Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының 7-ші Саммиті қарсаңында Шолу конференциясы басталды. Үш күнге созылатын аталған конференцияның аясында Үкіметтік емес ұйымдардың форумы өтті. Онда “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу жасау”, “Келешекке қажетті жобалар мен ұсыныстарды талқылау” тақырыптары бойынша бірнеше бағыттарда сессия жұмыстары ұйымдастырылды.
ГУМАНИТАРЛЫҚ ӨЛШЕМ – ЕҚЫҰ-НЫҢ НЕГІЗГІ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ БІРІ
Әлемдегі ең бір жетекші, қызмет ету аясы кең ұйымдардың бірі саналатын ЕҚЫҰ-ның негізгі ұстанымдарының бірі – ол гуманитарлық өлшемге, яғни адами құндылықтарды дәріптеу мен ұлықтауға негізделетіні белгілі. Ал Қазақстан аталған Ұйымға төрағалық ету тізгінін берік ұстаған күннен бастап осы адами өлшем бағытына айрықша назар аударып келеді. Бұған еліміздің төраға мінберіндегі 1 жылға жуық уақыт ішінде жүргізген салиқалы саясаты, оң тәжірибесі әрі сол тәжірибеге негізделген сан салалы жұмыстары, өткізген басқосулары мен жиындары айқын дәлел бола алады.
Ал, бұл орайда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Мәселенің мәнісі тым күрделі: таразыға адам өмірі тартылады”, – деген бір ауыз сөзінің өзі Қазақстанда қолға алынған барлық маңызды бастамаларға негіз болғаны анық.
Бейбітшілік және келісім сарайында Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен форум еліміз Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынованың құттықтау сөзімен ашылды. Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші өз сөзінде бүгінде ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтудың айрықша рөл атқаратынына тоқтала келе, қазіргідей жаһандану заманында гуманитарлық өлшем бағытындағы шешілуі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді тез арада оңтайландыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуы қажеттігін атап өтті. Солай дей келе, ол жиынға қатысушыларды форум аясында талқыланатын мәселелер бойынша ой-пікірлерін еркін жеткізіп, өзара пікір, ақпарат алмасуға, сондай-ақ, күрмеулі мәселелердің түйінін бірлесіп тарқатуға, бұл бағытта өздерінің ұсыныстарын жеткізуге шақырды.
“Гуманитарлық, яғни адами өлшем – бұл ЕҚЫҰ кеңістігінде қаралатын ең бір бұқаралық бағыттардың бірі. Онда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қамтамасыз ету, қоғамды демократияландыру, адам саудасымен күрес, білім беру, сот жүйесінің тәуелсіздігі, сайлау жүйесін жетілдіру, гендерлік теңгерімділікті қамтамасыз ету секілді ауқымды мәселелерге ерекше мән беріледі. Ал бұлардың барлығы, сөзсіз, Ұйымның адами өлшем ұстанымына айрықша бұқаралық маңызын айқындай түседі. Сол себепті де жалпыға ортақ қауіпсіздік тұжырымдамасына негізделген бұл ұстаным халықаралық назардан сырт қалмауымен де маңызды. Ол өз кезегінде осы саладағы ЕҚЫҰ қызметінің тиімділігін көрсетсе керек. Ал бұл ретте Ұйымның, сондай-ақ, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның гуманитарлық өлшем мәселелерін қарастырудағы рөлі де, құзыреті де жетерлік. Сондықтан, аталған мәселе үлкен ауқымдағы үкіметтік емес ұйымдардың назарын да қажет ететінін атап өтуіміз керек. ЕҚЫҰ Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен аталған бағытта ауқымды жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осылайша бүгінде Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде бұл маңызды дәстүрлі үдерісті тек жалғастырушы ғана емес, сондай-ақ одан әрі нығайтуды өзіне міндет етіп алды”, – деді М.Жарбосынова.
