29 Қараша, 2010

Жапония жақындай түсті

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Газетімізде бұдан бұрын ха­бар­­лағанымыздай, Парламент Мә­жі­лі­сінің Төрағасы Орал Мұ­хамед­жа­нов бастаған қазақ­стан­дық пар­ла­менттік делегацияның Жапо­ния­ға жасаған бір апталық ресми сапары табыспен өтті. Де­ле­гация құрамы осы сапар бары­сында Күншығыс еліндегі нақты биліктің барлық өкілдерімен, со­ның ішінде мемлекеттік және заң шығарушы, атқарушы, саяси би­лік бас­шыларымен кездесіп, Қа­зақ­стандағы Елбасы жүргізіп жат­қан жұ­мыстармен, ел экономи­ка­­сы­ның өрлеу жағдайымен, ашы­лып отырған инвестициялық әлеуе­­­ті­мен, соларға негіз қалап жат­­қан заңдардың қабылдану ба­ры­сымен жақын таныстырып қайтты. Әлемде экономикалық жетіс­тік­термен таңғалдыру мүмкін емес екі-үш ел болса, шамасы соның бірі Жапония болар. Өйткені, бұл ел өзінің екінші дүниежүзілік со­ғыстан кейінгі жоғары техноло­гия­лық жетістіктерімен әлем көшін бас­таған елдердің бірі. Даму деген­нің қандай болатындығын, соның ішінде секірісті даму дегеннің қандай екендігін бастан өткеріп, енді бәрін былай қойып, қолдан робот-адам жасауға кіріскен ел. Жапонияның ең беделді кәсіп­орны “Тойота” компаниясының негізгі сауда үйі болып табылатын “Тойота цуши” корпорациясының көрсетілім залында осындай ро­бот­тардың бірі Орал Мұхамед­жанов бастаған делегация құрме­тіне үрлемелі аспаптан музыка ойнап беріп, қонақтарға басын игенде жапон жетістігіне еріксіз сүй­сінгендейсіз. Міне, осындай елдің басшы­лығы Орал Мұхамеджановтың әрбір кездесу сайын әңгімелеген Қазақ­станның қазіргі жетістіктері мен болашақ даму мүмкіндігіне аса бір ықылас танытып отырды. Себебі оларда жоқ кейбір дүниелер бізде бар. Мәселен, Қазақстанның қазіргі орналасқан орны мен табиғи ши­кізат ресурстары Күншығыс елін көп қызықтыратындығы мәлім бол­ды. Осы ретте Елбасымыздың Жа­пониямен қарым-қатынастары туралы айтқанда: “Сіздердің қол­да­рыңызда бізге қажетті жоғары тех­нологиялар бар, ал біздің қолы­мыз­да сіздерге қажет болатын табиғи ресурстар бар”, деген қағидалы сөзі екі ел қарым-қатынасын терең­де­туге барынша мүмкіндік беретін бо­лашақтың кілті екендігін аң­ғардық. Жапон жағы тәуелсіздіктің 19 жыл ішінде Қазақстанның қандай ел екендігін әбден аңғарып қалған секілді. Сондықтан Орал Мұха­мед­жа­нов бастаған парламенттік деле­гациямен кездесуге көп көңіл бөл­гендігі, өздеріндегі барды байқатып, мүдделердің тоғысу нүктелерін із­дес­тіре бастағандығы сезіліп тұрды. Осы ретте қазақстандық делега­ция­ның ресми сапарының өзі атақты Хиросима қаласынан басталуының да мәні болған секілді. Хиросима – әлемде атом қаруынан алғашқы болып зардап шеккен қала. Ал Қазақстан болса, дүние жүзінде атом қаруынан бас тартқан әзірге жалғыз ел. Біз де Семей полиго­ны­нан көп зардап шектік. Сондықтан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың осы полигонды өз Жарлы­ғы­мен жабуы халқымыздың болашағы үшін де, халықаралық қауымдас­тықтың қауіпсіздігі үшін де барын­ша қажетті көреген шешім болған­дығын Хиросимадағы атом бомба­сының зардаптарын әйгілейтін атақты мұражайды аралаған кезде айқын аңғардық. Жапон елінің аса ірі өнеркә­сіп­тік орталықтарының бірі болып та­былатын Нагоя қаласындағы әлем­нің 51 елінде филиалдары мен бө­лім­шелері жұмыс істейтін “Тойота цуши” компаниясының президенті Джунзо Шимизумен болған кездесу жапондық бизнес құрылымдардың Қазақстанмен әріптес болуға ұмты­латындығын көрсетіп берді. Ал мұ­ның екі жаққа да пайдалы бола­тын­дығы анық. Мәселен “Тойота цуши” компаниясы шетелдерге жапон автокөліктерін сатумен қатар астық және металл өндірісі мен саудасына да үлкен мән беріп, осы іспен де белсене шұғылданады екен. Қазақстанның Нагоя пре­фек­тура­сындағы Құрметті консул қызметіне кіріскен компания пре­зиденті өздерінің Қазақстанда астықты өңдеу, құс фабрикасын салу, оларды қа­зіргі заманғы жа­пон­дық техно­ло­гиялармен жаб­дық­тау ісіне кірісуге әзір екендіктерін білдірді. Сонымен қатар “Тойо­таның” өндірістік сала­дағы серік­тес­терімен бірлесе оты­рып Қазақ­станда осы автокөліктерді басқа да техникаларды шығаратын зауыт салуды қарастыратындық­тарын жеткізді. Қазақстандық делегацияның ең үлкен кездесулері ел астанасы То­кио қаласында өтті. Газетімізде бұ­дан бұрын хабарлағанымыздай, Ор­ал Мұхамеджанов бастаған дел­е­га­ция бұл жерде өздерін ресми сапар­мен келіп қайтуға шақырған Жа­по­ния парламенті Өкілдер палата­сының төрағасы Т.