Шаралар жиынтығы түйінделді
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен дөңгелек үстел білім ордасындағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына қатысты сан-алуан шаралар жиынтығын түйіндеді.
Заң факультетінің 2-курс студенті Динара Сәдуақасованың “ЕҚЫҰ: басым бағыттар мен міндеттер”, болашақ тарихшылар Сәулеш Сүлейменова мен Данияр Тілеуқабыловтың “Еуропадағы қарулы күштер туралы келісім”, “ЕҚЫҰ-ның Қырғызстандағы бейбітшілік миссиясы”, аға оқытушы Ғалымтай Төлепбергеновтің “ЕҚЫҰ: әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық өлшемдер” тақырыбындағы баяндамалары қызу талқыланды.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.
Бүлдіршіндерді қуантқан күн
“Бөбек” қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасымен елімізде екінші рет өткізілген ризашылық күні солтүстікқазақстандық бүлдіршіндерді үлкен қуанышқа бөледі. Олар жер-жерлерде қамқорлыққа алынып, сыйлықтар таратылды.
Облыс әкімі Серік Біләлов М.Жұмабаев ауданындағы Полудино балалар үйінде болып, үй кинотеатрын сыйлады. Сара Алпысқызының жетім балаларға арнаған жүрекжарды құттықтауын балалар үйінің директоры Юрий Ляпин оқып берді. Осындағы тәрбиеленушілер “Бөбек” қорының президенті тарту еткен “Ризашылық бағын” тамашалады. Кітаптар жинағынан қызықты ертегілер оқып, үлкен ләззат алды.
Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.
Балабақшалар қайтарылуы тиіс
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әлеуметтік мақсаттағы нысандарды мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне арналған селекторлық кеңес өткізді. Кеңесте бұрындары жеке меншікке су тегінге сатылып кеткен 363 нысанның бар екендігі сөз болды. Олардың 162-сі білім беру, 75-і денсаулық сақтау, 105-і мәдениет және спорт нысандары көрінеді. Өкінішке қарай, сол нысандардың 151-і жермен жексен болған, тіпті олардың орны да жоқ. Ал 118-ін кері қайтару пайдасыз деп табылып отыр. Тиісті мекемелердің қажырлы жұмысы нәтижесінде нысандардың 75-і кері қайтарылып алынған
Бердібек Мәшбекұлының айтуынша, қазір Өскеменде 5274, Семейде 4913 бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен. “Бұл күндері балабақшаларды су тегінге алғандар оны қымбатқа сатып, пайда тапқысы келеді. Сондықтан біз шара қолданатын боламыз. Балабақшаларды тегін қайтарып берген азаматтар бар, солардан үлгі алыңыздар демекшіміз”, деді жиынды қорытындылаған өңір басшысы.
Оңдасын Елубай, Өскемен.
Форум бірлікке үндейді
Өткен аптада облыс орталығындағы “Достық” үйінде облыстағы этно-мәдени бірлестіктер жанынан құрылған жастар бірлестіктері бас қосты. Мақсат – жастар арасында елін сүйер патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілді құрметтеу, өзге ұлт өкілдері жастарынан қазақ тілін үйренушілер қатарын көбейту, рухани бірлік, ұлтаралық келісім беріктігін сақтауды нығайту. Бұл ойды жастар “Кескіндеме және графика”, “Фотосуреттер”, “Қолданбалы өнер” арқылы өздері салған, жасаған туындылары арқылы көрсетті.
Бұдан кейін Астанада өтетін Саммит алдында арнайы ұйымдастырылған “Патриот” пікірталас клубының мүшелері елдік, егемендік, бірлік бағытындағы өз ойларын ортаға салды. Форум соңында “Достық пен келісім мекені” атты жастар бірлестіктерінің өнерпаздары әр тілде гала-концерт өткізді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.
Он екінші рет өткен фестиваль
Қарағандыда бес күнге жалғасқан халықаралық “Сазды Сарыарқа” фестивалі осы жолы да облыс өнерсүйерлерінің есінде қаларлықтай болды. Әуелде аймақтық деңгейде ұйымдастырылған ол кейін келе республикалық, одан соң халықаралық деңгейге көтерілді.
Бұған дейін қарағандылықтар Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Фуат Мансұров, Жәния Әубәкірова, Айман Мұсақожаева сынды саңлақтардың өнерімен танысса, осымен 12-ші рет өткен фестивальде Мәскеудегі Үлкен және К. Станиславский атындағы академиялық театрдың әйгілі солистері Роман Муравицкий, Анастасия Бакастова, шырқаған әндер жүрек баурады. Сонымен бірге, жаңадан таныла бастаған жас таланттардың есімдері құлақта сақталып қалды.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
Театр маусымы ашылды
Ақтөбенің театр сүйер қауымы үшін көптен күткен қуаныш та келіп жетті. Театр маусымы өнер ордасының көркемдік жетекшісі Мағзом Бақытжановтың бірнеше жыл бұрын сахналаған ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің “Қарақыпшақ Қобыландысымен” ашылды. Театр ұжымы он төрт жылдан бері жүріп келе жатқан Мұхтар Әуезовтің “Айман-Шолпан” комедиясын да жұртшылық назарына ұсынды. Көрермендер екі спектакльді де жақсы қабылдады.
Мәскеуде тұратын, бұрын Ақтөбеде осы театрда қызмет істеген режиссер В.Виттих сахналаған В.Беляковичтің “Қуыршақтар” қойылымы үш күн бойы аншлагпен жүрді. Жаңа қойылым көптің көңілінен шықты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
Атыраудың үздік кеденшісі кім?
Өткен аптада облыстық кедендік бақылау департаментінде қызметкерлердің кәсіби шеберлігін, ой-өрісін анықтайтын, ана тіліне, спорт пен өнерге ықыласын, ел мүддесі жолындағы іскерлігі мен жауапкершілігін сараптаған “Үздік кеденші” сайысы өткізілді. Сайысқа қатысқан 10 кеденші 7 бөлімнен құралған бәсекеде алдымен сәлемдесіп, кеден заңнамалары бойынша білімін тексерді. Тілге құрметін көрсетіп, спорттық бабында екенін танытты. Тіпті аспаздық өнерлерімен тәнті етті.
Атырау кеденінің бірінші басшысы болған ардагер-кеденші Мұрат Өтешев жетекшілік еткен қазылардың бағалауымен “Құлсары” кеден бекетінің маманы, кеден қызметінің аға лейтенанты Нұржан Сәкенов ағымдағы жылғы “Үздік кеденші” атағын иеленді.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.