Алғашында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес болып құрылып, беделді халықаралық Ұйымға айналған құрылым осы 35 жылдың ішінде географиялық қамтылуымен де, әлемдік саясатқа ықпал етуімен де өз позициясын нықтай түскені аян. Әсіресе, оның қанатының кеңге жайылуы өткен ғасырдың 90-шы жылдарына сәйкес келді. Өйткені, бұл кезде әлемнің бет-бейнесі бір-біріне қарама-қайшы екі лагерьдің жойылуымен өзгерген болатын. Міне, осы тұста Еуропа елдері Ұйымға қатысты да жаңалықты ойлар қажеттігін ұғынды. Осылайша жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясы өмірге келді. 1990 жылы қабылданған осы хартияда Ұйымға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті екі жылда бір рет өткізіліп, онда Ұйымның алдағы қадамдарын белгілеу мен өткен оқиғалардың қорытындысын зерделеу үшін жиналып тұру көзделген-тін.
1992 жылы ЕҚЫҰ-ның Хельсинкидегі саммиті басталмастан екі күн бұрын сол кездегі Югославияда соғыс өрті бұрқ ете түскен. Саммитке жиналған мемлекет басшылары аз ұлттардың мәселелері бойынша және Югославиядағыдай жағдайлар орын алмас үшін Гаагада орналасқан Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар қызметін бекітіп, осы жолы жыл сайын өткізілетін ЕҚЫҰ-ның экономикалық форумын ұйымдастыру да қажеттілік деп шешкен еді.
Осы 90-шы жылдары ЕҚЫҰ бойынша Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро, БАҚ бостандығы жөніндегі өкіл және мүше елдердегі миссиялар немесе Орталықтар құрылды. Олардың мандаттарының да ауқымы кеңейді.
Мұнан соң жоғары деңгейдегі саммит 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда, 1999 жылы Ыстамбұлда өткізілді. Бас-аяғы алғашында Кеңес, онан соң Ұйым болып құрылған ЕҚЫҰ 6 рет саммит өткізді. Олардың әрқайсында да Ұйымның жұмысына жаңаша бағыт-бағдар берген маңызды құжаттар қабылданды. Алайда, Ыстамбұлдағы саммиттен кейін арада 10 жыл үзіліс орнаған. Оның өткізілмеу себептері де ресми түрде жарияланған жоқ. Екі аралықта төраға болған елдердің шақыру ниеті де бірауыздан қолдау таппаған соң, саммит өткізу ысырылып қала берген. Осыдан кейін ЕҚЫҰ-ның өз ішінде, оған мүшелердің арасында Ұйым тоқырауға ұшырады деген ойлардың да пайда болғаны шындық. Міне, осы орайда, еліміздің төрағалығы тұсында саммит өткізу туралы шешімнің шығуы, оның Астанада шақырылуының еліміз үшін абыройлы да, әрі бір жағынан сын жүгін артатын салмақты шара болатыны айқын. Осылай деп өзімізді бір қамшылап алғанымызбен, ЕҚЫҰ Саммиті алдымен Ұйымның өзіне қажет шара еді.
Арадағы 11 жылғы үзілістен кейін болатын осы жолғы саммит Ыстамбұл мен Астана Саммиті аралығында әлемде болған барлық өзгерістерді осыншалық кең ауқымда зерделеу үшін, тиісінше шешімдер шығару үшін қажет. 56 елдің, оның ішінде бір-бірімен пікірлері кереғар болып келетін, ұзаққа созылған кикілжіңді орталардың барлығы бірдей қабылдап, қол қоятын құжаттың да оңайлықпен тумасы анық. Бұған Батыстың Шығысты демократияға әлі жете қойған жоқ деген ұғымы мен Шығыстағылардың Батыстағылар Ұйымды бір топ елдердің сыртқы саясаттағы ықпалын күшейтетін құралы ретінде пайдаланғысы келеді, қос стандарттарды пайдалануға болмайды дейтіні де бар екенін қосыңыз. Сондықтан саммит жақындаған сайын, онда қабылданатын құжаттың да оңайға түспейтінін ойлап, жүрек те лүпілдей түседі.
