Биыл Қазақстан көптеген халықаралық маңызды оқиғаларды атап өтуімен ерекшеленіп отыр. Және қандай дейсіз ғой? Талайлардың арманына айналып, қанша ұмтылса да құрғақ қиял түрінде қала берген мәртебелі жиындар еліміз үшін үйреншікті жәйтке айналғанын, шыны керек, аңдамай да қалыппыз. Әлемдегі беделді ұйымдардың бірі де бірегейі – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төріне орнығып, төбе би болу, төрағалық ету мәртебесін абыроймен атқару – оның ішінде ТМД, Азия, түркі тілдес, мұсылман мемлекеттері арасынан оза шауып, бәйге бермеуіміз Тәуелсіз мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында екенін әлем бірауыздан мойындап отыр.
Басы ашық бір мәселе, ол – Елбасымыздың Ұлт Көшбасшысы ретінде танылып қана қоймай, әлемдік саяси сахнада өз орнын ойып тұрып алуында, Қазақстанды жер жүзіне танытуында. Бойына туған халқының ұлы қасиеттерін ана сүтімен дарытқан перзент әлеми құндылықтарды да сіңіре отырып, былайша айтқанда, екі түрлі, кереғар құбылыстарды шылбырдың екі тізгініндей тең ұстауы – қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе. Шыны керек, бүгінгідей алмағайып заманда мыңнан суырылып, озып шығу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Әлемдік лидерлерге тән бітім-болмыс бір басына жетіп артылатынына талай куә болып жүрміз. Елбасымыздың осындай биік тұғырдан көрінуі ешкімге ұқсамайтын дара қалпын айшықтаумен қатар, “мың өліп, мың тірілген” қазақтың бағына маңдайы жарқырап туған бөлекше тұлға екенін де тани түсеміз.
Өздеріңіз ойлаңыздаршы, өткен ғасырдың өтпелі кезеңіндегі экономикалық қиындықтарды қалай ғана ұмытармыз. Тіпті күнделікті тұтынатын бірінші қажетті заттардың сөрелерден жоғалып кетуі қазір күлкі, кекесін тудырса, сол кездері талайлардың есінде ұмытылмастай жатталып қалғаны анық. Сол тұсты ойласақ, бүгінгі тұрмысымыз бен тіршілігіміз “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманмен” тең. Әсірелеп айтқаным емес, бұл – боямасыз шындық, бұлтартпас ақиқат. Осыны қазіргі жастардың біразы түсіне бермейді. “Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын” демекші, тәуелсіздік деген сөз тәтті көрінгенімен, қадір-қасиетін ұға білмегенге кермек дәм татып кететінін сезіндіре білгенге не жетсін, шіркін!
Әлі күнгідей көз алдымызда, адамдар кеңсемізді босатпайтын. Ренішті үндер жиі естілетін. Бөліп беретін ештеңеміз болмаса да, жан жылылығын аямайтынбыз. Кейде олардың сөздерінен жанымыз түршігіп, “е, заман түзелмеске кеткен ғой” деген түрлі қорқыныштарға бой алдыратынбыз. “Қорыққанға қос көрінеді” деген осы. Адамдардың осындай босаңсығанын сепаратистік ұйымдар мен теріс пиғылдағы адамдар геосаяси жағдайы күрделі, демографиясы күрмеулі өңірді алатайдай бүлдіруге тырысқанын, халықтар арасына жік салуға қанша ұмтылғанымен, адамдардың ертеңге деген сеніміне, тауы шағылса да тауаны қайтпаған ерік-жігеріне, құрыш қайратына қайран қалатынбыз. Түрлі арандатуларға берілмей, беттерін қайырып тастап отырды. Уақыттың өте күрделілігіне, жүйкеге түсірген ауыр салмағына қарамастан, Елбасымыздың соңынан ерді. Қазақстанның көп ұлтты халқы тарихтың ауыр сынынан өте отырып, әлем құрметтейтін мемлекет құра алды.
