Шағын футбол
Осы жылдан бастап елімізде Білім және ғылым министрлігі мен “Астана қаласының футбол сүйер қауымының лигасы” қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен студенттер арасында республикалық аймақаралық турнир өткізіле бастағаны белгілі.
Жуырда Орталық, Батыс, Шығыс, Солтүстік, Оңтүстік-1, Оңтүстік-2 аймақтарына бөлініп, еліміздің 50-ге жуық жоғары оқу орындарының командалары қатысқан бәсекенің жеңімпазы анықталды. Сөйтіп, Академиялық инновациялық университет, Рудный индустриялық институты, Семей мемлекеттік педагогикалық университеті, М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының командаларымен иық теңестіріп, бәсекеге түскен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жігіттері турнирдің бас жүлдесін жеңіп алды. Сыр бойы командасының бұл жеңісін ұйымдастырушылар да, жанкүйерлер де күтпеген еді. Алайда, күн сайынғы жаттығулар мен шелектеп төгілген тердің арқасында Қызылорда командасы қарсыластарының ешқайсысына дес бермей, құрмет тұғырының ең биік сатысынан көрінді.
Турнирде екінші орынды Академиялық инновациялық университет, ал үшінші орынды Рудный индустриялық институттың командалары иеленді. Бәсеке соңында Білім және ғылым министрлігінің Тәрбие жұмыстары мен жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Ермек Жантоқов жеңімпаз бен жүлдегер командаларға бағалы сыйлықтар табыс етті. Ал Астана қаласының футбол сүйер қауымы лигасының төрағасы Ерлан Жарылқасыновтың айтуынша, мұндай студенттер арасында футболды дамыту мен жастардың жүйелі түрде спортпен айналысуын насихаттауға, халық арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат ететін турнир алдағы кезде де ұйымдастырыла беретін болады.
Дастан КЕНЖАЛИН.