03 Желтоқсан, 2010

Бет қатталып жатқанда

502 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жарасты тұлпарыңа ер-тұрманың

Нұрсұлтан Назарбаевқа

Алматыдан өлең келді. Авторы Тұмағаң, Тұ­манбай Молдаға­лиев екен. Шығарма Аста­надағы ЕҚЫҰ Саммитіне арналыпты. Екі күн бойы те­ледидар алдында отырып, саң­лақ сая­сат­кер­лердің сөздерін қалт жібермей тың­дау­дан туған бұл ой мен сезім ұш­қындары кімге де болса үлгі-өнеге, ғибрат дер едік. Тағы да қазақ атын асқақтаттың, Биікке сол еліңді бастап бақтың. Гүл ектің туған жердің жүрегіне, Оттарын өшірместен аспан жақтың. Ақ жұлдыз қайда барсаң соңыңа ерді, Қажымас қайратыңды тағы көрді. Таныттың дүниенің бар жағына Қадірлі қазақ деген қалың елді. Жарасты тұлпарыңа ер-тұрманың, Сазгерлер Сардарым деп келтірді әнін. Бауырым, өз арқаңда білді қазақ Ел қамын ойлайтұғын ер туғанын. Дегенді кім естіпті «таусылды көш», Көңілің ала берсін тау-шыңды хош. Мәңгілік бітпейтұғын аспандағы Құстардың әндеріне даусыңды қос. Сен өзің күннен туған бір баласың, Қазақтың есіркедің тау, даласын. Тауларын таңыменен құшақтадың, Өзің де сол таулардай нұрланасың. Жақсылық ала тудың жан анадан, Даңқымсың ел көңілін жаңалаған. Нұрекем, өзендер де өз еркіңде, Тоқтаусыз дүниені аралаған. Алыстан туған жерге, орал мейлі, Адаммен нұрланады адам пейлі. Көлдер де қуанады сені көрсе, «Шаршасаң толқыныма оран» дейді. Таңбаң бар тауларыңның әр тасында, Еркіңде дамылдайсың, жортасың ба. Еліңді әлем бүгін танып отыр Нұрсұлтан деген ердің арқасында. Бастай бер ер еліңді қияндарға, От барда, арман барда, қиял барда. Бабаңның аруағына сыйынып қой, Қолыңа ел атынан ту алғанда. Артады бара қалсаң ауыл міндет, Алатау аялайды тауыңмын деп. Шетінен мақтанады қазақ бүгін, Өзіне Нұрсұлтанның бауырмын деп. Аяла жан-жағыңа дос қаптатып, Жаса, інім, ел көңілін асқақтатып. Жылу ап жарқыраған сұлу күннен, Аспанға көтерілсін бастап бақыт. Пәрменді, қасиетті, құдіретті, Ұлы күн әлем күткен күліп жетті. Астана қаласында өткен Саммит Қазақтың баласына нұрын төкті. Дүние бауыр көріп атыңды алды, Бар сөзің Саммиттегі мақұлданды. Ешқашан сөнбейтұғын нұр секілді, Адамзат жүрегінде отың жанды. Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық жазушысы.