Президенттің: “Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес, аңғал болмағанымыз абзал”, деген сөздері әлі күнге дейін құлағымда жаңғырығып тұрғандай болады. Елбасының сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын, сұхбаттарын жинай жүру әдетім еді. Солардың бірі және ойға оралып отыр. “Халқым маған сенсін. Мен ешқашан Президентті билеуді өз ұпайымды түгендеуге, өзгенің рухын жаншуға, өз мәртебемді асырып, өзгенің намысын басуға жұмсамаймын. Оған менің жаным да, рухым да, мінезім де, болмысым да қарсы. Өтпелі кезең бізден осындай ордалы мақсатқа жүгінуді, соған жетер жолда бірігуді керек етеді. Басты мұрат та, мақсат та сол игілікті жолдағы талап биігінен шыға білу”, дей келіп, мемлекеттік идеологияның басты сипаттары – тәуелсіздігімізді баянды ету, шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, өрісі кең әлемдік өркениетке жеткізу керек дегендері жадымда жатталып қалыпты. Не деген ғаламат көрегендік десеңізші! Мемлекет Басшысының уәделері абыроймен орындалып, ел, халық алдындағы сертінде тұруы ел тұрғындары тар жол, тайғақ кешуден дін аман алып шығып, сүттей ұйыта білді. Ел бірлігі – асыл қазына екені даусыз. Басты байлығымыз бен асыл мұратымыз барда мақсатымыз айқын, алар асуымыз биік.
Әуелі – экономика, сосын – саясат... Кезінде осы тұжырымға қарсы шығушылар болды. Демократияны ауажайылушылық, ауызға келгенді айту – жариялылық, пікір таласы деген түсінік жетегінде жүргендер қателескендерін мойындайтын шығар. Мұндай пиғыл елімізде бой көрсеткенімен, кең өріс ала қойған жоқ. Өйткені, жақ-жақ болып айтысудың, қырықпышақ кикілжіңнің соңы адам айтқысыз зардаптарға, қантөгіске ұласатынын Елбасымыз ұғындырудан әсте жалыққан емес. Біз одан ұтылған жоқпыз. Керісінше, ұтқанымыз көп болды. 1995 жылы Қазақстанда өндірілген ішкі жалпы өнім Одақ тарауының қарсаңындағы 1990 жылмен салыстырғанда 52,6 пайыз кеміген. Келесі жылдан бастап бұл құлдырау алғаш рет тоқтатылған. Тарих үшін қас қағым сәт дейміз бе, әлде көзді ашып-жұмғанша дейміз бе, үздіксіз тоқырау құрықталып, ұстанған саясаттың дұрыстығын аңғартты. Инфляция мөлшері 28,7 пайызға дейін азайған. Мұның өзі – әу баста мұқият жоспарлап, сауатты іске асырудың, дамудың дұрыс жолын сәтті таңдап алуымыздың жемісі. 1997 жылы “Қазақстан-2030” Стратегиясының қабылдануы басты мақсаттар мен басымдықтарды қалыптастыруға үлкен серпін берді. Экономикалық жағынан дамып, ілгері басып едік, қалған мәселелер де жүйеленіп, ретке келе бастады. Осындай іргелі жетістіктерімізді БҰҰ-ның 2009 жылғы Баяндамасында елімізді адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар мемлекеттер қатарына қосқан жан жадыратар мысалымен түйіндеуге болады.
Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап дүниежүзілік ұйымдардың бәріне мүше болу, мемлекеттермен саяси, экономикалық, дипломатиялық қарым-қатынастар орнату арқылы іргемізді кеңіттік. Мемлекеттік рәміздеріміз – Елтаңбамыз, Әнұранымыз, Көкбайрағымыз тәуелсіздігімізді одан әрі таныта түсті. Азаттықты, еркіндікті көксеген елдің бәрі осы жәйттерді басынан өткерді. Мәселенің екінші жағы тағы бар. Ол – өркениетті елдер санатына ұмтыла отырып, терезесі тең әріптес бола білу. Іргелі ел екеніңді әлемге мойындату. Талай елдердің өңі түгіл түсіне кірмеген бақыт бұл! Бақ та бақыт құсы секілді адамды таңдап, талғап қонады. Бағалай, аялай білмесек, қандай қадір-қасиеті қалады? Нұрсұлтан Әбішұлының “Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады” деген аталы сөзін жас ұрпақ бойына сіңіріп, барға қанағаттың, жоққа салауаттың Рухын дарытуды ортақ парыз ретінде ұғынсақ екен деймін.
