26 Қараша, 2010

Ақсу зауытының аршынды асулары

973 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Елбасының 2010 жылғы 1 ақпандағы Жар­лығымен бекітілген “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспа­рында” еліміздің жаһандық дағдарысты еңсере отырып, алдағы 10 жылдықта табысты индус­триялық даму жолына шығу бағыттары айқын­далған. Жоспарда “Стратегиялық жоспар-2020 уа­қыттың сын-тегеуріндеріне Қазақстанның жауабы болып табылады. Оны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстан дамушы нарықтық эко­номикасы бар елдердің бірінші қатарында болып қалады. Стратегиялық жоспар-2020 мемлекеттің жарқын болашаққа қол жеткізу жөніндегі Қа­зақстан азаматтарының алдындағы міндеттемесі болып табылады” деп атап көрсетілген. Иә, еліміздің алдағы 5 жылға арналған индус­триялық-инновациялық бағдарламасы осы кө­кейкесті стратегиялық жоспардың мерейлі мәресі екендігін көрсетіп отыр. Даму бағдарламасы айқындаған алғашқы жылдың өзінде-ақ ел экономикасын әртараптандыру, өндірісті шикізаттық сипаттан жоғары технологияларға негіздел­ген дайын өнім өндіру бағытына бейімдеу мақсатында бұрын-соңды болып көрмеген бастамалар өмірге келіп, ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Осынау серпінді индустрия­лық-инновациялық үрдіс аясында Қазақстанның өндірістік саласының көшбасшыларының бірі Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясының (ENRС) атқарып келе жатқан жұмыстарының ауқымды екендігін ерекше атап өткен жөн. Сонау бір тоқсаныншы жылдардың тоқырауға түсіп, енді ғана егемендік алған елдің экономикасы тығырыққа тірелген шақта ENRС тобы сахнаға шығып, табиғи қазба байлықтарын ұтымды игеру нәтиже­сінде әртараптандырылған өндіріс кешенін қалыптасты­руға бел шеше кірісті. Сол бір кезеңде бұл корпорацияның жұмысы жүйелі жолға түсіп, халықаралық дәрежеде мойындалған өндірістік кешен қалыптасады деп сенім артқандардың қатары көп емес еді. Алайда ENRС тобы өндіріс саласына тиімді инвестиция­лар тарта отырып, аз уақыттың ішінде жоғары технологияға негізделген тұтас бір трансұлттық корпорация құруға қол жеткізді. Қазір ENRС жылдық табысы 6,8 миллиард долларға жететін халықаралық ірі компания­лардың бірінен саналады. Компанияның өндірісті одан әрі дамыту үшін 2010 жылға белгілеген күр­делі қаржысының өзі 1,3 миллиард АҚШ долла­рынан асады. Бүгінде компанияда 70 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, оның 65 мыңы қазақстан­дықтар болып табылады. ENRС тобы еліміздегі тау-кен өндірісі және түсті металлургия көшбасшылары болып табылатын “Қазхром” трансұлттық компаниясын, Жәйрем, Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігін, Қазақстан алюминийі, Қазақстан электролиз зауыттарын, Еуразиялық энергетикалық корпорация және ENRС Logіstіcs сияқты өнеркәсіп кешендерін біріктіріп отыр. Сонымен бірге корпорация құрамына Африкадағы жез және кобальт өндіретін САМЕС, Chambіshі Metals PLC және Camrose Resources Lіmіted ком­паниясының 50,5 пайызы, Ресейдегі Серов ферро­қорытпа зауыты және Бразилиядағы, Қытайдағы, Оңтүстік Африкадағы бірнеше компаниялар кіреді. Аталмыш корпорация егемен еліміздің ішкі жалпы өніміне қомақты үлес қосып, эскпорттық әлеуетті арттыруда жетекші орын алып келеді. Қазір ENRС тобы әлемдегі феррохром, темір кенін, алюминий тотығын өндіретін ірі компаниялардың бірінен саналады. Сонымен бірге ол Қазақстандағы электр қуатын өндіруші ірі орталық болып табылады. Топ еліміздің өндіріс саласын әртараптандыруға, негізгі капиталды ірілендіруге қомақты қаржы құйып келеді. Мәселен, ENRС өндірісті дамытуға таяу болашақта 5,9 миллиард АҚШ долларын жоспарласа, оның 5,3 миллиард доллары Қазақстандағы ірі жобаларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Бүгінгі таңда ENRС тобы еліміздің индус­триялық-инновациялық бағдарламасын іс жүзіне асыру үшін қомақты қаржы бөліп, бірқатар индустриялық жобаларды пайдалануға беру міндетін қолға алған. Атап айтқанда, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қуаты жылына 440 мың тонна жоғары көмір қышқыл газды феррохром цехын салуға 750 миллион доллар қаржы бөліп отыр. Бұл цех 2013 жылы пайдалануға берілмек. “ССКӨБ” АҚ-тың құрамында жылына 7 млн тонна кен өңдейтін байыту зауытын салуға 440 млн доллар, қуаты 3 млн. тонна кен өңдеуге арналған күйдіру мәшинесін және қуаты 1,8 млн. тонна жентектелген темір балқымасын шығаратын зауыт құрылысына 920 млн. доллар қаржы салып отыр. Бұл жобалар 2014 жылы іске қосылмақ. Сонымен бірге “ССКӨБ”АҚ-тың кен базасын кеңейтуге қосымша 715 млн. доллар қаржы салынбақ. Сол сияқты ENRС тобының құрамына кіретін Қа­зақстан алюминийі кешенінің өндірістік базасын нығайтуға да қомақты қаржы жұмсалып отыр. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ENRС тобы Павлодар облысындағы өзінің өндірістік базала­рының бүгінгі даму қарқынымен таныстыру мақ­сатында бірқатар жетекші БАҚ өкілдері қатысқан пресс-тур өткізген болатын. Топ құрамына кіретін Қазақстан “қанатты металлының” өндіріс кешенде­рінің бүгінгі тынысы мен болашақ жоспарлары ту­ралы газетіміздің өткен санында жан-жақты баян­даған болатынбыз. Енді осы корпорация құрамына кіретін Қазақстан түсті металлургия саласының басқа кәсіпорындары туралы тілге тиек етпекпіз. ENRС тобының құрамындағы әлемге танымал ірі компаниялардың бірі – “Қазхром” ТҰК болып табылады. Бұл компания әлемдік рынокта фер­роқорытпа өндіруде екінші орын алады. Ком­панияның құрамына Дон кен байыту комбинаты, “Қазмарганец” кен басқармасы, Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары кіреді. Компания кә­сіпорындарында бүгінгі таңда 18 мың қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазір компа­ния жылына 1,5 млн тонна ферро­қорытпа, 3 млн. тонна тауарлы хром кенін, 300 мың тоннадан астам марганец концентратын шығарады. Компанияның ірі өндірістік құры­лымының бірі – Павлодар облы­сындағы Ақсу қаласында орналас­қан Ақсу ферроқорытпа зауыты болып табылады. Бұл зауыт дүниежүзілік металлургия саласында хром, кремний және марганец қорытпаларын шы­ғаратын ірі зауыттардың бірінен саналады. Соны­мен бірге Ақсу зауыты жылына 1 млн. тоннадан астам ферро­қорытпа өндіреді. Бүкіл әлемде шы­ғарылатын болат құймаларында Ақсу ферро­қорытпасының үлесі бар десек артық айтқандық болмас. Бұл зауыт негізгі 1968 жылы қаланған болатын. Содан бері зауыт әлемдік металлургия рыногында өзінің лайықты орнын алып, тұрақты даму баспалдақтарынан өтіп келеді. Зауытта 4 балқыту пеші жұмыс істейді. Кәсіпорындағы жұмыс істеп тұрған 26 жоғары қуатты пештердің барлығы дерлік газдан тазарту жүйесімен жабдықталған. Ақсу ферроқорытпа зауыты еліміз бойынша энерге­тикалық қуатты ең көп тұтынатын кәсіпорын­дардың бірінен саналады. Мәселен, зауыт бүкіл Павлодар өңіріне таралатын электр қуатының күніне 50 пайызын тұтынады. Осыған байланысты зауыт құрамында Қазақстандағы электр энер­гиясын өндіретін ірі электр стансасы жұмыс істейді. Ақсу ферроқорытпа зауытында ұзындығы 70 шақырымнан асатын темір жол торабы, 200 шақырымға созылған автокөлік жолы бар. Зауыт осы көлік инфрақұрылымын қалыпты жағдайда ұстау және дамыту мақсатында біршама кешенді шаралар­ды жүзеге асыруда. Өйткені көлік инфрақұрылымы ірі кәсіпорынның күретамыры сияқты. Зауытқа күн сайын 7 мың тоннадан астам жүк жеткізіліп және әкетіліп жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдік рынокта шешуші орын алатын Ақсу ферроқорытпа зауыты өнімдерін ТМД мемлекеттерінен басқа АҚШ, Жапония, Қытай, Австралия, Оңтүстік Кореяға және Еуроодақтың барлық мемлекеттеріне дерлік жөнелтеді. Болашақ даму бағдарламасында қоршаған ортаны қорғау және өндірісті қалдықсыз өнім шығаруға бейімдеу тұрғысында кешенді істерді жүзеге асыруды мақсат еткен зауыт өндіріс қалдық­тарын барынша азайту мақсатында бетбұрысты шараларды қолға алып отыр. Мейлінше қалдықсыз өндіріс қалып­тастыру үшін Ақсу ферроқорытпа зауыты агломера­циялық цех құрылысын салу жөніндегі ірі инвести-циялық жобаны жүзеге асырды. Бұл озық техно­логияға негізделген цех зауыт өндірісінің қалдық­тарын қайта өңдеуден өткізіп, қосымша ферроқо­рытпа алуға мүмкіндік береді. Бұл цехтың қуаты жылына 270 мың тонна хромды агломерат және 80 мың тонна марганец агломератын шығаруға ар­налған. Қоршаған ортаға барынша аз зиянды қалдықтар шығару үшін жүзеге асырылып жатқан бұл инвестициялық жоба өндірістің тұйықталған цик­лын қалыптастыруға негіз қалап отыр. Агломерат цехын іске қосу арқылы бүгінде зауыт шикізат қалдықтары болып саналатын тау-тау өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік алды. Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Арман Есенжоловтың айтуынша, өндіріс кешенінде алғаш рет іске қосылып отырған агломерат цехы ТМД елдеріндегі бірден-бір өндіріс қалдық­тарынан өнім шығаруға қажетті шикізат қорын алатын заманауи өндіріс орталығы болып отыр. – Біздің өндіріс электр қуатын мейлінше көп қажет ететін кәсіпорын болып табылады. “Ферроқорытпа өнімін экспорттау, электр қуатын экспорттаумен бірдей” деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Сондықтан біз өндірісімізді 100 пайыз электр қуатымен қамтамасыз ететін Ақсу электр стансасын қайта құруға мүдделіміз, – дейді зауыт директоры, осы саланың білікті маманы Арман Бекетұлы. Ақсу электр стансасының алғашқы блогы сонау 1968 жылы пайдалануға берілген екен. Содан бергі уақытта кезең-кезеңмен бұл электр стансасында қуатты 8 энергоблок іске қосылған. Жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген және жабдықтары ескірген бұл энергоблоктарды қайтадан қалпына келтіріп, бүгінгі заманның сұранысына лайық жабдықтармен жарақтандыру күн тәртібіне өткір қойылып келді. Сөйтіп, 1998 жылдан бері тұрып қалған №2 энергоблокты қайта құру жұмыстары 2008 жылы қолға алынды. Жақында қайтадан толық жаңартылған №2 энергоблок тұтынушыларға қайтадан электр энергиясын жөнелте бастады. Қуаты 325 Мвт. электр энергиясын өндіруге негізделген бұл блоктың құрылысына 230 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Ақсу электр стансасы негізінен Екібастұз кенішінің “Шығыс” разрезінде шығарылатын көмірді тұтынады. Сондықтан бұл разрезде көмір өндіруді одан әрі дамыту мәселесі де Ақсу ферроқорытпа зауыты тарапынан инвестиция тартуды қажет етеді. Соңғы жылдары “Шығыс” көмір кенішінде кен қопаратын айналмалы-ағылмалы аршынды кешен іске қосылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға 85 млн. доллар қаржы жұмсалды. Ақсу электр стансасын техникалық сумен жабдықтаушы Ертіс өзені болып табылады. Өзен суының сапасын төмендетпеу мақсатында өндіріске пайдаланылған суды сүзгіден өткізу жобасы іске қосылған. Сондықтан станса пайдаланып келген өзен суының сапалық құрамы көп жылдар бойы барлық экологиялық нормалардан ауытқымай келеді. Өзен суының сапасы белгіленген нормаға сай екендігін дәлелдеу мақсатында Ақсу электр стан­сасы пайдаланған суды сүзгіден өткізгеннен кейін оны арнайы арналарға толтырып, балық өсіру жұ­мыстары жүргізіледі. Осы мақсатпен құрылған стан­са құрамындағы балық шаруашы­лығы 1988 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Балық шаруашы­лығы өндірістен шыққан суды тазарт­қаннан кейін оған табан балығының шабақтарын жіберіп, оларды өсіреді. Балық шаруашылығы осын­дай әдіспен жылына 300 тонна балық дайындайды. Ақсу ферроқорытпа зауыты қала құраушы кәсіпорын болып саналады. Сондықтан Ақсу қаласының барлық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары зауыттың қаржылай қолдауы­ның арқасында жұмыс істеп келеді. Сонымен бірге қаладағы соғыс және еңбек ардагерлеріне, аз қамтамасыз етілген отбасыларына, мүгедек балаларға әлеуметтік қолдау көрсету де зауыттың тұрақты түрде іс жүзіне асырып келе жатқан игі шараларының бірінен саналады. Дүние жүзіндегі түсті металлургия рыногында өзінің елеулі қолтаңбасын қалдырып келе жатқан қазақстандық ENRС тобының құрамына кіретін Ақсу ферроқорытпа зауытының таяу болашақта жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жоспарларының жобасы ауқымды. Әлемдік рынокқа ферроқорытпа шығаруда дүние жүзінде екінші орын алатын зауыттың бүгінгі тынысы инновациялық жаңа кешенді жобалармен өрнектелсе, болашағы одан да зор. Оған елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық бағдарлама шеңберінде Ақсу ферроқорытпа зауытында қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық қайта құрулар дәлел. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. * * * Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.eco.gov.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.mz.gov.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.gov.kz
Қаржы министрлігі www.mіnfіn.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет министрлігі www.sana.gov.kz
Байланыс және ақпарат министрлігі www.bam.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі www.mіt.kz
Экономикалық даму және сауда министрлігі www.mіnplan.kz
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Мұнай және газ министрлігі www.memr.gov.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz
Жер ресурстарын басқару агенттігі www.auzr.kz