Жалпы, облыстағы Май ауданының орталығы Көктөбе ауылындағы аудандық аурухананың бас дәрігері Байболат Қазбеков жайында журналистер қауымы аз жазған жоқ. Осыдан үш-төрт жыл бұрын біз де “Егеменнің” “етжеңдісіне” “Рух күші” атты мақала бергенбіз. Бейнет деген аяқ астынан. Байболат қызмет бабында жүріп жол апатына ұшырап, екі аяғы қимылсыз қалады. Түн ортасында күздің қара суығында айдалада жол шетінде жалғыз өзі қиындық көреді. Одан кейінгі жағдай белгілі. Өмір үшін күрес басталды. Байболатта тек бір ғана ой болды: Мен дәрігермін, мен-хирургпін, өзімді-өзім емдеп, екі аяғыма жан бітіріп жүріп кетпесем, сырқаттанып жүрген қаншама қарапайым адамдар біздерге, ақ халатты жандарға сенеді, ендеше оларға үлгі көрсетіп, рух беріп қайтсем де ауруханаға, қызметіме қайта оралуым керек, – дейді өзіне-өзі. Сол рух оның сал болып қимылсыз қалған аяқтарына жан бітірді, бір құлап, бір тұрып, үй ішінде жас баладай еңбектей бастады. Еңбектей жүріп, қабырғаны жағалай сипай, табалдырыққа да жетті. Сөйтіп, қос балдаққа сүйеніп, ауруханаға, дәрігерлік қызметіне оралды. Әріптестері, дәрігерлер, дос-жарандары қолдау көрсетті.
– “Егеменге” шыққан сол мақаладан соң өзім сияқты қиындық көріп жатқан әртүрлі жастағы адамдардан 120-ға жуық хат алдым. Бәріне түнімен отырып хат жазатын болдым. Олардың жан-жарасын түсіндім, дәрігер болған соң хат арқылы қолдау көрсетуге тура келді. Бір хатты сіздердің Шымкенттегі тілшілеріңіз Бақтияр Тайжан жолдапты.
Ал, қазір жасы 85-ке келсе де менің қас-қабағыма қарап отырған шешем атақты ақын, әнші Мәдидің тұқымы. Сол рухты атамыздың өрлігі, қызу қандылығы, мінезділігі бойымызға титтей де болса дарыған болса керек деп ойлаймын, – дейді Байболат бізбен әңгімесінде.
Балдаққа сүйеніп тұрып та операция жасады.Біздің әріптесіміз Ирина Лисовская кезінде бұл жайында мақала жазғаны да есімізде. Аудандық аурухананың ол кездегі ескі ғимаратын сылап-сипап жарқыратып жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қызметін атқара жүріп, полигон аумағында тұрған адамдардың денсаулықтарын қорғау жөнінде кандидаттық жұмысын да бірге жазып жүрді.Өзі осы Семей полигоны жарылыстарының зардаптарын көрген Май ауданында туып- өсті. Бұл жарылыстардың адамға да, малға да қасірет болып тигенін көзі көрді. Содан Семейге оқуға аттанды, институтты бітіріп туған ауылына оралды. Бірақ, тағдыр Байболатқа басқаша сый жасады. Дәрігердің өмірі қос балдаққа қарап қалды...
Былтыр жаңа аурухана пайдалануға берілді. Облысқа, ауданға жаңа әкімдер, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшылар келді.
Байболаттың бір ырза болатыны облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев “балдақпен жүрген мынау кім? Бұл қалай өзі ақсаңдап қызмет жасап жүр?” деген жоқ, қайта аудандық аурухананың бас дәрігеріне жанашырлық, адамгершілік танытып, қолдап, сырттай болсын хал-жағдайын сұрап жүрді. Адамдық айнасы деген осы. Ол әркімнің қолынан келсе, қоғамның өңі шырайы кірер ме еді. Имандылық деген асыл қазақы қасиеттің өзі өскен жерден, отбасынан, бала кезден адам жүрегіне орнығады-ау.
