танылды. Арыс қаласы әкімінің 14.04.2008 жылғы “Мал базар” құрылысының аяқталуына байланысты мемлекеттік қабылдау актісін бекіту туралы №186е өкімі заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Жоғарыда аталған мән-жайларға байланысты жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке шығындарды заң талаптарына сәйкес сот шешімі арқылы қайтаруға болатындығы жөнінде түсіндірілді. Қортындысында жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетов Арыс қаласы әкімдігі және Арыс қаласының жер қатынастары бөлімінің үстінен 3619300 теңгені өндіру туралы ОҚОМАЭ сотына талап арыз беріп, жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовтің пайдасына негізгі қарызы 3163000 (үш миллион бір жүз алпыс үш мың) теңге және тұрақсыздық айыпақы ретіңде 365958 (үш жүз алпыс бес мың тоғыз жүз елу сегіз) теңге бюджет есебінен өндіріліп, аударылып берілген.
Сонымен қатар жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке өз өтініштері негізінде Арыс қаласы әкімдігінің 2008 жылғы 20 ақпандағы №185 қаулысы негізінде мал базары үшін қосымша аумағы – 3000 ш.м жер учаскесі жеке меншікке сатылып берілген. Мал базарына қосалқы шаруашылық қызмет көрсету нысаны үшін аумағы 3000 ш.м. жер учаскесі және мал түсіретін орын үшін аумағы – 1500 ш.м. жер учаскесі 49 жылға жалға беріліп отыр. Оған қосымша аукционда сатылып, бірақ сот шешімімен жарамсыз болып табылған аумағы – 5000 ш.м жер учаскесін қала әкімдігінің 2010 жылғы 19 сәуірдегі №187 қаулысымен мал қора құрылысы үшін жеке меншікке сатылып беріліп, яғни өтініштері қанағаттандырылып, жалпы көлемі 12500 ш.м жер учаскесі жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовке пайдалануға берілген.
Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер Ә.Ерімбетовтің иелігіндегі мал базары және оған қосалқы қызмет көрсету нысандары жұмыс істеуде. Жергілікті “Арыс толқындары” телеарнасынан жарнамалар берілуде. Сондықтан да Арыс қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасының қолданыстағы Заңдарын басшылыққа ала отырып кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына кедергі келтірмеу, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруда барлық жеке кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі мен әділ бәсекелестігінің қолдаушысы болып табылатындығын хабарлады.
Арыс қаласының әкімі Қ.Садықов осылай деп тұжырғанымен бұл жауап кәсіпкер Ә.Ерімбетовті қанағаттандырмайды.
Жаңа базарды тәулік бойы жұмыс істетуге бекініп, жанынан мал бордақылау цехы, сұранысқа ие малдарды иесіне жеткізіп беруді, өтпей қалған малдарды келесі базарға дейін ақылы бағып беру сияқты жұмыстарды атқаруды мойнына алған кәсіпкердің ойлағаны көп. Алайда, ішкі қажеттіліктерін қала ішіндегі базардан түгендеп отырған қала жұртының, мал иелерінің өз еріктерімен сыртқы базарға баруға құлқы жоқ.
Мұндайда “Базар” ЖШС-ін сыртқа мәжбүрлеп көшір деп қала әкімдігін кінәлай алмайсың. Онда кәсіпкердің құқығына заңсыз қол салған болып, тәртіптік жазаға тартылуы әбден мүмкін. Базарды көшіру туралы екі рет талап-арыз беріп, сот тарапынан қанағаттандырусыз қалғаны қала әкімін өз бетінше шешім қабылдауға жібермей отырғандығы түсінікті.
Бірақ, бас жоспар бойынша “Базар” ЖШС жыл аяғына дейін сыртқа шығуы, не қызмет аясын өзгертуі керек. Өйткені, ДСМ мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің ОҚО бойынша департаментінің директоры А.Әбдіразақов мал базары қаланың шеткі үйінен кем дегенде 50 метр қашықтықта орналасуы керектігін айтады. Ал, қала ішіндегі “Мал базары” ЖШС жан-жағын күзеп, ішін қатты тартқанымен, бұл талапқа жауап бере алмайды.
Арыс қаласы үлкен. Мал базарына көршілес ауданның ауыл тұрғындары да мал айдап келеді. Бәлкім, өнбес дауды қумас үшін “Базар” ЖШС-іне де қала сыртынан оңтайлы жер тауып беруге болар. Оның өзі дауға нүкте қоюмен бірге, бәсекелестіктің өрістеуіне де жол ашар еді.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы,
Арыс қаласы.