Кеше елордадағы “Астана-Арена” стадионында Есіл ауданының әкімі Қайрат Жаңабергенов журналистерге жетекші Ұйым Саммиті өтетін күндері қала аумағын ретке келтіру мен оның санитарлық жағдайын қамтамасыз ету үшін жұмылдырылатын арнайы техникаларды көрсетті. “Есілдің сол жақ жағалауындағы жаңадан құрылған Есіл ауданы Астанаға келетін жоғары мәртебелі қонақтарды қабылдайтын басты әкімшілік орталық екені белгілі. Сондықтан, ол барлық талапқа сай болуы қажет. Бүгінде ауданымыз 5 учаскеге бөлінді. Онда түрлі бағыттағы тазарту жұмыстары жүргізілді. Бұл шараға 350-ден астам жұмысшы тартылса, ал коммуналдық қызмет 2 ауысымдық жұмыс режіміне көшірілді”, – деді Есіл ауданы әкімі өз сөзінде.
Ауданды саммитке дайындау бірнеше бағытта жүргізілмек. Мәселен, абаттандыру, санитарлық тазалық, аудан көшелерін жарықтандыру, қонақ үй қызметінің сервисін жетілдіру, мейрамханадағы қызмет көрсетулердің сапасын көтеру, ауданда орналасқан нысандарды Жаңа жылдық жабдықтармен безендіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану мен Қазақстан Республикасының “Жарнама туралы”, “Тіл туралы” заңдарына сәйкес, нысандарды визуалды түрде безендіру бойынша арнайы рейдтер ұйымдастыру, тұрғын үй кешендеріндегі заң бұзушылықтардың алдын алу – бүгінгі таңда Есіл ауданы әкімдігінің мойнына жүктелген міндеттердің ең маңыздылары.
Бірақ, осылардың ішінде Есіл ауданы аумағын тазалықпен қамтамасыз ету мен ретке келтіруге айрықша мән берілмек. Мәселен, аудан көшелерін механикаландырылған ретке келтіру мен тазалық жұмыстарына 192 арнайы автокөлік бірлігі тартылыпты. Ал механикаландырылған мұндай жұмыстардың жалпы аумағы 4 865 442 шаршы метрді құрайтын көрінеді. Оның ішінде кварталішілік ретке келтіру жұмыстарына 14 өзі аударғыш және 7 ZL-50 жүк тиегіш мәшинелер, сондай-ақ, 88 адам жұмылдырылмақ. Саммит күндері бұл техникалардың барлығы “Астана-Арена” стадионы мен “Заречный” тұрғын үй кешені маңында шоғырланатын болады.
Қайрат Мырзаханұлының айтуынша, қалаға алдағы 2010-2011 жылдардың қысқы кезеңінде санитарлық тазалық пен ретке келтіру жұмыстарын ұйымдастыру “Астана – Тазалық” ЖШС, “Астана Зеленстрой” АҚ және “Астана Орманы” МКӨ мекемелеріне жүктеліпті. Олардың құрамында 257-ге тарта арнайы техника бар.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.