1997 жылдың қарашасы ел тарихына алтын әріптермен жазылған оқиға ретінде еніп, қазақстандықтар санасына мықтап ұялады. Иә, иә, дәл осы жылы қазақстандықтар Н.Назарбаевтың бастауымен тағы бір бақыт құшағында тербетілді. Мадрид қаласында бас қосқан 56 мемлекеттің сыртқы істер министрлері алқалы жиында бірауыздан дауыс беріп, Қазақстанды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы етіп сайлады. Төрткүл дүние Елбасының дара көшбасшылық тұлғасын тағы бір қырынан таныды. Қазақстанның, қазақтың аты шартарапқа одан бетер жайыла түсті. Еліміздің жаһандық аренадағы ірі саяси жеңісі мұнымен түйінделмейді. ЕҚЫҰ-ға төраға болу Қазақстанның даму жолындағы дұрыстығын көрсетіп, тарихи жаңа беттерін ашты.
Енді әлемнің жетекші елдерінің қатарына қосылып қана қоймай өңірлік, жалпыәлемдік экономикалық саяси үдерістердің қатысушысына айналды. Елбасының талай құнды бастамалары қолдау тауып, халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін байыптылықпен шешуде талай мәрте жолбасшылық көрсетті. Бұл жөнінде Қазақстанның ұстанымы анық, бағыты айқын. Қырғызстан, Ауғанстанға байланысты байламды пікірлері мен кесімді сөздері жан-жақты қолдау тапты. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, талай бастамаларға мұрындық болуы жаңа көзқарас тұрғысынан танылды. Елбасының әлемдік деңгейдегі зор беделі арқасында ЕҚЫҰ-ның 11 жыл бойы өтпей келген саммитінің Астанада белгіленуі халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл форумның өз дәрежесінде өтіп, саммитке өзгеше екпін, жаңашылдық сарын берері сөзсіз.
Қалай десек те, халықаралық саясаттың жаңа мүмкіндіктерін ашып, еліміздің бұл сыннан да мүдірмей өтеріне сенімдіміз. Сонымен қатар, келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету миссиясы да абыроймен атқарылары анық.
Тәуелсіздік пен тұтастық – егіз ұғым, бір-бірінен ажыратуға, бөле-жара қарауға болмайды. “Ел боламын десең, бесігіңді түзе” деген сөздің тамыры тереңде жатыр. Ол мықты мемлекет өз іргесін бекітуден басталады дегенге саяды. Тәуелсіздікті бянды ету – елдігімізге сын. Тұғырымыз мықты болса, еш жау алмайды. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас, қоңсы қонған, түбіміз бір туысқан қырғыз елі не болды? Тарихтың осындай ащы тағылымдарынан сабақ ала отырып, Елбасының маңайына топтасу, “бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білу” ауадай қажет. Міне, Елбасымыздың алдымен Қазақстан халқының, ел-жұртының тату-тәтті тыныштығын ойлап, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай береке-ынтымақта өмір сүруіне жағдай жасауы мемлекет және халық мүддесі үшін үлкен қажыр-қайратпен жұмыс істеп келе жатқанын көрсетсе керек. Мемлекет құру оңай емес. 70-80 жыл бойы Одақ үшін шикізат көзіне айналып, ал Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан жүйе құлағаннан кейін қираған үйінді орнына ел қондыру айтар ауызға ғана оңай. Иә, Қазақстанның егемендігін жариялау, саяси-экономикалық дербестік алғанымызбен, бәрін қайта бастауға, жаңадан құруға тура келді. Еңсені езген, көлденең көк аттыдай омыраулаған қиындықтар көрген түстей өте шықты.
Тәуелсіздіктің арайлы таңы атып, көкбайрағымыз желбірегелі 19 жылдан асып барады. Мұның өзі кейінгі ұрпақ айта жүретін, кеудені мақтаныш кернейтін, еңсені тік ұстайтын бір шежіре іспеттес. Келесі жылы Тәуелсіздік алғанымыздың 20 жылдық белесі зор оқиға ретінде атап өтілмек. Онда да бейбітшілік, тыныштық, келісімді сақтау секілді жалпыұлттық құндылықтар ұлықталып, ұлан-ғайыр міндеттерді шешуде біріктірушілік рөл атқара беретіні айдан анық.
Жамал АХМЕТОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы.
Солтүстік Қазақстан облысы.