26 Қараша, 2010

Дүбірге толы дүние

379 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
НАТО – Ресей: тіл табысу жолында Лиссабонда өткен Солтүстік Атлантикалық одақтың саммитін сарапшылар тарихи деп бағалап отыр. Онда бұл ұйымның алдағы он жылдық стратегиялық бағыты айқындалды. Онда ауған мәселесі бойынша нақты шаралар белгіленсе, НАТО мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста жаңа бетбұрыс жасалды. Ауғанстан мә­се­лесіне бай­ла­нысты біздің елі­міздің ұстанған бағыты Пре­зи­ден­тіміз Нұр­сұл­тан Назар­баев­тың сөзінде жан-жақты баян­да­лып, ол баспа­сөз­де кеңінен жа­зыл­ды. Бүгін біз осынау басқосуда үнемі әлем жұртшылығының назарын аударып келе жатқан НАТО мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа тоқталғанды жөн көріп отырмыз. “28+1” формуласының өзі көп жайды аңғартады. Оны қазақ­шаласақ, “қырық кісі бір жақ, қы­ңыр кісі бір жақ” дегенге саяды. Рас, кезінде Ресей жағында, нақтырақ айтсақ, КСРО жағында, біраз елдер болған. Заман өзгеріп, олар НАТО-ға қосылуды жөн көрді. Мұны ешкім де сатқындық санамайды. Парасаттылық қай жағында екенін аңғарып, таңдау жасады. Ресей басқалар біздің де­генімізбен жүрсін, НАТО-ға кір­ме­сін дегенді де айтты. Ал Шығыс Еу­ропаның елдері, мұн­дай ұста­нымға көнбей, тәуелсіз де егеменді елміз, өз тағдырымызды өзіміз шешеміз деп, көпшілігі НАТО-ны барып паналады. “28+1” фор­муласы солай пайда болды. Жалғыз қалғанмен, Ресейдің әскери әлеуеті үлкен. Ол НАТО-ны жау санап тұрғанда, онымен есептеспесе болмайды. Содан да екі жақ бір-бірімен аңдысып, бірінің ісіне екінші жақ жауап беріп, қорғаныс дегеннен гөрі қарулану деген жөн болар, иә сол қарулану жарысы жүріп жатты. Қандай да бір шабуылдан, ең алдымен, лаңкестік шабуылдан қор­ғаныс мақсатында НАТО ел­дері зымы­ранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) шараларын жүргізсе, оны Мәскеу өзіне қарсы әрекет деп ба­ғалады. НАТО жағы сендіре ал­мады. Екі жақтың арасында сенім бол­маған соң, жа­­­қындасуға жол жабылады. Көп нәрсе ни­ет, ықыласқа бай­ланысты. Жа­­қындасудың ор­ны­на бір-бірін жау санап, қалай да бір-бірінен жау­лық іздегенде, достасу қиын. “Елдестірмек – елшіден” дейміз. Ресейдің НАТО-дағы елшісі Дми­­трий Рогозинді жұрт жақсы бі­ле­ді. Орыс шови­низ­­мінің туын кө­терген осынау қайраткер Ресей мен НАТО ара­с­ы­­на достық дәнекер болады дегенге көп адам сене де қоймас. Лиссабондағы сам­мит басталған күні “Известия” газетінде оның сұхбаты жария­лан­ды. НАТО жө­нінде оның аузынан жылы лебіз шықпайды. Тек қаралау, сенім­сіз­дік білдіру. Ниет түзу болса, елдестіруді ойла­май­­­тын адамды елшілікке қоя ма дейсің еріксіз. Жақсылыққа орай, Лисса­бон­да басқаша ахуал қалыптасты. Сам­миттің негізгі құжаты Лис­сабон декларациясында” Ресей мен НАТО арасындағы жағдайға байланысты көңіл көншітер жақсы пікір айтылған. Онда “НАТО Ресейге ешқандай қауіп төндірмейді, керісінше, бұл елмен шынайы стратегиялық серіктестік орнатқысы келеді” делінген. Бұған сенбесе, Мәскеуге басқаша айтудың жөні жоқ-ау. Президент Дмитрий Медведевтің Ресей мен НАТО арасында өте маңызды жемісті қарым-қатынас басталып келеді деген сөзі, кейбір қыңыр тартқандарды болмаса, ақ ниетті жұрттың көңілін өсірері анық. Мұны жаңа кезеңнің басталғаны деп қабылдасақ, жөн шығар. Екі жақтың арасындағы қа­рым-қатынастағы жаңа кезең де­генде, оны АҚШ президенті Ба­рак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведевтің аттарымен байланыстыру орынды болар. Олар ерте ме, кеш пе, әйтеуір түсіністікке жетудің қажеттігін аңғарып, шешімді қадамға барып отыр. Бір-бірін жау санамай, қауіп төндіріп отырған апаттарға қарсы бірігіп күресу қажет. Мұны қолдамайтындар екі жақтан да табылады. Парасатты ойды жүзеге асыру да оңайға соқпайды. ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ҰЛАСПАСА КЕРЕК Газетіміздің сәрсенбі күнгі нөмірінде елді елең еткізген оқиға – қос Кореяның бір-біріне оқ атқанын жазғанбыз. Шынында, бұл әлемді дүрліктірген оқиға болды. Осынау қақтығыс үшінші дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпей ме деген сұрақ көп адамды ойландырып отыр. Жоқ, ұлас­пайды деп ше­­шіп айтуға бол­ған­дай. Бұл бас­­қаның пікірін мойындамау да емес, өз пікі­рің­­ді басқаларға та­ңу да емес, па­ра­сатты ойға жү­гіну ғана. Үл­­кен соғыстың басталуы үшін оған негіз қажет. Бүгінде үлкен сая­саттың тізгінін ұстап отырған, әлем­нің астан-кестеңін шыға­ра­­тын қаруы бар алып державаларға бұл соғыстың қажеті шамалы. Отар іздеудің де заманы өткен. Тек бір ашкөз елдер болмаса, біреудің жері біреуге керек емес қазір. Өркениетті, дамыған елдер әлсіз елдерді отарлап, одан пайда таппайды. Сол отар елдерді асырау тауқыметін ешкім қаламайды. Қақтығысқан екі елдің де жақтастары, одақтастары бар. Нағыз қажеттілік туған кезде көмекке келері де анық. Бұл жерде Солтүстік Кореяның сүйенері деп Қытайды айтуға болады. Бұрынғы досы Ресей еді. Бірақ соңғы кезде ол КХДР-дың жосықсыз саясатын ашық қолдауға бара алмай жүр. Сөйтсе де, АҚШ-қа қарсы әре­кетті қолдай кететін әдетіне ба­сып, Пхеньянға іш тартуы мүмкін. Ал Оңтүстік Кореяның тірегі АҚШ екені даусыз. Тіпті басқаны айтпағанның өзінде, сол алып одақтасының бұл елде айтар­лықтай қарулы күштері де бар. Бірақ сол одақтастары бүгін қақ­тығысқан екі елдің жағына шығып, қақтығысқа араласып кетуі екіталай. Қайта, керісінше, олар бұл шие­ле­ністі өршітпеуге, тоқтатуға күш са­луы әбден мүмкін. Мүмкін ғана ем­ес, солай болатыны анықтай. Өйт­кені, бұл соғыстың, қай тұрғыдан ал­ғанда да, оларға мүлдем қажеті жоқ. Ой сабақтау үшін осы қақ­ты­ғыстың қалай басталғанына ке­лей­ікші. Оңтүстік Корея өзінің КХДР-ға жақын аймақта әскери оқу-жаттығуларын өткізіп, теңізге қарай зымырандар ұшырған. Олар өз жағына бағытталды дегенді алға тосып, Пхеньян Оңтүстік Корея­ның Енпхондо аралын атқылайды. Со­ның сал­да­ры­нан үйлер қи­рай­ды, қаза бол­ғандар бар. Жа­ра­ланғандар ай­тарлықтай. Бұған жауап ретінде Оңтүстік жақ та қарсыластарын оқ астына алды. Екі ел ара­сын­­дағы қақтығыстың ұшығуына желеу жетерлік. Бірақ әлемдік ауқымда оның одан әрі өршуіне негіз жоқ. Оған одақтас елдер, алып елдер әсте де мүдделі емес. Бұрындары сондай мүдделілік болған кезде бұл аймақ алапат соғыстың от-жалынына оранған. Оны да еске алған артық болмас. 1945 жылға дейін олар бір ел болды. Жапонияның отары болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғында бұл түбектің солтүстігін – кеңес әскері, оңтүстігін АҚШ әскері босатты да, соған сәйкес КХДР және Корея Республикасы дейтін екі мемлекет пайда болды. 1950 жылы КСРО мен Қытайға арқа сүйеген Ким Ир Сен оңтүс­тікті қосып алу соғысын бастады. Оңтүстікті АҚШ қолдап, тіпті БҰҰ арқылы “Халықаралық күш­­ті” де оған қосты. Тек 1953 жылы ұрысты тоқтату жөнінде уақытша келісім жасалды. Бірақ бітім шарты жасалмағандықтан, бұл елдер әлі күнге соғыс жағдайында деп есептеледі. Бүгінгі қақтығыс, ары кет­кен­де, тек екі Кореяға ғана керек. Он­да да бір-біріне жау екенін, ы­мы­­­расыз саясат ұстанатынын дәлел­деу үшін ғана керек. Еш­қай­сысы да бірін-бірі басып алуды көздеп отырған жоқ. Біріншіден, КХДР-дың оған шамасы келмейді, ал Оң­түстік Кореяға өз мойнына ау­ырт­­­па­лық ілудің түкке де қажеті жоқ. Күндердің бір күнінде корей дей­тін халықтың екі мемлекеті қай­та бірігетіні күмәнсіздей. Бірақ оған дейін біраз қақтығысары да ан­ық. Өйткені, олардың жолдары әр­ түрлі. Өмір оларды парасатты жол­ға түсірер, сонда ғана қақты­ғыс­та­рын қояды. Оған дейін олар қақ­ты­­ғы­сады, соғысады. Бірақ бұл олар­­­дың өз соғысы. Әлемдік соғыс емес. Мамадияр ЖАҚЫП