Елімізде жыл сайын өткізілетін медиа-құрылтай аясында ұйымдастырылған кезекті іс-шара мемлекеттік тілдегі басылымдарда экономика мен өнеркәсіп тақырыбының өрісін одан әрі кеңейтуге арналды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Алматыда Қазақстан баспасөз клубымен бірлесіп өткізген жиынында негізінен баспасөз бетінде өндірістің күрделі де ауқымды мәселелерін кеңінен қозғап, оны талдаудағы жоғары біліктілік пен шеберлікті таныту жолдары сөз болды.
«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Болат Палымбетов, республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының бас редакторы Қайнар Олжай, «Abai.kz» сайтының үйлестірушісі Айдос Сарым және басқалар экономика мен өнеркәсіп тақырыптарының аясын тереңдетудің өзекті жолдары туралы өз пікірлерін ортаға салды. Қазақстанда жүргізілген нарықтық реформалардың ең өткір әрі ең ауыр кезеңдерінде халыққа қиындықтан шығудың жолдарын ұсынған қазақ баспасөзінің басымдығын тілге тиек еткен Нұртөре Жүсіп мемлекеттік тілдің келешекте де өз биігінен көрінетіндігіне сенім білдірді.
Қиын да күрделі экономика тақырыбын жетік игеру, сондай-ақ мұнай-газ саласын қамтитын материалдардың сапасын арттыру, жасыратыны жоқ, әркімнен ең алдымен біліктілікті, шеберлікті және жоғары жауапкершілікті талап ететіндігі айтпаса да түсінікті. Ал енді кәсіби біліктілікті одан әрі арттыру жолдары туралы тиімді әрі ұтымды ұсыныстарды келешекте дәйектілікпен жүзеге асыру – бірлесе жұмыс істегенде ғана өз нәтижесін беретіндігін Болат Палымбетов өз сөзінде атап көрсетті.
Бүгінгі таңдағы қым-қуыт тіршіліктің өзегіне айналып отырған өндіріс тақырыбының телеарналарда қамтылу ауқымы қынжылтарлық екендігін баяндаған Қайнар Олжайдың пікірі көпшілік назарын аударды. Шын мәнісінде де, халықтың өндірістік саладағы сауатын ашатындай, бұл бағытта қажетке жарайтын кеңес беретіндей мазмұнды, пайдалы телехабарлардың көрсетіліп, ал материалдардың басылымдар беттерінде жүйелі түрде жариялануының оқырмандар үшін де, жалпы сала мамандары үшін де пайдасы мол екендігі сөзсіз.
Бақыт БАЛҒАРИНА.
Алматы.