26 Қараша, 2010

Ұйым қызметі ұлғая түсуге тиіс

835 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше, 25 қараша күні Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысы болып өтті. Өзара ықпалдастықты дамыту бағытында құрылған ұйымның отырысына тәжік еліне ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов те қатысты. Отырыс басталмас бұрын осында жиналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкімет басшыларын Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қабылдады. Шанхай ынтымақтастығы ұйы­мы 2001 жылы Қытай, Ресей, Қа­зақ­стан, Тәжікстан, Кырғызстан және Өзбекстан елдері мемлекет басшыларының қатысуымен негізі қаланған аймақтық халықаралық ұйым болып табылады. Алғашқыда Өзбекстаннан өзге бес мемлекет­тің бірлесуі негізінде құрылып, үлкен саяси бірлестікке айналған ұйым 1996-1997 жылдары “Шан­хай бес­тігі” деп аталатын атауға ие болды. Кеңестік жүйе келмеске кетіп, жаһандық және өңірлік қарым-қа­тынастарда бейбіт қатар өмір сүру мен экономикалық дамуға ба­ғытталған үрдістер бастау ала бас­та­ған шақта тәуелсіздікке ие бол­ған мемлекеттер өз шекараларын бел­гілеп, ішкі және сыртқы сая­са­тын анықтап, халықаралық қаты­нас­тар­да жаңа басымдықтарды айқындау шараларын қолға алды. Осы кез­дер­де, яғни 1996-1997 жыл­дары Қа­зақстан, Қытай, Ре­сей, Тәжікстан және Қырғызстан бестігі “Ше­ка­ралас аудандарда қарулы күштердің санын қысқарту жөнінде және әскери саладағы сенімді күшейте түсу” келісіміне қол қойды. Атал­мыш келісімге қол қойған 5 ел өз­дері өмір сүріп отырған аймақтың қауіпсіздігін сақтауға және шека­ралас елдердің бейбіт өмір сүруге деген ниеттерін осылайша айқын­дап алды. Келі­сім­ге қол қойған кезден бастап “Шанхай бестігі” ха­лықаралық беделді ұйым ретінде жұ­мыс істей бастады. Ұйым өзі өмір сүрген 13 жылдан астам уа­қыт­ ішінде көп­теген маңызды да күрмеулі мә­се­лелерді оң тұрғыда шешіп ке­леді. 2001 жылы Өзбекстан елі ұйымға кіру ниетін білдіргеннен кейін мүше мемлекеттер ұйым атауын Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп өзгертті. ШЫҰ-ның ерек­шеліктерінің бірі статустық анықтамасы бойынша НАТО секілді әскери блок немесе АСЕАН-ның өңірлік форумы секілді қауіпсіздік жөніндегі ашық тұрақты кеңес болып табылмайды. Ұйымның негізгі мақсаты ұйымға мүше мемлекеттер аумағын алып жатқан кеңістіктегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейте түсу, лаң­кес­тікпен, сепаратизммен, экс­тре­мизммен, есірткі трафигімен кү­рес, экономикалық ықпалдас­тық­ты арттыру, энергетикалық серік­тестікті, ғылыми және мәдени қарым-қатынастарды дамыту бо­лып табылады. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің Душанбедегі отырысында ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық және әлеуметтік қарым-қатынастарды одан әрі қарай тереңдету мен оның тірек ретіндегі ықпалдылығын арттыру мақсатындағы бірқатар мәселелер қаралды. Экономика мен сауда, қаржы, ғылым мен технология, көлік және ауыл шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы ықпалдастықты арттыруға жете көңіл бөлу ісіне айрықша назар аударылды. Сол сияқты Үкімет басшылары ШЫҰ-ның Іскерлік кеңесінің және ШЫҰ-ның Банкаралық бірлестігі қызметтерінің белсенділігін арт­ты­ру мәселелерін талқылап, энер­ге­тика мен көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі қызметтестікке жаңа серпін беру қажеттігін де әңгіме арқауына айналдырды. Душанбедегі басқосуға, жоға­ры­да айтып өткеніміздей, Қазақ­стан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов, Қытай Халық Респуб­ли­ка­сы Мемлекеттік кеңесінің Төр­ағасы Вэнь Цзябао, Ресей Үкі­ме­тінің Төрағасы Владимир Путин, Қырғызстан Президенті Роза Отун­баева, Тәжікстан Премьер-министрі Акил Акилов, Өзбекстан Премьер-министрінің орын­басары Батыр Ходжаев, сол сияқ­ты ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Имана­лиев, ШЫҰ-ның Өңірлік антитеррорлық құрылымы атқару комитетінің директоры Д.Жұман­беков, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің басқарма төрағасы Д.Мезенцев және Банкаралық бірлестік кеңесінің төрағасы Г.Есқалиев қатысты. Сонымен бірге отырысқа ұйымға бақылаушы мемлекеттер атынан Үндістанның Энергетика министрі С.Шинденің, Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті М.Рахимидің, Моңғолия сыртқы істер және сауда министрі Г.Занданшатар­дың, Пәкстан Премьер-министрі Ю.Гиланидің де қатысқанын айта кету қажет. Үкімет басшылары отырыста ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер ара­сын­дағы қызметтестікті тереңдету және әлемдік қаржы дағдарысы зардаптарын еңсерудегі өзара іс-қимылдар, ШЫҰ-ға мүше мемле­кет­тердің көп жақты сауда-эконо­микалық қызметтестігінің бағдар­ламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру­дағы Іскерлік кеңесі мен Банкара­лық бірлестіктің рөлі сияқты мәселелерді қарап, ұйымның 2011 жылға арналған бюджетін талқы­лады. Сондай-ақ, күн тәртібінде ұйымның тұрақты жұмыс істейтін органдарының қаржылық және ұйымдық қызметтеріне байланыс­ты өзге де бірқатар мәселелер қаралды. ШЫҰ-ға мүше елдер дамудың маңызды салаларына қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге күш салуы керек деп атап өтті басқосуда Қазақстан Үкіметінің басшысы К.Мәсімов. Сол сияқты ол халықаралық авто­көлік тасымалы үшін қолайлы жағ­дайлар жасау жөніндегі келі­сім, ШЫҰ даму қорының арнайы есебін қалыптастыру тәртібі мен оның қызметінің принциптері туралы ереже, заңсыз көші-қонға қарсы күрес пен 2011-2016 жыл­дарға арналған есірткіге қарсы стратегия және денсаулық сақтау саласындағы келісім тәрізді бірқатар маңызды құжаттардың таяу мерзімде келісілуі мен қабыл­дануына назар аудару қажеттігін де атап көрсетті. Оның сыртында, Қазақстан Премьерінің пікірінше, ұйымға мүше мемлекеттер алдағы уақыттары көп жақты сауда-экономикалық қызметтестік бағ­дар­ламасын орындау жоспарына енетін іс-шаралар тізімін сауда және инвестициялар салалары бойынша кеңейте түсуі қажет. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесінің отырысы шеңберінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған қазақстандық делегация ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Төрағасы Вэнь Цзябао бастаған қытайлық делегациямен кездесті. Кездесу барысында сауда-экономикалық қарым-қатынастар саласындағы бірқатар көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды. Тәжікстан астанасында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы­на мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесі отырысының қорытындысы бойынша Бірлескен коммюнике қабылданды. Венера ТҮГЕЛБАЙ, “Егемен Қазақстан” – Душанбеден.