Әлі есімде, 1989 жылдың соңы еді. “Жұлдыз” журналының проза бөлімінде жаңа қызметкер, ақын Рафаэль Ниязбеков екі-үш жылдан бері көбесі сөгілмей шаң қауып жатқан көп қолжазбаның ішінен жөргем іліктіргендей іліп түсіп “Құзғын тойған қыс” атты хикаятты оқып шықты да, ұнатып, кезекті нөмірге ұсынды. Журналға алғашқы беттен-ақ жөндем дүние ұсыну Рафқаңның өзіне де абырой. Әрі бас редактор болып келгеніне әлі бір жыл тола қоймаған Мұхтар Мағауиннің талабы “Жұлдызды” жақсарту, жаңарту, арыстарымыздың ақталуына орай ұлттық рухпен жаңғырту ыңғайынан табылып тұр еді. Әсіресе, жас, жаңа есімдерден үміт күтетін, таңның таза самалындай жамалды жаңалық іздейтін. Сол іздегені жаңағы хикаяттан табылып, оның авторы Тұрысбек Сәукетай шығармасы журналға шықпастан бұрын әуелі өзі “Жұлдызға” қызметке шақырылған болатын. Хикаятты қолжазба күйінде оқып көңілі толған бас редактордың орынбасары, марқұм Рамазан Тоқтаровтың сонда лапылдап балаша қуанғаны да жадымызда. “Ай, Мұхтар, бұл жігітті дереу “Жұлдызға” алу керек” деп кеу-кеулеп ай-шайға қаратар емес. “Жұлдызда” жұмыс істеу бақыт деп санайтын, ашаршылық туралы бір повесть жазу өзінің де қиялында жүрген жауапты хатшы Ахат Жақсыбаев та Рамазан ағаның ұсынысын құптайтын сыңайлы. Тек “Жұлдызға” шықпақ оңай ма, сол қуанышты Тұрысбек сүйіншілетіп келіп өзімізге “жуып” кеткен Рафқаң екеуміз ғана “қап, әттеген-ай, келмей тұра тұрса болар еді, повесі енді кейін ысырылып, кешігіп шығатын болды-ау” деп өкінетін сияқтымыз. Өйткені, тәртіп солай-тын. Десек те, қатарымызға Тұрысбек қосылғасын ортамыз бұрынғыдан толып, берекелене түсті. Тұрсын Жұртбаев басқаратын проза бөлімі нығайды. Келер жылы журналға повесі де шықты. Тұрсын М.Әуезов музей-үйінің директоры болып кеткен кезде елдің бас әдеби журналының проза бөлімінің тізгінін ұстауға Тұрысбек лайық деп танылды. Оның пайымды пікірін сол кездерде “Жұлдызға” шығармалары шығып жататын Шерхан Мұртаза, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Бекежан Тілегенов, басқа да біраз үлкен жазушылар ілтипатқа алып тұрды. Кейін жауапты хатшының да қызметін атқарды. Рамазан аға зейнетке шыққанда М.Мағауин еш ойланбастан редактордың орынбасарлығына қалам қуаты жағынан да, азаматтығы тұрғысынан ең сенімді серік інілерінің біріне айналған Тұрысбек Сәукетайды жылжытты. Бара-бара журналды жоспарлау, жасау, автор тарту, редакцияішілік жұмыстың бар билігін беріп қойды. Бұған дейін 16 жыл табан аудармастан “Қазақфильмде” аударма бөлімін басқарған Тұрысбектің еңбек кітапшасындағы екінші жазу әлі күнге өзгермеген. Біздің досты Жазушылар одағының сол баяғы үшінші қабатындағы “Жұлдыз” журналының редакциясынан, есігінің сыртына “Бас редактордың орынбасары” деп жазылған бөлмеден табасыз.
