Осыдан 35 жыл бұрын Финляндияның астанасы –Хельсинкиде құрылған ұйым өткен кезеңдерде қай мемлекет те пікіріне құлақ асатын халықаралық ірі де беделді құрылымға айналғаны анық. Ал осындай ұйымға Қазақ елі төрағалық етіп қана қоймай, соңғы 11 жыл бойы өткізілмей келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының Саммитін ұйымдастырғалы отыр. Осы орайда біздің тілшіміз Финляндияның Қазақстандағы елшісі Микко Киннуненге жолығып, оған бірнеше сауал қойған еді.
– Елші мырза, менің білуімше, сіз тарихшысыз. Сол себептен де, сізге алдымен ЕҚЫҰ тарихына қатысты сауал қойсам деймін. Кезінде “қырғи-қабақ соғыстың” нағыз қызған тұсында, 1975 жылы сіздің еліңізде қазір әлемге ЕҚЫҰ деп танылған ұйым кеңес ретінде алғаш бас қосты. Содан бері әлем қатты өзгерді. Ол кездегі капиталистік және социалистік жүйелер арасындағы тайталастар жоқ, алайда әлемді алаңдататын мәселелер көп, оның үстіне жаңа қауіптер де туындауда. Күрес жолдары қандай?
– Сауалыңызды екі бөліп қарастырып, алдымен тарихқа тоқталайын. Финляндия 41 жыл бұрын, 1969 жылдың 5 мамырында барлық еуропалық және солтүстікамерикалық мемлекеттерге Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы кеңесін құру жөнінде дипломатиялық нота жолдады. Бұл ЕҚЫҰ үдерісінің бастауы еді. Ал 1995 жылдың 1 қаңтарында ол қазіргі атауын иеленді. ЕҚЫҰ-ның алғашқы жиналуы, өзіңіз айтқандай, 1975 жылдың тамызында болған еді.
1975 жылғы Хельсинки Қорытынды актісі ЕҚЫҰ-ның болашақтағы барлық құжаттарына, мысалға, 1990 жылғы жаңа Еуропаға арналған Париж Хартиясына, 1999 жылғы Ыстамбұл келісімдері сынды маңызды құжаттарға негіз қалады. Сол жылдардан бері “Хельсинки рухы”, “ЕҚЫҰ рухы” деген ұғымдар орнықты. Міне, осылайша ізгі қағидаттан туып, Финляндия астанасында жарияланған ниет күні бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп келеді.
ЕҚЫҰ бүгінде халықтар арасындағы келісім мен достықтың синониміне айналғандай. Бүгінде ЕҚЫҰ – ең көпдерлік мүшесі бар, Батыс пен Шығыс арасын жақындатқан, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан іргелі ұйым. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның өмірге келуі Финляндияның үлкен жетістігі және ол еліміздің Еуропадағы ұстанымын нығайтты. Сол себептен де Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мәселелері 1960 жылдардың аяғынан бері Финляндиямен тығыз байланыста.
Енді жаһандық проблемалар мен дағдарыстар және жаңа қауіп-қатерлер мәселесіне келейін. 1975 жылдан бері жағдай біршама өзгеріске ұшырады. Бірнеше мысал келтірейін. “Қырғи-қабақ соғыстың” аяқ жағында Фрэнсис Фукуяма өзінің белгілі мақаласында “тарих аяқталуда” деген болатын. Бұл дегеніміз, Кеңестер Одағының құлауымен батыстық демократиялық либерализм өздігінен әлемде басымдыққа ие болады деген ой еді. Расында олай болмай шықты.
1993 жылы Самуэль Хантингтон мәдениет, мәдениеттер қақтығысы – “өркениеттер қақтығысы” деген теориясын алға тартты. Оның айтуынша, өркениеттер арасындағы түсініспеушілік болашақтағы барлық қақтығыстардың негізгі себебі болмақ. Әрине, бұлай ойлауға негіз жоқ дей алмаймын, бірақ онымен толық келісе де қоймаймын. Әлемде мәдениеттер арасындағы қақтығыстардан гөрі, түрлі мәдениеттердің бейбітқатар өмір сүруі көбірек. Оның жарқын мысалының бірі – Қазақстан.
