29 Қараша, 2010

Тапсырма орындалуымен құнды

438 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елімізді қуатты әрі бәсекеге қа­бі­летті мемлекеттер қатарына жет­кізу­де өңірлік даму рефор­ма­ларына да үлкен үміт арты­лып отыр. “Жаңа онжылдық – жаңа эко­номикалық өрлеу – Қазақ­стан­ның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында  жаңа өңірлік саясат 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың аса маңызды тіні ретінде қарастырылып, экономи­ка­лық өсу орталықтарын  жер­гілікті жерлерден қалыптастыруға айрықша ден қойылғаны белгілі. Елбасы Н.Назарбаев барлық облыс әкімдерімен еліміздің әлеу­меттік-экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындыларын талқы­лауға арналған кеңесте ел эко­но­микасының жақсы өсу қарқынын атап көрсете келіп, жыл аяғына дейін жергілікті жерлерде атқа­ры­латын тапсыр­ма­лар­ды  санамалап берді. Бұл талаптар, түптеп келгенде, ауыл тұрғын­дары­ның өмір сапасының жақсаруын және әлеуметтік қорғалуының нығаюын қамтамасыз етері анық. Облыстық әкімдікте өткен ке­лелі жиын Президент тапсырма­ла­рын іске асыру жайына ар­налды. Облыс әкімі Серік Білә­лов  биылғы жыл міндеттерін орындаудың ма­ңыздылығын  айта келіп, атқарыл­ған жұмыс­тар­мен қоса бірінші кезекте ше­шілуі тиіс міндеттерді де көп­шілік назарына ұсынды. Алдымен, жыл аяғына дейін үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасы жобаларын аяқтау және биыл тұсауы кесілген нысандардың толық қуатында жұ­мыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Облыста жалпы құны 27,6 мил­лиард теңгені құрайтын  14 жобаны игеріп, 1812 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 13,9 миллиард теңгенің 10 жо­ба­сын жүзеге асыру жос­пар­ланса, қол­да­нысқа енгені – 7.  Жыл аяқ­­тал­ған­ша жалпы сый­ым­­дылығы 60 мың тон­на­лық эле­ватор ке­ше­ні,  қуатт­ылығы 60 мың тон­налық 4 ас­тық сақтау қой­ма­ла­ры, 320 басқа арналған сүт фер­ма­сы құ­рылыстарын аяқтау мін­деттері тұр. Маңыздылығы одан әсте кем түспейтін тапсырмалардың бірі – құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу. Әсіресе, бюджет қаражатына салы­нып жатқан әлеуметтік нысан­дарды толық іске қосу, сонымен бірге құ­рылыс құнын арзандатуға бағыт­тал­ған денсаулық сақтау, мектептер мен балабақшалар нысандарын тұр­ғызу жөніндегі құрылыс нор­малары мен ере­желеріне өзгертулер мен толық­ты­рулар енгізу. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстар әлі баяу.  “100 мектеп, 100 аурухана”  бағ­дарламасы аясында үш әлеуметтік нысанның құрылысын аяқ­тау белгіленген. Преснов кентін­дегі  100 төсектік туберкулезге қарсы дис­пансер мен бір ауысымда 90 нау­қас қабылдайтын емхананың, Пе­тро­павл қаласындағы 500 нау­қасқа ар­налған емхананың құры­лыстары бі­туге тақау. Ал, Ғ.Мү­сі­ре­пов ауданын­да салынып  жатқан  нысан құры­лы­сының қашан аяқ­талары белгісіз. Сол сияқты қаржы жетіспеушілігіне бай­ланысты  жер­гілікті бюджет есебінен тұр­ғызылуға тиісті  Кириллов ауы­лындағы 240 орынды мектеп үйін пайдалануға беру кейінге шегерілген. Балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қам­тамасыз етуді арттыруға бағыттал­ған “Балапан” арнайы бағдарла­масы бойынша екі балабақша құ­ры­лысы қолға алынса, үшіншісінің құрылысына  конкурс ұйымдас­ты­рыл­ған. Алайда, аталған ғимарат­тар­дың шығындарын азайту мақ­сатымен қайта жобалаудың ықти­малды шараларының қайта қа­ралуына