Бұл дегеніңіз, Тұрысбектің өмірдегі тұрақтылығының, кәсіп пен мұратқа адалдығының бір көрінісі болар. Ал енді жоғарыда тілге тиек еткен, оның “Жұлдыз” журналына аттай қаланып шақырылуына себепші болған “Құзғын тойған қыс” хикаятына айналып келер болсақ, бұл жалпы әдебиетіміздегі сонау 32 жылғы сойқан ашаршылық туралы ащы шындықты ашып айтқан алғашқы соқталы туындылардың бірі болуымен қатар, автордың жазушы ретінде жан-жақты толысып қалыптасқанын аңдатты. “Сүйек” деп аталатын бір тарауы “Егемен Қазақстанда” да жарияланған. Ауыр салмақ, қазақтың зілмауыр қасіретін арқалаған осынау хикаяттың басынан аяғына дейін мұңға бөленген сыршыл суретті сұлулығын бір сәтке де жоғалтпай алып шыққандығына қайран қалғандайсың. Ашаршылық нәубетіндегі адам тағдыры, бір отбасының ошақ отының аянышты азаппен сөнуі арқылы бүкіл халықтың басына түскен қасіретті шебер өріп, нанымды бейнелеп, тереңдей ашып көрсете білген. Асыл білезігін жарты шелек талқанға айырбастаған бір кездегі байдың сылқылдаған сұлу қызы, адам етін жемек болғанда қақпанға түскен... адам, шөмеледен тышқан аулаған бір кездегі жігіттің сұлтаны, сал-сері, саятшы Нұрбек. Уәкіл Николай Исакович: “Демек, бұл “Социализм” колхозының жеріндегі жүз жетпіс үшінші өлік де. Ұмытпай жазып қой” дейтін бір ғана штрихтан аждаһа алапаттың ауқымы анық аңғарылады. Осындай сұмдық трагедиялық суреттерге толы повесті Тұрысбек роман қылуға да ниет еткен-ді, бірақ осы алғашқы аса бір шынайылықпен мұңды мүсін болып құйылған, көз бен көңілге бірдей ыстық қалпын бұзғысы келмепті. Біз де сол шешімін құптадық.
“Құзғын тойған қысқа” дейінгі әңгіме-хикаяттары да өзін сыйлайтын кез келген қаламгердің тақиясына тарлық етпейтін Тұрысбектің студенттік шағын көзге елестетемін. Орынды жерінде тауып айтар әзіл-қалжыңға да ұста, сабырдан да жазбайды, бірақ көбіне-көп саяқ жүреді. Тұрысбекті ғалым болар деп ойлайтынбыз. Ұстазымыз профессор Хайыржан Бекхожиннің жетекшілігімен Шоқан шығармаларында патшалы Ресейдің астарлы мысқылмен сыналуын ізерлеген ғылыми жұмысымен Қазан қаласында өткен студенттердің бүкілодақтық ғылыми конференциясына да қатысып келіп еді. Дегенмен, ғылымға одан әрі тереңдемеді, Қазаннан кері қайтты. Бірер жыл бұрын курсымыздың бір серкесі: “Шіркін-ай, Тұрысбек ғылыммен сол бетінде айналыса бергенде ендігі академик болып отырар еді” деген сыңайда өкініш білдірді. Өз басым осы пікірді қабылдай қоймадым. Себебі, жазушылық өнерді Тұрысбектің табиғатына тәңірім өзі тарту етіп дарытқан сияқты болып көрінеді маған.