Оның айтуынша, азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ қызметі мен оның өзіне алған міндеттемелерін дамытуға қосар үлесі орасан. Бұл ретте Қазақстан ЕҚЫҰ аясында қаралатын гуманитарлық өлшем басымдығын жүзеге асыру бағытында үлкен жұмыстар атқара отырып, тек елдің ішінде ғана емес, өңірлерде де аталған ұстанымның үдерісінің нығаюына айтарлықтай үлес қосқан. Бұған Қазақстанның бастамасымен өткізілген жиындар, мәселен, төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі конференциялар және оларда көтерілген мәселелер дәлел болса керек. Бір атап өтерлігі, бұлардың барлығы Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған болатын. “Бұл жерде біз Қазақстан төрағалығының айрықша ерекшелігін атап өткеніміз жөн. Ол – мемлекеттік органдардың азаматтық қоғаммен және халықаралық сарапшылармен өзара белсенді жұмысынан айқын көрініс табады. Бұған Қазақстанның азаматтық қоғамның Ұйым жұмысына қатысуына көмек көрсетуге, ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер мен азаматтық қоғам арасындағы қатынастарды белсенділендіруге және гуманитарлық өлшем мәселелері бойынша Консультативті кеңес органының құрылуына қатысты көтерген көшелі бастамалары да дәлел болса керек”, – деді бұл турасында Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі.
Аталған органның негізгі мақсаты – еліміздің Ұйымға төрағалық ету мерзімі аралығында ЕҚЫҰ аясындағы адами өлшем саласында атқарылған мәселелерді талқылау, жан-жақты сараптау, сүзгіден өткізу. Органның құрамына мемлекеттік құрылым қызметкерлері, Қазақстанның Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сондай-ақ, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Голландия, Эстония секілді елдерден халықаралық сарапшылар кіреді. “Қазіргі таңда бұл Консультативті кеңестің 2 отырысы өтті. Олардың бірі Астанада, екіншісі Венада. Бұдан бөлек Алматы қаласында Үкіметтік емес ұйымдар органдары мен билік арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін өзек еткен басқосу болып өтті. ЕҚЫҰ шеңберінде ұйымдастырылған мұндай жиындардың барлығы да бүгінгі таңда азаматтық қоғамның тек мемлекетті дамытудағы ғана емес, әлемдік қоғамдастықты ілгері жылжытудағы рөлі айрықша екендігін айғақтай түседі. Міне, сол себепті де біз Үкіметтік емес ұйымдардың форумы ЕҚЫҰ-ның 7-ші Саммитінің қарсаңында ұйымдастырылуын дұрыс деп шештік. Ал бұл форумның өткізілуі – Үкіметтік емес ұйымдар мен ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер арасындағы әріптестік байланысты нығайту мен дамытуға қомақты үлес қосады деп ойлаймын”, – деді М. Жарбосынова. Осылай дей келе, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Шолу конференциясы аясындағы форумға қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР БИЛІКПЕН ҚОЯН-ҚОЛТЫҚ ЖҰМЫС ІСТЕУІ ҚАЖЕТ
Бұдан кейінгі кезекте форумның “ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі қызметі бойынша барлық ұстанымдары мен міндеттерінің орындалуына шолу жасау” тақырыбындағы алғашқы сессиясына модераторлық ету тізгінін Литваның ЕҚЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Ренатос Норкус алды. “ЕҚЫҰ-ның айтулы шарасы – Ұйым Саммиті қарсаңында азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеу, олармен әлемді толғандырған мәселелер жөнінде пікір алмасу мен үшін үлкен құрмет. Араға 11 жыл салып ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басқосуы – олардың саяси қарым-қабілетін, Ұйым қызметін одан әрі жандандырудағы сәтті қадамдарын, өздеріне жүктелген міндеттемелерін нығайтудағы белсенді іс-қимылын және болашаққа ауадай қажет стратегиялық бастамаларды қоя білудегі ерік-жігерін байқатады. Азаматтық қоғамның ЕҚЫҰ жұмысына қатысуы мен оның нығаюына үлес қосуы – үлкен маңызға ие. ЕҚЫҰ-ны басқа ұйымдардан ерекшелейтін де, міне, осы тұс. Үкімет пен биліктің азаматтық қоғаммен үнемі өзара үнқатысу алаңында кездесуі айрықша қажет. Себебі, Үкімет осындай пікір алмасулар арқылы өзінің қолға алмай отырған міндеттемелерін жүзеге асыруға, өздеріне тағылған сындарды жөнге салуға мүмкіндік алады. Бұл – “Үкімет пен азаматтық қоғам үнқатысуының” маңызды бөлігі. Биылғы жылғы Шолу конференциясы өзімізге алған міндеттемелердің орындалу барысын жан-жақты сараптан өткізуге, үкімет жұмыстарын, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің демократиялық үдерістердің жағдайын саралауға мүмкіндік береді деп санаймын”,–деді Р.Норкус. Осылай дей келе, ол ЕҚЫҰ қызметіндегі адами өлшем саласындағы ең түйткілді мәселелерді және олардың орындалу барысында кездесетін қиындықтарды ашық талқылауға шақырды. “Мен сіздердің баршаңызды ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің адами өлшемдер бойынша Ұйым қағидаттарын орындау жағдайын жалпылама жариялауға шақырамын”,– деді ол.
