Үлкен іс ешқашан қиындықсыз болмайды. Мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті.
Мари Франда Вольтер.
* * *
Жарқылдаған жасындай,
Алдаспаным Нұраға!
Айдай әлем алдында
Мақтанып бір көрсетер
Алға асқаным Нұраға.
Бекболат Тілеуханов.
* * *
Жұлдызды сәт! Жұлдызды жыл! Мерейіңді асырып, рухыңды асқақтататын сөз ғой бұл. Осы сөз жеке адамға қатысты болса да аз қуаныш емес. Ал, бүкіл бір қоғам, бүтін бір мемлекетке қатысы болса, оның мән-мағынасы мың, миллион есе салмақты болмақ. Иә, ай маңдайлы алып еліміз Қазақстан тәуелсіздік алған он тоғыз жылда талай тамаша табыстарға жетіп, айдай әлем алдында сан мәрте абырой биігінен көрінді. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарымыз – жұлдызды жылдар. Ал, биылғы ЕҚЫҰ-ға төраға болған жылымыз – жұлдызды сәт. Жұлдызды сәтте қалғымау керек. Қарны тойса қалғып сала беретін пенделік тәуелсіз Қазақстанның азат ойлы азаматымен ауыл үй қона алмаса керек. Не нәрсеге де сүлесоқ қарамайтын, елі үшін алаңдамас кезі жоқ Қазақстанның қатардағы бір азаматы ретінде Астана Саммиті барлық отандастарым сияқты менің де мерейімді асырып, рухымды асқақтатады.
Елі еңбеккер, ері кемеңгер болса, аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Соның айқын бір айғағы – кешегі қызыл империя құрсауынан босанып, бостандық алған, бүгінде бүкіл әлем таныған, танып қана қоймай, мойындаған, мойындап қана қоймай, тарихи қысқа мерзімдегі таңғажайып табыстарына таңғалып, тамсанған, ертегінің батырларындай тез ержетіп, тез есейген еркін Қазақстан. Оның балама аты – ғажапстан.
Ері кемеңгер, елі еңбеккер болса аңыздың өзі ақиқатқа айналады дейтін сөзімізге көп дәлелдің бір парасын ғана айтайық. Қазақстан халқы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күл-талқаны шығып қираған, экономикасы қиюы кетіп, қисайған елде жаңадан мемлекет құрды. Басқару жүйесі баяғыдан жолға қойылған бар мемлекетті басқару да оңай емес. Жаңадан тәуелсіз қазақ мемлекетін құру – шөл даланы гүлдендіріп, тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей. Олай болса, Н.Ә.Назарбаев мемлекет құрушы кемеңгер Ер, оны қолдап, оған қуат берген, қанат бітірген Қазақ елі – еңбеккер Ер! Бұл – бір. Екінші – бар болған он жылда құлпырған жаңа астана салып, әлемдегі ең озық елу елдің қатарына қосылуға ұмтылу да ақиқатқа айналған аңыз. Ертегінің де ауқымына сыймайтын, аңыздан да асып түскен ең үлкен ақиқат – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуы. Байырғы, бай мемлекеттер сап түзеген, асқақтаған ақ жағалы, менмен Еуропа мемлекеттеріне төраға болып, төрге озып, төбеби болып, билік айтпақ тұрмақ, қазақ қашан оның босағасынан сығалай алып еді?! Осыдан жиырма жыл бұрын біз осындай биікке көтерілеміз деп армандай да алмаушы едік, мұндай биік мәртебе өңіміз түгіл түсімізге де кірген жоқ. Оны айтасыз, оған, тіптен, аңыздың да ауқымы жетпеген еді. Енді, міне, түске кірмеген, қиялдың да құшағы жетпеген биікке өңімізде шықтық. Тәубе, тәубе делік, Алла Тағала тіл-көзден сақтай гөр.