Еліміздің шығысынан, Алтай өңірінен шыққан талантты жазушылар үлкен бір шоғыр. Солардың бел ортасынан ойып орын алған Тұрысбектің бала қиялын ең әуелі Күршімнің сұлу табиғаты әлдилеген болар. Ауылдың жаз жайлауы – Барлыбай тауында. Әкесі Рахметолла бақташы, момын адам. Өз бетімен мұсылманша оқыған, арғы аталарынан бері намазын қаза қылмаған діндар. Әкеге ерген бала Тұрысбек Барлыбайдың барлық қоныш-қойнауы, қолат-қолтықтарында бұзау бағып, біте қайнасып өседі. Ондағы Алабие, Жіңішке, Кесік, Қайрақты, Қабақ деген жерлердің әрбір бұта, әр тасымен сырласып күн кешеді. Бұраңдаған Бұқтырма, мұнарланған тау шатқалдары, одан әрі Қатонқарағай. Барлыбай биігінен бақташы балаға осы ғажаптың бәрі көрініп тұрады. Өркештене сатылай биіктеген Алтай таулары осынау ұлы көшімен аспан жаққа сапар шегіп бара жатқандай. Биігінде мәңгі қар. Етегінде самырсын, қарағай, қайың. Сай-сала толы таспен тармасып ұйысқан үшқат, қарақат, таңқурай, жарға жармасқан тұшала. Осы бұла табиғат, туған жердің қасиет-киесі мен толайым тамашалары Алтайдың Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов сияқты жүйрік жыршыларымен қатар Тұрысбек Сәукетайдың да, әсіресе, хикаяттар топтамасында бірінен екіншісіне ауыса отырып, әсем эскиз-суреттермен, жадында жәдігердей сақталған көрікті слайдтармен, мәйекті тілмен әдемі жырланған дер едік.
Сөйтіп, Күршімде ес білгеннен жан дүниесі табиғатпен жарасым тапқан ойын баласы бірте-бірте басқа бір қызықтың сорабына түседі. Ауылға келген автодүкен алған заттың қалған ақшасын қайтармай, орнына кітап бере салатын көрінеді. Кейбіреулер бұған келіспей дауласып жатса да, дәл осынысы Тұрысбектің қолайына қона кетті. Кітап көп, үйіліп жатады. Әдебиет жаңа серпінмен дамыған алпысыншы жылдардың ортасы. Батырлар жырын тауысқан бақташы бала енді Ғафу, Ізтай, Шәміл, Әділбек, Сағи, Тұманбай, Қадыр сияқты аузымен құс тістеген арқалы ақындарға ауысты. Бір әрпін қалдырмастан құнығып оқиды, үсті-үстіне қызығып оқиды. Өстіп жүріп өлеңнің құдіретімен біздің Тұрысбегіміз сөз сиқырына арбалған екен-ау. Арбалғаны сол, өлең оның жүрегіне дерт болып байланды. Өзі де өлең жаза бастады. Жаны шуақ, көңілі шат, сезімі бұла. Кеудесі тұнған романтика. Жүрек әлдебір құштарлықпен лапылдап жанады. Жотаның басына шығып алып көкірегін керіп, көзі буланып, айнала төңірекке ұзақ-ұзақ қарап тұрар еді. Ауылды айнала қоршаған табиғат өлеңіне өрнегін салатындай. Сонымен бірге еліктеуі де, солықтауы да бар сияқты. Не керек, алғашқы өлең Күршімнің “Коммунистік еңбек” аудандық газетінде тасқа басылып шыққан күн де жеткен. Одан шалдарға Алпамыс пен Қобыландыны заулатып оқуы қосылып ақын бала атанды. Келе-келе ақын балаңыздың өлеңдері Алматыдағы “Қазақстан пионері” және Семейдегі облыстық “Коммунизм туы” газеттерінің беттерінен жиілетіп көрінуге айналды. Осы тұста облыстық газетте Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаевтар жарыса, қатар көріне бастады. Газетте құлаш-құлаш өлеңі шығатын оқушыны мектеп алақанында ұстады. 1967 жылы “Советтік менің Отаным” атты республикалық конкурсқа бір дәптер поэма жазып, айды аспанға шығарғаны және бар. Құдай салмасын, қыздар хат жазып, көп достар тапқан.