Байболат биыл Астанаға барып кандидаттық жұмысын қорғап келді, Сондай-ақ, ол полигон зардаптарын көрген өзіміздің ұлтымыздың адамдарын емдеу үшін аудандық аурухананың бөлімшесі ретінде бір орталық ашсақ деп бұрыннан ойлап жүреді екен. Бірақ, тағдыр деген сол, алдынан кесе-көлденең шыға бастайды. Қос балдақпен жүрген азаматты, мықты дәрігерді қорғап, қолдаудың орнына, Байболат Қазбековты қандай да бір себеп тауып, қызметінен кетіруге тырысатындар бар екен. Содан кейін көңілі де су сепкендей басылды. Сен он жылдай уақыт мекеме басқарып келесің, қашанғы отыра бересің, дейді олар. Қойшы, әйтеуір, сыныққа сылтау көп. Он жыл аудандық аурухана басқарғанда, енді бұл ештеңеге керексіз дәрігер болып қалғаны ма? Осындай ауыр ойлармен Байболат облыстық денсаулық сақтау басқармасының үшінші тік қабатына қос балдақпен түсіп-шығу қандай қиындық тудырса да барады, ойларын айтады. Ал, біз дәрігерлер адам жанының арашасы, ақ халатты абзал жандар дейміз...
Алайда адамгершілік ниет, жанашырлық танытатын дәрігерлер көзқарасы байқалмайды. Денсаулық сақтау басқармасы шақыртып алып, аттестациядан өтуін сұрады. “Демалыста жүргенде қалай болар екен, дайындалып келсем қайтеді” деп еді, “жо, жоқ, жай әңгімелесу болады” деген еді, олай болмады “аттестациядан өтпедің” деген тілдей қағаз жазып берді қолына. Облыстық прокуратура орындарына шағымдануына тура келді. Дәрігер жігіттің арыз-шағымын қараған құқық қорғаушылар бұл жайдың дұрыс болмағанын анықтап, заңсыздығын дәлелдеп берді. Өмір деген осы. Бұралаңы көп. Қос балдақпен жүріп, аурухананы басқарып отырғаны біреулерге ұнамайтын сияқты... Құдай-ау, өзі, сонда кімге?.
Биыл ауданды басқаруға бала кезден бірге өскен досы Нығман Пішенбаев әкім болып келді. Бәрі осыдан басталды. Хирург-дәрігер ешкімге емес,тағдырына ғана нала артады. Басқа ешкімге емес. Тіпті, ешкімге де салмақ артқысы, реніш айтқысы жоқ. Бар ойы тағдырдың жазуы деп, елуге келген ердің жасында бүгіліп бір бұрышта қалғысы келмейді. Үміт алдамайды. Жүре алмай сал болып жатқан қаншама тағдырды көрді. Ал, Байболат болса, ерік пен күш жігеріне сеніп, жүремін деп ойлайды. Соған өзін-өзі сендіреді. Әлі талай операциялар жасап, ауруларды емдеймін деп ойлайды. Мұңайып жүрген қос қызы қуанып, әкелеп жүгіріп келер деп ойлайды. Қос балдақты лақтырып, екі аяғын басып жүріп кеткенде күпірлік танытып, соңынан күбір-күбір сөздер айтып жүргендер сонда қайтеді... Алда оны ауыр да, қиын ота күтіп тұр. Су ішкілігі тартса мүмкін, осы отадан кейін аяғын басып жүріп кетер. Не өмір, не өлім деген сөздің өзін осы жерде қолданудың өзі қиын. Бұлай жасамаса болмайды, өзін елегісі келмейтіндерге, досына да, қасына да осылай дәлелдегісі келеді. Басқа амал жоқ. Өмір сүргісі келеді, өзі сияқты тағдырға бағынудан басқа шарасы қалмаған жандарды емдегісі келеді... Қиындықтан қаймықпаған жазушы Немат ағасындай болсам дейді. Абайдың қара сөздеріне үңілумен, түңілмеумен түн өтеді...
Иә, өмірдің осындай бір сәтсіздіктерін көргенде адамды әртүрлі ой басады екен..
Ал, әдетте біз дәрігерлерден адам жанының арашашысы деп мейірімділік, жылылық іздеп барамыз. Қазір қарасаң, сол жылылықтың, адамдықтың ауылы кейбір дәрігерлердің болмысынан алыстап бара жатқандай ма. Қос балдақпен жүрсе де ол да өздері сияқты адам, азамат қой. Тағдырдан теперіш көрген жандарға түсіністікпен қарауды, өркениетті көзқарас танытуды біз осы қашан үйренер екенбіз, балдақпен жүретіндер де, жалпы мүгедек жандар да біздің қоғамның толық бір мүшесі екенін, ол адамның да біз сияқты өмір сүргісі, адал еңбегімен еліміздің еңсе тіктеуіне өз үлесін қосқысы келетінін қашан ұғар екенбіз?
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.