30 Қараша, 2010

Адамзаттың шағын моделіне айналған мемлекет

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада “Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­ағалығы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” атты кітаптың тұсаукесер рәсімі болып өтті. “Жаңа Қазақстан” сериясымен шыққан бұл кітап Президенттің Баспасөз қызметі мен еуропалық атақты  ғалым-саясаттанушылардың бірлесіп іске асырған жобасы екен. Басылымда ЕҚЫҰ-дағы төрағалық – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңнің бірі болып табылатыны ашып көрсетілген. Тұсаукесер рәсімін Ресей Ұлттық страте­гия­лар институтының халықаралық жобалар жө­ніндегі директоры, саясаттанушы Юрий Со­лозо­бов жүргізіп отырды. Бұл жоба ТМД елдері саясаттанушыларымен қатар, Германия, Фран­ция сияқты елдер ғалымдарының, мәселен, профессор Жоффруа-Ириекс Блетонның, доктор Маттиас Дорнфельдтің және басқа­лар­дың қатысуымен іске асырылды, деді Ю.Со­ло­зобов. Әрине, біз бұл жобаны тек ресейлік ғалымдардың күшімен де іске асыра алатын едік, бірақ Ресей Қазақстанның стратегиялық әріптесі болған соң оның ғалымдарының пікір­лері біржақты болып кетер деген оймен біз еуропалық ғалымдардың да пікірлерін келтіргенді жөн көрдік. Техникалық тұрғыдан алғанда, кітаптың шығарылымында мін жоқ, оны мен  полиграфиялық өнердің жәдігері деп бағалар едім. Мазмұны да сыртқы көрінісінен кем болмасына кепілдік бере аламын. Пре­зи­денттің Баспасөз қызметінің көмегі арқасында біз кітапқа Вашингтонда ядролық қаруға қарсы болған конференция және басқа да әлемдік форумдардағы фотосуреттерді қоса алдық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “New Europe” журналы мен “Іnternatіonal Herald Trіbune” газетіне берген сұхбаттары да кітаптан орын алып, оның мазмұнын байыта түсті. Ав­торлар қазақстандық төрағалықтың мақсаттары мен міндеттерін терең ашуға тырысқан. Әлем­дік лидерлер деген тарауда олардың Қазақстан төрағалығы туралы пікірлері келтірілген. Онда қазақстандық төрағалықтың жетістіктері, со­ның ішінде Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың жеке еңбегі туралы молынан айтылған. Осылай дей келіп, Ю.Солозобов саясат­та­нушылардың негізгі тұжырымдарына тоқталып өтті.  Қазақстан туралы айтқанда қай кезде де барлық сарапшылар мен ғалымдар “алғашқы” немесе “тұң­ғыш” деген сөздерді жиі қол­да­на­ды. Мәселен, “Орталық Азиядағы алғашқы лидер”, “әлемдік тәжі­ри­беде тұңғыш рет”, “ТМД-да ал­ғашқы болып” деген сияқты. Соның ішінде он бір жылдан кейін алғаш рет, Орталық Азия мемлекеттері мен ТМД елдері арасында алғашқы болып Қазақ­стан ЕҚЫҰ Саммитін өткізгелі отыр. Қазақстан көпұлтты мем­ле­кеттің бейбітшілік пен татулықта өмір сүруінің халықтар ассам­блея­сы сияқты жаңа моделін алғашқы болып ойлап тапты. Сөйтіп, Қа­зақ­стан қазір Еуразияның гео­гра­фия­лық орталығы ғана емес, сая­си орталығына да айналып ке­леді, деді ресейлік саясаттанушы. Келесі кезекте ол Қазақ­стан­ның әлемдік саясатты айқын­дай­тын ауыр салмақты елдердің қатарынан орын алып отыр­ғанын атады. Бүгінгі күні Қа­зақ­стан адамзаттың шағын моделі сияқты.  ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп қана қоймай, оның саммитін өткізгелі отырғаны осындай жетістіктердің арқасы. Әрине, бұл істердің басында Нұрсұлтан Назарбаев сияқты дара тұлғаның тұрғандығы істің нәтижелігіне әкелгені даусыз. Біздің кітабымыз осы ойларды тереңдеп талдап шыққан, деді ол сөзінің соңында. Соңынан Ю.Солозобов журна­лис­тердің көптеген сұрақтарына жауап берді.