Бұдан кейінгі кезекте сөз алған форумға қатысушылар ЕҚЫҰ-ның “Адами өлшем қағидаты”, оны жүзеге асырудағы ҮЕҰ рөлі төңірегіндегі өз ойларын ортаға салды. Алғашқы сөз “Нұр Отан” ХДП жанындағы Парламентаризм институтының директоры Болат Байқадамовқа берілді. Парламентаризм институтының өкілі өз сөзінде модератордың форум аясында, әсіресе, мойынға жүктелген міндеттемелерді орындау кезінде кездесетін қиындықтарды саралауға айрықша мән беру қажет деген пікірімен келіспейтіндігін жеткізді.
“Міндеттемелерді орындау – ол, әрине, мемлекеттің және мемлекеттік институттардың міндеті. Алайда, үкіметтік емес сектордың, яғни азаматтық қоғамның бұл үдеріске қатыспай қалуы мүмкін емес. Қазіргі таңда біздің елімізде, ТМД мемлекеттерінің кейбірінде екі түрлі ұстаным айқындалып шықты. Олар билікпен арадағы үнқатысуға негізделген. Бірінші ұстаным мемлекеттің осы үнқатысуға қатысушы азаматтық секторға “арқа сүйеуіне” мүмкіндік береді. Мұндай ұстанымның келешегі мол және ол өте тиімді. Бүгінде барлық үкіметтік емес ұйымдардың кейбір мемлекет ішінде “бой көрсетіп қалатын” бәзбір кемшіліктерге байланысты билікке айрықша сын көзбен қарайтынын барлығымыз да білеміз. Сол себепті де олар көп жағдайда ел ішіндегі әлеуметтік қызметті жүйелеу, заң шығару саласына қатысу бағытында мемлекетке тіреу болатыны жасырын емес. Бұл нені көрсетеді? Бұл кез келген елдегі үкіметтік емес ұйым секторының адами өлшем саласындағы мәселелерді мемлекетпен деңгейлес қарастыруға үлкен мүмкіндігі бар екендігін көрсетеді.
Ал екінші ұстаным үкіметтік емес ұйымдар үшін аса қауіпті. Мәселен, осыдан екі күн бұрын Алматыда адами өлшем мәселесіне арналған жиын өтті. Жиын өзегі – “Қазақстан азаматтық кемелдену мен толысу емтиханын тапсырды ма?” деген сұрақтың ортаға тасталуымен ерекше болды. Сол жиында бір белгілі құқықтанушы-журналист үкіметтік емес ұйымдардың мемлекет тарапынан қаржыландырылу жүйесіне қатысты сын айтып, оқыс ойдың төбесін қылтитты. Оның ойынша, мұндай үдеріс елдегі 3-ші сектордың “қолдан” саясилануына жол ашатын көрінеді. Сол арқылы ол журналист Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекет тарапынан қаржыландырылуына қарсылығын, себебі, ол “кір ақша” екенін жеткізді. Ал керісінше, оның түсінігінше, шетелден қаржыландырылатын үкіметтік емес сектор “таза қаражатпен” жұмыс істеп, сол арқылы елдегі демократиялық үдерістердің дамуына өз үлесін қосатын көрінеді”, – деді Парламентаризм институтының басшысы. Осылай дей келе, Б.Байқадамов елдегі үкіметтік емес ұйымдар азаматтардың құқығын айтарлықтай дәрежеде қорғау, әлеуметтік бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін олардың мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.
