Газетіміздің 5 қараша күнгі санында “Отандық теларналарды алмастырған “тәрелкелер” деген мақала жарияланып, онда ауылдардың отандық телеарналарды көру мүмкіндігі әлі де болса, шектеулі, 14 мыңға жуық ауылдықтар өз еліміздің емес, Ресейдің телехабарларын, күнделікті сол жақтың жаңалықтарымен жақсы таныс екендігі айтылып еді. Енді міне, күткен күн де келіп жетті, облыста тұңғыш рет спутниктік телехабарлар көрсетіле бастады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев пен Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев отандық телехабарларды шалғай ауылдарға дейін жеткізетін озық тәжірибені қолданысқа енгізуге орай биылғы жылдың қазан айында меморандумға қол қойған болатын. Сөйтіп, облыс әкімінің бұл бастамасы қанат қақты жоба ретінде елімізде алғашқы болып жүзеге асты деуге болды. Қазір сандық жүйе бойынша берілетін телехабарларды жеткізетін арнайы құрал-жабдықтар Екібастұз қаласы ауылдық аумағына қарасты Ақкөл, Өлеңті ауылдарына, Лебяжі ауданының Баймолдин, Тақыр, Тереңкөл ауылдарына, Шарбақты ауданының Шегірен, Есілбай ауылдарына, Ертіс ауданының ауылдарында орнатылды. Шалғайдағы Шегірен ауылында 20 отбасы арнайы қабылдағыш құралдың көмегімен отандық телеарналарды көруде. Енді ауылдықтар 21 телеарнаны қосып тамашалай алады. Облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мұрат Сұлтанбековтың айтуынша, бұл жұмыстар бұдан әрі қарай облыстың Ақтоғай, Железинка, Қашыр, Успенка және басқа да аудандарға жеткізілетін болады. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына орай телехабарлар тарататын құрал-жабдықтар аз қамтамасыз етілген 600 отбасына тегін орнатылып беріледі. Бұл үшін бюджеттен қаржы да қарастырылған. Ал, ауқатты отбасылар фирмаларға 22 мың теңге төлеп, орната алады. Сөйтіп, қазір қанатқақты жоба арқылы облысымызда отандық телеарналар көруге жол ашылды. Бірнеше телеарналарды көру мүмкіндігі де туды. Тіпті, спутниктік телехабарларды көршілес Омбы, Новосібір облыстары мен Алтай өлкесін мекендейтін қазақ ағайындарымыз көруге қол жеткізетін күн де алыс емес.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.