01 Желтоқсан, 2010

Бұл – маңызы айрықша оқиға

455 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Баспасөз орталығында ЕҚЫҰ-ның баспасөз хатшысы Вирджиния Куллудон мен Қазақстан Респуб­ликасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенконың қатысуымен брифинг өтті. Брифинг кезінде оған қатысушылар Астана Саммитіне байланысты журналистерге арнайы ақпарат беріп, бағыт-бағдар нұсқады. ЕҚЫҰ-ның баспасөз хатшысы Вирджиния Куллудон сөз басында әлемдегі 56 мемлекет өкілдерінің жоғары деңгейдегі шарасының маңыздылығына тоқталып өтті. «Бұл шараға Ауған­станның президенті Хамид Карзай қатысатын болады. Ауғанстан саммитте талқылана­тын өзекті мәселелердің бірі болмақ. Мәртебелі қонақтардың арасында БҰҰ Бас хатшысы, сондай-ақ Еуропалық Одақ президенті секілді белгілі тұлғалар бар. Ал жиынның өзі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен ашылады. Жалпы, Саммит отырысы телевизиялық тікелей көрсетілім арқылы жүріп отырады. Сондай-ақ, аталған шараға қатысқан ұйымға мүше елдер өкілдерінің сөзін ресми тілдерде интернет арқылы тамашалай аласыздар», – деді Вирджиния Куллудон. Брифинг кезінде ЕҚЫҰ баспасөз хатшысы Астана Саммитінің Орталық Азияда ең бірінші рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. «Қазақстан осы Орталық Азияға қарасты елдердің ішінде алғашқы болып осындай ауқымды шараны ұйымдастырып отыр. Ал бұл – айрықша маңызды оқиға. Біздің ойымызша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ұйымның одан әрі дамуына қажетті маңызды қадам болмақ», – деді В. Куллудон. Журналистер саммит кезінде Таулы Қарабақ шиеленісінің қаншалықты деңгейде көтерілетініне қатысты сауалдар қойды. «Біздің ойымызша, бұл күрделі мәселе бойынша белгілі бір келісімге қол жеткізілетін болады», – деді Р.Василенко.