Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.
Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы қолдауды қолға алып, оны қалыпты жолға түсіру үшін Үкімет өзінің үстіміздегі жылғы 13 сәуір күні өткен отырысында “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын бекіткені белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылғы Жолдауын жариялаған жиында: “Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады”, – деген еді. Ал Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет пен бүкіл кәсіпкерлік ұйымдар арасында бірегей үйлестіру кеңесінің құрылғанын айта келіп, “Бұл – өткен жыл бойына өмір сүріп, өз жұмысының тиімділігін көрсеткен бұрынғы дағдарысқа қарсы үкіметтік кеңестің қисынды жалғасы. Бұл – біз оперативті режімде шешімдер қабылай алатын орган. Яғни, біз кәсіпкерлік және банктік ортамен өзара қарым-қатынастардың жұмыс органын құрдық”, деп атап көрсеткен болатын . Үкімет басшысы сол жолы атап өткендей, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының бекітілген нұсқасы догма емес, қажеттілік болғанда және жүзеге асыру тәжірибесі тұсында оны жетілдіре түсу үшін қажетті түзетулер енгізіліп тұрады. “Бизнестің жол картасы-2020” – бұл экономикалық қана емес, сонымен бірге, бірінші кезекте саяси да мәселе. Нақты сектордағы әртараптандырудың тағдыры мен Қазақстанның сыртқы рыноктардағы бәсекеге қабілеттілігі біздің бизнестің осы бағдарламаға қаншалықты қосыла алатындығына байланысты болмақ. Дәл ұлттық бизнестің өзі Қазақстан экономикасын дамытудың локомотиві болуға тиіс. Мәселені қарау барысында болашаққа бағыт ұстайтын байыпты бағдарламаға осындай баға беріп өткен Премьер-Министр 2010 жылы ресурстардың елеулі бөлігінің жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сауықтыруға жұмсалатынын айта келіп, келесі жылдан бастап біздің банктік орта қаржы ресурстарының нақты экономиканы несиелеуге қарай бетбұрысын ынталандыру қолға алынатынын тілге тиек етті. Осы жерде ол сондай-ақ біздің қай бағытқа қарай бет алып бара жатқанымызды көрсету үшін жаңа жоғары технологиялы өндірістерді құрудың негізгі мақсатқа айналатындығына назар аударды. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың 2014 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тетіктерінің бірі болып табылады. Бағдарлама жеке кәсіпкерлікті дамыту тұрғысында шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсету, әкімшілік кедергілерді төмендету, тауарлар сатып алу мен қызметтер көрсетуде қазақстандық мазмұнды ұлғайту үшін қажетті жағдайлар жасау жайларын қарастырады. Айналып келгенде, бұл бағдарламаның басты мақсаты экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты да тепе-тең дамуын қамтамасыз ету, сол сияқты қазіргі бар жұмыс орындарын сақтап, жаңадан тұрақты жұмыс орындарын ашу болып отыр. Бағдарламаның мақсатты индикаторларына жалпы сомасы 400 миллиард теңгеден кем болмайтын несиелерді жыл сайын төмендетіп отыру көрсеткішін жатқызуға болады. Ал 2015 жылға қарай елдегі өңдеу өнеркәсібінің ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесін 12,5 пайыздан кем емес деңгейге, шикізаттық емес экспорттың үлесін жалпы экспорт көлемінің 40 пайыздан кем емес деңгейіне, шикізаттық емес сектордың көлемін өңдеу өнеркәсібінің жиынтық өндірісі көлемінің 43 пайыздан кем түспейтін деңгейіне жеткізу, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 1,5 есеге ұлғайту міндеті алға қойылады. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі үш бағыты бар екені де қазір жұртқа түгел мәлім. Енді соларды бір қайталап айтып жіберсек, олардың жаңа бизнес-бастамаларға қолдау көрсету, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсету сияқты үш ұстыннан тұратынына тағы көз жеткізе түсеміз. Сөз сыралғысында бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде қандай жетістіктерге қол жеткізілгелі тұрғанын, олардың қандай басты мақсаттарды алға тартқанын айтып өткеннің де артықтығы болмас. Біріншіден, ол индустриялық-инновациялық дамуға бағытталған жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында жеке сектордағы кәсіпорындар үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін арттыруға қызмет жасайды. Екіншіден, жеке сектордың, бірінші кезекте банктердің қаржыларын экономиканың шикізаттық емес секторларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тартатын болады. Үшіншіден, жеке сектордың, бірінші кезекте, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қаржылық-экономикалық тұрақтылығын арттыруға көмектеседі. Бағдарлама осы мақсатты жұмыстарды жүзеге асыру үшін оны екі ірі кезеңге бөліп қарастырып отыр. Мұның бірінші сатысы 2010 жылдан 2014 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Онда биылғы 2010 жыл қанатқақты жыл болып есептеледі. Ал екінші саты 2014 жылдан 2020 жылға дейін созылып, осы қолға алынған іргелі жұмыстарды тиянақтайды. Бұл ретте бағдарламаның қажетті қаржылары мен оларды қаржыландыру көздерінің де түбегейлі шешіліп қойылғанын айтуымыз керек. Оны жүзеге асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 30 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржылардың 11,2 миллиард теңгесі жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға, 16 миллиард теңгесі кәсіпкерлік секторды сауықтыруға, 2,8 миллиард теңгесі экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсетуге жұмсалмақ. Осы жерде Үкімет басшысының мына бір сөзін еске сала кеткен жөн. “Бөлінген қаржыларды пайдаланудың мөлдірлігін қамтамасыз етудің маңызы орасан зор. Біздің дағдарысқа қарсы бағдарлама бойынша бірлескен тәжірибеміз оған нақты дәлел болып табылады. Осындай маңызды жұмысты республикалық және өңірлік деңгейлерде жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін”, – деген еді бұл орайда Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Үкімет отырысында. Енді бірінші бағытты құрайтын бизнес-бастамаларға қалайша қолдау көрсетіледі деген мәселеге келер болсақ, бұл ретте мынадай маңызды міндеттердің шешім табатынын атап көрсету қажет. Олардың қатарында жобаларды жүзеге асыру үшін банктер берген несиелердің пайыздық ставкаларын субсидиялау, жобаларды жүзеге асыру үшін банктер берген несиелерді ішінара кепілдендіру, өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымдарды дамыту, бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету, кадрлар даяр-лау, жастар тәжірибесі және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру секілді мәселелер бар. Келесі бағыт – кәсіп-керлік секторды сауықтыру шеңберінде борышкерге банктер несиелері бойынша бұрыннан бар және жоба қолдау тапқаннан кейін пайда болатын бір несиелік желідегі жаңа борыштар бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялау, борышкердің салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді (дербес табыс салығынан өзге) төлеуін кейінге, яғни өсімақы есептеместен 3 жыл мерзімге қалдыра тұруды заңдық деңгейде қарау, кәсіпорынды қаржылық-экономикалық сауықтыру жоспары шеңберіндегі өзге де сауықтыру шаралары, оның ішінде Қазақстанның қор биржасында орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлар алдындағы борыштарды тоқтата тұру түріндегі қолдаулар көрсетілуі мүмкін. Бағдарламаның бұл бағытына экономиканың басым секторларындағы кәсіп-керлер ғана қатыса алады. Сол сияқты үшінші бағыт – экспортқа бағдарланған өндірістерге қолдау көрсетуге