Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасына елшілік қызметке жаңадан тағайындалған Сауд Арабиясы Корольдігінің, Жапонияның, Иордания Хашимиттік Корольдігінің, Литва Республикасының, Венгрия Республикасының Төтенше және өкілетті елшілері Абдулмажид Хакимнен, Юдзо Харададан, Сүлейман Абдельфатах Сүлейман Арабиаттан, Рокас Бернотастан және Имре Ласлоцкиден Сенім грамоталарын қабылдады.
Грамоталарды қабылдау рәсімі кезінде Президент Н.Назарбаев олардың өз міндеттеріне ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті қарсаңында кіріскелі тұрғандарын атап өтті. Мұндай аса маңызды форумның Астанада өткізілгелі отырғандығының өзі – Қазақстанның Ұйым төрағасы ретінде атқарған жұмысына берілген үлкен баға. Саммитке Азия, Еуропа және Америка құрлықтарынан 56 елдің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. Ал келесі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етеді. Міне, халықаралық аренадағы Қазақстанның осындай белсенді қызметтері кезінде біздің еліміздегі сіздердің қызметтеріңіздің де белсендірек болғанын қалаймыз, деді Мемлекет басшысы.
Елбасы, сондай-ақ Қазақстанның мұсылман әлемімен өзара қатынасты жақсарту сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы орайда Қазақстанның Иорданиямен арадағы қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін ауызға алды. Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың жақсы дамып келе жатқаны соңғы үш жылдың ішінде Иордания Королінің Қазақстанға үш рет, Ал Қазақстан Президентінің Иорданияға екі рет ресми сапармен алмасқандарынан-ақ көрініп тұр. Біз өзара ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге мүдделіміз, деді осы орайда Иордания елшісі С.Арабиат.
Қазақстан араб әлемінің жетекші елдерінің бірі – Сауд Арабиясы Корольдігімен де ынтымақтастықты дамытуға үлкен назар аударады, деген Президент жаңадан тағайындалған Саудия елшісі А.Хакимге Саудия Королі Абдалла бен Абдель Азизді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыратынын жеткізуді тапсырды. Біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстар ойдағыдай дамуда, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан азаматтарының қажылық сапарына баратындарының саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Биыл қажылыққа біздің елімізден 4 мыңнан астам азамат барды, деді Елбасы.
Жапон елшісі Ю.Харадамен екіжақты әңгіме барысында Елбасы Күншығыс елін маңызды әріптес ретінде бағалайтынын атап көрсетті. Токионың “Орталық Азия-Жапония” үнқатысуын дамыту жөніндегі бастамаларына жоғары баға берді. Қазір Қазақстан-Жапония ынтымақтастығының негізгі бағыттарына инвестиция мен технологиялар және ядролық энергетиканы бейбіт мақсатқа пайдалану, сондай-ақ экология саласындағы жетістіктерді игеру істері жататыны әңгіме арқауына айналды.
Литва елшісі Р.Бернотаспен болған әңгімеде Елбасы Қазақстанның Литвамен екіжақты қатынасты дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Бүгіндері біздің елдеріміздің арасында әртүрлі деңгейдегі үнқатысулар қалыптасқан. Екі елдің парламенттерінде достық пен ынтымақтастық топтары жұмыс істейді. ЕҚЫҰ төрағалығын Қазақстаннан қабылдайтын Литва да қазір Ұйым шеңберіндегі қызметтерді абыроймен атқару үшін үлкен дайындық жүргізу үстінде.
Венгрия елшісі Имре Ласлоцкимен болған әңгімеде де екіжақты қарым-қатынасты тереңдетудің кейбір мәселелері қаралды. Алдымыздағы жылы Еуроодаққа төрағалық ететін Венгрия осы ұйымның Қазақстанмен арадағы байланысын тереңдете түсуге ықпал етер деген үміт айтылды. Біз Венгриямен өзара ынтымақтастықты барлық салада да тереңдете түсуге дайынбыз, деді Елбасы елшіге қаратып.
Қабылдаудан шыққаннан кейін елшілер журналистермен брифинг өткізіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Соның ішінде Литва елшісі Р.Бернотас өз елінің ЕҚЫҰ-дағы төрағалыққа 2011 жылы кірісетінін айта келіп, “Қазақстан төрағалығы Ұйым мүшелері күткеннен әлдеқайда артық әрекеттер жасады”, деп атап өтті. Өз елінің де осындай биіктен көрінуге ұмтылатынын мәлімдеді.
Жақсыбай САМРАТ.