ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонның журналистерге арналған баспасөз мәслихатына қызығушылықтың зор болғаны сондай, залда ине шаншар орын қалмады.
– Жаңа ғана біздің мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ делегациясының басшысы Хиллари Клинтонмен кездесуі аяқталды, – деп сөзін бастады Қанат Саудабаев. – Елбасы атап өткендей, Клинтон ханымның біздің елге сапары, оның Астана Саммитіне қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынастың деңгейін көрсетіп қана қоймай, Қазақстан мен Құрама Штаттардың болашақтағы стратегиялық әріптестігінің дамуы мен өрістеуі көрінісінен хабар береді.
Кездесу барысында Астанадағы жоғары деңгейдегі саммиттің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша терең пікір алмасулар жүріп, оның барысында төрағалық кезеңінде қол жеткен саяси табыстар атап өтілді. Тараптар Қазақстанның жемісті төрағалығының қатарына жаңа ғасырда алғаш рет ЕҚЫҰ саммитінің өткізілуін жатқызды. Бұл Ұйымның жұмысына соны серпін беруі тиіс.
Сондай-ақ кездесуде маңызды мәселелер қатарында трансұлттық қатерлер аталып, оның ішінде Ұйым кеңістігінен тыс жерлердегі қатер төндіруші ошақ – Ауғанстан проблемалары сөз болды. Сонымен бірге, Қырғызстан мен Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтау мен аймақтың дамуы үшін сауатты экономикалық саясат жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Және де аймақтың демократиялық бағытта дамуы тек бір жағдайда – заң үстемдігі құрметтелетін құқықтық мемлекет аясында ғана жүргізілетіндігіне баса мән берілді.
Гуманитарлық салада Қазақстан төрағалығы тұсында азаматтық қоғам институттарымен қарым-қатынас деңгейінің жоғары болғаны да сөз етілді, деді Қанат Бекмырзаұлы.
Кездесу кезінде Батыс пен Шығыс арасындағы қатынастардың, мұсылман әлемімен байланыстардың жақсарғаны, өркениеттер арасындағы үнқатысудың тиімді жүргізілгені, төзімділік пен толеранттылыққа мән берілуінің деңгейі жоғары болғаны атап көрсетілді. Қазақстан бұл жұмыстарды келер жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы уақытында да жалғастыратын болады.
Тараптар сондай-ақ екі жақты байланыстардың деңгейіне де баға берді. Қауіпсіздік, саяси ықпалдастық, сауда-экономикалық, энергетикалық, демократиялық үдерістер бағытындағы қарым-қатынастар жақсы жолға қойылған. Біз жаппай қырып-жою қаруының таралмауы тұрғысындағы бұрыннан келе жатқан тиімді байланыстарымызды тереңдетуге мақсаттылығымызды білдіреміз. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі Вашингтон саммитіндегі және екі елдің президенттері Н.Назарбаев пен Б.Обама арасындағы келіссөздер уақытындағы келісімдерді орындау қажеттігін толық қолдап отырмыз, деді Қ.Саудабаев.
Қанат Бекмырзаұлы сондай-ақ еліміз ауғандық жастарды оқытумен қатар, биылдан бастап осы аймақтан бірінші болып, Ауғанстандағы қауіпсіздікті сақтауға ықпалдастық ететін халықаралық қоғамдастықтың мүшелігіне өткенін көлденең тартты. Ал Қазақстан басшысы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының кездесуі екіжақты байланыстардың әрі қарай екпінді дамуына серпін береді деген ойға сенімдімін, деген Қанат Саудабаев Хиллари Клинтонға тағы да біздің елімізге қош келдіңіз, деп сөз кезегін қонаққа берді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы сөзін алдымен Астанаға келгеніне қуанышты екендігінен бастап, әрі қарай Қазақстан халқына, оның қонақжай пейіліне алғысын білдірді. Менің өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы осы елге алғашқы сапарым есіме түсіп отыр. Ол кезде қазақ халқы өзінің тәуелсіздігіне енді ғана қолы жеткен уақыт еді. Мен өз елімнің осы тәуелсіз мемлекетті алғаш танығандардың қатарында болғанын атап көрсеткім келеді. Ал қазақтардың бүгінгі күнге қол жеткізген табыстарымен мақтануына толық құқығы бар, деді мәртебелі мейман.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік бір-бірін құрметтеумен жемісті даму үстінде. Қазақстан мемлекет ретінде жас болар, бірақ ол – тарихы бай ежелгі мекен. Оған мен осыдан 13 жыл бұрын болған сапарымда сіздердің мәдениеттеріңізбен танысу барысында көз жеткізгенмін. Америка да салыстырмалы түрде жас мемлекет. Солай дегенмен, біз қазақ халқының келешекке деген ұмтылысына құрметпен қараймыз, онымен екі арадағы байланыстарымызды әрі қарай дамыта түскіміз келеді. Қазақстанның өз аймағында ғана емес, одан тыс кеңістікте де дамыған көшбасшы ел болатынына, демократиялық бағытта алға қарыштайтынына сенеміз. Осы елдің азаматтық институттарымен еркін нарықта, жеке секторларымен және үкіметтік емес ұйымдармен байланыстарымызды да өрістете түссек дейміз. Қазақстанның алға қойған мақсаттарына жететініне сенім білдіреміз, ал оның бір айғағы – бүгінгі саммит. Қазақстан әлемдік саясатта қаншалықты рөлге ие екендігін көрсетті. Бұрынғы Кеңес үкіметінен тәуелсіздігін алған Қазақстан олардың ішінен бірінші болып ірі халықаралық Ұйымға төрағалық етті және аймақтық мәселелерге әлемнің назарын аударумен қатар өзінің мүмкіндіктерін де көпшілікке жария етті, деді АҚШ Мемлекеттік хатшысы.
Жоғарыда айтылғандай, кездесу кезінде экономика, экология, демократия, толеранттылық мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Мен кеше кешкілік Астанаға келген соң, үкіметтік емес ұйымдардың конференциясына қатынастым. Мені оған қатысушылардың адам құқығының іргелі мәселелеріне деген қызығушылықтары оң әсерге бөледі. Демократиялық даму жолын таңдаған ортада, әрине, түрлі ой білдіретін дауыстардың шығуы заңдылық, ол өте дұрыс іс, деді Х.Клинтон.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы сөзінің соңында Президент Н.Назарбаевпен және Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевпен кездесуі кезінде Ауғанстан мәселесіндегі көзқарастарына алғысын жеткізгенін айтты. Ауған жастарын оқыту дегеніміз, осы елдің білікті мамандарын даярлау арқылы оған көмек көрсету деген сөз. Сондай-ақ Қазақстанның біздің Ауғанстанға қажетті жүктерді тасымалдауға әуе дәлізін бергеніне де ризамыз, деді Хиллари Клинтон.
Мұнан соң тараптар журналистер қойған сауалдарға жауап берді.