Ал форум барысында өз ой-байламдарымен бөліскен Қазақстанның Іскер әйелдер ассоциациясы өкілдері өздерінің үкіметтік емес ұйымдарының негізгі қызметіне тоқталып, оның басым бағыттарын атап өтті. Бүгінде әйелдер арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу, олардың лидерлік қабілетін қалыптастыру, нәзік жандылардың елдің саяси үдерісіне араласуына жол ашу секілді бастамаларды қолға алған бұл қауымдастықтың құрылғанына 15 жыл толыпты. ЕҚЫҰ-ның адами өлшем ұстанымында көзделген мәселелердің бірі – ол ЕҚЫҰ кеңістігіндегі гендерлік саясатты тұрақтандыру екені белгілі. Бұл ретте Қазақстанның Іскер әйелдер ассоциациясы өкілдері өздері тараптарынан Қазақстанның гендерлік теңгерімділікті ұстап тұру бағытындағы саясатына айрықша мән беріп өтті. Оған еліміздің жетекші Ұйымға төрағалық ету қарсаңында гендерлік саясат бағытында екі заңның қабылданғаны дәлел болса керек. “Олар: ер мен әйел азаматшалар құқықтары мен мүмкіндіктерінің бірдей қарастырылуын, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді. Үкіметтік емес ұйым ретінде бұл заңдардың қабылданғанына қуаныштымыз. Бұл өз кезегінде біздің мемлекеттік құрылымдар, оның ішінде Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен арадағы әріптестігімізді жандандыруға септігін тигізді. Сол арқылы әйелдердің саясатқа, қоғамға белсенді араласуы, оларға қатысты зорлық-зомбылықпен, адам саудасымен күресі төңірегіндегі маңызды бастамалардың басы-қасында жүрміз әрі көптеген жетекші ұйымдардың белсенді әріптесіне айналдық”,– деді бұл турасында Ассоциация өкілдері. Осылай дей келе, олар аталған заң тетіктерін жетілдіру бағытында айтарлықтай шаралар атқарылып жатқанын жеткізді.
Форум барысында сөз алған Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жөніндегі саясаттың ерекшеліктері мен артықшылықтарына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, 2010 жылдың қаңтар айындағы деректерге сәйкес, адам құқықтарына қатысты ұсынымдардың 30 пайызына жуығы тәжірибе жүзінде жүзеге асырылған. “Мәселен, баланы халықаралық асырап алуға қатысты, сондай-ақ ТМД елдеріндегі еңбек мигранттарын, олардың отбасы мүшелерін қорғау жөніндегі конвенциялар ратификацияланды. Гендерлік саясат бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткіздік”, – деді Т. Әбішев. Сондай-ақ, ол форумға келген шетелдік үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жұмысымен және оның тәжірибесімен жете танысуға шақырды.
Форум барысында сөз алған Италияның Діни төзімділік және бостандық жөніндегі ассоциациясының өкілі Матия Франческо Ферреро гуманитарлық өлшем мәселелерін өзек еткен форумның маңыздылығын айта келе, бұл ретте Қазақстан жерінде өтетін саммиттің ЕҚЫҰ тарихындағы айрықша оқиға екеніне тоқталып өтті. “Себебі, бұл саммит Ұйымның 11 жылдық үзілістен кейінгі қызметіне жаңаша леп әкелуімен құнды. Сол арқылы Ұйым жаңа жаһандану заманы алға тартқан жаңа қиындықтарға қарсы тұру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік алмақ. ЕҚЫҰ – Еуроатлантика мен Еуразия арасына сенімді көпір бола алады. Сол арқылы осы Ванкуверден Владивостокқа дейінгі үлкен кеңістіктегі қауіпсіздік және тұрақтылық үдерістерін қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Бұл ретте Ұйымның азаматтардың құқығын қорғау мен құрметтеу бағытындағы қызметін ерекше бөліп қарастыруымыз қажет. Ал Ұйымға мүше елдер осы саладағы міндеттемелерді жүзеге асыру арқылы осы үдерістерге белгілі дәрежеде өз үлестерін қосты деп санаймын”, деді М.Ферреро.