Ақын бала әдебиетті ғана емес, математика, физика, химия пәндерін де ұнатып жақсы оқыды. Оқушылық олимпиадаларда тәуір нәтижелерге жетіп, мектеп бітірерде Ленинградтың киноинженерлер институтына шақыру қағаз алған. Арманшыл жас алабұртқан көңіл толқуымен құжаттарын әуелі политехникалық институтқа тапсырса да, одан қайтып алып “нархозға” түскен. Бір жыл кілең беске оқыған студентті Москваның Плеханов атындағы қаржы институтына жіберген. “Балалық қой, бармай қалдым” дейді өзі. Ал, шындығында, көңілден ақын болсам деген арман кетпей қойған. Сол арман ақыры математика, физикалардан, “нархоздан” да ат құйрығын кестіріп, 1970 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне алып келді. Қазақтың қазіргі қабырғалы қаламгері Тұрысбек Сәукетайдың айсберг астындағы ағыстардай жұрт біле бермейтін өмір бетінің бір айшығы осындай.
“Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?” деп ұлы ақын айтқандай, өз армандастарының арасына қосылғаннан кейін де көңіл тыныштық бермеді. Айсберг астында басқа ағыстар пайда болды. Өзінің өлеңнен гөрі прозаға бейімділігін сезіне берді. Алғашқы бір-екі әңгімесінің біз де дәмін алып көргенбіз. Сол кезде “эйфория”, “экстаз” деген әңгімеде қолданылған сөздердің астарлы мағыналары жайында пікір алысқанымыз да есімде қалыпты. “Дос жүрегі” деген әңгімесінде жан сырын өлеңдегідей ақтарғаны бар еді. Өлеңнен кете алмай жүргені болар деп ойлаймын. Кейінгі шығармаларының барлығындағы көп жазушыларда кездесе бермес тұнып тұрған поэзия, ішкі сыршыл үндестік, нәзік лиризм лүпілі тоқтамаған сол ақындығының себебінен болар деп шамалаймын. Қалай болғанда да, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман Тұрысбектің мөлдіреген, тұма тұнықты тырнақалды әңгімелерінің жарияға шығуына жол ашылмай қалмады. “Жалын” журналында “Өзектегі өрт”, “Жұлдызда” “Тасбақаның қабығы” іспеттес әңгімелері жарияланды. Бұдан соң осы жас жазушының қолайына дөп келер қой асығындай алшы түсіріп отырар жанры повесть болғаны да көз алдымызда. Сырлы-мұңды “Жанартаудың жалыны”, “Айлы түн еді”, “Шаңырақтан түскен күн” хикаяттары бірінен соң бірі жазылды. Осы таңғы шықтай таза сезімге, ізгілікті ардақтауға құрылған хикаяттар үш мәрте – бір рет бірінші, екі рет екінші “Жалын” сыйлығын еншілегенде алыс Көкшетауда жатып Тұрысбектің табысына, қазақ прозасындағы сәтті қадамдарына қуанып едік-ау.
Одан бері де отыз жылдай уақыт зымырап өтіпті. Сол алғашқы повестердегі ұстанымы мен ұсталығынан жазбаған Тұрысбек Сәукетай бұл күндерде өнегесі мол, өрісі кең, қаламгерлік парыз үдесінен шыққан, шынайы суреткер жазушы. 1998 жылы “Жазушы” баспасынан шыққан, халықаралық “Алаш” сыйлығын иеленген “Көлеңкелер патшалығы” кітабындағы жоғарыда айтқан “Құзғын тойған қыс” хикаяты бастатқан серек-серек салиқалы повестер топтамасы, Желтоқсан оқиғасынан кейінгі қазақ қоғамының қатпарларына үңілген, алмағайып шақтың қараңғысында қарманып жол іздеген халық рухының жаңғырықтарын аулаған “Айқараңғысы” және “Желқайық” сияқты кең тынысты, биік өрелі, соны сипатты күрделі романдары жазушының қазіргі әдебиетіміздегі орнын осылайша биік бағамдауға негіз береді.
