“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында “Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жүзеге асырылуы және партияның 2011-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламасының жобасына ұсыныстар” атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған партияның аудандық ұйымдарының басшылары, партияның белсенді мүшелері, кәсіпорындар мен мекемелер, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері және Парламент Сенатының депутаты Иран Әміров қатысты. Дөңгелек үстел басталмас бұрын 2008-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысқан бір топ партия мүшелері “Нұр Отан” ХДП-ның “Белсенді қызметі үшін” төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шараға қатысушылар алдында хабарлама жасаған облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Ескендір Дентаевтың мәлімдеуінше, үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 65 дерек тіркеліп, оның 58-і бойынша материал сотқа жолданған. Ал пара алу бойынша 25 қылмыстық іс анықталыпты. Мемлекетке келтірілген шығынның жалпы көлемі 44 миллион теңгені құраған. “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев өзі жетекшілік ететін комиссия жұмысына тоқталды. Ол бюджеттік қаржының жұмсалуын бақылаудың жүйелі жүргізіліп отырғанын тілге тиек ете келіп, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша бөлінген 5 миллиардтан астам теңгенің орнымен жұмсалғанын жеткізді, партиялық бақылау бекеттерінің жұмысын тарқатып айтты. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жастардың белсенділігін тиімді пайдалануды ұсынды.
Дөңгелек үстелде сөйлеушілер еліміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту қажеттігін атап көрсетіп, жаңа бағдарлама жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.