тоқталсақ, бұл ретте мемлекеттік қолдау бұрыннан бар банк несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялау арқылы жүзеге асырылатынын айтар едік. Бағдарламаның бұл бағытына тау-кен және металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарынан тыс, экономиканың былайғы барлық секторларында өндірген өнімдерінің 10 пайыздан астамын экспортқа шығаратын кәсіпкерлер қатыса алады. Онда пайыздық ставкалары субсидияланатын несиелердің сомасы бір заем алушыға шаққанда, 3 миллиард теңгеден аспауы тиіс. Субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі одан әрі 10 жылға дейін ұзарту мүмкіндіктерін қарастыра отырып, 1 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Тағы бір мәселе. 2010 жылы бағдарламаға қатысушы банктердің сыйақы ставкалары 12 пайыздан аспайтын болуы керек. Бұл жағдайда экспорттаушы 4 пайызын төлейді де, мемлекет 8 пайызына өтемақы береді. 2011 жылдан бастап субсидиялау мөлшері банк сыйақысы ставкасының 70 пайызын құрайтын болады. Пайыздық ставкаларды субсидиялау және банктердің несиелері бойынша кепілдік беру тәртібіндегі бағдарламаның барлық бағыттарын Үкімет айқындайды. Қазіргі таңда елімізде осы бағдарламаны жүзеге асыру бағытында біршама жүйелі жұмыстар жүруде. Оны қыркүйек айында Ақтөбеде өткен республикалық кеңестің қорытындылары да айқын байқатып берді. Сол жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев атап көрсеткендей, бағдарламаны тыңғылықты жүзеге асыру жөнінен Ақтөбе, Қарағанды және Алматы облыстары республиканың өзге өңірлерінен оқ бойы алда келеді. Бағдарламаны жүзеге асыру жайы қазан айының аяғында Алматыда өткен Қазақстан бизнес көшбасыларының екінші республикалық форумында да кеңінен сөз болды. Онда “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша жаңа бизнес-бастамаларды қолдау бағытында аймақтарда 19,7 миллиард теңгенің жобалары мақұлданғаны айтылды. Қазірге дейін екінші деңгейлі банктерде 313,8 миллиард теңгені субсидиялау туралы 513 өтініш қаралып жатыр. Алғашқы бағыт бойынша экономиканың мәшине жасау, металл өңдеу, агроөнеркәсіп кешені, фармацевтика және басқа салаларын қамтитын 58 несиелік жоба мақұлданған. Бұл деректі жоғарыдағы жиында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов жеткізді. Осынау жобалардың арасында құны 3 миллиард теңге тұратын №3 Қарағанды жылу-электр орталығын жаңарту мен қуатын ұлғайту, тәуліктік қуаты 150 тонна астық өңдеуге арналған “Белес-Агро” ЖШС-ның 1,5 миллиард теңгелік диірмен кешені құрылысы, қазақстандық алғашқы газ өндіруші агрегаттар мен газ-турбиналы электр стансасы агрегаттарын жасауға арналған “Батыс Қазақстан мәшине жасау компаниясы” (1,5 миллиард теңге) ең ірілері болып табылады. Өзінің сөзінде М.Құсайынов сонымен бірге мақұлданған жобалардың басым бөлігі Ақтөбе (18), Қарағанды (11), Батыс Қазақстан (9) облыстары мен Алматы (7), Астана (6) қалаларының үлесіне тиетінін де атап өтті. Оларды несиелеуді негізінен “ТұранӘлем” банкі (3,1 миллиард теңгенің 23 жобасын), “Альянс банк” (1,5 миллиард теңгенің 16 жобасын), Халық банкі (3,1 миллиард теңгенің 13 жобасын), “ЦентрКредит” банк (5,4 миллиард теңгенің 10 жобасын) пен Ресей “Жинақбанкі” (4,5 миллиард теңгенің 7 жобасын) мақұлдап отыр. Бүгінгі таңға “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша экспортқа бағытталған өндірісті қолдау бағытында аймақтарда 22,4 миллиард теңгенің несиесін субсидиялаудың 21 жобасы келісімге ие болыпты. “Мақұлданған 21 жобаның 11,1 миллиард теңгелік 6 жобасы Шығыс Қазақстан облысында, 2,7 миллиард теңгенің алты жобасы Қарағанды облысында. Ал өзге жобалар Оңтүстік Қазақстан (3), Алматы, Батыс Қазақстан (екі-екіден) және Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан (бір-бірден) облыстарының үлесіне тиіп отыр. Бұл кәсіпорындарда қазір 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейтін болса, жобалар жүзеге асырылған кезде қосымша 1,5 мың адамға жұмыс орны ашылмақ. Онда металлургия, тоқыма өнеркәсібі сияқты басқа да салалар қамтылған”, – деді осы орайда жоғарыдағы бизнес-форумда Экономикалық даму және сауда вице-министрі М.