Жиынға қатысушылар бірінші сессия қорытындысында кез келген елдегі ауқымды іс-шаралар мен бастамалардың үшінші сектордың қатысуымен өтетінін, сондықтан олардың жұмысын жандандыруға, модернизациялауға айрықша мән берілуі қажеттігін тілге тиек етті. Әрине, адами өлшем ұстанымы тарапында әлі де күрделі мәселелер жеткілікті екені даусыз. “Алайда, Қазақстанның жетекші Ұйымға төрағалық етуі кезінде көп жәйтті қайта қарастыруға, оның ішінде халықтың саяси, экономикалық, әлеуметтік өмір сүру сапасын көтеруге, ал ең бастысы, Ұйымның гуманитарлық өлшемін ізгілендіре түсуге мүмкіндік туғанын айтуымыз қажет”, – деді Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері. Ал мұндай байламдар еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктің гуманитарлық өлшем бағытындағы бұдан кейінгі саяси санасына өз әсерін тигізбей қоймасы анық.
ҰЙЫМ ЖҰМЫСЫ ҮШІНШІ СЕКТОРМЕН ҰТЫМДЫ
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жұмысына қайтсе Үкіметтік емес ұйымдар өзіндік үлес қоса алады? Бұл тақырып бойынша талқылау отырыстың “Әрі қарайғы іс-әрекеттер жөніндегі ұсынымдар және басымдықтарды талқылау” деп аталған бөлігінде қызу өтті. Отандық және шетелдік ҮЕҰ өкілдері өз ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Сессия жұмысына Ирландияның ЕҚЫҰ жанындағы тұрақты өкілі Й.О Лири модераторлық жасады. Оның сөзінен белгілі болғандай, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер және қазақстандық қоғам өкілдерінің қатысуымен Астанада қарашаның 28-29-ы күндері паралелльді конференция өтеді. Осыған орай ұйымдастыру алқасы Ұйым институттары мен мүше елдер тарапына бірқатар ұсынымдар әзірлеп үлгеріпті. Бұл ұсынымдар алда болатын саммитке ерекше үлес қосуы тиіс. Әсіресе, ол Ұйымның адами өлшемдер жөніндегі институтын дамыту мәселесіне қатысты. Осы ретте ЕҚЫҰ-ға мүше елдер оның алдында адами өлшемдер саласындағы өз мойындарына алған міндеттемелерін орындауға тиісті шараларды қабылдап, осы бағытқа күш салуы тиіс. Ұйымға мүше елдер адами өлшемдерге қатысты міндеттемелеріне мониторинг жүргізу, сонымен қатар, оны орындау барысында өрескел заң бұзушылықтарға қарсы жедел әрекет ету тетіктерін қарастырғаны жөн. Олай болса БҰҰ, Еуропа Кеңесі сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдардың әзірлеген үлгілері мен ұсынымдарын пайдалану идеясын алға жылжыту қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. Ең бастысы – болашақ Ұйым төрағалығына ұмтылған елдерге қойылатын талаптар күшейтіліп, кез келген шешім қабылданар кезде үміткер елдің жағдайын бағалау тетігі барлық деңгейде іске қосылуы тиіс.
Құқық бұзушылық аймақтағы тұрақтылықтың сақталуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Әсіресе, бұл діни саладағы кейбір атеистік көзқарастағы адамдардың өрескел әрекеттерінен көрініс табады. Олардың пайымынша, діни символдар қоғамдық кеңістіктен аулақ болуы шарт. Сонымен бірге, бұқаралық ақпарат құралдарындағы пікір алуандығы мен ар-ождан қорғау заңнамасының орындалу жайы өзекті тақырыптардың біріне айналып отыр. Өйткені, қазіргі таңда заңдарды қорқыту мен қысым жасау бағытында пайдалану әрекеттері байқалуда. Сондықтан айыптау тұрғысындағы астары бар үдерістер тоқтатылуға жатады. Олай болса, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өз мойындарына алған міндеттемелерін тағы бір жаңартып, жаңа үдерістердің орнауына ықпал етуі шарт.