Алашты асқақтатқан

Әдетте Астанада жүргеніміз­де әртүрлі оқиғаларға үн қосып жа­тамыз. Шетте немесе облыс­тар­да жүргенде хабарласқан журналистерге: «Шырағым, мен алыс­та­мын, барған соң көрер­міз», дей­міз. Ал бұл жолы «Егемен­нің» редакциясына өзім хабар­ла­сып, Қостанайдан телефон соқ­тым. Пікірімді шұғыл жеткізетінімді айттым. Өйтпесіме де болмады. Ас­та­надағы Саммиттің тікелей теле­транс­ляциясын көріп отыр­ға­ным­дағы әсерімді халықпен тезірек бөліскім келді. Абырой деген не нәрсе өзі деп оңашада ойға шомған сәтте жү­ре­гім әлденеге атша тулап қоя берген. Бір адамның басындағы абырой деген нәрсе бар да және бүкіл бір халықты осымен Жа­рат­қанның жарылқайтын кезі бо­лады. Мен бүгін өз халқымның, қазағымның басына қонған осы асқақ абыройды көріп, көңілім көл­ге қонған шағаладай шабыт­та­нып отыр. Тәңірім қазақтың атын айдай әлемге паш етіп, абы­рой-беделін асқақтатып жатқан қуаныштың үстінде жарыл­ма­ған­да қайран, жүрек қай уақытта жа­рылмақ. Көңілім алабұртып, өн бойымды бұрын-соңды бастан кеш­пеген алапат сезім кернеп ба­рады. Шынымен де қазақ қазақ болғалы әлемнің осынша елінен келген сыйлы мейманды төрінде қадірлеп, мұншалық кең ауқымда арқа-жарқа күй кешпеген екен. Тәуелсіз Қазақ елінің ба­сын­дағы мынадай думан­ды дүбір, ел мен елді, адам мен адамды, көрші мен көршіні  өзара дос­тық пен ынтымақты тірлікке шақырған шара ата-баба аңсаған азат рухтың, кім-кіммен де кемдікте емес, терезесі теңдікте, қас­тықта емес кең жазира ендікте тұрып ұғысар ұлаға­тын­дай жігерлендіреді. Күні кешеге дейін Ұлы дала төсінде қазақ ба­ласы бірлесіп бәйге салып, ас беріп, ата-баба әруағына сыйынып талай үлкенді-кішілі жиындар өт­кіз­ген шығар, әрине олардың жөн-жосығы өсер ұрпақтың өне­гесі үшін өзгенің ешбір өрнегі­мен айырбасталмайтын ұлттық құндылық ретінде ұлықтала бермек. Солай деп айтқанымызбен, 250 жыл бодан болған шерлі қа­зағымның алдыңғы қатарлы ел­дер­дің санатына қосылып, Арқа­да алқалы жиынға төрелік етуі, барша адамзатты алаңсыз бейбіт өмір сүруге үндеуі ықылым заманнан бері қарай жалғасқан сол дәстүрден де тым құнды, аса абзал қадам болып қалмақ. Осылардың бәрі санадан са­ғым­дай көшіп бара жатқанда жү­рек тебірентер тағы бір сауал кө­кейімді тесе жаздайды. Осынау даңқты жолдардың көшбасшысы болған қазақтан шыққан сол ер­дің ерен еңбегіне әлем назары тігілгенде кеудем  керіле түсіп, мар­­қайған көңілмен көкорай белге көсіле төселемін. Төңірегімде, алыс-жақын маңда не болып жа­тыр деген қызығушылықпен бас­қа­лардың бақшасын ба­жай­лай­мын. Жаратқанның Қазақ дала­сы­на түсірген нұры шексіз ғой. Қыр­ғыз­стан­да­ғы қырғыннан, Кав­каз­ды дүрліктірген сергел­дең­­нен сақтасын деп тілеймін Құдайдан күн­діз-түні. «Ел бастау қиын емес, Қонатын жерден көл та­былады. Қол бастау қиын емес, Шабатын жерден ел та­былады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» деген екен кезінде мемлекет істеріне елеулі ықпал еткен, өз зама­нының ұраншысына айнал­ған Бұқар жырау бабамыз. Бүгін сол Қазақтың баласы шаршы топта шашаусыз сөз айтып, қалың елдің алдында қасқайып тұрды. Кешегі арман, алыстағы аңсар болған асудан бүгін қазақ­тың қапысыз асқаны емей немене?! Мұны мен ерлікке бара-бар ұлы мұрат деп санаймын. Ұлтын ұлы көштің соңынан ерте білген ел Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­­тың бұл жолдағы қисапсыз қызметіне әлемнің әр шал­ғайы­нан келген тұлғалар баға беріп, бас­тарын иіп жатқанда, көңіл көк­жиегі кеңейіп сала берді. Қа­зақ­тың кеудесі дәл осыншалық бұрын-соңды кеңейіп көрмеген шығар, сірә. Тәуба деймін демімді бір жұтып. Халқының бақы­тына көп жасасын, аман жүрсін деп тіледім Елбасына. Айтатын бір ақиқат – мұндай дәурен тарихта бастан бір-ақ рет өтсе керек. Ол және ел тәуел­сіз­дігіне бар-жоғы жиырма-ақ жыл то­лар белес қарсаңында өтуі өте та­ғылымды. Бұл қазақты қам­шы­лайтын қанатты байламның басы бол­мақ. Сарыар­қаның ен дала­сы­нан ұзап, Алатау­дың ақ бас шы­ңы­нан бір-ақ шық­қандай күй кешкен мені қазағымның алдында тағы қан­дай ғаламат жолдар жа­тыр деген арман-үміт алыстарға жетелейді. Еркеғали РАХМАДИЕВ, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.