“Қырғи-қабақ соғыс” аяқталғаннан кейін Батыс пен Шығыс арасындағы қарама-қайшылық жойылды, енді қақтығыстарға орын жоқ деген бізде бір керемет эйфориялық көңіл-күйдің, сезімнің болғаны рас. Ал өмір шындығына келсек, жағдай басқаша. Мысал үшін Сомалидегі азамат соғысын, Югославиядағы 1995 жылғы Сребреница қырғыны мен тағы басқалардың орын алуын айтсақ та жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Жаңа қатерлерді қалай тудырмауға болады деген сұрағыңызға келетін болсақ, оның дайын рецепті жоқ. Алайда, менің ойымша, бай солтүстік, кедей оңтүстік арасындағы жер мен көктей айырмашылық жойылуы тиіс. Бұл жерде байлық пен кедейлік арасындағы айырымды айтып отырмын. Мысалы, Африкадағы кедейшілік пен кикілжіңдерді шешуде белсендірек қимыл қажет. Кедейшілік пен жұмыссыздық, жастардың өз орындарын таппауы, болашақтарының тұманды көрінуі терроризм мен радикализм сынды жамандыққа алып келуі мүмкін. Бұл – өте қауіпті. Скандинавия жұртында мынадай пайым бар: дағдарыстан соңғы қалпына келтіру ісіне және қақтығыс, кикілжің туған ортадағы мәселелерге әйелдер кеңінен араласса, ол тезірек жемісін береді деген.
Қазақстандағы этностар мен мәдениеттер арасындағы үнқатысудың маңызды екенін айта кеткім келеді. Ал тыныштық мәселесінде – Таяу Шығыстағы жағдай жөнге келсе, халықаралық шиеленіс бәсеңдер еді деп ойлаймын.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық қызметі туралы не айтар едіңіз?
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы бірнеше себептермен тарихи сәт болып табылады. Қазақстан төрағалыққа жақсы дайындықпен келді. Финляндия Қазақстанның белсенді және сындарлы төрағалығын жақсы бағалайды және Қазақстан төрағалығы Ұйымның барлық мүшелері үшін мөлдір өтуде. Ал менің ойымша, Қазақстан төраға ретінде Астана Саммитімен және оның қорытындыларымен есте қалады. Және де форум күн тәртібінде ЕҚЫҰ-ның жаңа динамикасы мен болашақтағы даму жолдары көтеріліп, жоғарғы деңгейдегі Саммит нәтижесінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің өзіне алған міндеттемелеріне жауапкершіліктерінің артуына, түбінде оның орындалуына әсерін тигізуімен форум өз орнын табады деп сенемін.
– Астана Саммитінің күн тәртібіне сіздің ел қандай ұсыныстармен шығып отыр?
– Форум күн тәртібін еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік аясындағы үнқатысудың жалғасы деп білемін. Ал ол 2008 жылы Хельсинкиде өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде басталып, онан соң “Корфу үдерісі” аясында жалғасын тапқан еді. Бұл үнқатысу қауіпсіздік мәселесіндегі түрлі көзқарастарды пайымдау үшін өте пайдалы болды. Саммитте осы жұмыстар жалғасын табуына келісімге келеміз деп үміттенемін және де осы үнқатысудың әрі қарай жалғасуының іс-қимылдар жоспары қажеттігі де анық.
Финляндияның Ұйым қоғамдастығының қауіпсіздік жайындағы тұжырымдамасын қолдайтынын айта кеткім келеді. Біздің еліміз саммит бойынша төрт басымдыққа мән беріп отыр. Олар: қақтығыстар мен дағдарысты қадағалау, мұның ішіне ЕҚЫҰ мүмкіндіктерін оңтайландырып, туындаған қиындықтардан шығумен қатар, олардың алдын алу, болдырмау, кәдімгі қару түрлеріне бақылау жүргізу, Ұйым мүшелерінің бірлесе қабылдаған шешімдерінің орындалуы, атап айтқанда, адами өлшемдерге қатыстылары бойынша және трансұлттық қауіп-қатерлер, мұнда, әрине, Ауғанстан бар.
Астана Саммитіне үміт артамыз, осында қабылданған саяси декларацияда сан елден жиналған мемлекет басшылары ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттарынан айнымайды, бұрынғы Хельсинки Қорытынды актісі мен Париж Хартиясын қолдайды деп сенеміз. Саммитте осы бағыттарды алға жылжытуда және ЕҚЫҰ болашақ дамуының “жол картасын” жасау жайында келісімдерге келеміз деп үміттенемін.
Форум жұмысына және Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына сәттілік тілей отырып, Финляндияның саммиттің табысты өтуіне саяси қолдау көрсетуге пейілді екенін айтқым келеді.
– Әңгімеңізге көп рахмет, елші мырза.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.