Ал, осы тарихи ұлы жеңіске қалай жеттік дегенде, ең алдымен қайталап айтар, қадап айтар шығар күндей бір шындықты ешқашан, ешкім де айналып өте алмаса керек. Ол шындық – Ер мен Елдің тарихи ұлы жеңісі – көрегендік пен көл-көсір еңбек жемісі. Елін сүймегенді ешкім де сүймейді. Таудың биіктігін, теңіздің тереңдігін жанында, жағалауда тұрып тани бермейсің. Асқар тау алыстаған сайын биіктей береді, теңіз тереңіне бойлаған сайын құдірет-күшін танытып, құпиясын ашады. Сол сияқты уақыттың өзі тудырған тарихи тұлғаларды ол жер басып, көз алдыңда жүргенде анық танып, тарихи оқиғаларды толық түсініп, бағалай да бермейсің. Тарихи тұлға алдағыны көріп, асқар биіктерге бастайды. Оның ойы мен ісі ғарыштық жылдамдықпен жүйткіген уақыттың алдын орап жүреді. Қазақстан Республикасының бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті Н.Ә. Назарбаев қай өлшемнен, қай биіктен қарасаң да асқары ешқашан аласармайтын тарихи ұлы тұлға! Сегіз емес, сексен, бәлкім, сегіз жүз қырлы Нұрекеңнің талайымызды тамсандырған тамаша бір қыры – оның арманы ешқашан аласарған емес. Бір биіктен кейін тағы бір биікке ұмтылу, ұмтылып қана қоймай, сәтті секіру тән оған. Ел мүддесі, халық бақыты үшін қиялдағы арманды іске асырып, аңызды ақиқатқа айналдыру – басты мұраты. Алыс жолды жақындатып, асыл мұратқа жеткізетін кемел ойлы кемеңгерлікті де Табиғат-Ана оған жомарттықпен сыйлаған. Андрей Белыйдың бір сөзі бар: “Ақылды адамдар ықпалды болады”, деген. ЕҚЫҰ-ға төраға болу, ең алдымен, Н.Ә.Назарбаевтың арқасында жүзеге асқаны шығар күндей шындық. Төраға болуға талпынып, ұсыныс беру – биікке ұмтылу, арманның биіктігі болса, оны жүзеге асыру – кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер саясаттың жемісі.
Төраға болу да тарихи ұлы жеңіс, әрине. Ал, енді төрағалықпен шектеліп қалмай, он бір жыл бойы өтпеген саммитті Астанада өткізу, оған елу алты мемлекеттің басшыларын шақырып, саммитке қатынасуға келісім алу – алғырлық қана емес, саясаттағы данышпандық, тарихи ерлік.
Назарбаевтың осынау тарихи ерлігінің құпиясына “Мудрость лучше воинских орудий” (Ехклесиаст, гл. 9, ст. 18) деген анықтама айқын жауап береді.
Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы бастап, оның талантты, қанатты шәкірті Қанат Саудабаев қостаған Қазақстан дипломатиясының да ұлы жеңісі! Халел Досмұхамедұлы бүй депті: “Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі”. Елдік пен ерлік егіз. Ол ешқашан ұмтылмақ емес.
“Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын жемісті атқарып келеді” деген саясаттың сорпасын сарқып ішкен шетелдік аса беделді саясаткерлердің пікірі де тегін айтылып жүрген жоқ. Оның терең сырын Қазақстанның Іс басындағы төрағалық кезіндегі жемісті де жеңісті істерінен айқын аңғаруға болады. Қырғыз халқының басына күн туған қысылтаяң кезде Н.Ә. Назарбаев мұхиттың ар жағында жүріп, АҚШ Президенті Обамамен, Ресей Президенті Медведевпен ақыл қоса отырып, көрші елде азамат соғысын болдырмаудың алдын алды. Төрағалық кезіндегі осындай ондаған оңды істер Астана Саммитінде Ауғанстан, Қарабақ секілді сандаған күрмеуі қатты күрделі түйіндерді тарқатуға септеседі деген сенімді күшейте түседі. Астана Саммиті аса үлкен абырой ғана емес, асқан жауапкершілік екенін еңбеккер ел – Қазақстан да, кемеңгер Ер Нұрсұлтан да, оның үзеңгілес серіктері де терең түсініп отыр. Бұған Саммит қарсаңында жүзеге асырылып жатқан сан алуан саяси жемісті жұмыстар да, ұлы жиынды жеңісті өткізу үшін Астананың жан-жақты, тиянақты әзірленіп жатқаны да дәлел.
