26 Қараша, 2010

Елбасы саясатын лайықты іске асыра беруге әзірміз

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлері Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитінің табысты өтуіне тілектестік білдіреді Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемдік қауымдастықта өзінің қарышты қадамдарымен танылды. Еліміз бүкіләлемдік қауіпсіздіктің дамуына қомақты үлес қосып келеді. Республикамыздың жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бас тартып, жаһандық деңгейдегі конфессияаралық үнқатысуға дәнекер бола білуі және этносаралық келісімді орнықтыруы осының айқын дәлелі. Бұл игілікті бастамаларды әлемдік қауымдастық ықыласпен қабылдап, қызу қолдау көрсетуде. Еліміз бен халқымыздың осы айтулы жеңістерінің барлығы Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Қазақстан Азия мен ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде.  Осы жаһандық аса беделді ұйымға ұтымды басшылық жасай отырып, республикамыз жаңа бастамаларға ұйытқы болуда, табысты жұмыс жасауда. Қазақ елі дархан даласындай кең пейілімен, парасатты қадамдарымен ұлтаралық қақтығысты аймақтарда мәмілегерлік танытып, салиқалы саясат жүргізуде. Бұл ақиқатты бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр. Таяу күндері әлемдегі іргелі мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері Астанада басқосып, жаһандық қауіпсіздіктің көкейкесті мәселелерін таразыға салмақ. Әлемнің назары осылайша біздің байтақ Отанымызға ауады. Бұдан бірнеше жыл бұрын еліміздің орналасқан жерін картадан әзер көрсетіп бере алатын әлемдік державалар көшбасшылары енді Қазақстанның байсалды байламына құлақ түреді. Бұл – Қазақстан мәртебесінің биіктеп, ел халқы абыройының артуы. Қазақ халқы Президент нұсқаған айқын бағытпен бет түзеп және оның саясатын лайықты іске асыра отырып, бұл биікке Елбасымен бірге жетті! Саммиттің өткізілуі бұл – тарихтың саяси таңдауы ғана емес, жүз жылда бір рет берілетін тамаша мүмкіндік. Айтулы шара еліміз бен халқымызды және қазақ мәдениетін бүкіл әлемге паш етіп, даңқын одан әрі асыра түспек. Біз, Қазақстанның өнер және мәдениет қайраткерлері, еліміздің әлемдік беделінің нығаюын көксейтін елжанды азаматтар ретінде Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдіреміз. Біз Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі барлық бастамаларына қызу қолдау көрсетіп, тәуелсіз Қазақстанның және халқымыздың өркендеуі жолында Елбасымыздың саясатын лайықты іске асыра беруге әзірміз. Асанәлі Әшімов Бибігүл Төлегенова Ермек Серкебаев Қанапия Телжанов Әмен Қайдаров Арыстанбек Мұхамедиұлы Есмұхан Обаев Рубен Андриасян Дулат Исабеков Әшірбек Сығай Смағұл Елубай Тұңғышбай Жаманқұлов Роза Рымбаева Лаки Кесоглы Ағымсалы Дүзелханов Ардақ Әміреқұлов және басқалар.