байланысты іске қосу мер­зімдері ұзарып кете ме деген күдік басым. Алдағы уақытта эко­номикалық жағынан тиімді жоба­лар бірден ұсынылса, құба-құп бо­лар еді. Жұмыссыз, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға республи­ка­лық және жергілікті жерлерден тө­ленетін әлеуметтік төлемдерге тал­дау жасау, оларды үйлестіру жөнінде ұсыныстар енгізу тапсыр­масының орындалуы күмән туғыз­байды. Мұндай санаттағы адам­дарға  көмектің 16 түрі көрсетіліп, жеңілдіктерді де пайдалана алады. Елбасы бағаны негізсіз көтеруге жол берілмеуін қатаң талап еткені белгілі. Жасыратыны жоқ, алпауыт монополистердің өзара ымыра­ла­суы салдарынан  өзге жерлер­дегідей Солтүстік Қазақстан облысында да да жекелеген азық-түлік түрлерінің, атап айтқанда, ұнның, нанның, макарон, сүт өнімдерінің, жұмырт­қаның қымбаттауы орын алды. Қолданылған нақты шаралардың арқасында азық-түлік тағамдары бағаларының одан әрі өсуі тежелді. Азық-түлік келісім-шарт корпора­циясы, ұн үктіру комбинаттары, наубайханалар мен жергілікті билік орындары арасында меморандумға қол қойылып, қолжетімді  баға қалыптасты. Облыс басшысы  мо­но­полистердің үстемдігіне жол бермеуді, олардың қызметіне қатаң бақылау орнатуды тиісті ведо­мостволарға тапсырды. Ауылшаруа­шылық жәрмеңкелерін жүйелі өткізу, өнімдерді тікелей сатып алу­ды ұйымдастыру, азық-түлік баға­ларына мониторинг жүргізу, кінәлі­лерді әкімшілік жазаларға тарту ба­ғаның тұрақтануына ықпал ет­кені байқалады. Жанар-жағармай баға­сына да қатысты пәрменді шаралар белгіленді. Әкімнің баяндамасында жастар саясатына қатысты атқарылған істер, алдағы бағдарлар сараланды. Бұл орайда “Жас Отан” жастар қанатының  белсенділігі өзгелерге үлгі етуге тұрарлықтай. “Жастар мәслихаты”, “Дипломмен – ауыл­ға!”, “Ауыл жастары” секілді жоба­лар қолдауға ие. “Жастар саясаты”  аймақтық  бағдарлама шеңберінде патриоттық, азаматтық, мәдени, кәсіптік бағыттағы танымдық ша­ра­ларды іске асыру үшін  биыл 8 миллион теңге  бөлінсе, келер жы­лы 9 миллион теңге қарасты­рыл­ған.  Десек те, шешімін таба­тын мә­селелер  аз емес. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына мамандар әзірлеуде, дипломды жастарды жұмысқа  орналастыруда кедергілер жиі кездеседі. Соңғы екі жылда жо­ғары оқу орындарын бітіріп келген 252 түлектің 79 пайызы ғана жұ­мысқа орналасқан. Алдағы уақытта ауылшаруашылық кадрларын жер­гілікті жерлерде даярлауға ба­сым бағыт берілетін болады. Соған орай келер жылдан бастап Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы кол­леджі негізінде  аграрлық инс­титут ашу көзделіп отыр. Жиында қыстан қысылмай өту, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық нысандарын сақадай-сай әзірлеу, коммуналдық төлемдер қарызынан құтылу, жергілікті ат­қарушы билік құзырындағы  ха­лық­қа қызмет көрсету орталық­тарының жұмысын бір ізге түсіру, құжаттандыру мәселелерін жедел­дікпен шешу, құрғақшылықтан зардап шеккен егіншілердің  не­сиелік және лизингтік төлемдер өтеу мерзімін ұзарту, бұл іске  ұлт­тық холдингтер мен қаржы инс­титуттарын тарту, қылмыстың ал­дын алу, құқықтық тәртіп бұзушы­лықты тежеу мәселелері де сөз болды. Осылайша облыстың эконо­ми­ка мен әлеуметтік салаларындағы күнгей мен көлеңкелі тұстары  тағы бір таразыланып, Елбасы тапсыр­маларын табандылықпен жүзеге асырудың ішкі мүмкіндіктері жан-жақты сараланды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.