Бәрі бәйгелі болған алғашқы кездегі шағын повестерін былай қойғанда, Тұрысбектің “Көлеңкелер патшалығы” жинағына енген таңдаулы хикаяттарының тартымдылығы қандай десеңізші! Әдемі жырдай оқылады. Тілінен Алтай баурайларындағы көкорай шалғынның сыбдыры естіледі, жұпарлы лебі еседі. Кейде бір ерке бұлақтай сылдырап, қыз шолпысындай сыңғырлағанына еріксіз сүйсінесің. Сезім суреттері, ауылдағы өмір суреттері, бал мінездер, балдәурен балалық елестері ғажап. Өзіңіз де “Мұң перделеген терезеден” қарағандай боласыз. Әйәш қонжық аю сіздің де бір аяулыңыз болып, көңіліңіздің төрінен орын алады. (Мен, тіпті, сол қонжық тағдырын өлең-балладаға айналдыруға Тұрысбектің рұқсатын да алып қойып едім). Соның бәрін бастан өткерген, өзгермеген дүниеге өзгерген көзбен қарап тұрған Тұрысбектің бала кейіпкері Том Сойер, Геклберри Фин, Қожа, Чук және Гектермен қатар өмір сүруге қақылы, сол атақтылармен тең праволы сияқты көрінеді маған. “Бесінші “Б”-дағы Бетховен” де солай. Әр хикаяты қандай да бір салиқалы әңгімеге, тиянақты талдауға өзек болғандай.
Қазақ өміріндегі үлкен бір соқталы кезең – Желтоқсан оқиғасы мен одан кейінгі жылдарды айқын көркемдік тұжырыммен, тарихи мән-маңызына һәм психологиялық астарлы иірімдеріне терең үңіле, талқандалған адам тағдырлары арқылы, солардың жан-дүниесі мен сана-сезіміндегі қасіретті өзгерістер арқылы көрсететін ірі көркем полотноға тәуекел етуін Т.Сәукетайдың суреткерлік батылдығы деуіміз керек. Алғашқы романы – “Айқараңғысы”. Мұнда айқараңғысындай өтпелі уақыт, бұл да өтер, мәңгі қасірет жоқ деген астарлы тұспал жатыр. Уыз махаббаттарының қуанышына у құйылған Әзиз-Сұлтан мен Сәбираның күйреген бақыты. Қонаев, Олжас Сүлейменов, Горбачев, Лигачев ақиқат аясында өте нанымды бейнеленіп, романның әсерлілігін арттыра түскен. Мойнына бұғалық түспеген бұла жастықтың алаңға селдей ақтарылып шығуы керемет-ақ. Бұрынғы дәстүрлі роман түсінігінен формасы да, мазмұны да бөлек, композициялық түзілімі, психологиялық шегіністері, кейіпкерлердің жан-жақтан жосылып аққан бұлақтардай ақырында бір арнада тоғысуы неғұрлым еркін қалыпталған романда баяндау жоқ, бәрі суретпен, оқиғамен өріліп беріледі. Мінезге бай, бейнелі сырбаз тіл дәмі таңдайыңызда қалғандай. Ағыны байсал, шым-шымдаған шымыр тегеурінді, толқындаған иірімі мол қазағымның қаптал тілі.
“Айқараңғысы” – азат та бостан Қазақстанның жаңа тарихындағы соқталы кезеңдерді кең тыныспен қамтитын, эпопеялық мақсат көздеген романдар циклының тырнақалды туындысы десек, екінші роман “Желқайық” Желтоқсаннан бастап тәуелсіздік алғанға дейінгі қазақ қоғамының әлеуметтік-психологиялық тұрмыс пен тіршілік күйін, ой-санасының аума-төкпе ағындарын зерделейді. Бұл екі роман да кезінде “Жұлдыз” журналында жарияланған, оқырман қауымнан жоғары бағасын алған. Тек сыншылар мен жазушы ағайындар “Көрмес түйені де көрместің” кебімен жұмған ауыздарын ашар емес. Оқта-текте көзіміз шалып қалады, жақсы нәрсені көрмеуге шеберленіп алыппыз. “Тәуелсіздік жылдарын көрсететін дәнеңе жоқ” деп ауызды қу шөппен сүртіп, қара аспанды жаудырамыз. Марқұм Бекежан Тілегеновтің көп шындықтарды алғаш шырылдатып айтқан “Қара жел”, “Сексен алтыншы жыл” сияқты кесек те кемел романдарына Мұхтар Мағауиннен басқа ешкім жылы сөз айтпады. Рамазан Тоқтаровтың аққу әніндей “Бітеу жарасы” жайлы ешкім жұмған аузын ашпайды. Дәл осы Рамазан ағамыз осыдан он жыл бұрын, қайтыс боларынан он күн бұрын Тұрысбектің 50 жылдығында өзі жақсы көретін қаламдас інісінің қоғам мен заманның толғақты мәселелерін толғап жүргені жайында тебірене сөйлегені көкейімнен кетпейді. Сол тебіреністі тірілтсек, ұлы мәртебелі Тәуелсіздігімізді терең қатпарларымен қопара, мейлінше кең ауқыммен паш ете жырғай зерделеп жатқан үлкен дүниелеріміздің бірегейі Тұрысбек Сәукетайдың нақ жаңағы “Айқараңғысы” және “Желқайықпен” әдебиетімізге мол олжа салып басталған “Қилы тағдыр” романдар циклы екені сөзсіз.
