26 Қараша, 2010

Ұлттық өнеріміздің мақтанышы

751 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
“Қазақконцерт” өнер бірлестігіне 50 жыл. Жарты ғасыр бойы әнімен сусындатып, күйімен төгілдіріп, биімен желпіндіріп ұлттық өнерімізді кәсіби сатыға көтеріп, әлемге танытқан үлкен ұжымның бүгінде абыройы асқақ. Сол күні киелі өнер шаңы­рағы­ның “аузы-мұрнынан” толып, ине шаншар орын болмай, көрерменнің үш сағатқа жуық аяғынан тік тұрып, мерекелік концертті тамаша­лауы – ол ең алдымен өнерге деген құрмет, ықылас еді... Иә, өткенді еске алмай бүгінгінің бағасын беру қиын. Әне, сахна төрін­де жүздері таныс, есімдері белгілі Манарбек Ер­жанов, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова, Қали Жан­тілеуов, Жамал Омарова, Мүсілім Абдуллин, Рабиға Есім­жанова, Мағауия Хамзин, Мәдениет Ешекеев, Ләззат Сүйіндікова, Нұр­сұлу Тапалова, т.б. суреттері ілулі тұр. Бұлар – “Қазақ­кон­церт­тің” осыдан елу жыл бұрынғы тәй-тәй басқан сәби шағында, оның тұсауын кесіп, негізін қалап, ал­ғашқы қада­мына өз үлесін қосқан ұлттық өнеріміздің інжу-маржан­дары, ұжымның даңқын да, абы­ройын да асырған өнер өкілдері. Өткенді еске алып, ыстық ықы­лас білдірген көрнекті қоғам қай­рат­кері, бүгінде өнердегі ақ­сақалымыз Жексенбек Еркінбеков жиналған қауымды өнер тойымен құттықтап, арғы-бергіден әңгіме шертті. – 1960 жылдың басында Қазақ­стан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болып Д.Қонаев сайлан­ды. Мен сол кезде Орталық коми­теттің мәдениет секторында қызмет іс­теуші ед­ім. Димаш Ахметұлы өзі­не ша­қырып алып: “Шырағым, қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік фи­лар­мониясын бөліп, “Қазақ­концерт” деген мекеме құр­ғалы жатырмыз. Сол үшін арнайы қаулы даярлаңыз”, – деді. Дайын­дадым. Ол кезде филармония қа­зіргі қуыр­шақ театры болатын, со­ған “Қазақ­концерт” меке­месі орна­ласты. Оның негізгі әртіс­тері болып бекітіліп, іргетасын қала­ғандар суреттері сахнада ілулі тұр­ған өнер тарландары. Солардың ішінен бүгінде біздің ортамызда Халық Қаһарманы Роза Бағланова отыр. Сол кездері “Қазақ­концерт” жылы­на 12 мың концерт беріп, оны 8 млн. халық көретін. Содан бері елу жыл ішінде “Қазақ­концерт” Қазақ­стандағы іргелі меке­меге айналды. Олардың ерекшелігі – рес­публи­каның түкпір-түкпірін ара­лап, мал­шы, егіншілердің ара­сында халыққа қызмет етті. Бұрын­ғы құрамында 19 облыстық филар­мония, “Дос-Мұқа­сан”, “Серпер”, “Жазира” сияқты ұжым­дар болса, бүгінде өнер жұл­дыз­дары Сара Тыныш­тығұлова, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Мақ­пал Жү­нісова, Сембек Жұмағалиев, т.б. еңбек етуде, – деді ол. Заман өзгергенмен “Қазақ­кон­церт” өз жұмысын жалғастырып ке­леді. Елу жылда ел жаңа, жүз жыл­да қазан. 50 жылдың ішінде гүл­денген, жасарған өнер бірлестігі бү­гін­де “Қазақ әуендерінің” құра­мын­да. Салтанатты кеште бүгінгі мере­кенің тек өнер ұжымының ғана емес, бүкіл мәдениетіміздің тойы еке­­нін атап өткен Мәдениет ми­нистрлігі Мәдениет комитетінің төр­ағасы Ілияс Қозыбаев Мә­дениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жүрекжарды құттық­тауын жеткізіп, министрлік тара­пынан ұжымға сыйақы бөлін­генін, Тәуелсіздік күніне орай бірлес­тік өкілдерінің бірнешеуі мемлекеттік наградаға ұсынылғанын айтты. Сондай-ақ 10 қызметкерді министр­ліктің “Мәде­ниет қайраткері” төс белгісімен марапаттады. Бір риза болғанымыз, осын­ша­ма уақыт ауанында осы шаңырақта өмірге келген қаншама өнер жұл­дыздары, небір күміс көмей әнші­лері бар бірнеше ансамбльдер қазақ өнерінің эстрада саласын биіктерге жетуіне үл­кен үлестерін қосты. Міне, осы кеште сол арда­герлердің есімі мақтанышпен аталып, оларды түгел сахнаға шығарып, сый-сия­паттарын жасады. Мерейлі мерекеге арналған кон­церттік бағдарламаның бета­шарын бүгінде осы ұжымның тізгі­нін ұстап отырған белгілі әнші, көрнекті сазгер, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Алтын­бек Қоразбаев “Әл­қиса” ансамбл­імен ашпас бұ­рын, Қазақ­станның түкпір-түк­пірі­нен келіп отырған кеш қонақ­тарына рахметін білдіріп, “Қазақ­концерт” ұжымына шығармашы­лық табыс тілеп, Шәмші Қал­даяқовтың “Тамды ауылы” әнін шыр­қады. Одан әрі күміс көмей ән­ші­лер Сара Тыныштығұлова, Роза Рым­баева, Бағдат Сәме­дино­ва, Мақ­пал Жүнісова, Майра Дәу­летбақова, Айжан Нұрмағанбетова, Нұржан Жанпейісов, Бибігүл Күлімхан, Қорланбек Әлімғазы, биші Перизат Омарбекова, “Мұз­арт” тобы және басқалар тойға әннен шашу шашып, көрерменнің ықыласына бөленді. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.