Қалай дегенмен де, Қазақстан төрағалығы Батыс пен Шығысты жақындатуда белгілі бір дәрежеде көпір болғаны анық. Осы мүмкіндікті ЕҚЫҰ да тиімді пайдаланғысы келетіні түсінікті. Сол себептен де Астана Саммиті ең алдымен ЕҚЫҰ-ның өзіне керек деп топшылаймыз.
Жалпы, Кеңес Одағы ыдырауымен әлемнің сырт бейнесі ғана өзгерген жоқ, ішкі мазмұнға да талай өзгерістер енді. Халықаралық аренадағы саяси бәсекелестік жаңа реңк алды. Ал ЕҚЫҰ-ға мүше елдер тізімінде осы посткеңестік аймақта өз тәуелсіздігін алып, дербес ішкі және сыртқы саясатын жүргізетін жас мемлекеттердің болуы бұрынғы ойлау жүйесін енді мүлде басқа бағытқа бұрды. Міне, осы орайда, ЕҚЫҰ АҚШ пен Еуроодақтағы елдермен арада және Шығыстағы өзге елдермен, оның ішінде Ресеймен арада қай салада да – ол саяси ма, сауда-экономикалық па қарым-қатынастарды, бәсекелестікті әңгіме ететін кәдімгідей алаң болып отыр. Оның үстіне 11 қыркүйек оқиғасы әлем жұртшылығын кәдімгідей ойландырды. Бірігіп күресер, ақылдаса шешер мәселенің саны артты. Қауіпсіздік мәселесінде бұрыннан келе жатқан қару-жараққа бақылау, сенім мен қауіпсіздікті нығайту шараларына қақтығыстан кейінгі реттеу, терроризм, экстремизм, есірткі трафигімен күрес сынды мәселелер қосылды.
Ал есірткі трафигі дегенде мешеу жатқан Ауғанстан мәселесі алға шығады. Орталық Азия елдері арқылы осы бір қылмыстық трафикті ұлғайта түскісі келетін қылмыстық топтардың ойларында не жоқ дейсіз?! Олар осы Ауғанстанның жолында жатқан елдердегі мемлекеттік құрылымдарды әлсіретіп, шайқап, ол елдердегі радикалды және экстремистік пиғылдағы әлдекімдердің қолтығына су бүркуге де әзір еместігіне кім кепіл?! Ойымызға 2009 жылы Ханабадта, яғни Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында болған оқиғаны түсірсек, бұл пікірдің жаны бар екеніне шүбә келмейді. Есірткі бизнесінің тағы бір көлеңкелі жағы, әрине, оның коррупцияға кеңінен жол ашуы. Себебі, есірткі айналымынан “жуылып, тазарған” қаражаттың қомақты бөлігінің шенеуніктерді сатып алуға жұмсалатыны аян.
Төраға ел Ауғанстан мәселесін кешенді қарастыруды ұсынды. Себебі, мешеу жатқан, соғыстан экономикасы құрдымға кеткен, соның салдарынан халқы кедейшіліктің тақсіретін тартқан елге көмектің сан бағытта жүруі қажеттігін айтқан. Өзі бастап, ауған жастарын Қазақстан жоо-ларында оқытып та жатыр.
Ауғанстанның біздің елімізге жақын жатуы, әрі ауған мәселесінің әлемдік қауіпсіздікті сөз еткенде алдыңғы позицияға шығуы саммиттің күн тәртібіне сұранып тұрғаны анық.
