Талбесік
Шөлейтті далада құм бархандарының көшкінін “кісендеп” ұстайтын, ұлан-ғайыр адырлардың топырағын эрозиядан сақтайтын, атыраптарда тіршілік ететін елді мекендерді дауылдардан қорғайтын сексеуілдің қадір-қасиетін білмейтін адам аз болар. Шеті көзге шалынбас құладүзді құлазудан құтқаратын табиғаты айрықша ағаштың бұл түрі негізінен оңтүстік өңірінің Түркістан, Шардара, Отырар, Арыс, Созақ аймақтарында өседі. Егер өсімі жақсы болса, тамыры отыз метрге дейін тереңдеуімен жерге де, елге де паналық пайдасы орасан сексеуіл қоры облыста 2941600 гектардан астам алқапты алып жатса, оның басым бөлігі Созақ ауданының аумағында – 1599200 га.
Ең үлкен үлес салмағының осы өлкеде болуының басты себебі де қарт Қаратаудың теріскей тұсының солтүстігі үстінен ұшқан құстың қанаты талатын иен Бетпақдалаға, оңтүстігі телегей теңіздей Мойынқұмға созылатын ауқымдылығында, жерінің тұзды кебіртектігінде, сусымалы құм қабатының қалыңдығында. Байтақ аралықты желі жиі үздіксіз уілдейтін қолайсыздықтан құтқарудың бірден-бір жолы ағаш егу екені де бесенеден белгілі. Ал, құмдақ және тақыр жері басым әрі ауа райы Арқаның табиғаты тектес осы өлкеде өсетін бұтақты дарақтарға қарағанда сексеуіл өсімтал да төзімді. Сексеуіл алқабын сауықтыра отырып, бұл өңірде молайту шаруасымен Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі айналысады. Ауданның жер көлемі 4 миллион гектар болса, оның 1 млн. 200 гектары осы мекеменің иелігіне тиесілі. Осыншама кеңдікті ен жайлаған орман қорының бір шеті Жамбыл облысындағы Мойынқұмның толқынды құм жоталарынан басталады. Екінші ендігі Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына барып тіреледі. Шөлейтті, құмды далада табиғи өсетін қатты ағаш тұқымдасқа жататын сексеуілдің жалпы ақ, қара, Зайсан деп аталатын үш түрі бар. Созақта соның алдыңғы екеуі өседі. Ағы құмды төбелерде, қарасы тегіс жазықтарда бітеді. Оларға баяу бой көтерер кірпияздық тән. Жиырма бес жылда 1,5-2 метрге дейін өседі. Осы кезде ғана пісіп-жетілді деп есептеледі.
Ал енді тұзды топыраққа да, құрғақшылық жағдайға да төзімді осы сексеуіл алқаптары Созақтың ұшы-қиырына көз жетпес даласында, айналасы адырға ала қашатын ауылдарда орманға айналдырудың барысы қандай? Міне, енді қоршаған ортаны қорғауда бүгінгі өзекті мәселенің бірі болып отырған осы сауалдың түйінін тарқатып байқалық.
Рас, бағзы замандардан бертінге дейін, кеңес дәуірі дәурен құрғанға шейін Созақ даласын сексеуілдің ну орманы көмкеріп тұрғаны тарихта дәлелденген дерек. Баба-аталарымыз сыңсыған тоғайдай жайқалған оны қызуы қуатты болғандықтан, қысы-жазы тұрмысында отын ретінде пайдаланғаны да айғақты ақиқат. Ежелден серіктес сексеуілді, даланың өзге де бұта-бүргенін бей-берекет кесе бермей, қажеттілігіне аса ұқыптылықпен, ұсықты жаратып келген дәстүрлі әрекеті де қазақтың өткен өмірінен белгілі жәйт.
