02 Желтоқсан, 2010

Саммит Австралияға да пайдасын тигізуде

521 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Саммитке қатысушы елдер ара­сында оның мүшелері ғана емес, әріптес елдердің басшылары да бар. Соның ішінде біз Австралияның Сыртқы істер министрі Кевин Рад­д­пен кездесіп, оған микрофон ұсынған едік. «Австралия ЕҚЫҰ-ға мүше елдермен тығыз ынтымақ­тас­тық қарым-қатынаста. Әсіресе, оның Орталық Азиядағы мүшелері­мен соңғы жыл­дары экономикалық ынтымақтастық жақсы жолға қойы­лып келеді. Мен осында келген сәттен Қазақстан Премьер-Министрі­мен және басқа да лауазымды тұл­ғалармен кездесіп, екіжақты қа­рым-қатынасты дамыту мәселелері бойынша пікір алмастым. Мұндай үнқатысулар екіжақты қарым-қа­тынастың тереңдей түсуіне игі ықпал етеді», деді. Ал ЕҚЫҰ туралы айтқанда, ол Еуразия құрлығында қауіпсіздік пен ынтымақтастықты орнықтыру жо­лын­да сүбелі үлес қосып жүрген Ұйым екенін, бірақ соңғы жылдары оның бұрынғы белсенділігі төмен­деп кетті деп есептейтінін, Қазақ­стан төрағалығы оның тамырына қан жүгірткенін атап өтті. Бүгін, міне, көзқарастары әртүрлі ондаған елдің басшылары бір үстелдің басында отырып, ортақ мәселені талқылады. Біз оған қуаныштымыз, өйткені, Ұйымның белсенділігі бізге де пайдалы. Осы қатарда Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басының еңбегі зор деп білемін. Болып жатқан саммит Еуразия құрлығы үшін ғана емес, Авс­тралия үшін де маңызды. Өйткені, әріптес елдеріміздегі қауіпсіздік мәселесінің шешілуі ынты­мақтастықты тереңдете тү­седі. Мен осы саммиттегі мүм­кін­шілікті пайдаланып, Герма­ния­ның Канц­лері Ангела Мер­кельмен, Ресей Президенті Дмитрий Мед­ведевпен екіжақты келіссөздер жүргіздім. Бұл да біз үшін үлкен олжа, деді Австралия Сыртқы істер министрі. Біздің «Басқа континентте болса да мүше болып отырған АҚШ пен Канада сияқты Австралия да ЕҚЫҰ мүшелігіне өту мәселесін қарастырған жоқ па?» деген сұра­ғымызға бұл мәселенің бо­ла­шақта бәрібір көтерілетінін ай­тып қалды. «Әзірге Австра­лияның әлемдік аренада белсенді позиция ұстанып жүргенін айта кетуге тиістімін. Ол Азия елдерімен тығыз байланыста және олардың ортақ ұйымдарына мүше болып енген. Сондай-ақ әлемдік «үлкен жиырмалықтың» қатарына өтті. Австралияның экономикасы әлемде 12-ші орын алады», деді ол.