Интернет желісінде ой еркіндігінің болуы да азаматтар құқының сақталуына, олардың өз құқықтарын қорғайтын ұйымдарға кіруіне жағдай жасайды. Бұл бағытта Ұйым міндеттемелердің әзірленуін және оның орындалуын қамтамасыз ете алар еді. Азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігін арттыру бағытында да ЕҚЫҰ көмегі артық етпес еді деген ойлар да айтылып қалды. Егер соңғы 5 жылға көз салсақ, онда халықпен тығыз жұмыс істей бастаған үшінші сектор өкілдерінің артқандығын байқауға болады. Сондықтан азаматтық қоғам орнатудағы үшінші сектордың маңызы мен жұмыс тиімділігі жоғарылап келеді деуіміз керек.
Нәзік жандылар басындағы жағдай да талқылаудан сырт қалмады. Білім беру, денсаулық сақтау, тіпті шағын және орта бизнесте де басшылық қызметтегі әйелдер қатары онша көп емес. Оның үстіне саясаттағы әйелдер саны да мардымсыз. Бұдан әйелдер жалпы елімізде ғана емес, әлем бойынша экономикалық, экологиялық мәселелерді қарастыруға, ресурстарды бөлісуге және өзге де жаһандық шешімдер қабылдауға араласа бермейді деген ой туады. Қазіргі уақыт белсенді және басқарушы әйелдер еңбек ететін экономикаға ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі мен мемлекетаралық деңгейге де қажеттігін көрсетіп отыр. Олай болса, лидер әйелдердің күшін ерлердің мүмкіндіктерімен қатар қарастырған жөн. Мемлекеттің өркенділігі оның азаматтарының әлеуетіне барынша мүмкіндік жасауымен өлшенері белгілі. ЕҚЫҰ-ға мүше елдердегі гендерлік тепе-теңдікті сақтау үшін есеп беру, әйелдердің белсенділігін арттыру бағытындағы еуропалық желіні енгізу, сонымен қатар олардың қызмет лауазымын өсіру мен бизнес ауанды жақсарту тұрғысындағы бірқатар шараларды қолға алған жөн.
Әйелдер мәселесіне дұрыс көзқарастың барлығын аңғартқан “Атамекен одағы” Қазақстан экономикалық палатасының төрағасы Азат Перуашев мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл аударылып отырылғандығын жеткізді. Екі рет осы салаға тексеру жүргізуге мораторий жарияланса, жеке кәсіпкерлік туралы заңдық құжат олардың құқықтарын барынша қорғауға атсалысып келеді. Оны Парламенттегі жұмыс тобында әзірлеу барысына шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері белсене қатысты да.
ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының рөлін пайдалану жайын сөз ете келіп, АҚШ өкілі төрағаның мүше елдерді Ұйымның адами өлшемдер саласындағы міндеттемелерді сақтауға ықпал етуші институттарының жұмысын қолдауды қамтамасыз етуге тартуы қажеттігіне ден қойдырды. Америкалық ғалымның пайымынша, Іс басындағы төраға ол үшін халықаралық беделі бар және сыйлы жоғары лауазымды өкілдерді осы салаға бағыттағаны жөн. Сондай-ақ ол ДИАҚБ құрылымы барлық аты аталған заң бұзушылықтарды анықтап, оны Тұрақты кеңес талқысына шығаруы керектігін айтты. Аталған институт жанынан бейбіт жиын өткізу еркіндігі жөніндегі іргелі мәселені қарау үшін сарапшылар тобын құру қажеттігі де назардан тыс қалған жоқ. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы жанынан Ұйым ісімен айналысатын ҮЕҰ өкілдері және саяси қайраткерлер кіретін консультативтік кеңес құрылғаны орынды.
Құқық қорғаушылар басындағы сергелдең де әңгіме өзегіне айналып, оларға әр түрлі жалалар жабылып, тіпті өлтіру жағдайына да барып жататыны мәселе етіп көтерілді. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше елдер өздерінің мойындарына алған міндеттемелерін орындауды тағы бір қуаттаулары қажет. Яғни, жеке тұлғаның құқы мен бостандығын жан-жақты қорғау бағытындағы нақты істер қолға алынғаны жөн. Әрине, бұл үшін құқық қорғаушылардың жұмысын реттейтін, олардың басына бір қауіп туа қалғанда жедел әрекет ететін үйлестіруші орган қажет. ЕҚЫҰ-ның институт ретіндегі пішіні мен рухын арттыру мақсатында әдістеме әзірлесе де артық болмас еді. Отандық ҮЕҰ-лардың ұлттық баяндама әзірлеуге араластырылмайтындығына шағымданған кейбір үшінші сектор өкілдері Қазақстан мен Қырғызстандағы діни жағдайды баяндайтын мәліметтердің біржақты әрі шынайы емес сипат алғанына өкініш білдірді. ЕҚЫҰ шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың коалициясын құру оның жұмысын жақсартуға және шынайылығын қамтамасыз етуге оң ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, ҮЕҰ жұмысын бағалау үшін жалпыға ортақ бағалау тетігін ойластырған жөн.
