Мемлекет басшысының атына Ақмола облысының Ақмол ауылының тұрғындарынан ұжымдық хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Целиноград ауданының әкімшілік орталығының тұрғындары Мемлекет басшысына аудан орталығын дамыту мәселелеріне, ауылдың өмірлік қамтамасыз етілуіне және инфрақұрылымының бірқатар мәселелерінің шешімін табуына көңіл бөлгені үшін ризашылықтарын білдірген.
Ақмолдықтар елді мекенде жиырма жылға жуық уақыт тұрғындарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуде проблема болып келгенін баяндайды. Алайда, өткен жылғы тамызда Елбасы ауылға келіп-кеткеннен кейін мұнда елеулі өзгерістер болды.
“Президенттің тапсырмасы бойынша облыс және аудан басшылығы тарапынан аталған мәселені шешу үшін шаралар қабылданды, – деп жазады ауыл тұрғындары. – Бүгінгі күні пәтерлерге ауызсу тәулік бойы жеткізілуде, оның сапасы да жақсарды.
Сондай-ақ жылумен жабдықтау жүйесінің жұмысын жақсарту жөнінде шаралар қабылданып, кенттегі жолдарға және көп қабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сіздің тапсырмаңыз бойынша жаңа балабақша пайдалануға берілді. Бұл – аудан орталығы үшін үлкен оқиға. Бүгінде Ақмолдың келбеті жарқырай түскен”.
Ауыл тұрғындары мемлекеттік саясаттың нәтижесінде еліміздің ауылдары абаттанып келе жатқанын, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі артып, өмір сүру жағдайы жақсарғанын айтып, Президентке өз алғыстарын жеткізеді.
“Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, денсаулық, бақыт және біздің мемлекетімізді дамыту, әрі одан әрі гүлдендіру жолындағы жемісті қызметіңізге ұзақ жыл тілейміз!”, делінген Ақмол ауылы тұрғындарының хатында.