Біз байқаған тағы бір ерекшелігі, жазушы Тұрысбек Сәукетай өз шығармаларында көрген, естіген, білген шындығымен, жалпыға мәлім аксиома шындықпен ғана шектелмейді. Көрмегенін де көруге, білмегенін де білуге ұмтылады. Сезім-түйсігімен осы шындық-ау деген шексіздікке қиялын шарықтатады. Шын суреткерліктің қол жете бермес әуселесі де осы емес пе. Олай болса, стильдік жағынан, көркемдік тұрғыдан, қилы тағдырларды бір арнада тоғыстырудың қисынын табу мен жалпы жазушылық шеберлік орайында “Желқайықтың” бір сүйем болса да алға кеткендігі көңілге қонымды. Жақсы үлгісі жан-жақты талдауды қажет етер, көкейкесті тың тақырыпты қаузаған, тарихта қалар өмірлі туындының жөні осы. Демек, 100 сериялы шым-шытырық фильм түсіруге боларлықтай қалың қатпарлы “Қилы тағдыр” циклының үшінші романы, қазір, Ғафу ақын айтпақшы, жүремелете жазылып жатқан “Қыран қазасының” деңгейі алдыңғылардан жоғары болады деп үміттенуге негіз бар сияқты.
Түптеп келгенде, “ақырын жүріп, анық басарымыз” да Тұрысбек болып шықты. Баяғыда Бальзак үлкен дүниелерінің ара-арасында бір ауық тыныстап сергу үшін махаббат тақырыбындағы көл-көсір новеллаларды үйіп-төгіп жазып тастайды екен. Сол үрдістен табылған біздің Тұрсекең де бағзы дәуірлерде ғұмыр кешіп, адамзат өркениетіне өлшеусіз үлес қосқан ақыл-ой алыптары қақында еркін баяндаған әпсана-эсселерден тұратын “Көне дүние кемеңгерлері” атты қызғылықты танымдық кітабын шығарды. Тіршілік туралы пәлсапалық мәнді мөлтек түйіндерін “Шытыра” деген атпен топтастыруда. Әлі күнге кинодан да қол үзбей, 200-ден астам көркем фильм сценарийлерін қазақшалауының өзі атан түйеге жүк боларлық, өз алдына бір төбе еңбек. Міне, осыларға Жазушылар одағындағы ұйымдастыру шаруаларындағы ықтияттылығы, проза секциясының жұмысын жүргізу сергектігі, “Жұлдыз” журналының негізгі бір ұстынындай жиырма жылдық жанкештілігі қосылғанда біз Тұрысбек Сәукетайды алтын басты азаматтық, сәулелі суреткерлік биіктерге көтерген айсберг астындағы ағыстардың қаншалықты шарапаттылығын сезіне түсер едік. Ал оны түгел түгендеп шығу бұл мақаланың да, бір мақаланың да шеңберіне сыймаса керек.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.
--------------------------------
Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.