Йокомичимен, парламенттің Кеңесшілер палата­сының төрағасы Т.Нишиокамен, елдің жетекші саяси партиясы – Жапония демократиялық партия­сының бас хатшысы К.Окадамен, Эко­номика, сауда және индустрия министрі А.Охатамен, ақыр аяғын­да атқарушы биліктің жоғарғы өкілі – Премьер-Министр Н.Канмен кездесті. Осы кездесулерден кейін Орал Байғонысұлы қазақстандық журналистерге шағын сұхбат берді. – Біздің бұл елге келуіміздің бас­ты мақсаттарының бірі Жапо­ния парламентімен бұрыннан бас­талған байланыстарды қайта бір бе­кіту болатын. Өйткені, осыдан бі­раз жыл бұрын екі елдің парламен­тінде де қарым-қатынастарды да­мы­туды жақтайтын депутаттық топ­тар құ­рыл­ған-ды. Содан бе­рі Жа­по­ния парламенті Өкілдер па­ла­та­сындағы саяси күштер са­л­­мағында өзгерістер болып, басым ор­ындарды демократиялық партия­ның мүше­ле­рі иеленді. Міне осы пар­тияның өкілдерімен де то­лық тіл табысып, парламентаралық қарым-қатынастарды одан әрі да­мы­­татын болдық. Осыған байла­ныс­ты Жа­по­ния парламентінде ұйымдас­ты­ры­латын жаңа топқа осы елдегі қазіргі жетекші пар­тия­ның мүше­лері ғана емес, басқа да партия­лар­дың мүше­лері кіретіндігі келісілді. Мұ­ның өзі бір есептен ел­дегі саяси күштердің салмағы ау­ыс­қанымен парла­мент­аралық ын­ты­мақ­­таст­ық­­тардың жүйе­лі жолға тү­суі­не қыз­мет ете­тіндігі анық. Ос­ын­дай әңгіме Жа­по­ния парламентінің екі палатасы­ның төрағасымен кездесу­лер барысында пысықталды. Ал жаңа ғана Премьер-министр Наота Кан мырзамен кездесу ба­рысында екі ел қарым-қатына­сы­ның бірқатар мәселелері бойынша әңгіме болды. Біз өз тарапымыздан қазіргі күні Қазақстан эконо­ми­касында әртараптандыру үдерісінің жүріп жатқандығын, елімізде үлкен индустриялық-инновациялық бағ­дар­л­аманың қабылданып, осы бой­ынша көптеген жобалардың жүзеге асу үстінде екендігін, бұл жағ­дай­дың өзі Қазақстанға шетелдіктердің жаңа инвестицияларымен келуге мүмкіндік беретіндігін жеткізді. Жа­пон тарабы осының бәріне ықы­­лас танытты. Оларды әсіресе, ур­ан­ды бейбіт мақсатта бірлесіп өн­­діру, Қазақстандағы сирек ме­тал­дар өн­дірісін дамыту мәселелері көбірек қызықтырады екен. Сондай-ақ осыдан біраз бұрын Қазақстан тарабы екі жақты инвес­тицияларды қорғау бағытындағы келісім-шартқа қатысты өз ұсыныс­тарын жасаған болатын. Премьер-министрмен әңгіме барысында осы­ған қатысты құжаттардың әзір­ленуі үстінде екендігін, көп уақыт өтпей әзір болатындығын білдік. Егер осы келісім-шарт әзір болып, оны екі елдің парламенті бекітіп жатса, мұның өзі қарым-қатынас­тар­дың одан әрі дамуына қолайлы жағдайлар туғызған болар еді, – деді Орал Байғонысұлы қазақстан­дық журналистерге берген шағын сұхбатында. Біз сондай-ақ сапар барысында және жоғарыдағы кездесулерден кейін парламент делегациясының мү­ше­лері – ҚР Парламент Мәжі­­­­­лісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­­ағасы Әмзебек Жолшыбеков, Эко­логия­лық және табиғат қорғау мә­се­ле­ле­рі комитетінің төрағасы Ер­­лан Нығ­матулин, Жапон парламен­ті­мен ынтымақтастық жөніндегі топ­тың жетекшісі депутат Сәт Тоқ­пақ­баев, депутаттар Бауыржан Смаи­­лов, Шавхат Өтемісовті де сөз­ге тарт­қан едік. Олардың барлы­ғы осы жолғы сапардың сәтті өт­кен­­­дігін, екі елдің арасын жақын­дас­ты­ра түскендігін, Жапонияның Қа­зақстанмен ынтымақтастыққа ынта танытып отырғандығын жеткізді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Суреттерді түсірген  Сайлыбай МАЙЛЫБАЕВ.