Асылы, жаһандасқан дүниеде қандай да бір жеке елде болып жатқан оқиғаның маған еш қатысы жоқ деп айту мүмкін емес. Жекелеген аймақтағы тұрақсыздық әлем ахуалына әсерін тигізеді. Сондықтан еліміз төрағалығы тұсында осындай аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде талайлардың басын қатырған шаруалардың бір орнынан жылжуына көп еңбектенді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осындай созылмалы сырқатқа шалдыққан аймақтарда болып, күрмеуі қиын мәселелерді шешуге қарсы жақтарды араағайындармен бірге үнқатысуға шақырды.
Ресейлік белгілі саясаттанушы ғалым Алексей Власовтың сөзімен айтсақ, Астраханьда Ресей, Әзірбайжан және Армения президенттерінің кездесуі осы үш елдің Таулы Қарабақ мәселесінде кең ауқымдағы бір келісімге келу жолдарын іздеу қажеттігін түсінгендігін көрсетсе, ал бір жағынан Таулы Қарабақ мәселесін толық шешудің қиын да күрделі болатындығын байқатты. Осы тұрғыдан алғанда, дейді ғалым, Астана Саммиті бұл үдеріске қажетті серпін беріп қана қоймай, оның практикалық шешімдер табуына көмектеседі деп ойлаймын. Бұл–ЕҚЫҰ аумағында осы мәселемен арнайы айналысатын Минск тобының соңғы жылдары қол жеткізе алмай жүрген ісі. Сонымен бірге, Алексей Власов: “Алдымен саммиттің төрағалық етуші елдің жерінде өткізілуі назар аударатын жәйт. Бұл – Астананың ЕҚЫҰ-ның ішкі дамуының динамикасын ұстап тұруына және оның базалық қызметтерін атқарудағы мөлдірлігі мен тепе-теңдігінен айнымауына көрсетілген бағалау. Сөз жоқ, 2010 жылы ұзаққа созылған кикілжіңді реттеу алаңдарында Астана басты ойыншының бірі болды”, дейді.
Ал көптен бері өткізілмеген саммитке Астанада жиналудың өзі, бір жағынан, Ұйымның жоғарыда айтылған тоқыраудан шығуының әрі 56 елдің әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселесін біріге отырып жоғары деңгейде қарау қажеттігін ұғынудың да бір белгісі болса керек. Сонымен қатар, еліміздің өз төрағалығын адамзаттық игілік жолында адал атқаруының да дәлелі екені сөзсіз. Оның артында халқымыздың “Елдестірмек – елшіден” дейтін ұлттық дипломатиясы, мемлекетіміздің ұстанған көпвекторлы саясаты, іштегі тұрақтылық пен ешкімді де сыртқа теппейтін кеңпейілділігі мен тәуелсіз Қазақстанның саясатта, экономикада, әлеуметтік-гуманитарлық және қауіпсіздік мәселелерінде интеграцияға ұмтылған сарабдал саясаты жатқаны анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Euronews” телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында: “...Қазақстан ЕҚЫҰ кеңістігіндегі түрлі құрылымдардың белсенді қатысушысы және өзге де “бәсекелес” ұйымдарға кіретін мемлекеттермен тығыз әрекеттестікте бола отырып, ешкімді алаламайтын бағыт ұстануға болатынын және солай істеу қажет екенін айғақтап берді”, дейді.
Шынында, келер жылы ИКҰ төрағалығына кірісетін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сынды үлкен ұйым құрылуының бастаушысы Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығын атқарған тұсында Ұйымның азиялық бағытқа жүзін бұруына мол үлес қосты. Ұйымда Азиядағы әріптестермен жұмыс жасайтын Жеке өкілі етіп түрік дипломаты Э.Тезгюрді тағайындады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы еуроатлантикалық аймақтан еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін бұдан былай назардан тыс қалдырмай ұстайтын болса, онда Қазақстан төрағалығының үлесі зор екені күмәнсіз.
Расында, әлемді ойлантар жаңа қауіп-қатерлер жетерлік. Оған ЕҚЫҰ-ның үш себетіндегі мәселелерді оң шешу арқылы жауап беруге болады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.