Құсайынов. Ал субсидия алатын несиелердің ең ірілері Оңтүстік Қазақстан облысындағы “South Textіlіne KZ” ЖШС (3 миллиард теңге), Шығыс Қазақстан облысындағы “Шығысмашзавод” АҚ (2,8 миллиард теңге) және Алматы облысындағы “Қайнар АКБ” ЖШС (1,8 миллиард теңге) жобасы болған. Жалпы, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша жаңа бизнес-бастамаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау бағыттарында қазіргі таңда субсидиялауда 73,47 миллиард теңгелік несиенің 130 өтініші мақұлданған. Оның 58-і (19,7 миллиард теңге) бірінші бағыттағы, 31-і (31,3 миллиард теңге) екінші бағыттағы, 21-і (22,4 миллиард теңге) үшінші бағыттағы жобаларда қарастырылған. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бағдарламаның негізгі құралдарының бірі саналатын несиелерді кепілдендіру бойынша аймақтарда 5,7 миллиард теңгенің 22 жобасы мақұлданыпты. Олардың 7-уі Ақтөбе (2,1 миллиард теңге), 4-уі Қарағанды (925,5 миллион теңге) облыстарында орналасқан. Ал Алматы қаласы мен Павлодар, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарына екі-екіден, Астана қаласы мен Алматы, Солтүстік Қазақстан облыстарына бір-бірден келіп отыр. “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша бюджеттен сервистік қолдауға 138 кәсіпорынға 638,7 миллион теңге бөлінген. Сервистік қолдау құқықтық, маркетингтік, консалтингтік, бизнес-жоспарлар жасау, өндірілген өнімді ілгерілету мен айналымға қосу, бизнесті ашу мен жүргізу қызметі түрлері бойынша жасалады. Ол негізінен тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм сияқты салалалардағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіледі. Вице-министр Марат Құсайыновтың айтуынша, бюджеттен өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 81 кәсіпорынға 4,8 млрд. теңге бөлінген. Өндірістік аймақтарды ұйымдастыру аясында өтініштер Ақтөбе (18), Солтүстік Қазақстан (15), Жамбыл (7), Қостанай (6), Ақмола (6), Оңтүстік Қазақстан (5), Қарағанды (5), Қызылорда (4), Атырау (4), Маңғыстау (3), Алматы (3), Батыс Қазақстан (1) облыстары мен Алматы (2) және Астана (2) қалаларынан түскен. Ондағы кәсіпорындарда қазір 14 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Сервистік қолдаудан кейін онда тағы 5,4 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Ал субсидиялау кезеңінде олардың салықтық төлемдері 27 млрд. теңгеден аспақ. Сонымен, “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы өз мақсатын орындаудың даңғыл жолына түсті. Оның алған бағыты мен атқарып жатқан жұмыстары көңіл тоғайтады. Ал осы қамқорлық пен қолдауды тиімді пайдалана білу жалғыз шағын және орта бизнес өкілдерінің ғана емес, оларды дұрыс жолға салу міндеті жүктелген атқарушы органдар мен тиісті құрылымдардың да міндеті болмақ. Серік ПІРНАЗАР.Қазақстанның екі өңірінде жол жабылды
Ауа райы • Бүгін, 16:25
Астана даңғылдарының бірі 2 аптаға жартылай жабылды
Елорда • Бүгін, 15:47
Өскеменде бір ай бұрын жоғалып кеткен 19 жастағы қыздың мәйіті табылды
Қоғам • Бүгін, 15:17
Ақтау маңында ірі жол апаты болып, 7 адам ауруханаға жеткізілді
Аймақтар • Бүгін, 14:42
Алаш қозғалысы: 12 том құжаттар мен материалдар жинағы толық жарық көрді
Руханият • Бүгін, 14:03
Шайды қай кезде ішкенде зияны болмайды
Денсаулық • Бүгін, 13:32