Копенгаген конференциясы барысында айтылған визалық режім мәселесі Еуропа Одағына кіретін кейбір елдер тарапынан сақталып отырмағандығын тілге тиек еткен белгілі құқықтанушы Марат Бәшімов виза ашу үшін көптеген құжаттарды талап ететін Ұлыбританияны мысал ретінде келтірді. Аталған ел виза аштыру рәсімін өткізу кезінде тіпті есеп-шотында қанша қаржы сақтаулы тұрғандығын да сұрастыратын көрінеді. Бұл банк құпиясының сақталуына қол сұғушылық екендігін айтқан ол осы мәселеде адам құқы сақтала бермейтіндігіне назар аудартты. Сонымен бірге, кәрі құрлықта мешіт салу үшін жер телімдері бөлінбей, мұсылман қауымының құқы қорғалмайтындығына да екпін түсірді.
Үшінші мәселе ретінде Қазақстанда адам құқы мәселелері сақталмауда деген пікірмен келіспейтіндігін білдірген заңгер ондай жағдай өркениетті деген Ұлыбританияда да орын алатындығын алға тартты. Еліміз адам саудасына, есірткі тасымалына тосқауыл қойып, қауіпсіздік саласында ерекше қадамдарға барып отыр. Осы орайда кейбір халықаралық ұйымдар тарапынан мүдделі үкіметтік емес ұйымдар тартылатындықтан, бөлінген қаржылар мақсатты жұмсалмай жатады. Соның салдарынан азаматтық қоғамды дамытуға айтарлықтай нұқсан да келетін көрінеді.
“Ареал” дін мәселелері жөніндегі ақпараттық қор” қоғамдық қорының президенті Айман Рүстембекова Еуропа елдері мен АҚШ-қа конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін алу туралы ұсыныс жасады. “Еуропа елдерінің көптеген конституцияларында жетекші рөл христиан дініне беріледі, бірақ, сонымен бірге, мемлекет көпконфессиялы болып табылады. Бұл қарама-қайшылықты шешу қажет. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының конфессияаралық, ұлтаралық келісім тәжірибесін ілгері жылжытуды ұсынамын”, – деді А.Рүстембекова.
Сондай-ақ, ол Астанаға келген қонақтардың католик храмымен қатар синагога тұрғанын, оның жанында орыс православие шіркеуінің орналасқанын, әріректе лютеран шіркеуінің, баптистердің, адвентистердің мінәжат ету үйлері орын тепкенін көзбе-көз көретінін көлденең тартты. Бізде, деді ол сөзін әрі жалғап, ұйғыр, өзбек, украин тілдерінде оқытатын мектептер бар. Басқа қандай елде табысты жұмыс істеп келе жатқан осындай конфессияаралық және ұлтаралық келісім моделін кездестіре алар едіңіздер.
А.Рүстембекова, сондай-ақ, ЕО елдері мен АҚШ-қа жыл сайын көптеген мигранттар мен босқындар келетінін еске салып, мұның қоғамда қайшылықтарға алып келетінін атап көрсетті. Осының салдарынан Еуропаның бірқатар елдерінде, тіпті АҚШ-та демократиялық міндеттемелер өз деңгейінде орындалмайды, ар-ождан талаптары аяққа басылады, деді шешен.
Осылайша “Әрі қарайғы іс-әрекеттер жөніндегі ұсынымдар және басымдықтарды талқылау” тақырыбында өткен сессия барысында бірқатар мәселелердің басы шалынды. Отырыс барысында сондай-ақ елімізде маңызды саналатын, тұтастай алғанда, қазақстандықтарға жақсы таныс экология, ұлтаралық және дінаралық татулық мәселелері де сөз етілді.