Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында жергілікті әкімдерге индустриялық бағыт арқылы экономиканы өркендету мен отандық өндірісті дамыту міндеті тапсырылған болатын. Осы орайда Жетісу жерінде бірқатар өркенді істер қанат жайды. Сол атқарылған жұмыстармен танысу үшін облыс әкімі Серік Үмбетов Қапшағай өңіріндегі металл құрылғылар шығаратын зауытта болды.
Осыдан төрт жыл бұрын Заречный ауылының оңтүстік-батысындағы ашық алаңда шаңырақ көтерген күрделі кәсіпорынның иесі, “ІLNO Group” ЖШС директоры Нөгер Тойшыбаев құрылысқа қажетті алғышарттарды жүзеге асырған еді. Бұрын іске қосылған және келесі жылы қаңтар айында құрылысы толық аяқталатын жаңа нысанды аралаған облыс басшысы мұндағы қарқынды жұмыстармен жан-жақты танысты.
Кәсіпорынның аумағы 4,6 гектар жерді алып жатыр. Осыған қарағанда алдағы күндерге деген мақсат-мүдделері де айқын екені аңғарылады. Өйткені құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорынның қазірде Қазақстанда баламасы жоқ. Жаңа зауыттың бірінші бөлігі 2007 жылдан бері өнім шығарып, өңірдегі құрылыс нысандарының тапсырыстарын тиянақты орындап келеді.
Жолдауға байланысты алдарына басты мақсат қойған кәсіпорын ұжымы арада үш жыл өткенде зауыттың іргесін кеңейтуге ұмтылыс танытыпты. Кәсіпорынның солтүстігінде металл құрылғылар құрастырылып, алдағы қаңтар айында іске қосылатын екінші бөлігіндегі жұмыстың соңғы жиынтығы аяқталуға жақындапты.
Зауыт директоры күрделі жабдық, қондырғылар Қытайдан әкелінгенін атап өтті. Мұндағы металл шикізаттары Қарағандыдан, Ресейдің Магнитогор зауытынан жеткізілетін көрінеді. Одан өндірістік, азаматтық және тұрғын үй құрылысына қажетті өнімдер жасалады. Зауыт өніміне деген сұраныс жоғары. Сонымен қатар құрылыс индустриясын дамытуды алға қойған кәсіпорын өнімдерінің 30 пайызын Ресейге, Қытайға, Орталық Азия мемлекеттеріндегі тұтынушыларға ұсынып отыр.
Жоғары экспорттық әлеуеті бар, инновациялық жоба бойынша жаңа технологияға сай шығарылған өнімдердің сапасы да жоғары. Жобаны Қазақстанның даму банкі қаржыландырыпты. Дегенмен, мұнда да шешімін күткен мәселелер баршылық. Өйткені өндіріс құрылысын толық аяқтау үшін соңғы транш бойынша қажетті қаражат алуда қиындықтар кездескен. Егер осы түйін ойдағыдай шешілсе, екінші зауыт алдағы каңтар айында іске қосылады.
Бір айта кетерлігі, мұндағы жұмысшылар Қапшағай қаласы мен жақын ауыл тұрғындары. Бүгінде кәсіпорында 100-ге жуық адам істесе, екінші зауыт іске қосылғанда 200-ге жуық жергілікті халық тұрақты жұмыспен қамтылмақшы. Кәсіпорын кадрларды тұрақтандыру мақсатымен темір дәнекерлеуші, құрастырушы, слесарьларды да өздері оқытып дайындайды.
Аталған жобаның маңыздылығына байланысты мұнда 2 жылдан кейін шыққан шығын толық өтеледі. Зауыт жылына 100 мың тонна металл құрылғылар шығарып, өндіріс көлемін 20 млрд. теңгеге жетізуді жоспарлап отыр. Жұмысшылардың айлық еңбекақысы 80 мың теңге көлемінде.
Бұдан кейін облыс басшысы Заречный ауылынан сәл төмен орналасқан қыратты тегістеп, жылыжай салып жатқан “Грин Ленд Алатау” серіктестігіне атбасын бұрды. Мұнда жылыжай басшысы Алмас Даутов 5 гектар жерге голландиялық тәсілмен түрлі көкөніс дақылдарын өсіруді мақсат етіп, жұмысын бастап кетіпті. Олар алдағы жылы тұтынушыға экологиялық жағынан таза көкөніс түрлерін көптеп ұсынбақшы. Осылайша Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру мәселесі біршама шешілетін болады.
Жолдауда “Балапан” бағдарламасына байланысты да тапсырылған міндеттер ауқымы сан-салалы. Бұл орайда Қапшағай қаласындағы “Балдәурен” балабақшасын күрделі жөндеуге бюджеттен биыл 64 млн. теңге бөлініп, 150 бала тәрбиешілердің аялы алақанында күн санап көркейе түскен. Серік Әбікенұлы әр бүлдіршінге аталық мейірімін төгіп, есімін сұрап, маңдайынан сипап, әр бөлмені аралады. Балабақша меңгерушісі Гүлзада Ақынбекова Мемлекет басшысының қолдауы нәтижесінде іске асқан іргелі жұмыстарға тоқталып, өмірімізге лайықты өрендер өсірудегі ұжымның алға қойған мақсатын талдай жеткізді.
Елбасының ойынханаларды Алматы қаласынан тыс аймаққа көшіру тапсырмасына орай жүзеге асырылған жұмыстар барысында Қапшағай қаласында да оннан астам ойынханалар бой көтерген. Облыс басшысы қаладағы “Принц” ойынханасына аялдады. Одан соңғы жұмыс сапары Шеңгелді селолық округіндегі “Ақбота” балалар бақшасы мен мәдениет үйінде жалғасты.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.