Бүгінде бұрын жалпақ жазығымыздың сұлулық салтанаты болған сол қалың сексеуіл тым селдіреп кетті. Алыстан қарауытқан қараған қатары уақыт озған сайын азайып барады. Кезінде тұтасқан қара ормандай орамдары от опырғандай селкеу-селкеу көзге түседі. Содан да соңғы кезде өте сирексіп қалған сексеуілді қолдағы бар ұрығынан өсіріп, жаңа алқаптарын жасау маңызды іс. Бұрын да табиғаттың бір байлығы санатында қорғалып келгені мәлім. Әсіресе, соңғы жылдары сексеуіл алқаптарының кемуіне жол бермеуге байланысты Үкімет тарапынан бірқатар маңызды қаулылар қабылданды. Бірақ, іс-шаралардың жүргізілуіне қарамай, оның діттеген деңгейге жетпей тұрғаны да ащы шындық. Мұның тиісті орындардың сала мамандары, қызметкерлері зерттеген, түйіндеген, табиғат жанашырларының пікір-ойларымен қуатталған көптеген себептері алға көлденең тартылады.
Біріншіден, сексеуілдің пісіп-жетілгенін де, орта өскенін де өздерінің атасынан бұйырған байлықтай аяусыз қырқатын браконьерлердің жосықсыз әрекеті. Оңай олжа отынға балайтын пайдакүнемдерге тоқтам болмай тұр. Ауыл адамдары ерекше қорғауға алынған сексеуілді өз меншігіндей қалай болса солай кесіп әкете беру заң бұзушылық екенін білсе де, жөнсіз әрекеттерінен арылмай-ақ қойды. Құдды сұрауы жоқтай, отынның басқа түрін сатып алудан тартынып, іргедегі тегін дүниені жымқыруға жақын. Былтыр Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйымдастырған 108 рейдтің нәтижесінде орман заңнамасын бұзушылықтың 31 оқиғасы тіркелді. Келтірілген зиян 1868553,5 теңгені құрады. Бұл тексеру кезінде хаттамаға түсірілгені ғана. Ал түн қатып, болмаса күндіз де қадағалаудан қалтарыста сексеуіл тасып ұстатпағандар қаншама. Биыл да сексеуілге сұғанақтық өршімесе, азайғаны байқалмайды. Бір қызығы, тамызыққа ағаш ұрлаушылардың арасында жылда орманшылардың құрығына ілігетін тұрғындар кездеседі.
Сексеуілдің қызу қуатына құмарлардың азаймай отыруын аталмыш ұжым қызметкерлері орман алқаптарының бір-бірінен шалғай орналасуымен және ауқымдылығымен, оларды тәулік бойы бақылаудың қиындықтарымен байланыстырады. Шынтуайтында, олардың бұл уәжі қисынды. Қиян қырлардағы, алыс адырлардағы ірі дегендегісі – 40.000-50.000 гектар, кішісі 4000-5000 гектарды алып жатқан және аудан орталығы Шолаққорған ең ұзағы 250 шақырым болатын сексеуіл алқаптарын күні-түні күзетудің өз қиыншылығы жетерлік. Кейбіреуінде жалғыз орманшыдан. Бірқатарында не автокөлік, не аткөлік жоқтың қасы. Шегіне көз жетпейтін атырапты бір адамға араға уақыт ұзатпай аралап шығудың ауырлығын тағы қосыңыз. Әр орман алқабында қашықтықты қадағалауға арналған мұнаралардың да ешбірінде орнатылмауы бақылауға тұсау.
Орманның көзделген дәрежеде өсіп-өнуіне екінші кедергі, басты нұқсан – өрт. Қыруар қаржы жұмсалып, қаншама жыл тер төгіп, ерен еңбекпен аялап өсірілген орман алқаптары әртүрлі себептермен абайсызда /бәлки қасақана/ тұтанған отқа оранып, орны ойсырап қалатыны өкінішті. Оқиғалардың жыл сайын қайталана беруі де сексеуілді сиретумен келеді. Алдын-ала сақтық шараларының жасалмау салдарынан тек сексеуіл ғана емес, тұтас тоғайлар, жайылымдар, егістіктер қара күлге айналып жатқанын естіп те, көріп те жүрміз.