Осыған орай бүгінде аңызды ақиқатқа айналдырып, абыройы асқақтап тұрған Қазақстан жайлы үш кезең, үш дәуірде айтылған үш пікірді алға тарту аса қажет. Олар мыналар:
“Қызыл империя құрамында болған мұсылман елдердің бірінде ХХІ ғасырдың басында Әділет патшасы салтанат құрады”. Нострадамус. XVІ ғ.
“Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халықтың өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес. Оның рухы қазақ даласында күндей жарқырап сәуле шашатын болады!”. А.Янушкевич. 1973 ж.
“Қазақстан – Жер бетінде туып келе жатқан жаңа рухани өркениеттің бесігі. ХХІ ғасырда қазақ даласы бүкіл адамзатты таңқалдырып, дүние жүзіне үлгі болады!”. В.А.Запредельный. 1996 ж.
Тегін айтылмаған бұл сөздерде терең сыр, жүрек толқытып, жан тебірентер жыр бар. Ол сыр, ол жыр – елі еңбеккер, Ері кемеңгер, бүгіні бекем, келешегі бұдан да кемел Қазақстан жайлы тарихи табыстармен сабақтасып, ақиқатқа айналған аңызбен астасып жатқан шығар күндей шындық.
Астанада ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі, оған 55 мемлекеттің басшылары келуі – тарихи ұлы оқиға. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарында әділ айтылғандай: “Қазақстанның халықаралық беделі мен Мемлекет басшысының бейбітшілікті нығайту жолындағы ерен еңбегін мойындау”. Осыдан біраз жыл бұрын төкпе ақын Ғафу Қайырбеков Елбасы жайлы былай деп төгілдіріп еді:
Мен баққұмар емеспін,
Маған енді
Бақыт,
Тақыт – билейтін тамам елді
Арман емес
Сондықтан да ақ сөйлеймін –
Халық қазақ кезегің жаңа келді.
Дабырламай,
Шуламай,
Даналықпен
Дауысыңды естіп баяғы далалық кең.
Көтер көкке ұлыңды
Бір сен үшін
Мына күнде маңдайға дара біткен!
Сынға түскен екіұдай тұста мына
Қарамайды ол бақытқа,
Бас қамына
Лайық ол байқасаң қазақ түгіл
Әлемді де әдемі басқаруға.
Алланың жердегі елшісіндей ғой нағыз ақын. Айдарынан жел ескен айтулы ақынның аузына бұл сөздерді Алла Тағаланың өзі салды ма екен, қалай десек те, бұдан бірнеше жыл бұрын жазылған осы жұлдызды жыр бүгінгі күнге дәл келіп тұр. Әсіресе, “Халық қазақ кезегің жаңа келді” деген сөздері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы сәтін тамыршыдай басып, тамаша айтып тұрған жоқ па? Сосын төраға болуымыздың терең сыры – Қазақстанның айдай әлем алдындағы талассыз табыстары мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренадағы биік беделі емес пе? Шығар күндей бұл шындықты өзіміз ғана емес, өзге мемлекеттер де мойындап, бағалап отыр ғой.
Қолымда жарқылдаған алтын қалам,
Кезім жоқ шежіре жазбай салқындаған.
Жұлдызың жана берсін, Қазақстан,
Бақыт боп келе берсін әр күн саған, деп ақындық ақ жүрекпен тілек айтамын Тәуелсіз Еліме.
Лайым, Астана Саммиті мерейімізді тағы бір асырып, рухымызды және бір асқақтатқан жұдызды сәт болғай!
Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.