Кеше елордада ЕҚЫҰ Саммиті елу алты елді бір пәтуаға келтірген Астана декларациясын қабылдаумен аяқталды. Еуразия құрлығындағы саяси өмірдің жаңа белесін бастайтын бұл ұлы жиын еліміздің дүйім дүниедегі беделін биіктете түсті. Абыройымыз асқақтай берсін, ардақты ағайын!
Астана декларациясы қабылданды
Сонымен, бәріміз көптен күткен, толқи күткен Астана Саммиті өз мәресіне жетті. Осы арқылы еліміздің әлемге әйгілі Ұйымға төрағалық ету, оның талай жылдардан бері шақырылмаған саммитін ұйымдастыру жөніндегі жұмысы да негізінен қорытындыланды. Тамаша қорытындыланды. Саммитте Астана Декларациясы қабылданды. Оның мәтіні газеттің келесі нөмірінде жарияланады. Бұл – Қазақстан төрағалығының тамаша табысы, еліміздің жасампаздық жолындағы жаңа жарқын жеңісі. Саммитке қатысушылардың атап көрсеткеніндей, бұл Декларация Ұйым өміріндегі ғана емес, жалпыадамзаттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда да үлкен тарихи оқиға ретінде бағаланбақ. Араға он бір жыл салып барып, Қазақстанның бастамасымен және Қазақстан басшысының белсенділік танытуымен шақырылған Астана Саммитінің аяқталуына байланысты ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші және Саммитті өткізуші елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қорытынды сөз сөйледі. Қабылданған Декларация Ұйым өмірінің жаңа кезеңінің бетін ашатындығын, бұл құжат шын мәнінде тарихи құжат болып табылатындығын атап көрсеткен Елбасы оны қабылдау жолында көптеген пікір таластары орын алғанымен, ортақ бір келісімге қол жеткізе білген ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер басшыларына, сондай-ақ Ұйымның құрылымдық институттары жетекшілеріне шынайы алғысын білдірді. Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте қауіпсіздік жолында жаңа негіз болып қаланған осы бір тарихи құжаттың қабылдануымен құттықтады. Саммитке төрағалық еткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымға мүше мемлекеттер делегацияларын жиынның басты жетістігімен құттықтаған соң, Еуропалық Одақтың, Канаданың, Молдова Республикасының, Румыния Республикасының, Италия Республикасының, Чех Республикасының, Ресей Федерациясының өкілдері Астана Декларациясына түсіндірмелік мәлімдемелерін жария етті. Олардың бәрінің дерлік айтары Саммитте созылмалы қақтығыстардың шешімін табудың толық сәті түспегенін атап көрсетуге саяды. Мәлімдемелер мәтіндері Саммит хаттамасына қосымша тіркелетін болды. Саммит барысындағы пікірталастардың қандайлық қызба-қызу өткендігінің бір белгісі ретінде Чехия өкілінің түсіндірмелік мәлімдеме мәтінін оқуға келгенде үні шықпай қалғанын айта аламыз. Айтыса-айтыса дауысы қарлыққан өкілдің қағазын оқып беруге басқа адам көмекке келді. Осы ретте ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаевтың да түсіндірмелік мәлімдеме жасағанын айта кетейік. Жалпы алғанда, жоғарыда түсіндірмелік мәлімдемелерін жасаған мемлекеттер өкілдері ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аумағындағы проблемалардың бәрі бірдей шешімін таппағанымен, Саммиттің тарихи маңызын атап көрсетті. Сонымен қатар, бәрі бірауыздан оны тамаша өткізе білген қонақжай Қазақстан мемлекеті мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс тарын білдірді. ЕҚЫҰ-ның 2011 жылғы төрағасы ретінде сөз берілген Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте бүгін (иә, «бүгін» деп таңғы газетке тән емес сөзді қолданатын жөніміз бар: Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Астана Декларациясы қабылданғанын жария етіп, төрағалық балғасын соққан сәтте сағат тілі 00.06-ны көрсеткен болатын) қорытындыланған Астана Саммитін және Қазақстанның жыл ішіндегі төрағалығын жоғары бағалай келіп, Литваның келесі жылғы төрағалығында Литва Республикасы ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ойдағыдай жұмыс істейтіндіктеріне сендірді және Қазақстанның төрағалығы барысындағы қолға алынған ауқымды шараларды әрі қарай жалғастыратындықтарын жария етті.