Енді сексеуіл шоғырларының бойында, қанатын жаза алмай, біркелкі жайылып, жайқалмауының және бір күрделі себебіне тоқталайық. Созақ даласында “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының “Катко” бірлескен кәсіпорны” ЖШС-іне қарасты бірқатар мекемелер жұмыс істейді. Қазыналы Қаратаудың байлық тұнған шалқар қойнауынан өндірілген бағалы кеннің еліміздің де, өңірдің де өркендеуіне қосар пайдасы орасан, әрине. Бірақ, кеншілердің қазба жұмыстары кезінде кейде орман заңымен санаса бермейтіні де сексеуілдің өніп-өсу жүйесінің бұзылуына соқтырып жатады. Олардың орман қоры жерінің бөлігінде бұрғылау ісін жүргізуде алғышарттарды жасауға немкеттілік танытатыны талай рет анықталды. Жеті қат жер астынан кен іздеушілер еліміздің заңдары бойынша орман қорының меншігіндегі аумақта бұрғылау ісін орындауға кірісер алдында сол тұстағы құнарлы топырақ қыртысын залалсыз орынға сырып жинауы қажет. Жұмыс аяқталған соң жаңағы үйіндіні бұрынғы жеріне қайтадан жаймалауы керек. Көбінде бұл заңды талаптар орындала бермейді.
Бұл туралы Созақ орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме директоры Шора Ерназаров былайша сөз өрбітті. “Катконың” бұрғылаушылары орман қорындағы сексеуілдің қолдан өсірілген жас өскініне де, табиғи өсіп тұрғанына да қарамай, жұмыстарын құжатты түрде күнілгері заңдастырмай жерді астан-кестең қопарып тастайды. Қыруар қаржы жұмсап егіліп, енді көтерілген және бұрыннан бар сексеуіл қатарларының көз алдымызда жойылып жатқанын көргенде қалай жаның ауырмас. Кен қазу бәрімізге ортақ игілік екенін түсінеміз. Тым болмаса олардың орманның опырылған орнын қалпына қайта келтіріп бергенін қалаймыз. Бұл міндетке немқұрайдылықтары ашындырады. Талай рет соттасып, айыппұл төлеттік. Осы мәселеге облыстық, республикалық тиісті мекемелердің араласуы қажет. Қазір де кеншілердің сексеуіл алқабының едәуір құнарлы бетіне келтірген зиянын өндіру жөніндегі бір талабымыз сотта жатыр. Байырғы орманшы осылай дейді.
Сексеуіл алқабының ауқымын ұлғайтуға қатысты қажетті жағдайлардың бірі ауа райының қолайлылығына тікелей байланысты екенін білдік. Бұл оны қолдан өндіру. Яғни, піскен дәнін жинап, Алматыдағы арнайы зертханадан сұрыптаудан өткізіп, осы мезгілде айдалған жерге ұрығын себу. Мұның да өзіне тән ерекшелігі, қиындығы бар. Көктемде жердің бетіне қылтиып қана өскен балапан сексеуіл жылдың осы мезгілінде суықтық 7 градустан аспаса және жаз аптабынан аман қалса, одан әрі ызғарға көндігіп, бой алып өсіп кетеді. Өнгені күзде 25 пайыз деп есептелінсе, әрі қарай күтімге алынады. Бұдан төмен болса есептен шығарылады. Кей жылдары көктем аязды болып, еңбек зая кететін жағдайлар да болып тұрады.
Шу ауылдық округіне қарасты аумақта біздің орман қорына жатпайтын, арнайы қорғауға алынбаған 41000 гектар табиғи өскен сексеуіл алқабы бар. Егер тездетіп қорғауға алынбаса, есепсіз қырқылудан ол да құрып бітуі әбден мүмкін. Осы орман алқабын өзіміздің қорға дер кезінде өткізіп, жойылып кетуден сақтап қалу үшін аудан әкімдігіне, облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына осы мәселеге ықпал етуін сұрап, бірнеше рет хат жаздық. Алайда, әзірге бізді қуанта қоярлық нәтиже жоқ, дейді тағы бір сөзінде Ш.Ерназаров. Сексеуілді елді мекендердің төңірегіне жақындатып егу ісінің ойдағыдай шешілмей отырғаны да бізді қынжылтады. Ауылдарға тақау орналастырылған ормандардың қандай маңыздылығы барлығы айтпаса да түсінікті. Алайда, аудан әкімдігі осы мақсатқа жер бөлуді қиындатып келеді. Жасыратыны жоқ, бір рет 2000 га жер босатты, онда да Шолаққорғаннан 250 шақырым қашықтықтан, Қаратаудың бір түкпіріндегі уран өндіретін Буденов шахтасы жағынан. Бұл біздің көздегенімізді көншітпесе де, жоспарға бола амалсыз ектік соған. Ал Созақтың аралары алшақ ауылдары айналасында, Құдайға шүкір, бос жер жетіп артылады. Жергілікті билік осы тірліктің күрмеуін тарқатуын соншалықты күрделендіре бермей, ортақ мүддеге қарай ойысқаны құба-құп болар еді.
Кәнігі орманшы мен оның облыстағы майталман әріптестерінің толымды тәжірибесінен қордаланған пайымдарын, Созақта өзіміздің көзбен көргендерімізді түйіндесек, қадым замандардан халықтың талай қажеттіліктерін өтеп келе жатқан сексеуілдің бүгінгі жай-күйі осылай олқыланып тұр. Аяныштылығы ақиқат. Ойлантады. Толғантады. Тереңге тамыр тартып көгеріп, аңызақ пен аяздан аласармай 40-50 жыл дегенде жетіліп, құла дүздің дидарын диландырып тұрған ағашты жаппай жосықсыз отай берсе, оның да бір күні түгесілуі хақ. Қолдан өндірілетіні өсіп-жетілгенше, ұзақ уақыт керектігі және анық. Оның да өмірі тұқымын құртар табиғат тосындығына, кездейсоқ өртке, айдаладағы “батпан құйрыққа” дәніккен сумақайларға тәуелді. Рас, сексеуілді аз мөлшерде тұрғындарға ішінара белгіленген алқапта, сынған бұтақтарын, қурағандарын санитарлық мақсатта ғана кесуге рұқсат етіледі. Бірақ, кейбір үйлердің ауласында тау-тау болып үйілген сексеуіл дөңкелері оған місе тұтушылықтың, қанағатшылдықтың жоқ екендігін айқын аңғартып тұр.
Бітімі әркелкі, әредікте ербиіп селкеу өскен сексеуіл алқабында жайылып жүрген мал да жерден тырбиып әрең бой көтеріп келе жатқан жас өскінді табаны астында таптайды. Тұрғындар өзінің кіндік қаны тамған жердің табиғатына шынайы жаны ашымаса, онсыз да жадағай туған өлкесінің тоғайсыз, тіптен жүк ағашсыз жалаңаш қалуы мүмкін.
Әрине, сексеуіл қорын қорғау барысында орын алған олқылықтарды оңалту, бұл салаға қамқорлықты мейлінше күшейте түсу мемлекеттік тиісті мекемелердің нысанаға мықтап алар, ширата түсер шаруасы екенін де айта кеткеніміз жөн. Ал, әзірге сексеуіл селдір. Оның тағдыры, иә, иә тағдыры қазір тәлкекке түсіп тұр. Адамдардан рақым күтеді.
Жеңіс БАҺАДҮР.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Созақ ауданы.